XVIII Ғ. ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫ -XIX Ғ. БАСЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ БЕКІНІСТЕР:
ТАРИХИ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРНАЛАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

XVIII Ғ. ЕКІНШІ ЖАРТЫСЫ -XIX Ғ. БАСЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ БЕКІНІСТЕР:
ТАРИХИ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ОРНАЛАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мусабалина Г.Т., Кукетова А.А. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ. gerai_89@mail.ru

Патшалық Ресейдің қазақ даласына қалдырған «таңбалы тастары» — ол бекіністер еді. Қазақ халқы өмір бойы мал шаруашылығымен айналысып, өзге шаруаны көзге ілмей, өмірін аттың жалында, түйенің қомында өткізген болатын. Кең даланы мекендеген қазақтардың қасиетті жерін шектеп, жанжақтан қыспаққа алған бекіністердің негізі қаланды. Олар әскери мақсатта салынды.
XVIII ғасырдың басында патшалық Ресейдің шығыстағы аймақтарын отарлау жаңа серпінмен басталды. ХІХ ғасырда қазақтарды толықтай бағындыру мақсатында Ресей империясы 3 түрлі бағытта өзінің отарлау саясатының амалдарын жүзеге асыра бастады:
1) Әскери отарлау саясаты, ол өз кезегінде бекіністерді салу ретінде көрініс тапты;
2) Саяси отарлау саясатының бағыты округтік приказдарды құру және әкімшілік реформаларды жүргізу арқылы жүзеге асты;
3) Экономикалық отарлау саясатының бағыты қазақ жерлерін тартып алу мен салық саясатының күшеюі арқылы көрініс тапты[1].
Енді осы аталған бағыттардың ішінде ең оңтайлы әдісі әскери горнизондармен бекінген шекаралық бекіністерді құру. Оңтүстік Сібір мен Қазақстан шекараларында орын алып жатқан тарихи оқиғаларға байланысты 1760 жылы цин әскерінен қорғану мақсатында Ресей үкіметі бірқатар ісшараларды жүзеге асыра бастады.
Ресей империясы бекіністер салу арқылы отарлау саясатының ең алғашқы амалдарын жасай бастады. Бірақ олар алдымен қазақ өлкесінің шекаралық белдеуін белгілеп алған еді. Солтүстік шекарасы: біріншіден Алтай тауларының бір бөлігі, Ертіс өзені, Ертіс пен Тобыл арасындағы аймақ, Үй өзені мен Орал, Спасск форпостынан Орынбор өлкеісне дейінгі аралық. Батыс шекарасы Орал және Каспий теңізінің бір бөлігі. Оңтүстікте қырғыз қайсақтар Каспий теңізінен Арал теңізіне дейін көшіп жүретін түркмендермен шекаралас. Ал, шығыс шекарасы ретінде Қытай қамалы, Бұхар жерінен Ресейге дейінгі аралықты айқындаймыз [2: 20]. Осылайша Ресей зерттеушілері арқылы ең алғашқы территориямыз айқындалған еді.
Әскери бекіністердің салынуы өлкенің тарихи географиялық ерекшеліктеріне байланысты болды. Мысалы, Ертістің, Жайықтың бойында салынған болатын. Себебі бұл аймақтар Ресей империясына географиялық орналасуы жағынан тиімді еді.
Оны қазақ даласының тарихи географиялық ерекшеліктеріне мән беріп, зерттеулер жүргізген П.П.Семенов Тянь-Шанский еңбектерінен көреміз. Ертіс өзенінің солтүстік аймағы құмды шөлейт аймақ екен. Ал Семейге дейінгі оң жақ жағалауы болса, табиғи жағдайы шарушылық жүргізуге өте қолайлы болып келеді. Қазақ жерінің далалық 4 типін бөліп көрсетуге болады [3: 92-93]. Міне, сондықтан біздің ойымызша Ертістің оң жақ жағалауы бекіністер салуға ыңғайлы болды.
Арал өңірі бойынша В.В.Бартольд еңбегі арқылы тарихи географиялық ерекшеліктерін көрсете аламыз. Сырдария өзенінің суы тұзды болып келеді. Оған Амудария өзені келіп құяды. Арал теңізі мен Каспий теңізі аралығында 20 күндік жол бар. Балық шаруашылығын жүргізуге қолайлы аймақтардың бірі
[4:13– 15].
П.П. Рычков еңбегі арқылы Жайық өңірін суреттейміз. Жайық өзені Каспий теңізінен бастау алады. Ол өзеннен 60 верст аралықта Хиуа иеліктері орналасқан. Егін шаруашылығына қолайлы, топырағы ылғалды. Бұл жерде әртүрлі көкөністерді егуге болады. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ ретінде қарастырамыз [5: 34-35]. Осылайша автор бұл өңірдің географиялық ерекшелегін айқындап көрсетті.
1760 жылы Сенаттың Өскеменнен Тобыл өзеніне дейінгі аралықта бекіністер тұрғызу туралы арнайы бұйрық шығарды. Ал 1761 жылы ІІ Екатерина Сібір бекінісі әскерилерінің басшысы Шпрингерге Зайсан мен Ертіс арқылы өтетін жолға бекініс орнатуға бұйрық берді. Бұл кейінгі Бұқтырма бекінісі болатын. Өскемен бекінісінің пайда болуы Колыван-Кузнецк шебінің салынуына себеп болды [6: 192-193].
1781 жылы Өскемен бекінісінен 99 верст жерде Бұқтарма казак бекінісі салынды. Өскемен бекінісі екі жолға бөлінді: Бұқтырма және Бийск. Бұқтырма бекінісі Ертіс бойымен өтіп, Өскеменнен Урыль ауыл аймағына дейінгі аралықта, Қытай шекарасынан 30 верст қашықтықта орналасты. Ал Бий бекінісі Өскеменнен солтүстік, солтүстік-шығысқа қарай орналасып Смоленск ауылдық аймағымен тоқтады.
ХІХ ғасыр межесінде Ресей империясының әскери бекіністерінің көбеюін кейбір ғалымдар қазақ халқының отарлау процесінің күшеюі, боданға айналуымен сипаттап көрсетеді. Зерттеуші А.И.Макшеев қазақ жерінің толық отарлану мерзімін 1848 жыл деп көрсетеді. Себебі бұл кезеңде Орынбор өлкесінің әскери басшысы Обручев болған сәтте әскери бекіністер көбейе бастаған еді [7: 6-7].
Сібір мен Орынборды жалғайтын бекіністерді Шу мен Сырдария бойына орналастыру 1857 жылы мақұлданды.
Сырдария шекаралық бекінісінінің тұрғызылуы физикалық және саяси себептерге байланысты болды. Бұл шекара Каспий мен Арал өңірі шөлді аймақтар болуы себепті Ресей үкіметіне қатты қауіп төндірмеді.
Ресей империясының жобасына сәйкес Сырдария бойындағы бекіністер сауда байланысын жандандыруға үлес қосуы қажет еді. Жоба бойынша бұл бекініс Перовск фортынан басталып, Сырдарияның жоғарғы ағысымен өтуі қажет еді [8: 31-34].
Жоғарғы Жайық сызығы 56 шақырымды алып жатқан 9 бекініс және 16 редуттан тұрды және ол Орынбордан шығысқа бағыттала отырып оңтүстік шығысқа бұрылады. Кейіннен Ор бекінісінен тура сол өзен сияқты солтүстікке қарай бұрылып Жоғарғы Жайық бекінісіне дейін жетті. Жоғарғы Жайық сызығындағы бекіністер екі дистанцияға: Красногорск және Орға бөлінді. Красногорскіде: Нежинск, Вязов редуты, Красногор қамалы, Гиряп редуты, Озерная қамалы, Никольский редуты, Ильинск редуты, Подгорный редуты, Кр.Губерлинск және Разбойный редуты орналасты. Ор дистанциясына мынадай қамалдар кірді: Ор Калпацкий және Терекпинский, Таналыцкая қамалы, Урдасымская қамалы, Орловсий, Берязовский, Урдасымский, Грязновский редуттары т.б. [9: 34-36]. Атап өтетін жағдай бұл бекініс қамалдардың барлығы Омбы өлкесінің губернаторы құпия кеңесші И.И.Неплюев тұсында орын теуіп ерекше қуатқа ие болды.
XVIII ғасырдың 50-інші жылдaрында ұзындығы 930 шақырым Ертіс шебін (Семей, Омбы, Железинск, Петропавл, Өскемен, Ямышев қалаларын қамтыған) салу аяқтaлған болатын. Ұзындығы – Омбыдан Ертісті жағaлaй, Қытаймен шекарадағы Урыльск селосына дейін жaлғaсты. Ұзындығы – 1684 верст қaшықтықты қaмтыды. Осы шеп бойындa 5 бекініс (Омбы, Железинка, Ямышев, Семей, Өскемен), 10 форпост (Ачайрск, Черлак, Осморыж, Песчан, Чернорец, Коряков, Семьяр, Долон, Галиц, Убин), 29 дaлaлық бекет және 35 белгі-мұнаралар салынып біткен болатын [10].
Ал енді Семей өңірінің табиғаты оңтайлы аймақ Аягөз өзенінің әсемдігін Ш.Уәлихановтың «Ыстықкөл сапарының күнделігі» атты еңбегінен көруімізге болады. Автор айтуы бойынша: «Аягөз өзенінің бойынан біз анағұрлым жанданған табиғатты көрдік. Дала тұтасымен жасыл желектің ашық түсті кілеміне ораныпты. Қараған, тобылғы, тал терек жапырақтар жайып, күннің көзі де біршама жылынып, оңтүстікке тән алаумен қыздырып тұр. Жабайы аскөк тау бөктерін жауып тұр, бойы ұзарып өскен. Қалың өскен ырғай, тал, мойылмен көмкерілген, арасынан теректер сорайып көрінген» — делінеді [11: 5]. Осылайша бұл бекіністер тізбегі аймақтың табиғи географиялық ерекшелігіне байланысты салынғандығына көзіміз жетті.
Келесі әскери бекініс тізбегі Алабұға шебінен бастап Елек өзені бойындағы Озерныйге дейін созылған болатын. Тобыл өзенінің бойында орналасқан шекаралық пункт Звериноголовск редутынан Омбы бекінісіне дейінгі аралықта тағы бір шеп құрып, оған 33 редут, 32 маяк орнатып, оны кейіннен «Есіл шебі» деп атаған еді. «Қасірет белдеуінің бойын қорғау» желеуімен үшінші күш – Есіл шебі, яғни Есіл орыс-казактарының линиясы пайда болған еді. Оның құрамына – 2 бекініс, 33 редутта, 2000 атты әскер бағындырылды. Сібір редутынан Омбыға дейін ұзындығы 553 верст (1 верст – 1 шақырым) шеп құрылған еді. Ал 1750 жыл туғанда «Қасірет белдеуінің» бойын жағалап 60-тан астам жаңа қоныс пайда болып, қоныстанушылар саны 59 мың адамға жетті [10: 34 ].
ХVІІІ ғасырдың 50 жылдары ұзындығы 930 шақырым Ертіс шеп-белдеуін (Омбы, Железинская, Жәмішев, Семей, Өскемен бекіністері) жасақтау аяқталып, Өскемен – Кузнецк аралық 723 шақырым «Колывановская белдеуінің» құрылысы басталған еді. Бұл шеп Өскемен бекінісінен бастап, Алтай тауларын жағалай, Колыван зауыттарын басып өтіп, Кузнецк шебімен жалғасқан болатын. Ұзындығы – 723 верст. Сібір поселкасынан басталып, Урыльск селосына дейін аралық Сібір казак шебі деп аталса, Жайықтың теңізге құяр жеріндегі Атырау мекенінен Звериноголовск бекінісіне дейін ұзындығы 1600 врест тағы бір шеп құрылған болатын. Бұл шеп-бекіністерге көп әскер шоғырландырылып, «орыс-казак қоныстарын салу керек» деген желеумен қазақтар пайдаланып келген қыруар құнарлы жер тартып алынды. Сонымен қатар, қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі көшіп-қону жолдары бұзылған еді [12: 10].
Шекара бойындағы орыстық басқарма органдары өз билік институтын қалыптастыруда барлық амал тәсілдерді қолданған еді. Португалия, Голландия, Франция, Англия өз отарларында жергілікті халықты бағындыруды жеңілдету мақсатында алғашында әскери тірек пункттерін қаптата орнатқан [13:340,341,392,558,563] болса, Ресей де Қазақстанды жаулауды осылайша әскери бекіністерді орнатудан бастады. Содан кейін әскери тұрғыдан бекініп теңсіз айырбас сауда, тонап-талау, жан түршігерлік жазалау тәсілдерін де қолданған болатын. Бұл тұрғыда президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қазақтардың І Бүкіләлемдік Құрылтайында сөйлеген сөзінде: «Патшалық Ресейдің отаршылдығы өзге мемлекеттердің отаршылдық жүйесінен ешқандай кем түскен жоқ» [14] дегені тегін емес.
Ал енді әскери бекіністерді құруына қандай факторлар әсер еткендігін қарастыратын болсақ, Ресей империясының әскери бекіністерінің салуының саяси факторы ретінде қазақ жерін толықтай отарлау мақсатында қажет болғандығын айқындаймыз. Ал экономикалық тұрғыдан жаңа жерлер қажеттігі және табиғат байлықтары қызықтырды. Сонымен қатар қазақ халқының мәдениетімен де жақынырақ танысқысы келгендігін айта кеткен жөн.
Дәл осы кезеңдегі Ресей империясымен қатар отарлау саясатын Ұлыбритания мемлекеті де жүргізген болатын. Ресей империясының отарлау саясатының ерекшелігі өзіне шекаралас аймақтарды отарлауында. Отарланушы аймаққа толыққанды басқару жүйесін орнатуы, ішкі саясатын тікелей арақашықтықта бақылап отыруы. Ал Ұлыбритания болса, отар мемлекеттерін табыс, шикізат көзі ретінде ғана пайдалануын көрсеткеніміз жөн [15].
Біз ХVІІІ – XIX ғасырлардағы өлкедегі әскери сызықтардың құрылу тарихын баяндадық. Бүкіл Батыс Сібір, Челябіден Орынборға дейін және Есет провинциясына дейінгі қазақ даласы орыстар иелігіне енді. Осылайша, ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында Гурьевтен Орынборға, Орынбордан Омбы бекінісі және одан Өскеменге содан кейін одан әрі ішкері үздіксіз созылып белдеуленген орыстардың әскери сызықтарының қоршауында қалып қойды. Бұл темір қоршау барған сайын тарылып, ХІХ ғасыр ортасына қарай агрессияшыл Ресейдің бүкіл қазақ жерін басып алуын аяқтаған болатын.
Қорытындылай келе, ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында басталған отарлау саясатының амалдары ХІХ ғасыр ортасына қарай күшейе түсті. Ресей империясы әскери бекіністерді салу барысында аймақ ерекшеліктерін ескерді. Ол 4 негізгі әскери казак тіректерін: Жетісу, Сібір,Орал, Орынбор отарлаушы аймақтарында бекітті. Қазақ жерінің әскери отарлау саясатынан тыс қалмағандығына көзіміз жетті. Ал толыққанды отарлаған мерзімі XIX ғ. ІІ жартысы, яғни әкімшілік құрылымдық реформаларын қабылдауымен аяқталды.






Әдебиеттер:

1. Логинова А. Сущность колониальной политики царизма в
Казахстане//videouroki.net/razrabotki/kolonial-naia-politika-tsarskoi-rossii-vkazakhstanie.html.
2. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей-А., 2009.
3. Семенов Тянь-Шанский П.П. Путешествие в Тянь-Шань. – М.,
2010.
4. Бартольд В.В. Собрание сочинений 3 том. – М., 1965
5. Рычков П.И. «История Оренбургская по учреждению Оренбургской губернии».-Уфа,2002.
6. Гуревич Б.П. Международные отношения в Центральной Азии в XVII- первой половине XIX века. – М., 1983.
7. Макшеев А.И. Путешествия по киргизским степям и
Туркестанскому краю.-СПб., 1896.
8. Алтаев А.Ш., Ксенжик Г.Н. Историческая география расположения укрепительных линии в казахской степи XVIII-XIX вв.//Вестник КазНУ. Серия Историческая, 2007-№1(44).
9. Асфендияров С.Д. Прошлое Казахстана в источниках и материалах-
А., 1998.
10. «Оян. Намыс kz» журналы, № 2, 2010.
11. Валиханов Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Том5.А., 1985
12. Мұқанов M. Қазақ жерінің тарихы. – А., 1994 .
13. Всемирная история. Том. 1. Минск, 2002.
14. Казахстанская правда, 1992. 2 октября
15. Садвокасова З.Т. Духовная экспансия царизма в Казахстане в области образовании и религии (IIполовина XIX– начало XX веков). – А., 2005340 с.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *