CЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ АШАРШЫЛЫҚТЫҢ ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК
ЖАҒДАЙЫНА ӘСЕРІ
М.К. Каримов т.ғ.қ. профессор, А.С. Нургазинова 2 курс магистранты Семей қаласының Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті semey22@mail.ru
Қазақстан тарихының 20-жылдардағы кеңестік саясаттың көлеңкесінде қалған тұстары мен елдің дамуына тигізген әсері тәрізді назардан тыс қалған кейбір мәселелері жаңаша зерттеуді қажет етеді. Бірақ, ғасырлар бойы отарлық жағдайда және кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе құрсауында болған тарих ғылымын өркендету қысқа мерзімде жүзеге асырылатын оңай шаруа емес. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған алғашқы жылдарынан бастап, өз тарихының ақтаңдақ беттерін зерттеу мәселелеріне баса назар аударып, әлемдік өркениет талаптарына сай бағыт ұстануда.
Осы мақсатқа орай, кеңестік кезеңдегі қазақ халқына зор нәубет әкелген 1921-1922 жылдардағы алғашқы ашаршылық сипаты мен оның салдарын Семей өңірі негізінде ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеудің аса маңызды екені ақиқат. Семей губерниясындағы 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың сипаты мен салдарын қарастыра отырып, оның әлеуметтік-экономикалық дамуға әсері, этнодемографиялық жағдайға қатысы және оның салдарын жою мәселелері жөнінде зерттеулер жүргізілуі тақырыптың өзектілігіне күмән туғызбайды.
20-30 жылдары мемлекеттiк билiктiң негiзi кеңестерде делiнгенмен шынайы билiк тұтқасы большевиктер партиясының қолында болды. Өкiнiшке орай, мемлекеттегi заң шығарушылық пен атқарушылық мiндеттердi де партия өзi иемдендi. Халықтық өкiмет өзіне тиісті қызметiнен гөрi, орталықтың партия нұсқауларын, орындаушы ғана болды. Большевиктер партиясының солақай саясатының нәтижесi- қазақ жерiндегi ашаршылықтарға әкелді.
Алдымен біз осы ашаршылық туғызған демографиялық зардаптарды анықтау үшін, халық санағының статистикалық мәліметтеріне назар аударамыз. Қазақстан бойынша 1920 жылғы санақ қорытындысы бойынша ең көп халық шоғырланған Ақмола (1187,5) және Семей (1047,8) губерниялары болып табылады. Ал ұлттық құрамы жағынан салыстырсақ, 1920 жылы Қазақстан бойынша қазақтар 2208,4 болса, оның 565,9-ы Семей өңірінде, 1926 жылғы санақ нәтижесінде Қазақстанда олардың саны 2188,2 болды. Семей губерниясындағы 714,6 адам қазақтардың санын құраған. Қазақстан бойынша 1920 жылдағы санақ бойынша орыс ұлтының мол шоғырлан жері Ақмола (458,2), Семей (380,4) губерниялары болды. Украин халқы 1920 жылы Қазақстанның Ақмола аймағына қоныс теуіп, олардың саны 1926 жылы 312,3ке жеткен. Ал Семей өңірінде украин 1920 жылмен салыстырғанда (68,5) 1926 жылы олардың санының артқанына куә боламыз (140,2). Сонымен бірге осы санақ материалдары негізінде татар, неміс сияқты өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы артып отырғанын көреміз. Қазақстандағы өзге ұлт санының өсуінің өзі, халықтың жағдайсыздықтан, әлеуметтік-экономикалық ахуалдан еріксіз көшуге мәжбүр болғандығынан туындады. [1.3 б.]
1920-1926 жылдар аралығында Семей губерния бойынша қазақ халқының саны 27,6 пайызға артқан. Санақ нәтижесіне назар аударсақ, бұған себеп ашаршылықтың демографиялық салдары емес, есепке кірмей қалған шеткі түкпірлердегі санаққа кірмегендерді қайта қоса санағаннан болғанын көреміз. Оған себеп, азамат соғысынан кейін жүргізілген халық санағына губернияға шалғай жатқан ауылдардың және губернияның оңтүстігіндегі уездер болысы халықтырының енбеуі еді. Шын мәнінде, уездер арасында Қарқаралыда халық саны (39,7 пайыз) жоғары болған. Бұнда қазақ халқының көшпелі шаруашылық саласымен айналысатындығының басым болуы болса, ал Зайсан (50,1 пайыз) және Бұқтырма (34,2 пайыз) сияқты уездерде қазақ халқының саны біршама кеміген. Ол қазақтардың Қытай мен Монғолияға көшіп кетулерінен болды.
Ашаршылық тұсындағы Семей губернияның әкімшілік ауылдарындағы халық санындағы өзгеріске тоқталсақ, губерния бойынша 1920 жылғы санақта бір әкімшілік ауылына шаруашылық саны 122 болса, 1926 жылғы санақ бойынша әкімшілік ауылдардағы шаруашылық 417-ге жеткен. Ал әкімшілік ауылдарындағы халық саны 583 адамнан 1947 адамға өскен.
1920 жылғы санақ қорытындысы бойынша Семей губерниясында 1 049 128 адам тұрған. 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың салдарынан Республиканың көшпендi және жартылай көшпендi аудандарындағы 1916-1920 жылдарда қатты нашарлап кеткен демографиялық жағдай одан сайын асқына түстi. Апат аймағында ашаршылықтан тұтас ауылдар мен аудандар қырылып қалды. Толық емес деректер бойынша, 1922 жылы Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Торғай губернияларында ауыл халқының саны үштен бiрiне дейiн азайып кеттi. 700 мыңнан астам адам, соның iшiнде Ресей мен Украинадан келген келiмсек шаруалар республикадан тысқары жерлерге кетiп қалды. Демограф Мақаш Тәтiмовтың мәлiметi бойынша ашаршылық пен эпидемиядан жергiлiктi халықтың 2 миллион 20 мыңы (40 пайыз) өлген.
1916-1921 жылдардағы апатты көтерiлiс, ақпан мен қазан төңкерiсi және олардың жалғасы азамат соғысы жылдарында қазақ халқы 850 мың адамға шығынға ұшырады (15 пайыз). Уездерден келіп түскен хабарларға қарағанда, қалаларда эпидемия басталған, босқындардың жиналған жерлерінде әртүрлі тері аурулары, жаралар көбейген, онымен күресуге ешқандай мүмкіндіктер жоқ. Адамдардың жиналған жерлерін санитарлық тазалаудан өткізген соң оларды жан-жаққа тарату арқылы тазарту жұмыстары жүргізілген. Губкомполға берілген анықтамада, ашаршылыққа ұшырағандарға көмек ретінде Семей азық-түлік көмегі арқылы берілгендер: ашаршыллыққа ұшырағандарға комисарриаттар арқылы: орташа есеппен 1 ұсақ малдан, ірі қараларға 8-9 пұт, ұсақ малдарға 2,20-2,30; түйеге 17-18 пұт 15-16 пұт ет. Ашаршылыққа ұшырағандарға көмектесу Губкомның есебіне қосымша:
Ашаршылыққа ұшыраған босқындардың қозғалысы 29 шілде 1921 жылы басталды содан жыл аяғына дейін жүріп жатты. Осы кезде Семей қаласына ұйымдасқан түрде жолмен 9182 адам келді. Ұсақ партиялармен және өз жолдарымен 500 адам. Барлығы-9682 адам. Осының ішінде балалар 1 партиямен (санитарлық поездбен)-479; қалғандары ересек адамдармен еріп келіп жатыр, оларды ешкім санамады, олардың саны шашамен барлық келгендердің 1/3-н құрады, бірақ нақты саны белгісіз. Осы анықтама Губкоммен 3.12.1922 жылы берілген. Семей қаласында-9, Алаш қаласында -4, барлығы -13 балалар үйі ашылған. [4.5 б.]
Елiмiздiң тарихында 7 рет халықтың санақ өткенi белгiлi. Қазақ тарихынды ашаршылық мәселесiнiң негiзгi салдары халық санының кемуiн 1920 жылғы және 1923 жылғы халық санағы деректерiнiң мәлiметтерiне сүйене отырып, анықтап зерттеу жұмысты жазудағы басты мiндеттердiң бiрi екендiгi жоғарыда айтылған болатын. Айталық, 1920 жылғы халық санағы жалпы губернияда 1 049 128 адам болды десе, 1923 жылғы өткен халық санағының есебi бойынша олардың жалпы санының артқанын көремiз, яғни 121.850 адамды құраған. Бұнда ашаршылық жылдарында қанша адам шетiнедi деген сұраққа жауап iздейсiз. Тек шаруашылық саласындағы халықтар санына назар аударатын болсақ, 1917 жылы уездер iшiндегi ең жоғарғы көрсеткiшке Қарқаралы уезi ие болады. Бұған қарап, аталған уезде шаруашылық саласының жоғары қарқынды дамығанын көремiз. Ал, губерния бойынша 1917 жылы 819,668 жан шаруа адамдарын құраған. 1920 жылы Семей өңірінде жалпы шаруа адамдары 975 734 болған. Семей өңірінің статистикалық бюросының мәлiметiне жүгiнсек, ашаршылық жылдары ашыққан адамдар саны 75 755 адамды құрағандығын дәлелдейтiн дәйекттемелер бар . 1923 жылы Қазақ ССР-i бойынша қала тұрғындарының санағы жүргенi белгiлi. Осыған сәйкес Семей өңірі бойынша пайыздық көрсеткiштерге назар аударайық, ер саны 18,0 пайыз, әйелдер 18,1 пайызды құрап, олардың жалпы саны 18,1 пайыз болған.
Қазақстанның өзге губернияларындағыдай Семейде де урбанизация процесi кезiнде Семей қаласы жоғары сандық көрсеткiште болғаны анық, бiрақ бұл 1923 жылға дейiнгi мәлiмет едi. 1923 жылғы жалпы губернияда жүргiзiлген санақ бойынша ерлер 49, әйелдер-56 пайызды құраған. Халық санының басымдылығы жағынан Семей губерниясы жоғары көрсеткiште. Солай бола тұра, олардың сандық құрамы, ұлттық құрамы тiкелей сырттан көшiп келушiлер есебiнен толығып отырған. Мәселен, 1920 жылы жаз және көктем айларында шеттен 11 500 жұмысшы келсе, 1921 жылы жазда Казаннан, Смоленск губернияларынан құрылысқа 2 945 адам келген.
Сонымен, 1921 жылға дейiн Сiбревкомға қараған Семей губерниясы, 1921 жылдың басынан бастап Қазақ АССР-нiң құрамына өтті. Ашаршылық жылдардағы Қазақстаннығң және Ресейдiң орталық аудандарын азық-түлiкпен қамтамасыз етуде — Семей өлкесi негiзгi шикiзат көзi және құрлықтағы сауда жолы бола отырып, өзiнiң әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсiндегi, әлеуметтiкэкономикалық дамуындағы және мәдени-рухани өмiрiндегi өз ерекшелiктерiн сақтап қалды. Солақай саясаттың әсері болса да, сол кезден бастап губерния жеңiл өнеркәсiптің орталығына айнала бастады, онда өндiрiс орындары бой көтерiп, Түрксіб темiржолы салынды.
Өкімет ашаршылықтың салдарын жоюға мүмкіндігінше шұғыл кірісе бастады. Сол үшін аштыққа ұшырағандарға көмектесетін уездік комиссиялар
Губревкомның шешімі арқылы 3 қыркүйек 1921 жылы құрылды. Комиссияның құрамына уездік атқару комитетіінң төрағасы, уездік комитеттің жауапты хатшысы және уездік азық-түлік комитетінің комиссары кірді. Кейіннен Укомның құрамына уездік әскери комиссариат та кіргізілді. Комиссияның тұрақты жұмысы үшін арнайы қызметкерлер тағайындалды, комиссияның хаттамасын уездік атқару комитетіінң хатшысы жүргізді, есептер беріп отыру мен есептеу жұмыстарын жүргізу Басқарманың екі қызметкеріне тапсырылды. Комиссия өзінің алғашқы отырысында жұмыс жоспарын жасады, көмек жинау туралы уезге байланысты біраз нұсқаулар берілді, кейіннен комиссияның барлық жоспарланған жұмыстарын жүргізу тоқтап қалды. Оның себебі комиссияның құрамына өз жұмыстары бар адамдар кірді, олар комиссияның жұмысын толығымен орындау мүмкіндіктері болмады, ал техникалық құрамы комиссияның басқа мекемеде отырды.
1921 жылдың күзі мен 1922 жылдың көктемі қазақ мемлекеті мен ұлты үшін саяси, экономикалық, ұлттық мәселелердің ширыға шиеленіскен тұсы болды. «Алашорда» қайраткерлерінің өкімет басындағы ықпалы сақталған ең соңғы маусым еді. Жазға қарай жаппай қамауға алынғанына қарамастан өздерінің ұлт алдындағы парызын орындап кетті. «Аштарға көмек» комиссиясы ВЦИК-тің жанынан 1921 жылы 18 маусымда құрылып, 1922 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. Оның бөлімдері барлық республикаларда ашылды. Қазақстандағы комиссияның басты міндеті — жағдайы бізден де төмен болған елдің еуропалық бөлігіндегі аштарға азық-түлік жөнелту болды. Сонымен бірге қоймалардың, тоңазытқыштардың болмауынан және тасымал жүйесінің нашарлығынан ет пен астықтың бұзылып кеткендігі туралы мәліметтер кездеседі. Мысалы, Павлодар уезінде аштарға деп жиналған ет жіберетін жеріне жетпей, бұзылып кеткен.
Қазақстан өзіндегі ресурстарынан басқа аймақтарға көмек беріп жатқанда, онын өзіндегі кейбір аймақтарда аштық күшінде тұрды. Бұл да сол кездің пародоксы! Мысалы, Торғай өңірінің қазақтары аштан қырылып, ел кезіп кетті.
[2.5 б.]
Осыған орай Қазақстан мен Түркістан деңгейінде А.Байтұрсыновтың ұсынысымен «Аштарға көмек» комитеті құрылды. Ашаршылықтың қазақ арасына ажал тырнағын салғанын, адамның әр бұтаның түбінде көмусіз қалғанын көрген М.Әуезовте дабыл қақты. Бір аймақта емес, Орал, Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Ақмола губернияларын жайлаған аштық, ел жағдайының мүшкілдігіне кеңес өкіметінің көзін жеткізді. Кеңестік партия қызметкерлері барлық қазақ қайраткерлерін аштарға көмек комитетін құруға шақырды. Мұндай хабарды алысымен Ташкентте С.Қожанов, Ғ.Бірімжанов, Семейде М.Дулатов пен Ж.Аймауытов бастаған зиялылар «Ақ жол», «Қазақ тілі» газеттері арқылы бүкіл қазаққа сауын жариялады.
1921-1922 жылғы ашаршылықтан Қазақ Орталық Атқару Комитетінің толық емес анықтамасы бойынша 1,5 миллион адамның ашаршылықтың тұзағына ілінген. Мәскеу мен Өлкелік партия комитетінің нұсқауымен 1921 жылы 10 желтоқсан күні арнайы кеңес өткізілді. Қазақ қызметкерлері қатысқан бұл кеңестің күн тәртібіне қойған мәселесі екеу: І.Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетуді ұйымдастыру. 2. Қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту және оларды тиімді пайдалану, сондай-ақ Түркістан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерін кері қайтарудың амалын қарастыру. Қатынасқандар: Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Нахимжан, Кенжин, Байтұрсынов, Байділдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев,
Нұрмаханбетов, Игіліков, Қаржасов, Тұнғаншин, Біржаров, Оразбаева, Саматов, т.б. Жолдас Жангелдин төрағалық етті. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетуді ұйымдастыру туралы М.Әуезовтің баяндамасы тыңдалды. Әуезов жолдас: «Аштарға көмек көрсету ұйымдарының аяғы әлі қыр еліне жеткен жоқ. Олардың таяу арада жетуі де неғайбіл екенін айтты. Әуезов оның себебі мынада деп көрсетті: 1.Ауылдардың тікелей өзімен араласа отырып, олардың мұқтаждықтарын анықтайтын бұл саладағы міндетті атқаратын қызметкерлер жоқ. 2. Ашаршылыққа ұшыраған қазақтар нақты бір жетекші адам болмаса, олар аштарға арналып мемлекет тарапынан бөлінген сыбағаның өзіне де қол жеткізе алмайды, өйткені қазақтар бір үзім нан үшін жат жерде қол жайып қаңғып жүргеннен гөрі үйінде өлгенді артық санайды, тіпті көмек сұрап ел кезе қалған күннің өзінде де қараңғы, аңқау қазақ оларды өз бетімен іздеп таба алмайды, көмекке қолы жетпейді. 3. Жергілікті жердегі аштарға көмек көрсету ұйымы қолтығының астындағы, яғни жақын жердегі қалалар мен қала маңындағы селолардағы күйзелгендерге ерекше қамқорлық жасауға тырысады, сондықтан да қаладан шалғай орналасқан қазақ ауылдары үнемі кейінге ысырылып қалады. Шындығына көшсек, — деді Әуезов, — ашаршылық жайлаған қырдағы елдің қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлі көріністері ойын сияқты әсер етеді. Егер де бұл аудандарды ашаршылықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл түрде шешуші шара қолданылмаса, онда Қазақ Республикасы қазақсыз қалады. Көптеген аудандардағы қазақтар көптен бері тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы сол сияқты ұсақ жәндіктермен өзегін жалғауда, соның кесірінен әртүрлі жұқпалы аурулар мен індеттер естіп-білмеген деңгейде таралып барады. Мұның барлығы аштарға көмек көрсету ұйымдарының қыр еліне жаны ашымайтындығын, оларға немкетті қарайтындығын көрсетеді, сондай-ақ осындай қасіретті өртті өшіруге қазақ қызметкерлерінің де бейғамдығы байқалады. Өкімет басында отырған қазақ қызметкерлері, бұл істі дәл осы күйінде қадырып қоюға болмайтыны өз алдына, бұл — сіздер үшін қылмыс, біз бұл үшін қазақ елінің алдында, өзіміздің арымыздың алдында жауаптымыз» — деді. Баяндамасының соңында Әуезов қырдағы аудандарға аштарға көмек көрсету шараларының жоспарын ұсынды, жарыссөз бен талқылаудан кейін ішінара өзгерістер мен толықтырулар еңгізілген соң бұл ұсыныс қаулының негізі етіп алынды. Қазақ қызметкерлерінің Кеңесі қабылдаған бұл қаулы КЦИК-тің бекітуіне жатады. Кеңес төрағасы —
Жангелдин. Хатшысы — Нахымжан». Қол қойылып, мөр басылған». [1.7 б.]
Қазақ Автономиялы республикасының бес губерниясында 1 миллион 559 мың адам ашаршылықтың тырнағына ілінді. Қазақ Республикасындағы баспанасыз, қаңғып қалған балалардың саны 1 желтоқсанда — 128 мыңға, 31 желтоқсанда — 158 мыңға, 1922 жылдың қаңтар айында — 333 мыңға, наурыз айында — 408 мыңға жетіпті. Бұлар тек есепке алынған аш балалар. Ал қалаға жете алмай, далада сүйегі шашылып қалғандар қаншама десеңші.
Семей өңірінің ауыл шаруашылық одағының Семей қаласында орналасқан ауылшаруашылық несие қоғамының бөлімшесіне ұсынған құжаттарында губжербасқармасы мен уездік жер бөлімінің келісілген 1924-1925 жылдарға арналған агромәдени шараларды жүзеге асыру бастамасын жүргізді. Ол бойынша губерниялық ауыл шаруашылық одағының жүйесіне кіретін ауылшаруашылық кооперацияларына ссудалар беру көзделді. 64325 р. ақшаның 40000 мелиоративтік және жерге орналастыру шараларына жұмсалу тұрды. Бұл қырғыз кооперативтеріне берілді: губерния бойынша 100 пункті бар бұқа шағылыстыру ұйымдарына 10000 р.; 20 пункті бар жылқы шағылыстыру ұйымдарына 10000 сом; ауыл шаруашылық фермаларына қажетті асыл тұқымды малдарды сатып алуға 4325 р. беру көзделді (5 жыл мерзімге дейін деп көрсетілген). Басқа да ұйымдар губауылшаруашылық одағының шешімімен несиелер алу жолдары қарасытырылды. Осы аталған мәселелер ішінде ауылшаруашылығы одағы асыл тұқымды «Қырғыздың сүтті сиырларын» Семейтау ауылшаруашылығы фермасына сатып алуға 4325 р. көлемінде беруін талап етті.
Семей өңірінің коммуналар мен ауыл шаруашылық артельдері агромәдени маңызы бар шараларды жүзеге асыруға қажетті материалдарды қажетсініп жатты, осы ретте олар ауыл шаруашылық саласын қалпына келтіруде өкіметтен несие мөлшерін сұрады.
1926-1927 жылдың қысында Семей уезінің 7 болысы, Павлодардың 4 болысы, Қарқаралының 4 болысы, Өскеменнің 3 болысы адам айтқысыз жұтқа тап болды. Семейдің 15737 шаруашылығы, Павлодардың – 10958, Өскеменнің – 7394, Қарқаралының – 9248-сі күйзеліске ұшырады. Апат аймағындағы халыққа көмек көрсету үшін 1.480.295 сом азық-түлік көмегі көрсетілді. Жұт губерниядағы барлық шаруашылықтың 50 пайызын қамтыды, мал саны бірнеше есеге төмендеп кетті.
Бұған басқа қырынан «көмектің» жаңа түрі — «Шабындық және егістік жерлерді қайта бөлумен» ұштасты. Орталық Атқару Комитеті мен Қазхалкомның бірігіп қабылдаған 1926 жылдың 26 мамырындағы қаулысында шабындық және егістік жерлерді бөлу науқаны туралы мәселе қаралып, оны жүргізудің жолдары белгіленді. Жүргізілуге тиіс науқанды ауылдық Кеңестер «Қосшы» одақтарын міндетті түрде тарту арқылы, ауылда жаппай жерге орналастыруды күтпей-ақ ұжымдық шаруашылық пен жеке шаруашылықтар арасында шабындық және егістік жерлерді тең етіп бөлуге жедел кірісуі қажеттілігі міндеттелді.
Күйзелген халықты осындай алапаттан құтқару мақсатында Семей губаткомы жұмысын келесідей бағыттарда әкімшілік шараларамен бастады: 1. жұтқа тап болған уездер мен болыстарда үштік жұмысын құру; 2. Қазсовхалкомының №4139 телеграммасына сәйкес уез немесе болысішілік сауда қатынастарын жасамау, мал айырбастау мен айдауларын болдырмау, губерниядан сыртқа мал айдау жол бермеу шараларын бекітуі; 3. Уездік және болыстық атқару комитеттеріне мал айдап кету салдарына қатаң бақылау орнату; 4. Мемлекеттік диірмендер мен мемлекеттік астық дайындау орындарына бақылау орнату, астықтың тиімді жол арқылы қолға жетуін қадағалау. Осындай шараларды іс асыру облыстың аштыққа ұрынған өңірлерінде шұғыл түрде іске асырылып жатты.
Өлкелік және губерниялық басқару органдарының аштықтың зардаптарын жою туралы атқарған шаралары түптеп келгенде өз нәтижесін берді.
Әдебиеттер:
1. Талас Омарбеков «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» Алматы «Санат» 1997ж.
2. Қазақ көтерілістері және азаттық мұраты» Алматы 2012ж,
3. Талас Омарбеков «Зобалаң» Алматы «Санат» 1994 ж.
4. Атантаева Б.Ж. Мамырбеков А.М. Оспанова А.К. «Шығыс
Қазақстандағы репатрияция үдерісінің тарихы» Семей 2016ж.
5. Абдурахман Н.А. «Қазақстан тарихы» оқу құралы Алматы «Эверо» 2015ж.
6. Қазақ көтерілстері Энциклопедия, Алматы 2014ж.
7. Қ.Қ Байсарина «Шығыс Қазақстандағы ұжымдастыру: тарихы мен тағылымы» (1920-1930жж) Семей 2014
8. Городецкая В.С. Городецкий А.Э. «Из истории Семипалатинской крепости и города Семипилатинска» / Семипалатинск 2000
9. «Семипалатинск» из истории городов Казахстана» / Алма-ата 1984г.
10. Т.Омарбеков, Ш.Омарбеков «Қазақстан тарихынан және тарихнамасына ұлттық көзқарас» Алматы 2004ж.
11. Б.Г. Аяган, Ж.У Қыдыралина, А.М. Ауанасова, А.Н. Кашкимбаев, Л.М.Анафинова, К.М. Ильясова «1932-1933 жылдардағы ашаршылық ақиқаты»/Алматы 2012ж.