ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ
БАСЫМДЫҚТАРЫ МЕН КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ
БАСЫМДЫҚТАРЫ МЕН КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
ПРИОРИТЕТЫ И НЕКОТОРЫЕ ПРОБЛЕМЫ ГОСУДАРСТВЕННОЙ ПОЛИТИКИ
ПО РАЗВИТИЮ РЕГИОНОВ
PRIORITIES AND SOME PROBLEMS OF PUBLIC POLICY
REGIONAL DEVELOPMENT

Жанпейісова Қ.Д.
ЕҰУ, саясаттану кафедрасының доценті., с.ғ.к. Панияз Төлеу
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ,саясаттану мамандығының докторанты zhanpeisova73@mail.ru toleu@inbox.ru

Өңірлерді дамыту саясаты тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы маңызды фактор ретінде оны жүзеге асырудың механизмдері мен ресурстарын жасау, қазіргі заманғы өңірлік дамудың тұжырымдамалық негіздерін, елдің өңірлерді дамытудағы стратегиялық мақсаттары мен басымдықтарын айқындау, тиімді басқару тетігін жасау өңір тұрғындарының барлық санаттары үшін өмір сүру сапасын тұрақты жақсарту қажеттілігіне байланысты туындап отыр.
Әлемнің барлық елдеріндегі географиялық-климаттық жағдайлар, демографиялық ахуал, әр түрлі деңгейдегі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және басқа да факторлар әр мемлекеттің азаматтарының өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған өңірлік кешенді саясатты жүргізуге мәжбүр етеді.
Өңірлік саясат дегеніміз мемлекет субъектілерінің тиімді дамуын басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған өңіралық және жалпы мемлекеттік сипаттағы мемлекеттік билік органдарының бірлескен қызметін айтамыз.
Қазақстан аумағының көлемдігі, шекараларының ұзындығы, өңірлердің бір-бірінен өзара айрықша ерекшеліктерін ескере отырып, елдің жалпы мемлекеттік саясатының маңызды құрамдас бөлігі ретінде күшті мемлекеттік өңірлік саясатты қажет етеді. Тәуелсіздік жылдарында мемлекттік өңірлік саясатты әзірлеу және енгізу мәселесі бірнеше себептерге байланысты күшейе түсті. Біріншіден, климаттық жағдайлар, географиялық орналасуы және демографиялық ахуалға байланысты өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінде айтарлықтай айырмашылықтар болды. Екіншіден, бұрынғы жоспарланған экономикадан нарықтық экономикаға көшу әлеуметтікэкономикалық дағдарысқа әкеліп соқтырды, себебі өңірлер нарық жағдайына тез бейімделе алмады. Тіптен экономикалық әлеуеті мен экономикалық құрылымы, ішкі жалпы өнімнің орташа көрсеткіштері және халықтың өмір сүру деңгейі бойынша өңірлер арасында елеулі алшақтықтар бар еді.
Қазақстанның өңірлік саясаты әлеуметтік-экономикалық саясатының маңызды элементі ретінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі 90-жылдардан жүргізіле бастады. КСРО ыдырағаннан кейінгі әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың салдары шеткі және аз дамыған өңірлерге қатты әсер етті және дағдарыстың салдарын жою мәселесі өте өткір тұрды. Осындай жағдайлар мемлекеттің өңірлік саясатының өзектілігін арттыра түсті. Мемлекет бұл мәселеге үлкен көңіл бөле отырып, оны шешу үшін біршама қадамдар жасады.
1996 жылы алғаш рет Қазақстан Республикасының өңірлік саясатының тұжырымдамасы әзірленіп, оның мынадай мақсат-міндеттері, кезеңдері белгілеген болатын:
Мақсаты — халықтың тұрмысымен салыстырмалы түрде тең мүмкіндіктер жасау және әр аймақтың ресурстық және өндірістік әлеуетін тиімді пайдалану, еңбек ресурстарын рационалды бөлу және аумақтық өзін-өзі басқаруды дамыту принциптерін қалыптастыру. Бірінші кезеңде (1996-1997 жж.):
— өңiрлердiң салыстырмалы экономикалық тәуелсiздiгiн қамтамасыз ететiн саяси, экономикалық, экологиялық және құқықтық сипаттағы шаралар кешенiн әзiрлеу;
— мемлекеттің макроэкономикалық саясатының жалпы стратегиялық ережелеріне сәйкес аймақтық басымдықтарды айқындау; Екінші кезеңде (1998-2000 жж.):
— елдің экономикалық дамуының жалпы стратегиясының шеңберінде өңірлік дамудың басым міндеттерін іске асыру көзделді;
— тауарлар, еңбек және капитал, институционалдық және нарықтық инфрақұрылым үшін өңірлік және республикалық нарықты құру және дамыту;
— экономиканы дағдарыстан шығарып, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету үшін шағын және орта қалалардың экономикасын қолдау және қайта құрылымдау;
— ауылдар мен аудандарды қалпына келтіру үшін материалдық базаны құру.
Үшінші кезеңде (2001-2010 жж):
— экономиканың ұтымды кеңістіктік құрылымын қалыптастыру, өндірістің аумақтық ұйымдастырылуын жақсарту және өңіраралық инфрақұрылымды қалыптастыру;
— өндірістік-шаруашылық кешеннің ресурстық-мақсаттық балансын қамтамасыз ету, экологиялық-экономикалық теңгерімді сақтау (қалпына келтіру), аумақтардың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және табиғи ресурстарын барынша тиімді пайдалану;
— өңірлердегі халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасының теңдестірілуін, өңірлердегі күйзеліске ұшыраған жағдайды, әсіресе, дамымаған жағдайда әлеуметтік саланы еңсеру [1].
Осы тұжырымдамаға қарап Қазақстанның 1996-2010 жылдарға арналған өңірлік саясатында белгіленген мақсат-міндеттерге сәйкес қазіргі өңірлік дамуды саралай отырып айтарлықтай күткен нәтижеге жете алмады және өңірлік теңсіздікті біршама төмендетуге әкелген жоқ деп қорытынды жасауға болады. Оның негізгі себептері ретінде артта қалған өңірлер өз күштеріне негізделген дамудың ынталандыруларына емес, көбінесе мемлекеттік қолдауға сүйенді, өңірлік инфрақұрылым жеткілікті дамымады және мемлекеттік бюджет қаражаттары тиімсіз пайдаланылды, немесе игерілмеді. Ақыр соңында, мемлекеттік және аймақтық деңгейлерде бюрократия мен сыбайлас жемқорлықтың күшеюі де теріс әсер етті.
2001 жылы 2002-2006 жылдарға арналған жаңа «Қазақстан Республикасының өңірлік саясатының тұжырымдамасы» қабылданды [2].
2011 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бекітіліп, ол өңірлердің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге мүмкіндік беруді қарастырды [3]. Осы бағдарламаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады: 1-кезең — 2011 және 2012 жылдары (пилоттық), 2-кезең — 2013-2020 жылдары.
Жалпы өңірлік саясат мәселесі тәуелсіз Қазақстанның барлық стратегиялық құжаттарында түрлі дәрежеде көтеріліп келді. Ақыр соңында, Қазақстанның өңірлік саясатын жүзеге асыратын маңызды шараларының бірі ретінде Өңірлік дамудың арнайы министрлігі құрылғанын айтуға болады [4].
2014 жылы қабылданған «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында» республиканың аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасы дайындау мен жаңа өңірлік саясатты іске асыру, әрбір өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, өңірлердің орнықты дамуы үшін жағдай жасау және ол үшін өңірлік дамытудың барлық жүйесін заманауи қағидаттарға сай жаңғырту мен стратегиялық басқару жүйесін республикаішілік өңіраралық және макроөңірлік деңгейлерде ұйымдастыру, мемлекеттің стратегиялық жоспарлау институттарының, өңірлердің, қоғамдық бірлестіктердің, бизнестің және сарапшылар қоғамдастығының рөлін арттырумен қоса жүргізілуі тиіс-деп нақты атап көрсетілді [5].
2018 жылы елдің аумақтық дамуының өзекті мәселесін қамтитын өңірлерді дамытуда теңгерімді қамтамасыз ету, проблемалық өңірлерді қолдау, өңірлік бәсекелестік пен ынтымақтастықты дамыту, денсаулық сақтау мен білім беруді қаржыландыру, экологиялық мәселелерді шешу мен еңбек, қаржы ресурстарын шоғырландыру, жұмыспен қамту т.б., әлеуметтік-экономикалық міндеттер мен шаралар кешенін анықтайтын жаңа мәтіндегі Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары айқындалып белгіленді [6]. Бұл жоспар өңірлік даму бағдарламалары мен оның басымдықтарын біріктіретін Қазақстан-2050 стратегиялық саясатының құрамдас бөлігі және Қазақстанда қазіргі кезеңде өңірлердің қызметін жандандыруға бағытталған аумақтық дамудың жаңа, заманауи даму тұжырымдамасын жасау, тұтастай алғанда елді жаңғырту, сондай-ақ өңірлердің тиімді экономикалық мамандануын қалыптастырып дамытудың жаһандық түрлі мегатрендтерін есепке алған құжат болды.
Унитарлық мемлекеттерде аймақтық саясатты орталық билік жүзеге асырады, барлық билік органдары «тік қағидаға» бағынышты болғандықтан жауапкешілік өңірлердегі жергілікті биліктің иығына түседі. Сондықтан көп уақыттан бері көтеріліп, түрлі ішкі, сыртқы жағдайларға байланысты толық жүзеге аспаған орталық пен өңірлер арасында мемлекеттік өкілеттіктерді тиімді бөлу — орталықсыздандыру мен жергілікті өзін-өзі бақаруды жетілдіру мәселесі де алдан шығып отыр.
Қазақстан – 2050 стратегиясында: «Орталықсыздандыру үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру, жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдау мен жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттіктерін қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайту. Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек» нақты атап көрсетілген болатын [7].
Елдің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес өңірлердегі мемлекеттік саясаттың дамуының мынадай басымдықтары айқындалып отыр:
1. Өңірлерде дербес экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру.
Қазіргі кезеңде Қазақстанның өңірлік саясаты экономикалық, ресурстық және демографиялық әлеуеті бар перспективалы орталықтар мен өңірлерді дамыту негізінде маңызды дербес экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруға басымдық беру арқылы арқылы мемлекеттің тұрақты ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстанның батысында олар мұнай-газ секторы мен химия өнеркәсібінің негізінде дамиды. Орталықта, елдің солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында тау-кен металлургия кешені және аграрлық өнеркәсіптің экономикалық өсім орталықтарының қалыптасуы күтілуде.
1. Урбандалу мен агломерацияларды қалыптастыру.
Урбандалу процестерін ынталандыруды және агломерацияларды дамыту және қала маңында ұтымды өңірлік экономикалық құрылымды қалыптастыруды қамтамасыз етуге арналған. Қазақстанда Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары болатын агломерацияларды дамыту мен қалыптастыру көзделген. Осы қалалық агломерациялар елдің барлық халқының үштен бір бөлігінен астамын шоғырланады деп болжануда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей өңірлер қаншалықты урбандалса, оның экономикасы соншалықты әртараптанады, дамиды.
2. Моноқалалар мен макроөңірлерді дамыту.
Моноқалалар мен макроөңірлердің теңгерімді дамуы үшін қолайлы инвестициялық ахуал мен еңбек ресурстарын шоғырландыру, экономикасын әртараптандыру саясатын жүргізу арқылы тұрғындардың табысын арттыру, адам капиталын дамыту мен өңірлік ресурстарын тиімді пайдалану.
4. Мемлекеттік билікті орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқару институтын қалыптастыру Қазақстандағы демократиялық реформалардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Орталықсыздандыру — жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мен орталық биліктің кейбір өкілеттіктерін өңірлерге берудің құқықтық, экономикалық негіздерін жетілдіру басымдығы.
5. Индустриалды-инновациялық саясатты жүргізу арқылы бәсекеге қабілетті экономика құру, шикізаттық емес секторды дамыту, ұлттық өнеркәсіпті және ғылымды қажет ететін жоғары технологиялар өндірісі кешенін қалыптастыру, бизнес пен кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау мен оларды қолдау болып табылады. Өңірлік реформаның негізгі элементтері индустрияландырудың жаңа картасын және республиканың өндірістік күштерін дамыту және тарату схемасы шеңберінде «экономикалық өсу орталықтарымен» байланысты қарастырады.
6. Аумақтық орта және шағын кәсіпорындарды, агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) дамыту негізінде жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті өндірістік кластерлерді дамытуға басымдық беру. «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру, өңірлерде экспорттық әлеуеті жоғары және агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық емес секторларын дамытуға бағыттау.
7. Халықтың кеңістіктік мобильділігін арттыру, «өңірлердегі өсу нүктелерін» дамыту негізінде Президент Жолдауында айтылған әкімшілікаумақтық дамудың 2030 жылға дейінгі картасында көрініс таба отырып, әсіресе шекаралық аудандардың дамуына басымдық беру мен демографиялық ахуалын жақсартуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру басымдығы ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторларының да бірі болып саналады.
Қазақстанда өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлерін теңестіруге бағытталған тиімді, кешенді мемлекеттік саясат қажет. Оған 2018 жылдың 5-қазанында Президент Жолдауында айтылған: «2019 жылдың
1қыркүйегіне дейін Еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеу мен практикалық шараларды жүзеге асыру үшін нақты іс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемін көрсете отырып, Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын», -деп атап өтуі тақырыпты өзекті етеді және мұндай жағдайларда өңірлердің негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жаңа жолмен шешуге мүмкіндік беретін стратегиялық басымдықтарды дамыту арқылы өңірлік басқару тиімділігін арттыру ерекше өзектілікке ие болады [8].
Сонымен бірге өңірлердің біркелкі емес әлеуметтік-экономикалық дамуын жеңудің әлеуметтік- экономикалық әдістемесін жасау да күн тәртібінде тұр.
Өте бай экономикалық әлеуетке ие дамыған елдерде өңірлік теңсіздік мәселесі бар. Батыс елдерінде ел өңірлерінің экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуетін теңестіру саясаты артта қалған аймақтардағы инвестицияларды ынталандыру және осындай өңірлерге қаржылық көмек көрсету арқылы жүзеге асырылды. Бұл саясат депрессиялық өңірлерге көмек көрсету үшін тікелей қаржы аударымдарын жүзеге асыру, сондай-ақ инфрақұрылымның барлық түрлерін дамытуды және жетілдіруді қамтамасыз ететін, салық салу және басқа да жеңілдіктер беру, субсидиялау және жергілікті бизнесті қолдау арқылы дамымаған аймақтардағы жеке инвестицияларды ынталандыруды көздейтін мақсатты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар бұл басымдықтарды жүзеге асыруға кедергі болатын кейбір мәселелерді де атап өтуді жөн деп есептейміз. Олар:
— өңірлік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілктің төмендігі мен өңірлерде экономикалық тартымды брендтердің аздығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттық бағыттауда басқару мен ұйымдастырудың әлсіздігі;
— өңірлердің дамуына қажетті, көлік-логистикалық, инженерлік т.б.
инфрақұрылымның дамуының әлсіздігі, өндірістік инфрақұрылымның сапасыз жағдайы;
— бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану немесе игере алмау, орталық пен өңірлік билік деңгейіндегі өзара әрекеттесудегі түсінбеушіліктер мен сәйкессіздіктер;
— бюрократиялық кедергілер мен өңірлердегі сыбайлас-жемқорлық;
— өңірлік әлеуметтік-экономикалық саясаттың нәтижелілігін бағалаудың бірыңғай жүйесінің болмауы;
— өңірлердегі ғылыми әлеуеттің төмен деңгейі, техникалық кадрлардың тапшылығы, т.б.
Бұл жағдайлар мен мәселелер заманауи өңірлік саясатты, оның саяси мақсаттарын, саяси қағидаларын және саяси құралдарын жан-жақты ғылыми талдауды, сондай-ақ мемлекеттік өңірлік даму саясатын іске асырудың қазіргі үрдістері мен басымдықтарын айқындап саралау қажеттілігін көрсетіп отыр.Сайып келгенде қазіргі кезеңде Қазақстанның өңірлердегі мемлекеттік саясатының маңызды басымдықтары өңірлердің тұрақты дамуына қол жеткізу болып табылады. Бұл саясатты табысты жүзеге асыру тек өңірлердің экономикалық дамуы мен азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі, бірлігі және аумақтық тұтастығына тікелей байланысты екендігі анық.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының аймақтық саясатының тұжырымдамасы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 9 қыркүйектегі №1097 Қаулысы.
2. Қазақстан Республикасының 2002-2006 жылдарға арналған өңірлік саясат тұжырымдамасы. — Астана, 2001 жыл.
3. «Өңірлерді дамыту туралы» бағдарламасы. ҚР Үкіметінің 2011 жылы 26- шілдесіндегі №862 Қаулысы.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы
5. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 466 Жарлығы.
6. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы № 728 Қаулысы.
7. Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы
№636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары.
8. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың
«Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 14 желтоқсан 2012 жыл.http://www.akorda.kz
9. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жыл, 5 қазан. http://www.akorda.kz

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *