ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ТАНЫМАЛ ҒАЛЫМ!
(Қадыржан Әбуев 80 жаста)
Қарасаев Ғани Мұқашұлы,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, бас ғылыми қызметкер,тарих ғылымдарының докторы, профессор
Мәңгілік Ел болуға бет алған ұлтымыздың болашақтағы беріктігіменқуаттылығықазіргі және келер ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухын сіңіруге байланысты екендігі белгілі. Осы бағыттағы Қазақстан тарихы ғылымының атқарар рөлінің ерендігі әркімге анық. Сондықтан да Елбасы
Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың Жеті қыры»атты мақаласындағы «… Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы», — деген сөздері Қазақстан тарихшы ғылымдарының алдына үлкен міндеттер қоятындығы айғақ.
Бүгінгі күні 80 жасқа толып отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев еліміздегі осындай жоғары талаптың биігінен орын алып отырған тарихшы-ғалымдардың алдыңғы қатарында. Қазіргі уақытта Қадыржан Қабиденұлы кеңес заманында әдейі кенжеленіп келген Қазақстан тарихын Тәуелсіз мемлекеттің сұранысына сай зерделеу ісінің нақты бастаушысыларының бірі болып келеді.
Қадыржан Қабиденұлының өткен өмір жолын талдаудан өткізетін болсақ, ол ғылыми-шығармашылық және оқытушылық өмірін түгелге жуық Қазақстан тарихының бұрын толығымен ашылмаған кезеңдері және ұлтымыздың жеткілікті тұрғыда насихатталған ұлы тұлғаларының халқының болашағы жолындағы атқарған қызметтерін, солармен қатар туған өлкесі Көкшетау өңірінің бірнеше ғасырлық тарихын зерттеуге арнады. Ғалым бүгінгі күнге дейін алыс, жақын шетелдерде, республикамыздың ғылыми басылымдарында жарияланған 280-нен астам ғылыми мақалалардың авторы. Ғалым осы ғылыми туындыларында дереккөздерінің молдығы мен олардың жаңалығына, мазмұнының тереңдігі мен тақырыптарының келелігіне әрдайым баса назар аударады. Сондықтан да зерттеушінің осындай талап тұрғысында дайындалған кез-келген шығармасы еліміздің оқырман қауымы арасында Қазақстан тарихының бағыттары мен кезеңдерін жариялаудағы құнды еңбектер ретінде бағаланып отыр.
Қадыржан Қабиденұлы Отандық тарих ғылымына үлесін қосқан 8 монография дайындап, жариялады. Атап айтқанда ғалым ұзақ жылғы зерттеулерінің негізінде халқымыздың ұлы тұлғасы Абылай ханға арналған бұрын қолданысқа енбеген, тың шетелдік және отандық мұрағат және құнды жазба деректеріне негізделген бірнеше кітап шығарды. Отандық ғалымдар мен зерттеушілер автордың бұл ғылыми туындыларын Абылайдың өмірі мен қызметін зерттеудегі құнды шығарма деп бағалауда. Ғалым сонымен бірге Кенесары Қасымұлы, Шыңғыс Уәлиханұлы, Науан Хазірет және Шоқан
Уәлихановтың өмірлері мен атқарған істерін терең мазмұндаған кітаптардың да авторы.
Былтырғы жылы Қадыржан Әбуев Қазақстан тарихындағы белгілі оқиға — Сібір хандығының тарихын, осы мемлекетті негіздеген Көшім ханның қызметін баяндайтын «Сібір хандығы орыс-қазақ қатынастарының контексінде» атты ғылыми монографияны жарыққа шығарды. Кітап өзінің бұрын ғылыми қолданыста болмаған бағалы деректері, ғылыми талдаулары және тақырыптың мазмұнын ашудағы жаңалықтарымен ерекшеленеді. Онда Сібір хандығының билеушісі Көшім ханның қазақ халқының тарихындағы алатын лайықты орны көрсетілген.
Ғалымның есімі Қазақстаннан асып, әлемнің көптеген елдері ғылыми орталарына да белгілі. Ол ТМД аймағы, алыс шетелдердегі халықаралық ғылыми конференцияларға үнемі белсене қатысып, Қазақстан тарихы мәселелеріне арналған баяндамалар жасап келеді. Дүнижүзінің бірнеше мемлекеттері ғылыми орталықтарының жоғары марапаттауларының иегері.
Қадыржан Әбуев осындай мақсатты да жоспарлы түрдегі ғылыми шығармашылығымен қатар Қазақстанның жоғары білім беру саласына белгілі тұлға. Оның жоғары оқу орындарындағы Қазақстан тарихын оқыту мәселесіне арналған 49 оқу құралы республикамыздың барлық университеттері мен институттарында колданысқа ие. Ғалым елімізде алғаш рет тарихи атаулар мен ұғымдардың мазмұндарын саралаған бірнеше сөздігін дайындап, баспадан шығарды.
Қадыржан Қабиденұлы 1991 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі Қазақстан тарихы кафедрасының ашылуына бастамашысы болып, 30 жылдан астам уақыт осы кафедраның меңгерушісі қызметін атқарды. 1998 жылы кафедрада Еліміздегі алғашқылардың қатарында тарих мамандығы бойынша магистратура, соңғы кезде докторантура ашылып, бұл күндері талапқа сай жұмыс істеп келеді. Ол кафедрада Қазақстанның және жақын шетелдік ғалым-тарихшыларының Қазақстан тарихына байланысты арнайы дәрістер оқуына жүйелі түрде назар аударады. Кафедра өзі қызмет істей бастаған уақыттан бүгінгі күнге дейін мыңдаған маман тарихшыларды дайындап, түлектердің басым бөлігі қазіргі уақытта Қазақстанның барлық аймақтарындағы орта, жоғары білім беру, мемлекеттік қызмет салаларында нәтижелі жұмыстар атқаруда.
Қадыржан Әбуев университеттің профессоры ретінде өзі оқитын дәрістер мен тәжірибе сабақтарының мазмұнды да жаңашылдықпен өтуін басты назарда ұстайды. Міне сондықтан да оның әрбір сабағы Қазақстан тарихының белгілі оқиғаларының барынша ашылуын қамтамасыз етуде.
Оның осындай жемісті еңбегінің куәсі – екі рет Қазақстанның үздік оқытушысы атағын алуы болып табылады.
Қадыржан Қабиденұлы өлке тарихын зерттеумен де белсене айналысады. Атап айтқанда оның ұзақ жылғы ғылыми зерттеулерінің үлкен бөлігі өзі туып өскен Көкшетау өңірінің көне заманнан бастап қазіргі күнгі тарихын зерттеуге арналған. Олардың қатарында өлкенің жалпы тарихымен бірге осы аймақтан шыққан тұлғалардың қызметтеріне де талдау жасалынып, ғылыми баға берілген. Атап айтқанда, 1997 жылы «Көкшетау» атты тарихи очерктері жарияланды. 2018 жылы ғалымның «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты кітабының тұсаукесері өткізіліп, оқырман қауымға таратылды.
Қадыржан Қабиденұлы Ақмола облысындағы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Қазіргі күні ол Ақмола облыстық және Көкшетау қалалық ономастикалық комиссияларының мүшесі. Тәуелсіздік жылдарындағы өлке тарихындағы алатын орны зор тұлғалардың есімдері жаңғырып, тарихи жер-су атауларының қайтадан оралуына оның қосып келе жатқан үлесі зор. Облыстық және қалалық ақсақалдар кеңестерінің мүшесі. Анығын айтқанда өзінің туған өлкесіндегі кез келген келелі тарихи мәселелерді шешу ісінің басында Қадыржан Қабиденұлын көруге болады.
Қадыржан Әбуев ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының өткізіп келе жатқан әрбір халықаралық және республикалық деңгейлердегі шараларының барлығына қатысып, пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтып отырады. Ол Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Мемлекет тарихы институтының Орталығының ашылуын қамтамасыз етті. Осындай шығармашылық және өнегелі істері арқылы Еліміздің тарихшы ғалымдарының, оны білетін барша жұртшылықтың арасында зор беделге ие.
Бұл күндері Қадыржан Әбуев Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылдың қараша айында жарияланған «Ұлы Даланың Жеті қыры» атты мақаласын насихаттап, оның талаптарын жүзеге асыруға белсенді түрде ат салысып келеді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының Академигі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қадыржан Қабиденұлы Әбуевті 80 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, Қазақстан тарихын әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ету жолындағы қызметіне ұрпағы мақтаныш етер іргелі шығармашылық табыстар тілейміз.