ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰНҒЫШ КАВАЛЕРИЯ ГЕНЕРАЛЫ
Рахым А.Ғ.
Қазақстан Республикасы ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институты arman290612@mail.ru
Ресей империясына қызмет еткен төрелер арасында ең көрнекті тұлғалардың бірі – Жәңгір ханның төртінші ұлы, кавалерия генералы Сұлтан Қажы Ғұбайдолла Жәнгір ұлы Шыңғысхан, әскери қызметі үшін генерал атағын алған алғашқы қазақ. Ресей империясының билеуші элитасы көпұлтты болды. Жаңа жерлердің Ресей империясының құрамына енуіне байланысты, жергілікті ақсүйек қауымы Ресей элитасының құрамына кіріп, арнайы императорлық жарлықтарымен декларацияланған құқықтарға ие болды.
Қазақ ақсүйектері де шетте қалмаған болатын, атап айтқанда: Бөкей немесе Ішкі қырғыз-қайсақ (қазақ) ордасы. Бұл орданың негізін қалаушы Бөкей сұлтан болды, ол 1801 жылға дейін Кіші жүзде Хан кеңесін басқарды.Ол Батыс Қазақстанның Орал маңы далаларын қоныстаған және 1801 жылдың ақпан айында ресми түрде Ресей билігіне Еділ мен Жайық өзендері арасындағы далада көшуге рұқсат беру туралы өтініш жасады. Павел I өтінішке қол қойып, 1802 жылдың аяғында Орал өзенінің оң жағына Бөкеймен бірге Кіші жүздің әр түрлі руларының 5 мыңға жуық қазақ отбасылары қоныс аударды. 1810 жылы Александр I Жарлығына сәйкес осы көшпелі бірлестіктің қазақтарына өз ханын сайлау құқығы берілді және 1811 жылы 26 қыркүйекте сұлтан дәстүр бойынша ақ киізге көтеріліп, хан болып жарияланды. Сайлау нәтижесі патшамен бекітілді және осы сәттен бастап Бөкей Ішкі Орданың бірінші легитимді ханы болды.
Ресейдің болашақ әскери және мемлекеттік қайраткері Ғұбайдолла Шыңғысхан 1840 жылы 6 мамырда императорлық армияның генерал-майоры, Ішкі Орданың ханы Жәңгір отбасында дүниеге келген.
6 жасқа дейін ол отбасында тәрбиеленіп, ата-анасымен Орынбор қаласында орналасқан Неплюевский кадет корпусына берілді. Бозбаланың тағдыры алдын ала анықталған болатын.
1849 жылы Ғұбайдолла өзінің ағасы Ахмет-Герей екеуі Орынбор генералгубернаторының адъютанты есаул Житковпен бірге Ресей империясының элиталық оқу орны — Паждық корпусқа келеді. Болашақ генерал «… үздік тәрбиеленуші болып танылып № 9-шы ерекше кітапқа енгізілді». Ал 1856 жылы камер-паж Ғұбайдолла Шыңғысхан казак полкінің лейб-гвардиясының корнеті болып шығады [1].
Оның мансабының өсуі Александр II дәуіріне тұспа-тұс келді. Солтүстікбатыс өлкедегі әскери байқаулардың бірінде императордың көзіне түскен жас офицер кейіннен оның флигель-адъютанты болды, ал 1878 ж.бастап өзінің шынайылығы, адалдығы және білімділігінің арқасында патша нөкерлерінің құрамына кірді.
1856 жылы тәж кигізу салтанатында төре тұқымынан шыққан ағайындар Ішкі орда атынан шықты. Ал 1860 жылы олар біраз уақытқа Орынбор қаласына аттандырылды. Ғұбайдолла мұнда бірінші рет өзін білікті басшы етіп көрсетеді және императордың сенімді тұлғасы ретінде екі рет Башқұрт жеріне алтын кенорындарын зерттеу үшін іс-сапарға жіберіледі. Генерал-губернатор А. П. Безаконың жанында болған Жәңгір ханның екі ұлы — гвардия ротмистрі князь Ибраһим-Шыңғыс және штабс-ротмистр Ғұбайдолла Шыңғысхан жайында «…біздің Үкіметке толық берілген, өте жақсы қабілеттерімен ерекшеленетін және қырғыздарға қатысты істер бойынша ғана емес, сондай-ақ басқа да қызметтік қажеттіліктер бойынша да үлкен жетісікке жетті» деп куәлік етті.
Бірақ Императордың айналасында туындаған қызғаныш кесірінен 1866 ж. Ғұбайдолла әскери кавалерияға аттандырылады. Төрт жылдан кейін ол казак полкінің лейб-гвардиясының полковнигі болып тағайындалып, императордың флигель-адъютанты міндеттерін атқаруға қайтарылады. 1879 жылы император оған мұрагерлік дворяндықты тарту етеді.
Полковник Шыңғысханның одан арғы мансабын екі фактор анықтады: оның жеке қасиеттері мен басшылық тарапынан қолдау. Александр II Солтүстік-Батыс өлкеге сапар жасаған кезде, Ғұбайдолланы бірге алып жүрді. Мұндай сапарлардың бірінде ол императорлық адъютант болды, патшамен өте сенімді әрі тығыз қарым-қатынас орнатты. Бұл қызметте ол императордың жеке тапсырмасымен алғаш рет Қырымға аттанды. Осы кезде Александр ІІ рұқсатымен Ғұбайдолла Шыңғысхан Мекке мен Мәдинаға қажылық жасайды. 1876 жылы ақпанда император оған телеграф ведомствосын басқаруды тапсырады. Осы департаментті басқара отырып, Шыңғысхан Түркиямен соғысқа дайындалады. Оның бастамасымен Севастопольдегі, Одессадағы және Очаковкадағы маяктар мен жағалау батареялары байланысып, Қара теңізден Каспий теңізіне телеграф кабелін салу басталады.
1877 ж. орыс-түрік соғысының басталуымен полковник Шыңғысхан майданға аттанады. Ғұбайдолланың жұмыс қабілеттілігі, техникалық сауаттылығы және зеректілігі көпшілікті таңқалдырады. 1878 жылы әскери қызметтегі жетістігі үшін генерал-майор атағын алады. Майданда көрсеткен батылдығы үшін Император оған «За храбрость» деген жазуы бар алтын сапыны табыс етеді[2]. Оның басшылығымен Дунай арқылы телеграф кабелі салынады, сол уақытта әскери іс-қимыл театрындағы телефон байланысының өте қалың желісі құрылады. Бірақ 1879 жылы ол тифпен ауырып, ол үшін соғыс аяқталды.
1885 жылдың 23 ақпан күні ішкі істер министрінің жарлығымен Ғұбайдолла Шыңғысхан Қырымда Арнайы комиссияның төрағасы болып тағайындалады.
1888 жылдың 30 тамыз күні Ғұбайдолла Шыңғысхан генерал-лейтенант шені беріліп, әскери кавалерия бойынша запасқа шығарылды [3]. Симферопольдан Петербургқа келгесін Ғұбайдолла Шыңғысхан қайтадан ІІМ орналасады. 1894 жылы отставкаға кетіп, өзін толығымен қоғамдық жұмыстарға арнайды, Петербургтағы мешіт құрылысы жөніндегі комитетінің құрамына кіреді.
1908 жылдың басында дәрігердің кеңесі бойынша ол Ялтаға кетеді, өзінің ағасы отставкадағы полковник Ахмет-Керейдің үйінде тоқтайды. Бірақ денсаулығы сыр беріп, Сұлтан Қажы Ғұбайдолла Жәңгірұлы Шыңғысхан Ялта қаласында 1909 жылы 28 ақпан күні көз жұмады. Осылайша аты Кремльдің Георгий залындағы барлық замандар мен халықтардың қолбасшысы тізіміне енген, Әулие Георгий орденімен және алтын қарумен марапатталған жалғыз қазақтың, патша дәуірінде кавалерия генералы атағын алған алғашқы қазақтың өмірі аяқталды.
Әдебиеттер:
1. Жангиров, Губайдолла // Казахстан. Национальная энциклопедия. —
Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2005. — Т. II. — ISBN 9965-9746-3-2.
2. Э. Э. Исмаилов. Золотое оружие с надписью «За храбрость». Списки кавалеров 1788—1913. — Москва, 2007, с. 302
3. Список генералам по старшинству. Исправлен по 1-е мая. — СПб., 1887, с. 493