ХАЛҚЫН СҮЙГЕН НАҒЫЗ ЕР
Қ.Ә.Нарбаев
Көкшетау техникалық институты, Көкшетау қ.
Kalizhan76@mail.ru
«Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».
Н.Ә.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды», – деген болатын [1]. Бұл сөздер өз ұлтының мерейін асқақтатқысы келетін Кеңес Одағы бойынша әрі Батыр, әрі Академик атағына ие болған дара тұлға Мәлік Ғабдуллиннің көкірегінен шыққан сөздер деп айтуға әбден болады.
Ол Отан үшін от кешкен қазақ қыз-жігіттерінің теңдессіз ерліктерін көрсете білген. Қазақтың ұлы қасиеттерін айқын танытқан тұлға.
«Қазақ халқының атағын шығару, абыройын көтеру, адамдарын таныту жолында көп қызмет атқару бойынша халыққа қызмет етуді теріс ұғатын адамдар ұлт дегенді теріс ұғады. Олар ұлттық мақтаныш дегенге теріс
қарайды», — деген. (ҚРОММ. 1432-қор. 2-тізімдеме. 92-іс. 21-п.) Ол Бауыржан Момышұлына жазған хаттарының бірінде:
«Қазақ жастарының істерін елге таныстыруды елге еңбек сіңіру деп білем. Сөз сарыны мынадай ғой: қазақ-қазақ болғалы көп ғасыр өтті. Батырлық салты бүгін ғана пайда болған емес. Ол ертеден келе жатыр. Кешегі батыр бабаларымыз батырлықтың тамаша үлгілерін көрсетті ғой. Ал, бүгінгі қазақ жігіттері сол батыр бабаларының дәстүрін ілгері дамытуда. Бұдан былай біз бұрын кедей едік, жарлы-жақыбай едік деп қырту керек емес, бұрын да батыр болғанбыз, қазір де сондаймыз деп айтамыз. Былтыр мен елге барғанда қазақпыз дегенді баса айттым», — деп жалғастырады [2].
Ұлтшылдық Мәлік Ғабдуллиннің иығына «шапан» секілді ілінді де, қыр соңынан қалмады.
Бұл тұрғыда, Мәлік ағамыз «Менің майдандас достарым» дейтін мемуарлық жазбаларын басуға ұсынған кезде, ол қазақтар туралы көп жазыпты, «ұлтшыл» деген айып таққысы келетіндерге, Ғабдуллин «қазақ, қазақ дей береді» деген сияқтыларға: «Мен ешқашан да өзімнің ұлтымды жасырып көрген емеспін. Мен өз ұлтымның, өз қазағымның мерей-мәртебесін жоғары көтеруге қызмет етемін!» — деген екен.
«Мен қазақпын» деген ұғымның тек-төркіні мынау: өз ұлтыма, қазағыма деген мөлдір сүйіспеншілік, өз халқымның жауынгерлік дәстүрлеріне деген ізгі құрмет, оның сан ғасырлық мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне деген құштарлық, оған арыммен адал еңбек ету, халықтар достығын қорғау, бауырлас, көршілес елдерге көмектесу, қажет жағдайда ортақ жауға қол ұстасып бірігіп аттану…
«Мен қазақпын» деуімде өз ұлтымды басқа ұлттардан асыра мақтау емес. Мен өз ұлтымның перзенті екендігімді түсіндіру. Тамшы қаным қалғанша, өз халқымның мүддесі үшін күресуге әзірмін. Мен – халық ұлымын. Халықтың киесі бар. Жалған дүниеде ең ізгі, ең асқақ, ең таза нәрсе – өз халқыңның қызметшісі болу» — деген [3].
М.Ж.Құрманбаева өзінің ғылыми еңбегінде М.Ғабдуллиннің мұраларын жан-жақты зерттей отыра, оның ұлы тұлғасына тоқталып:
1. жауға деген қаталдық.
2. досқа деген мейірімділік.
3. туған жерге, ата-анаға, ағайын-туысқа, бауырларға деген сүйіспеншілік.
4. Отан алдындағы азаматтық борышты терең түсіну.
5. сөз бен істің бірлігі, турашылдық, әділдік.
6. адалдық, шынайылық, қайсарлық.
7. туған елдің ауыз әдебиетін, салт-дәстүрін, батырлар жырын сүю.
8. әскери өнерге, спорттық бейімділік.
9. қиындыққа төзе білу.
10. халық мүддесін жеке бастың мүдесінен жоғары қоюшылық, намысшылдық.
11. Отансүйгіштің сезімінің жоғарылығы, оның халықшылдық сипаты.
12 халықтар достығын қадірлеу – сияқты қасиеттер анықтайды. Бұл Мәлік Ғабдуллиннің бойындағы ерекше қасиеттер арқылы оның қандай тұлға екендігін анықтауға болады.
Қазіргі кезде елге шексіз қызмет еткен, қос майданның батыры Мәлік Ғабдуллин сияқты алып тұлғаның есімі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясына Ұсынылатын тарихи тұлғалар тізіміне енбей қалуы жанға батарлық нәрсе. Бұл олқылықтың орны жойылып, Отан үшін, мемлекет үшін, ел игілігі еңбек еткен елінің ұлы перзенті М.Ғабдуллиннің есімі уақыт өтен сайын асқақтай түсетініне күмәніміз жоқ.
Әдебиеттер:
1. Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, 2017 ж.
2. М.Ғабдуллиннің еңбектерінің он бір томдық жинағы. І том «Қазақ халқының ауыз әдебиеті»– Алматы, 2018.
3. С.Негимов Мәлік Ғабдуллин. Филологиялық-деректанулық зерттеу. Астана: Фолиант, 2016