ТІЛЕУІМБЕТ БАТЫРДЫҢ ҚОҒАМДЫҚ – САЯСИ ҚЫЗМЕТІ
М.И. Рахимов
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ. madi_025@mail.ru
Қ.Қ. Батталов
С.М. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті,
Павлодар қ.
kairat.battalov@gmail.com
Қазақ халқында «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» — деген өнегелі нақыл сөз бар. Ұлы далада қазақ халқының қаншама батыры жері мен елі үшін жауларымен ұдайы арпалысып өтті. Әсіресе, қазақ халқының тарих сахнасынан құрып кету қаупі төнген жоңғар шапқыншылығы кезінде және патшалы Ресей бодандығын қабылдағаннан кейін де ақ патша үкіметімен күресіп ата – мекен, қасиетті жеріне қорған болған батырлардын біразы өзінің тарихи бағасын алса деген ойымыз бар. Себебі олардың көпшілігін қалың ел әлі күнге дейін біле бермейді. Сондай есімі қалыс қалып келе жатқан тұлғалардың бірі Бәсентиін руынан шыққан Тілеуімбет батыр.
Ең алдымен, дәстүрлі қазақ қоғамында «батыр» атағының маңызы мен рөліне тоқталайық. Себебі кез-келген адамға «батыр» титулы берілмеген және ұрпақтан ұрпаққа бұл атақ мұра ретінде көшпеген. «Батыр» атағын жаужүрек, жеке қасиеттерімен халықтың ықыласы мен сеніміне ие болған тұлғалар ғана иемдене алған. Батырлар жайында және олардың қазақ мемлекетінің бүтіндігін сақтап қалуындағы рөлі туралы алғаш жазған Ш. Уәлиханов болатын. «ХVIII ғ. батырлар туралы ауызша тарихи деректер» мақаласында Ш. Уәлиханов: «Батыр – халық арасындағы ең маңызды және беделді тұлға. Соғыста батыр жолбарыс секілді жаужүрек және арыстандай күшті. Олар халық ішіндегі сыйлы адамдар және өзгелер олардың айтқанын тыңдайды»[1,216 б.]. Яғни, қазақ қоғамындағы батырлардың рөлі хан, сұлтандар мен билерден кем болмаған және халық пен билік арасын жалғаушы көпір қызметін де атқарған.
Әсіресе, XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ батырларының рөлі айқындалады. Халық жадында «Ақтабан шұбырынды» атауымен тарихқа енген қаралы жылдарда, қазақ халқын жауға қарсы күшін біріктіріп, мемлекет тұтастығын сақтап қалуда, батырлардың маңызы ерекше еді. Ш.Уәлиханов жазады: «XVIII ғасырдың алғашқы кезеңі қазақтар үшін ауыр болды. Жоңғарлар, еділ қалмақтары, жайық казактары мен башқұрттары жан – жақтан ұлыстарды тонады, малдарын тартып алды және жанұяларымен тұтқынға алып кетті. Суық қыс пен көк тайғақ, ашаршылық, көктен түскен сынақ сынды, олардың жағдайын мүлдем қиындатты»[2,111 б.]. Сондықтан ғалым Абылай заманын – «қазақ халқының рыцарлық жүзжылдығы» — деп атаған. Жоңғар қаупінің екінші кезеңі 1739 -1741 жылдарды қамтиды. Белгілі ғалым И.Ерофеева, жоңғар хандығының екінші толқын шабуылына, Сібірді басқару әкімшілігінің шабуылды алдын ала біле тұра, жоңғар елшілерімен ымыраға келіп, қазақ көштері туралы мағлұмат беріп, Ертіс бойында орналасқан әскери шеп бекіністеріне қашқан қазақтарды қабылдамау туралы шешім шығаруы, жоңғарлардың қолына қару ұстатуына себеп болғанын жазады. Яғни жоңғарлар тарапынан бейқам жатқан қазақ ауылдарына, ұйымдасқан шабуылдың жүзеге асқанына патша өкіметі немқұрайлы болған. Нәтижесінде Есіл мен Ертіс арасындағы қазақ ауылдары 35 мың жоңғарды бастап келген Қалдан Церен нағашысы Церен Дондоб және Септен нойоннан зардап шегеді. Орта жүз қазақтарының көбісі жаудан бас сауғалап Жайық жаққа қарай көшуіне мәжбүр болды. Дегенмен, қазақ халқы 14 жыл бұрынғыдай шашыранқы емес, жауға қарсы ұйымдасқан қарсылық көрсету арқылы, қауіптің бетін қайтара алады [3,324 б.]. Бұл тәуелсіздік жолындағы шайқастар халық жадында мәңгілік сақталып, атадан балаға халық ауыз әдебиеті үлгілері, жер атаулары негізінде тарихи сабақтастығын табады.
XVIII ғасырдың 50-ші жылдары жоңғар қаупінен қайтқаннан кейін қазақ халқының басты мәселесі Ресей империясы еді. ХVIII ғасырдың I ширегінде Ресей империясы Ертіс, Жайық бойларына әскери шеп құрып, қазақ даласын ақырын оккупациялауға кіріскен болатын. 1730-1740 жж. Кіші және Орта жүз қазақтарының Ресейдің бодандығын қабылдауымен патша әкімшілігі қазақ даласының құнарлы жерлерін тартып ала бастайды. Бұл туралы Добромыслов А.И. келесідей мәлімет қалдырады: «XVIII ғасырдың басынан бастап, патша өкіметі казақ жерін отарлау саясатын басты авангард ретінде пайдаланып, қазақтарды атамекенінен тықсырып, олардың құнарлы жерлерін казактарға тартып ала бастағаннан кейін-ақ, қазақ жігіттерінің орыс бекіністеріне шабуылы үдеп кетті» [4,76 б.]. Байқап отырғанымыздай, XVIII ғасырда қазақ батырлары Ресей протекторатын абсолютті мойындамаған және халықтың мүддесін қорғау мақсаттарында казак отрядтарымен жиі қақтығыстарға түсуге мәжбүр болды. Бір жарым ғасырдан астам уақытқа созылған Қазақстанның Ресейге қосылу процесінде қазақ батырларының рөлі ерекше еді. Қазақ батырлары Ресей империясымен тек білектің күшімен ғана емес, дипломатиялық қарым-қатынастар арқылы да халықтың мүддесін қорғаған. Бұл жайында Қазақстанның Ресейге қосылу еңбегінде Н.Г.Аполлова келесідей мысал келтіреді: «ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы батырлар тек қана әскери жорықтарда маңызды рөл атқарған жоқ. Олар әртүрлі дипломатиялық тапсырмаларды да орындайтын елшілер ретінде белсенділік таныта отырып, ақсақалдар кеңесіне де құлшына араласады» [5,169 б.], яғни қазақ батырлары мемлекет тұтастығын сақтап қалуда әр түрлі амалдарды пайдаланғанын көреміз. Сондықтан, Ресей шенеуніктері қазақ халқының хан, сұлтандармен қатар ел ішіндегі беделді би, батырларымен де санасқан.
Мінекей осындай аласапыран заманда Бәсентиін руынан шыққан Тілеуімбет батыр өмір кешті. Батыр шамамен 1720-1795 жылдары өмір сүрген.
Батырдың шежіресіне толығырақ тоқталсақ: Тілеуімбет – Бабатай – Өтеп – Бәсен – Бәйымбет – Көкшекөз (Ақмайдан) – Бәсентиін –Арғыннан тарайды. 1740-1750 жж. қазақ елін жоңғар басқыншыларынан азат ету үшін күрес жүргізеді. 1750 -1760 жылдары Қалмаққырылған тау етегіне өзге руластарымен көшкен. Кейіннен Тілеуімбет батырдың қыстауы жанындағы тау сілемі батырдың есімімен аталып, өз атауын осы уақытқа дейін сақтай алған. 1770 жылдардан бастап Бәсентиіннің ішіндегі Өтеп руының барлығы Ертіс бойына жақын Коряков (қазіргі Павлодар) форпостының маңындағы руластарына көшеді. Осы уақыттан бастап Ресей әкімшілігінің ресми құжаттарына батырдың есімі қағаз бетіне түсе бастаған [1].
Тілеуімбет батырға қатысты мәліметтер Омбы облысының мемлекеттік архивінің №1 қорында сақталған. Осы қордағы кейбір құжаттарды алғаш жариялаған зерттеуші, өлкетанушы Дәурен Аяшинов [6]. Аталмыш қордың көпшілігі XVIII ғасырдағы патшалы Ресей әкімшілігінің қазақ елінің хан, сұлтандарымен жүргізген дипломатиялық қарым – қатынастарының ресми құжаттары (хат алмасулар, рапорттар) түрінде баяндалған. Әсіресе Орта жүз руының беделді сұлтаны Абылай ханның немере ағасы Сұлтанбет сұлтанға тиісті деректер ішінен Тілеуімбет батырға қатысты мәліметтерді жолықтырамыз. Сондай-ақ батыр Абылай ханның ұлы Уәли сұлтанмен де байланыста болған. Бұл туралы келесідей дерек сақталған: «17 тамыз 1788 жыл.
Иман сұлтаннан — Сібір драгун полкінің генерал-поручигі, шеф және кавалер Николай Гаврилович Огаревке
«…Сіз маған Бұқылай мен Тілеуімбет батырлар арасындағы дауды шешуімді тапсырдыңыз. Дегенмен старшын үйінде болмай шықты, Уәли ханға жол жүріп кетіпті. Келгесін шақыртып тиісті шараларды қолданамын және сізге жауабын жіберемін… .» [7].
Архивтік құжаттарға сүйене отырып, Тілеуімбет батырдың белсенді қоғамдық – саяси қызметі туралы пікір қалыптастыруға болады. Бәсентиін болысының старшыны – Тілеуімбет батыр ел ішіндегі беделді қайраткерлердің бірі болған. Бұл туралы Омбы облыстық мұрағатынан келесідей деректі айтуға болады: «Иман-солтану написать, что Тлеумбеть-батыр, хотя и известной в верности и доброжелательстве человек, но как на ево доказано было от татарина Усманова подозрение, то б он объявил ему, штоб содержал себя лутчее» [8].
Тілеуімбет батыр орта жүздің белді сұлтаны Сұлтанбет (Сұлтанмамет) сұлтан және оның балаларымен тығыз байланыста болып, қоғам арасындағы даулы мәселелерді шешіп отырған. Мәселен, Омбы облысының мемлекет мұрағатында мынадай бір дерек кезедеседі: «1778 жылы 27 мамыр. Жоғары мәртебелі мырза генерал-майор Николай Гаврилович Огаревке тағзым. Железин бекінісінің басшысынан маған екі башқұртпен адъютант келеді. Маған келген башқұрпен бір қырғыз арасында сот талқылауын өткізуіме мәжбүр болдым. Башқұрт өз қызына қырғыздан қалың малға алпыс жылқы және екі түйе сұрайды. Ал қырғыз болса, елу үш жылқы ғана бере алатының айтады. Адъютант башқұртты елу үш жылқыны алуға көнуін сұраған, бірақ өзінің қыңыр мінезімен қырғызға қызын бермеймін деп көнбеді.
Сол талқылауда болған Бәсентиін старшыны Тілеуімбет батыр адъютанттың екі башқұртына қатты ызаланып, оларда қамауда жатқан біздің қырғыздарды босатпай бізде бұларды жібермейміз деп қамауға алады.
Жоғары мәртебелі сізге өтінерім башқұртқа қалың мал үшін елу үш басты алуын және тұтқында жатқан қырғыздарды босатуыңызды сұраймын. Сол кезде ғана башқұрттар босатылады» [9].
Қамауда қалған башқұрттарды босату үшін Железин бекінісінің коменданты С.Д.Эристов әрекет жасап, болған оқиға қатысты рапорт жазған: «20 мамыр 1778 жылы – жеке Сібір корпусының басшысы генерал-майор
Н.Г.Огаревке Имаш Ярлыгаповпен және хорунжи Цыругаевты босату туралы іс
– шаралар
Премьер-майор және комендант кнәз Эристов
Рапорт
Осы айдың 18-і адъютант Абакумовтың командасынан қалып қойған башқұрт хорунжиі Цыругаевпен Имаш Ярылгаповты алып қалғандарды ұстай алмадық. Себебі қырғыздар ішіндегі беделді адамдар старшина Тілеуімбет Батаев немесе беделді қырғыздармен келісімге келуге тырысам және оның бәрі рапорт түрінде сізге жеткізіледі…
Сұлтанбет сұлтан және баласы Иман мені әдеттегідей жылы шыраймен жақсы қонақ қылып қарсы алды. Сұлтанбет сұлтан және Иман талқылауды жүргізгендіктерінен ешқандай қиындықтардың болмауы керек екеніне сенімдімін. Себебі олар (башқұрттар) өздері бойкүндік жасаған… » [10].
Тілеуімбет батырдың жеке қасиеттерінен өте батыл, айтқан сөзінен қайтпас және ұлтының жанашыр тұлғасы ретінде сипаттауға болады. Себебі Ресей билігінің әділетсіз әрекеттеріне қарсылықтар ұйымдастырып, қазақ халқының жеке мүддесін қорғап отырған. Дәлел ретінде Омбы облысының мемлекеттік мұрағатының парақтарына назар аударсақ: «1778 жыл 5 сәуір – Сұлтанбет сұлтанның — Сібір драгун полкінің генерал-поручигі, шеф және кавалер Николай Гаврилович Огаревке Тілеуімбет батыр ауылындағы орыстардың бейберекет, заңсыздықтары туралы…
Мәртебелі мырза генерал-поручик және кавалер Николай Гаврилович Огаревке тағзым.
Бәсентиін болысының старшинасы Тілеуімбет батыр жоғары мәртебеліге кеткенді пайдаланып, орыс командасы оның әйелін және екі баласын өлтіріп, дүние – мүлкін тонап, бір қырғызды ұстап әкеткен. Ол қырғыз қазір Коряков форпостында қамауда отыр. Осының бәрі қазан татарының бұйрығымен болған. Қазан татарының сылтауы — Бәсентиін болысының адамдары оның приказчигін тауарларымен жоғалғанына қатысты деп күмән келтіруі, бірақ сол болыстың қырғыздары ол приказщикті ешқашан көрмегендерін айтады. Татардың оларға жала жауып тұрғаны айдан анық. Сондықтан бұл мәселенің мәртебелінің қарауына тапсырамын…» [11]. Қарсыластарына есесі кеткен батыр, әділеттілікті орнату үшін екі казакпен далалық батальон тасмалдаушысын тұтқынға алып, өз адамын босатуды талап етеді. Бұл туралы Н.Г.Огаревке Жәміш бекінісінің секунд-майоры Ф. Шаховтың рапортында жазылады: «24 сәуір 1788 жыл.
Секунд-майор Ф. Шаховтан
Рапорт
Не себепті Сұлтанбет сұлтан сізге жазғаны белгісіз. Маған белгілісі старшын Тілеуімбет өз көшімен Коряковтан 3 верста болған… Тілеуімбет өз талабын орындатамын дегені бекер. Ол Черноярсктан Коряковқа келе жатқан 2 казакпен далалық батальон тасмалдаушысын жолда ұстап алып, тұтқынға түскен өз қырғызын айырбастағысы келеді. Тілеуімбетті орыстарды тұтқындап, қорқытып өз айтқандарын істетуге Сұлтанбет және баласы Иманның өздері үйретіп жүр… » [12].
Кейін Сұлтанбет сұлтанның ұсынысымен Тілеуімбет батыр тұтқында жатқан үш казакты босатса керек. Бұл туралы Сұлтанбет сұлтан хатында жазады: «1788 жылы 26 мамыр.
Жоғары мәртебеліден хатты алдым және Тілеуімбет батырдың алып кеткен үш орысты сұрап алып сізге жібердім.
Енді өткен қыстан Коряков форпостында жатқан аманаттарымыз және тұтқындағы қырғыздарды босатуды сұраймын. Себебі оларды көрген сайын алып кетуін өтінеді және бізде жатқан тұтқындарды біз басқарушылар тарапынан сұрағасын босатамыз, ал өзіміздікілерді сұрап ала алмаймыз.
Орыстар мен біздікілер арасында ұлы келіспеушіліктер орын алатындықтан, сізге арнайы келіп бәрін келісіп алуды жөн санаймын. Себебі екі жақтағы жалқаулар мен ұрыларды тыю қажет… » [13].
Тілеуімбет батырдын көрнекті саяси қызметі ішінде Ертістің оң жағалауын қайтаруға қосқан үлесін айтса болады. Тілеуімбет батыр (Бәсентиін), Боқты батыр (Қанжығалы), Құнай батыр (Қыпшақ), Жанұзақ би (Уақ), КенжебайЖарлық (Жарылғап) би (Қаракесек), Сұлтанмамет сұлтан, Дәулеткерей сұлтан, Бұлдырық сұлтан, Досан сұлтан, Төребатыр сұлтан, Тәуке сұлтан, Шаншар сұлтан, Ұрыс сұлтан, Иман сұлтан секілді старшындар мен сұлтандардың белсенді қызметі Ресей үкіметінің қазақтардың осы жерлерге құқығын ішінара мойындауына мәжбүрледі [6].
Қазіргі кезде Тілеуімбет батырдың жатқан жері табылып отыр. Бұл жайында Дәурен Аяшинов жазады: «Тілеуімбет бейіті 1878 жылдың карталары бойынша Павлодардан 12 шақырым жердегі Ертістің сол жағалауында батырдың бейіті анықталды» — деп [6].
Ендігі кезек елім деп өткен ер Тілеуімбеттің өмірі мен қоғамдық қызметін жан-жақты жүйелі зерттеу, сонымен қатар батырдың жатқан жерін Қазақстанның қасиетті нысаны санатына қосса және есімін халыққа танытылса жақсы болар еді.
Әдебиеттер:
1. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинении в 5 томах. Т.1. Алма-Ата, 1985. – 423 б.
2. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинении в 5 томах. Т.4. Алма-Ата, 1985. – 459 б.
3. Ерофеева И. В. Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, исправленные и дополненное. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 456 с.
4. Добромыслов А.И. Суд у киргиз Тургайской области в XVIII и XIX веках. – Казань: Типо-литография Казанского университета, 1904. – С. 105 с.
5. Аполлова Н.Г. ПрисоединениеКазахстана к России в 30-х годах ХVIII в. – Алма-Ата: АН ССР, 1948. – 255 с.
6. Аяшинов Д. Тілеуімбет батыр туралы деректер. URL: http://ehistory.kz/kz/publications/view/2831 қарау мерзімі: 24.09.2018.
7. ООМА, қ. 1, т. 1, іс. 250, 143-145 бб.
8. ООМА, қ. 1, т. 1, іс. 250, 603-60 бб.
9. ООМА қ. 1, т. 1, іс. 212, 482-483 бб.
10. ООМА қ. 1, т. 1, іс. 212,477-478 бб.
11. ООМА қ.1, т.1, іс. 249, 378 – 380 бб.
12. ООМА қ.1, т.1, іс. 249, 473-474бб.
13. ООМА қ.1, т.1, іс. 249, 578-579 бб.