ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ

Аманай Сейітқасымов
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры,

Қазақстан тарихы ғылымының даму сатысы аса күрделі, әрі аса қиын, жауапкершілігі мол кезеңдердібастан кешті. Оның себеп – салдары түсінікті, кеңестік идеология қазақ елінің тарихын қайта жабулы қазан күйінде ұстауға тырысты. Өйткені, Қазақстан тарихының қыр – сырының тереңдей зерттеліп ашылуы кеңес дәуіріндегі талай ақтаңдақтардың ақиқатына жол салатын еді. Бірақ, осындай күрделі кезеңде де қол қусырып қарап отырмай, еліміздің тарихына тыңнан түрен салып, қиянатшыл идеологиямен күресе отырып, бұл салада жемісті еңбек еткен тарихшыларымыз аз болған жоқ. Солардың бірі – өңіріміздегі танымал тарихшы, тарих ғылымының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев.
Қазақстанның көрнекті ғалымы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қоғамдық және тарихи ғылымдар Академиясының академигі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, екі мәрте «Жоғары мектептің үздік оқытушысы», «Жыл маманы» ұлттық сертификатының иегері, Топ – 50 үздік ғалымдар тізіміне кірген өкіл, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуев, 1938 жылы 26 желтоқсанда кезіндегі Солтүстік Қазақстан облысы Көкшетау ауданының Талап ауылында дүниеге келген. Атасы Байсары Қарауыл – Шұңқырша елінің беделді биі болса, оның бір баласы Сарт болыс, ал екінші баласы атақты Шөбек болыс Орта жүз делегациясының құрамында Ресей империясының патшасы Александр ІІ – нің таққа отыру рәсіміне қатысқан заманындағы ірі тұлғалардың бірі болса керек. Ал әкесі Қабиден кезінде белгілі саятшы, ән құмар, көп жылдар бірнеше колхоздыңбасқармасы болып, алдыңғы қатарға шығарып отырған білікті басшы, маман ретінде танымал еді. 1945 жылы Әбуевтер отбасы Қызыл әскер ауылына көшеді. Атақты Шоқан Уәлихановтың елі Сырымбеттен 30 шақырым жерге қоныс аударуы, кейін Қадекеңнің Абылай, Шоқан сияқты тарихи біртуарлардың өмірбаяны мен өмір жолына бет бұруына тікелей әсер етсе керек. Бірде орыс мектебі, бірде қазақ мектебінде алма – кезек оқи отыра мектепті үздік бітірген ағамыз 1957 жылы Ушинскийатындағы Петропавл педагогикалық институтының тарих – филология факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында комсомол ұйымының хатшысы, күрестен І разряд нормасын орындап, алдыңғы қатарлы студенттердің қатарынан көріне білді. Тарихшы мамандығын алған соң мұғалім, мектеп директоры, партия жұмысының сан алуан қыр – сырын меңгереді. Ал 1969 жылы сол кездегі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтына оқытушылық қызметке келген соң,
Қадыржан Қабиденұлының өмірінде жаңа, тың ғылыми – педагогикалық қызметі басталады. Осы жылдар ішінде ғалым ағамыз Алматы шет тілдер педагогикалық институты жанындағы аспирантураны, ал 2002 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде докторлық диссертациясын сәтті қорғайды.
Ғылым жолының ұзақ та даңғыл сүрлеуінде елімізге танымал көрнекті тарихшылар Әлкей Марғұлан, Манаш Қазыбаев, Рамазан Сүлейменов, Кеңес Нүрпейісов, Оразақ Смағұлов, Мәлік – Хайдар Асылбеков, ресейлік Томилов, Толочко, Сорокин және т.б. тарих ғылымының майталмандарымен қызметтес бола жүріп, солардың да ғылыми – өмір мектебінен тәлім алды.
ХХІ ғасырдың қоғамдық – гуманитарлық ғылымдарға деген сұраныстың күрт артуы, әсіресе, отандық тарих ғылымының ұлттық сана, қоғамдық және мемлекеттік өмірдегі рөлінің артуы, олардың евроцентристік қағидалардан оқшау, идеологиялық тәуелсіз, кеңестік жүйе кезіндегі таптық және партиялық көзқарастарға негізделген тарихи зерттеулер методологиясын түбегейлі өзгеріске ұшырату оңай емес еді. Сондықтан ғалымның соңғы жылдардағы жазылған еңбектері мемлекет тұтастығы, тарихи идея, ұлт бірлігі, тұлғаның орны сияқты бұлжымас қағидаға арналып, өмірлік ұстанымы болды.
Сонау 1991 жылы Абылай ханның 280 жылдығын Көкше өңірінде өткізуге, ал бүгінгі күні бүкіл еуразиялық кеңестікке белгілі «Шоқан тағлымы» халықаралық конференциясын өткізуге мұрындық болуы – ол сол кездегі Республика көлеміндегі аса ірі қоғамдық – саяси маңызы бар оқиға еді. Кейін бұл үрдіс 2013 жылы Абылай бабамыздың 300 жылдық атап өту науқанында да жалғасын тауып, «Абылай және оның дәуірі» атты қомақты еңбектен жалғасын тауып жатты.
Кезінде Шоқан Абылай туралы былай деген екен: «Қазақтар Абылайды тәңірдің өзі жіберген құтқарушы рухы ретінде қабылдайды». Қадекең Абылай рухын, Абылай болмысын, Абылай тағлымын өзіне өшпес ғылыми шырақ етіп, тылсым дүниеден жарық – саңылау іздеуге тұмар ретінде мәңгілік жадына ұстап бабамыздың мұрасын, дәуірін зерттеуге бар күш – қуатын сала білді.
Ғалымның сан – салалы еңбегіне әр қырынан келуге болады, солардың ішінде айырықша атап өтетініміз – Қадыржан Қабиденұлының аса ауқымды қоғамдық қызметі. Бұл күндері еліміздегі беделі зор оқу орындарының бірі – Ш.Уәлиханов атындағы оқу ордасы болса, оның ішіндегі тарих факультетінің өзіндік орнын ешкім жоққа шығара алмайды, ал оның іргетасының қаланып, қалыптасу кезеңдерінің басында Қ.Қ.Әбуевтың тұрғандығын біз үлкен құрметпен атап айтқымыз келеді. Осы қара шаңырақта қызмет істегеніне де жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті.
Ол 1993 жылы осы оқу ордасында тарих факультетінің ашылуына белсене еңбек етті. Ең әуелі сырттай бөлімі ашылып, сәл кейінірек күндізгі бөлімі ашылып, жұмыс істей бастағанда оның басы – қасында жүріп, жаңашырлық танытқан, әрі оқытушылық қызметін қоса атқарған еді. Міне, содан беріде 25 жыл уақыт өтіп, тарих факультеті өзіндік дәстүрін қалыптастырған, ғылыми – ізденіс ауқымы кеңейген іргелі ұжымға айналса, оған ағамыздың қосқан үлесі орасан зор. Осы жылдардың ішінде тарих факультетінің толайым табыстарын тізе берсек өте көп, әсіресе, мұнда магистранттар, докторанттар дайындалып шығарылатын бөлімдердің ашылуы үлкен жетістік екендігі сөзсіз. Содан бері 50 – ден астам магистрант дайындалып шықса, солардың бәрі өз түлектеріміз болуы да зор мақтаныш сезіміне бөлейді. Оның кафедра меңгерушілігін атқарған жылдарының ішінде 14 кандидаттық диссертация қорғалса, оның төртеуі өзінің жетекшілігімен қорғалған. Қазіргі кезде 70 магистрант, 4PhD жұмыстарына жетекші ретінде ғана емес, нағыз тарихшы ғалым, ел тарихының жанашыры ретінде таныта білді. Ал профессор Қ.Қ.Әбуевтың жетекшілігімен «Ақмола облысы», «Ш.Уәлиханов», «Абылай хан» сияқты үш энциклопедиялық жинақ және «Ш.Уәлиханов және оның замандастары» монографиясының жарық көруі – ғалымның ғылым саласындағы зор табысы болып саналады.
Қоғамдық формациялар тұсында Қазақстан тарихы мен Ресей тарихының жиі жолдары қиылысып, өзара тығыз байланысты болып келгендігі сөзсіз. Осы орайда профессор Қ.Қ.Әбуевтың ғылыми ізденіске толы маңызды еңбектері Ресей тарихи ортасындада зор беделге ие, Ғалымның ұзақ жылғы еңбектерінің сан алуандығы, түрлі тақырыптық ізденістері сүйсіндіреді.
Біз жоғарыда атап өткеніміздей, оның қоғамдық, әлеуметтік зор ауқымды істері облыс, қала деңгейінде танылып жатқанына жұртшылық куә. Ол – бірқатар диссертациялық кеңестердің мүшесі, облыстық Халық Ассамблеясының, Ақмола облысы ономастикалық комиссиясының құрамында да ауқымды істер тындырды, алаштың ардақты азаматтары есімдерін Көкшетау қаласының көрнекті көшелеріне берілуіне септігін тигізді. Қ.Қ.Әбуевтың белсене атсалысуымен қала көшелерінде Наурызбай батыр, М.Сағадиев, Б.Әшімов, Е.Әуелбеков, Ж.Ташеновтердің аттары пайда болды. Сондай – ақ біраз елдімекендерге лайықты атаулар қойылуына еңбегін сіңірді. Атап айтсақ, бұрынғы Щучинск ауданы өзгертіліп Бурабай ауданы етіп өзгертілуінің негізін Қадекең алғашқылардың бірі болып көтерген еді. Ол орыстың атақты тарихшылары Радлов, Левшин еңбектерін қарастыра отырып, «Абылай ханның қара жолын» Бурабайдағы «Ханның қызыл ағашы» туралы деректерді тірілтті. Ғалымның сұлтан Ораз Мухамед, Абылай хан, Уәли, Ғұбайдолла Кенесары, Наурызбай сияқты тарихи тұлғалар туралы тың зерттеулері, Сібір хандығы жөніндегі жаңа көзқарастар тарих іліміне жаңа бір серпін, тұжырым әкелгендей болды.
Қ.Әбуев өлкеміздің біртуар тарихи тұлғалары Ақан сері, Мәмбетәлі Сердалин, Науан Хазреттерді көзімен көрген адамдармен жүздесіп, көп мағлұматтар жинастырды, солардың нәтижесінде құнды деректермен толықтырылған ғылыми зерттеу мақалаларын жариялады. Қадыржан аға – өз туған топырағына адал, елі мен жерін айрықша қастерлейтін патриот ретінде өзін танытып жүрген азамат. Осы тұрғыдан келгенде, кейде қалың көпшілікке ертеден мағлұм болған кейбір танымдық деректер үшін күресіп, түзетулер еңгізіп жүргендігіммен де жақсы танымал. Мысалы, ол Ш.Уәлихановтың бұрын Қостанай облысы жеріндегі Құсмұрын қонысында емес, Сырымбет топырағында туғандығын дәлелдеді, сондай – ақ Шоқанның бұрын беймәлім болып келген сапары жайлы ашып, оның Парижде болғандығын дәлелдеп жазды. Сондай – ақ, оның үлкен еңбегі ретінде атап өтетініміз – Науан хазыретті, Мәлібетәлі Сердалиндерді көрген адамдардың сипаттауы арқылы белгілі суретші Д.Т.Сүгірәлиевке суретін салдырып, әйгілі тұлғалардың бейнелерін тірілтіп, халқымен қауыштырды.
Сонау өткен ғасырдың II-жартысынан басталған «Қайта құру» кезеңінде Қадекең Отандық тарих ғылымында алғашқылардың бірі болып, тың игеру тақырыбына байланысты жаңа сарқынды түйдек-түйдек мақалалар жазып, сол кездегі одақтық, республикалық басылымдарға жариялаған болатын. Осынау науқанның жалпыға мәлім тұжырымдарынан басқа бұған дейін жарық көрмеген немесе тыйым салған деректерді пайдалана отырып, аталмыш мәселенің күйгейі мен көлеңкелі тұстарын батыл түрде ғылыми ортаға салды. Кейін бұл еңбектер белгілі «Көкшетау. Исторические очерки.» монографиясына кірді.
Қадыржан Қабиденұлының әйгілі «Чокан Валиханов и его современники» атты танымал кітабы өткен жылы Мәскеу, Майндағы Франкфурт, Барселона қалаларындағы ірі халықаралық кітап көрмелерінде лайықты орын алып ғалым ағамызды Еуропалық тарих сүйер қауымға таныстырды. Бүкіл әлемдік Шыңғыс хан қорының «Чингиз хаанык залгам жлагч хунайши» медалін беруі, Ресейдің Жаратылыстану академиясының Қадыржан ағамызды академик атағына ұсынуы, ал халықаралық ғалымдар ассоциясының «Трудом и Знанием» орденін беруі – шетелдік ғылыми қауымдастықтың да ғалым ағамыздың еңбегін бағалауы және мойындауы деп түсінуіміз керек. Ал, облыс, республика көлемінде алған марапаттары, атақ-дәрежелерінің өзі біршама, оны көпшілік қауым жақсы біледі.
Сексен жастың сеңгіріне көтеріліп отырған Қадыржан Қабиденұлы әлі де тұғырынан түспей, өзі тәрбиелеп өсірген, ғылымға қанат қақтырған жастармен бірге қалыспай тізе қысып, қатарласа еңбек етуде.
Тәуелсіздік танымен бірге атып, халқымен қайта қауышып жатқан көптеген тарихи құндылықтарымыздың, алаштың айтулы тұлғаларының тарихи ақиқатымен танылуына зор еңбек сіңірген, әлі де осы игілікті істерге мұрындық болып келе жатқан профессор Қ.Қ.Әбуев, міне, ел Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сергек үн қатып, осы бастаманың алға басуына зор үлесін қосып келеді, сондай – ақ, осы бағдарламаның заңды жалғасы – «Ұлы Даланың жеті қыры» бағыты бойынша өз зерттеулерімен үлесін қосып, сонымен бірге осы тұрғыда еңбектеніп жүрген жастарға ақыл –кеңестерін үйретіп, зор тағылымдық қызметтер атқарып келеді.
Облыс әкімі Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалинннің қолдауымен жарық көрген «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты тың еңбегі Ұлы дала тарихын екшелеп зерттеуге, оның ішінде Көкше – Нұра – Есіл өңірінің танымал тұлғаларын тануға қосқан зор үлес деп айтар едік.
Біз жаны да, тәні де сергек ғалымды таң атпай тұрып, спорттық жаттығулар алаңынан да кездестіреміз, сондай – ақ, ол қала, облыс деңгейінде өтіп жататын тарихи танымдық бағыттағы іс – шараларға, түрлі қоғамдық мәселелер көтерілген семинар – конференцияларға, қоғам қайраткерлерімен, белсене атсалысып, әртүрлі ауқымды, маңызды мәселелер көтеруге ұйытқы болуда.
Гректің ойшылы Демокриттің: «Әрбір адам – өзінше құбылыс. Еш уақытта толық зерттеліп бітпейтін тақырып» деуі өмір заңдылығы. Шынында профессор Әбуевтың өнегелі тағылымын, еңбек жолын, тарихи зертеулерін бір мақала аясына сыйдыру мүмкін емес.
Башқортстан Республикасы, Уфа заң институтының профессоры Роза Гафуровна Буканованың мынадай сөзі бар: «Не только казахстанских, но и нас башкирских историков, удивляет широта научного кругозора Кадыржана Кабиденулы, его умение одинаково успешно сочетать учебно – методическую, научно – исследовательскую и общественную деятельность.
Не все представляют себе, какой колоссальный труд надо вложить в создание энциклопедий… Абуев, как историк, видит свою задачу в том, чтобы возродить забытые имена, восстановить обьективную картину прошлого. И это ему удается».
Біз оның осы бір сергекте сезімтал, қажырлы да қайратты тұлғасына ризашылықпен сүйсіне көз салып, әрқашан осы тұғырынан түспеуін, аға буынның ақылшы өкілі ретінде тек алдыңғы сапта көріне беруін тілейміз.

Мініпсіз тарихтың сіз, тұлпарына, Өтіпсіз нақ ғылымның сұңқарына. Айылын тартып мініп, үзеңгімен
Айналып тар жол, тайғақ тарланына.

Келесіз ұран салып Абылайлап,
Өткеннің майын шағып, жылдап – айлап. Күнгейлі, көлеңкелі көшті көріп, Есіл – Көкше – Нұраның жайын ойлап!

Аман бол абыз аға, ғалым аға, Найзасын ақиқаттың сұққан аға. Тура ой, жүрек жұтқан, мінез қыңыр Сексенде, жастық таңы, атқан – аға!

Тұғырына шығып жаткан сексеннің,
Ағамыздың баулуымен өскенмін
Мақтан тұтып айтатыным онымен,
Тарих жолын бірге талай кешкенмін.

Сексенінде жүйрік аттай жараған, Қиындыққа биіктерден қараған. Талай жасқа үлгі сіздің асулар
Жасампаздық жолындағы жан ағам!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *