«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ
ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Шагирбаева Б.К.
Еуразия Ұлттық университеті, Астана қ.
B_Shagirbaeva73@mail.ru
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «…жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» — деген тұжырым жасайды [1].
Осы тұрғыдан келгенде, оқу-тәрбие үдерісін гуманизациялауды, жаңа технология мен озық тәжірибені ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық қағидаларымен сабақтастықта зерттеу – бүгінгі күн талабынан туындап отырған педагогика ғылымы міндеттерінің бірі. Қазақстан Ресбуликасының орта білім беруді дамыту тұжырымдамасында әрбір баланың жеке тұлғалық қасиеттерін ашу, оның мүмкіндігін кеңейту арқылы білімге тереңірек ұмтылуына, сондай-ақ ізденісіне, бейімділігіне көмек беру, жағдай туғызу және оған өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру – білім берудің түпкілікті мақсаты екендігі айтылған [2,87]. Сондықтан мектептегі өтілетін әрбір пән оқушының жеке қасиеттерінің ашылуына, дамуына, қалыптасуына, терең де сапалы білім алуына мүмкіндік жасауы тиіс. Ондай мүмкіндіктің басты жолы – оқыту үдерісіне жаңаша көзқараспен қарау, яғни берілетін білім мазмұнын, оны жеткізудің жолдары мен әдіс-тәсілдерін, әдістемесін заман талабына сай өзгерту. Өйткені жаңа әдіснамалық жүйе дәстүрлі оқыту үдерісін түбегейлі өзгертудің қажеттігін көрсетіп, оқытудың жаңа технологияларының табиғатын терең танып, оларды оқыту үдерісіне тиімділікпен енгізу жолын негіздейді. Бұл жаңа бағыттың басты ерекшелігі оқытудың нәтижесін алдын ала болжап, оқушылардың білім алуы барысында ізденімдік-зерттеу және өз ұлтының тарихы мен құндылық бағдарын танытуды көздеуі арқылы танылады.
«Мәңгілік ел» ұлттық идеясының құндылықтары орта білім беру құндылықтарының негізі. Жаңартылған білім мазмұнындағы оқу бағдарламаларымен жұмыс кезінде оқушылардың бойына ұлттық және рухани құндылықтарды дарыту маңызды бағыттарының бірі.Жеке тұлғалық қасиеттердің кең ауқымды дағдылармен бірлесе дамытылуы білім берудің «қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік», «құрмет», «ынтымақтастық», «еңбек пен шығармашылық», «ашықтық», «өмір бойы білім алу» сияқты басты құндылықтарын білім алушы бойына сіңіруге негізделеді.
Бұл құндылықтар білім алушының тәртібі мен күнделікті іс-әрекеттерін ынталандыратын тұрақты бағдары болады.
Құндылық ұғымы ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап, отандық ғылымды философиялық пайымдаудың пәні ретінде қарастырыла бастады. Осы кезеңде адам проблемасына, мораль, гуманизм, жалпы алғанда, субьективтік факторларға қызығушылық өсе бастады.
Құндылық ұғымы адам және қоғамдық дүниеде қолданылады. Адамнан тыс және адамсыз құндылық ұғымы өмір сүре алмайды, себебі адамзаттың ерекше мәнді түрі. Қоғамда кез келген оқиға мәнді, маңызды, кез келген құбылыс белгілі бір рөлді орындайды. Бірақ құндылықтарға әлеуметтік прогреспен байланысты тек қана жағымды, мәнді оқиғалар мен құбылыстарды жатқызамыз.
Ұлттық құндылық-жаңару философиясы, қазақтың өзіндік тарихымен, тілімен, ділімен табысу идеясы, халықтың даналығы және өмірлік философиясы арқылы өзін таныту тәсілі. Ұлттық құндылықты таныту түрлі әлеуметтік-гуманитарлық пәндердің (қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің, қазақ философиясының, қазақстан тарихының, этнопедагогика мен этнопсихологияның) объектісі мен әлемдік философияның, әдебиеттің, поэзияның тұжырымдарын өз сұранысына айналдыруда және сауатты пайдалануға кеңістікті кеңейту барысында шешілмек. Қазақтың ұлттық мәдениетін әлемдік мәдениеттің құрамы ретінде қазақ ұлтының, Қазақстан халқының әлеуметтік-мәдени жаңғыруын тұлғалық-белсенділік, субъективтік, этникалық, этномәдени, мәденитанымдық, аксиологиялық, әлеуметтік тұрғыдан, олардың өзара байланысы тұрғысынан қарастырған орынды.
Ұлттық құндылықты меңгертуүрдісіне қоғамдағы қалыптасқан ахуал, отбасындағы этностық тәлім тәрбие, білім берген оқу ордасы, ата бабасынан мирас болып бойына сіңетін генетикалық ерекшеліктері, жоғарғы психикалық процестердің жүзеге асу ерекшеліктері әсер етеді. Ұлттық тәрбиенің өлмес негізі, рухани күші оның өмір сүру болмысынан туындаған өзіндік ұлағаты, тәжірибесінің молдығы, рухани мұрасының тереңдігі мен өнегелігінде жатыр. Қазақ қашанда ұрпағының толыққанды тұлға болып қалыптасуына атсалысып жырлары, әпсаналары, ертегілері арқылы бала кезінен ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп отырған. Ұлттық тәрбиенің адамгершілік ұстанымдары қоғам дамуының кең көлемдік, әлемдік мәселесі ретінде қарастырылуда қазақ халқы тәрбиесінің өне бойынан табылады. Ұлттық құндылықтарды меңгерте отырып «тұлғаны» қалыптастырамыз. Тұлға болу дегеніміз — азаматтың адам ретінде сезіну, сан ғасырлар бойы халық тәжірибесі туғызған рухани мәдениеттің мәңгілік игіліктерін бойына дарытып, осы игіліктерді еңбекке, әлеуметтік мәнді қызметке, қоғамдық өмірге, адамдар қатынасы, күнделікті тұрмысқа енгізу. Адам немесе жеке тұлға өзінің сана-сезімін, көзқарасын, рухани-саяси дүниетанымын үнемі білім мен еңбектің арқасында жетілдіріп отыруы керек. Тұлғаны құндылықтар арқылы дамытуға, мәдени дағдыларды игеруге, өз жауапкершілігін арттыруға және әділдік жолымен жүруге икемдеу. Жеке тұлғаның ең маңызды белгілері — оның саналылығы, жауапкершілігі, бостандығы, қадір-қасиеті, даралығы. Біздің қазіргі ұстанымымыз оқыту жүйесін мүлде жаңа негізде құрып, ұлттық рухани бастауларымызға сүйене отырып, жаңа ашық қоғамның жаңа дүниетанымы мен тарихи санасы жоғары адамдарын қалыптастыру. Әр халық өзінің ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарын, идеяларының басыңқы бағыттары мен міндеттерін жақсы біліп, өз елінің таяудағы ондаған жылдарда қандай болатынын көз алдына айқын елестете алатын болуы тиіс. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі қалыптасқан мемлекеттің даму стратегиясы болашақтың бейнесін айқын аңғартып қана қоймайды, сонымен қатар оның жүйелі әрі кезең-кезеңмен терең ойластырылған, ғылыми негізделген бағдарламасы іспетті. Өйткені стратегиялық даму жоспарының басты назарында адам мәселесі – оның тұрмыстық әл-ауқат жағдайы, рухани байлығы, дүниеге көзқарасы, ділі, денсаулығы, қауіпсіздігі, кедейшілік пен жұмыссыздықты бірте-бірте жою сияқты аса маңызды әлеуметтік мәселелер тұр. Әр адамның тағдыры өз елінің тәуелсіз болуына және өз басының аянбай күш-жігер жұмсауына, белсенділік танытуына, ерік-жігеріне, алға қарай ұмтылысына, табандылығы мен еңбексүйгіштігіне байланысты.
Халық жадында жаңғырып, оның күнделікті өмірімен астасып, сабақтасып отырмайтын тарих – өлі тарих. Жансыз тарих жер бетінен жоғалған халықтарда ғана болады. Бұрын қазақ елінің тарихы, қазақ халқының жүріп өткен ұлы тарихи жолы құр деректер тізбегі түрінде самарқау баяндалып келсе, бүгінгі талап басқа. Тарихымызды ұлттық және стратегиялық мүдде тұрғысынан халқымыздың ізгілікке, елдікке ұмтылуының үздіксіз саяси процесс ретіндегі, ұлт-азаттық күрес түріндегі қасіретінен сабақ алып, қайта жазып шығу тарихшылардың еншісінде.
Әртүрлі отандық фирмаларға да, шетелдік компанияларға да қазіргі заманғы техниканы және бірнеше тілді жетік меңгерген, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген әмбебап мамандар ауадай қажет. Әлемдік сауда ұйымына кірген соң өзін жастарымыз бен шетелдік мамандар арасындағы бәсекелестік одан сайын күшейеді. Шетелдік әріптестерімізбен бәсекеге түсе алатындай әмбебап маман, екінші жағынан, ата-бабасының тілі мен ділін, дәстүрі мен мәдениетін бойына сіңірген отаншыл азаматтарды тәрбиелеу – бүгінгі ұстаздар қауымы мен ата-аналардың адами парызы ғана емес, ұлттың алдындағы борышы. М.Жұмабаев: «адамзаттың тобына қосылу үшін балаңды оқыт, оның жолында малыңды аяма»,- деген сөзінің астарында осындай ой жатыр[3,41].Күні бүгінге дейін жинақталған халқымыздың бай рухани және мәдени қазынасын біз ұлттық тәуелсіздік тұрғысынан таразылай бастасақ, оның болашақта бүкіл әлемді елең еткізуі мүмкін ерекше қуаты, ең алдымен, философиялық-дүниетанымдық астары өте терең сөз өнерімізде жатқанына көз жеткізер едік.
Әр кезеңдерде ежелгі Қазақстанды қоныстанған арий, ғұн, сақ тайпалары «кейін басқа жаққа көшіп кеткен, олардан қалған мәдениеттің сіздерге қатысы жоқ» дейтін қызғанышқа толы қаңқу пікірлер кейде кездеседі. Сол дәуірлерден сақталған таңбалы тастардағы суреттерді де, «Авестадағы» жырларды да, Анахарсистің қанатты сөздерін де біз өзгелерден гөрі өзгешелеу түйсікпен тереңірек ұғынамыз, түсінеміз. Бұл – бір. Екіншіден, «Тоныкөк», «Күлтегін» іспетті тасқа қашалып жазылған жырлар, Қорқыт Ата, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи, Махмут Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани сынды бабаларымыз түбі бір түркі жұртының бәріне ортақ десек те, қазақ халқына етене жақын. Сондай-ақ, хатқа түсіп, Еуропа мұрағатында қатталып қалған қыпшақ дәуірінің жәдігері –«Кодекс куманикустағы», өзге де тарихи жазбалардағы жырлардың да түпкі иесі – түркі халқы. Осылардың барлығы біздің бай мәдени мұраларымыздың бастаулары, ежелгі көшпелілер дүниетанымын қалыптастырған тұлғалар.
Түркі қағанатындағы ең бірінші әрі маңызды құндылық–Түркі будынының бостандығы мен бейбіт өмір сүруі. Көне түркі жазба ескерткіштері тіліндегі Адам концептісінің тілдік бірліктері де Түркі елі үшін ең басты байлық КісіТүркі будыны екенін дәйектейді.
Адам болудың басты талаптарының бірі этикалық норма-қалыптарды сақтауға негізделеді. Жаман адам, әділетсіз адам, арам адам, мейірімсіз адам, қатыгез адам, әдепсіз адам, өтірікші адам, жемқор адам, қанішер адам т.б. тәрізді адамның жағымсыз қырлары жайлы түсініктің қалыптасуы адамның этикалық нормаларды сақтамауынан туындайды. Түркі қоғамы үшін түркі өкілінің адами сапасының жоғарылығы аса маңызды болғанын ХІ ғасыр мұрасы «Құтадғу білік» дастанының мазмұнынан да аңғарамыз: Бірі – шындық, әділеттің сәулеті, Ал, екінші – құт-бақыттың дәулеті. Ол үшінші – ақыл-сана, атақ-ат, Ал төртінші – ұстамдылық, қанағат.
ҚБ,65 (Баласағұни,11) [4,78].
Адам бойындағы интелектуалдық-адамгершілік және еріктік қасиеттері неғұрлым айшықты көрінген сайын, оның өмірлік бағдарлары жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтармен сәйкес келеді, тұлғаның өзінің де маңызы артып, бұл құндылықтардың орнығуы мен дамуына оң ықпалымен әсер етеді.
Ұлттық құндылық — сана мен адамның қауымдастығын және олардың осы қауымдастықтың мүшесі екендігін сипаттайтын фактор.
Тұлға өзінің ұлттың ажырамас бір бөлігі екендігін сезіне отырып, өз халқының тарихын, ұлттық құндылықтарын (жазу, ұлттық тіл, рухани мәдениеттегі жетістіктер және т.б.) түйсінеді, халқының әлемдік мәдениетке қосқан үлесін бағалайды, ұлттық жетістіктермен бөліседі және олардың дамуына ықпал етеді.
Ұлттық сананың дамуы индивидтің халқының салт-дәстүрлерін, яғни этникалық шыққан тегін білуімен, сонымен қатар бұл үдерістегі адамгершілік жалпы адамзаттық құндылықтарды мойындауымен байланысты. Сондықтан ұлттық өзіндік сананың дамуының маңызды тұстары ондағы этникалық, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың біркелкілігіне байланысты.
Жалпы адамзат өркениетіндегі «түркі феноменінің» тұғырын бекіту, тарихи тамыры бір түркітілдес елдердің өзара ынтымақтастығы мен ықпалдастығын арттыру, түркі әлемінің мәдени-рухани тұтастығын қамтамасыз ету, жалпы түркілік болмыс-бітімімен араласа алатын, жалпы түркілік мүддеге қызмет ететін, жылпытүркілік ұлттық құндылықтарды құрмет тұтатын ұрпақ қалыптастыру және қазақтың кең байтақ даласындағы мәдениет дамуының біртұтастығын, ежелгі дәуірлерден бастап күні бүгінге дейін үзілмей келе жатқан күретамыр желісін оқушыларға ұқтыру біздің міндет.
Әдебиеттер:
1. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мақаласы// Егемен Қазақстан, №70 (29051) 12сәуір , 2017ж.
2. 2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы: Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2017. – 368 б.
3. Нысанбаев Ә. Қазақстан халқының рухани-құндылықтық әлемі. – Алматы:ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2015. – 178 бет.
4. Түймебаев Ж., Ескеева М., Сағидолда Г.«Мәңгілік Ел» идеясын дамытудың лингвистикалық негізі. –Алматы, «Қазығұрт» баспасы, 2017.360 бет.