ЖАЛАҢТӨС БАХАДУРДІҢ ТҰЛҒАСЫ: АҢЫЗ ЖӘНЕ АҚИҚАТ
Мүсілім Алдаберген
ОҚМПУ дің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Бахадыр Сатыбалдыұлы Айтай,
ОҚМПУ дің аға оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты, Шымкент қаласы. bahadur.aitai@mail.ru
Жалаңтөс Бахадурдің тұлғасын толық тани алдық па?. Мен ойлаймын жоқ, әлі. Оның қолбасшылық, батырлық қасиеттеріне қатысты мәліметтер ғана қазақ қоғамына мәлім. Айталық, «Атамұра» баспасынан шыққан Қазақстан тарихы оқулығында «Жәңгірге Самарқанды әмір болып жүрген Жалаңтөс көмекке келіп жетті..» [1,434-б] деген мәлімет қана бар. Оның діни қайраткерлігі, архитектор ретінде әлемге әйгілі ғимараттар салдырғанын біреу білсе, біреу біле бермейді.
Тағдырының талқысымен өзге елде сұлтан болған Мысыр елінің сұлтаны қыпшақ Бейбарыс, Пекин билеушісі жалайыр Мұқали, Хулаку ханның бас нояны найман Кетбұға, Кашмир билеушісі Мұхамед Хайдар Дулатилер қатарына Самарқант әмірі алшын Жалаңтөс Бахадурді қоя аламыз ба? Әрине қоя аламыз, бұл жөнінде белгілі тарихшы Манаш Қозыбаев өзінің «Тұлғалар тұғыры» [2] кітабында ой-толғап, жазып қалдырды. Оның шығутегініңқазақ екендігін алғаш рет ғылыми негізде дәлелдеген – Халел Досмұхамедұлы болатын [3].
Жалаңтөс Бахадурдің (өмір сүрген жж.-1576-1656) қазақ тарихындағы орны қандай?. Олқазақ ханы Есімге емес (шамамен туған жылы 1560-1628 жж.) неліктен Бұхара хандарына қызмет етті?. Қабірін неліктен Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» кесенесіне емес, Самарқант маңындағы «Дағбет» қышлағындағы өз ұстазының аяқ жағында болуын өсиет еткен? — деген секілді сауалдар туады. Осы сауалдарға жауапты 2018 жылы 18 сәуірде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында жасалған баяндамалардан тыңдауға тырыстым. Өкінішке орай, бұл сұрақтардың біріне де тұшымды жауап таба алғаным жоқ. Керісінше, «Жалаңтөс Самарқанттың жеке дара әміршісі болды», «оған Астана мен Алматы қалаларында көше ат-тарын беру керек» деген секілді пікірлер айтылды.
Жалаңтөс Бахадур жөнінде елімізде осы уақытқа дейін республикалық деңгейде екі, халықаралық деңгейде бір рет ғылыми-практикалық конференция өткен. Ақындар айтысы ұйымдастырылған. Осылайша, Жалаңтөстің шыққан тайпасының алшын екендігі, ұлты қазақ екендігі айқындалып, оған үш ескерткіш, оның Арал қаласы мен Қазығұрт ауданында қойылған екі зәулім ескерткішіне тіпті, қазақтың ұлы хандары әуес етер еді. Қазалыда бір ауыл мен мешітке есімі берілген. Сонымен қатар, ескерткіш мемориалы мен музей-кесене құрылған. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылымында «Халықтану мен тұлғатану мәселелерін зерттейтін бөлім» бар. Бұл бөлімді белгілі тарихшы, академик, бүгінде марқұм, елімізде тарих ғылымы мектебін негізін қалаушылардың бірі Мәлікайдар Хантемірұлы Асылбеков (1929-2015 жж.) құрып, өмірінің соңына дейін оған жетекшілік жасады. Ол кісімен «Тұлғатану» мәселесінде болған бірдегі әңгімемізде: «…әр ру батыр бабасын, би бабасын іздеуге құмартып кетті. Олар туралы көрінгенге мақала, кітап жаздырып алып, ескерткіш тұрғызуға әуестеніп кетті… Мұны мемлекет реттеп отырмаса болар емес…» деп еді. Өте дұрыс айтылған пікір деп қабылдадым. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта батырлар мен би аталарына қойылған ескерткіш-кесененің саны жағынан оңтүстік озып тұр. Тарихи адамға бір елде бір ескерткіш қою мәдениеті өркениетті елде бар үрдіс.
Тарихи мұралар сақталатын орын музей. Кез-келген турист алдымен музейге барады. Музейге қойылған батырдың немесе бидің шағын ескерткішін, портретін немесе затын көріп, ол туралы көбірек мағлұмат алады. Жоқ, бізде пәленшенің атасының кім болғандығын көрсін деген дарақорлық, мақтаншақтық бар екендігін жасыра алмаймыз.
Өзбек ғалымы Э.Мусурманов пен П.Усмон Жалаңтөс Бахадурдің туған жерін Самарқант қаласы деп көрсетеді [4]. Ол бұл мәліметті бірқатар орта ғасырлық жазбаларға сүйеніп жазады. Ал қазақ жазбагерлерінің бірі Нұрата өңірі десе, кей авторлар бүгінгі Қазалы қаласының орнында туған дейді. Жалаңтөстің бүкіл саналы ғұмыры Бұхара мен Самарқантта өткендігі тарихқа мәлім. Олай болса, Жалаңтөс Самарқантқа қашан келді? Бұл сұраққа жауапты белгілі қазақстандық тарихшы В.З.Галиев пентарихшы Болат Исмаилов жауап берген. В.З.Галиев «қазақ ханы Шығаймен (1580-1582 жж.билік құрды) бірге Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл би өз тайпаластарымен Самарқант аумағына қоныс аударуыныңсебебі Бұхара ханы Абдулла ІІ-нің (билік құрған жылдары-15571598) ішкі жауларына қарсы күресте өзара одақ құруына байланысты болды» деп көрсетеді [5]. Б.Исмаилов Сейітқұл бидің өз руластарымен 1581 жылы Бұхара хандығының аумағына көшіп келуі себебін «аштықтан құтылу үшін» деп жазады [6]. Жалпы, осы оқиғаларға байланысты бала Жалаңтөс өз руластарымен Самарқантқа келгені және оның Самарқантта туылмағаны көрсетіліп отыр. Әлім тайпасының қазақ хандығы құрамында ХV ғасырдан бар болатын. Оның биі Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл Шығай ханның маңайындағы жақын адамдардың бірі еді.
Шығай хан мен Бұхара ханы Абдулла ІІ-нің ортақ жауы Ташкент билеушісі Баба сұлтан және оған жақтас Мауреннахрдың, қырғыздың бірқатар сепаратист сұлтандары болды. Бұлар кезінде Хақназар ханға вассалды бағынышты еді. Баба сұлтан 1580 жылы Хақназар ханды опасыздықпен у беріп өлтіргенінен кейін, бұл уделдік феодалдықтар өзара ауыз жаласып, Бұхара хандығына да қазақ ханына бағынуды қажет деп таппады. Шығай ханға және өз әскерін басқартып отырған ұлы Тәуекелге қалай да немере ағасы Хақназардың кегін алу басты мәселеге айналды. Егерде Баба сұлтан Абдулла ханмен қайта бірігіп кетсе, қазақ ханына мықты қарсылас пайда болар еді. 1582 жылы Тәуекелдің басқаруындағы қазақ — бұхара қосыны Түркістан маңында Баба сұлтанның көзін жояды.
Отандық тарихшылардың Шығай ханның аталған оқиғаға қатысты әрекеті туралы көзқарастары әртүрлі. Шығайды тіпті «сатқын» деп көрсететіндері бар. Бұл қате пікір. Шығай хан және оның ұлы Тәуекел тұсында Қазақ хандығындағы саяси оқиғалар Сыр өңірінде өрбіді. Жалпы, ХVІ ғасырдың екінші жартысында қазақ хандығына қаңлы, 1625 жылға қарай наймандар ақыры қосылды. А.П.Чулошниковтің көрсетуінше қоңыраттар Бұхара хандығынан бөлініп ХVIII ғасырдың ортасына қарай толықтай өткен [7,499500-бб]. Осылайша, ХVІІ ғасырдада қазақ ұлтының бірігу үдерісі жүріп, ол ХVІІІ ғасырдың басына дейін жалғасып жатты. Мемлекеттілік нығайып, көрші халықтармен қатынас күшеюі үстінде болатын.
Белгілі тарихшы, парсы дереккөздерінің маманы М.Әбусеитованың «Хақназардың өлімінен кейін Шығай Баба сұлтанғақарсы аттанды, осы ісімен келешекке үміті зор Абдолла ханға адалдығын дәлелдегісі келді. 1580 жылдан бастап Шығай мен Тәуекел хандар Бұқара ханына қызметке кіріп, боданына айналғанын атап өтеді. Шығай хан да жауы Баба сұлтанды жою мақсатында 1581 жылы маусымда ұлы Тәуекел, басқа да сұлтандармен бірге Абдолла ханнның ордасына келеді» [8,91-93бб] деп жазғаны парсы дерек көзіндегі мәліметтің дәл аудармасы ғана, мұнда парсы тілінің жазбагері «одақтас» деген сөздің орнына «боданына» деген сөз тіркесін қолданған.
Қазақ шежіресі бойынша Жалаңтөстің әкесінің аты Сейітқұл. Өзбек зерттеушісі Комильхон Каттаев «Ялангтўшбий олчин узбек» деп жазылған «Тарихи Мухимхони», «Тарихи Сайид Рахим», «Вақфнома» атты орта ғасырлық жәдігерлерге сүйенеді. Олар Жалаңтөстің толық аты-жөнін, тегін «Абдул-Керим Бойхожиуғли Ялангтуш» деп жазады [9]. «Жалаңтөс Бахадур» деген атты, оның жорықтардағы ерліктері үшін халық берген. Ал «Сейітқұл» деген әкесіне есімді «Махдум Ағзам» атты ясауия ілімінен тарайтын тарихатты ұстанушы пірі берген дейді. Жалаңтөстің әкесі және өзі де Қожа Хошим Дахбеди (1461-1542) негізін салған «Дахбедия» мектебінің шәкірттері болғандығы туралы мәлімет бар. Сейіт қожаларда «Саид-Ахмад», «СаидЖаппар», «Саид-Баттал» секілді есімдер жиі кездеседі. Оларда өз шәкіртмүридтеріне «Саид-Қул (Сейітқұл)» деп есім беру салты болды. Ясауия ілімінен бастау алатын нахшбандия тарихаты тек Бұхара өңіріне ғана емес, бүкіл Мауреннахр, Қашқария, жазықтағы қырғыздар арасына және Түркістан аймағына кеңінен таралған болатын. Жалаңтөс 12 жасында сол кезеңдегі әйгілі (Бұхарадағы «Мірараб»-Б.А.) медресесіне қабылданады. 17 жасында Әлімұлы тайпасының бір бөлігінің биі болып сайланады. Бұхара ханы Абдулла ІІ ші құрған жоғары дәрежелі қолбасшыларды дайындайтын оқу орнында оқиды. Онда болашақ атақты хан Имамқұлимен танысады. 1595-1598 жылдары Бағдад қаласындағы имам Ғазали негізін салған медреседе оқу-білімін жетілдіреді. Өзбек, парсы, араб тілдерін және әскери өнерді, шариғатты (құран) жетік меңгереді.
Жалаңтөс өз заманында-ақ жазбагерлердің дәріптеу нысанына айналды.
Сол жазбаларды талдаған К.Каттаев Жалаңтөс Бахадур бар ықыласымен Имамқұли ханға (билік құрған жылдары-1611-1642) қызмет еткен даңқты қолбасшы, ұстаз жолын қуушы, Самарқант қаласын гүлдендірген жомарт әмірші болғандығын көрсетеді.
Имамқұли хан қазақ хандығынан жері құнарлы, халқы мол Ташкент пен Түркістан өңірін және Жетісуды тартып алуды мақсат етті. Бірнеше рет өзі жорық жасады, Жалаңтөсті де аттандырды. Жалпы, Имамқұли хан және Жалаңтөс Бахадур Бұхар хандығының жасағын бастап, өңірге бес рет жорықпен келген екен. Біріншісі, 1609-1612 жылдары Әндіжанды билеп отырған қазақ сұлтаны АбулайжәнеТүркістандағы қазақ ханы Есім ханмен шайқасып, алдымен Әндіжанды, кейіннен Ташкент пен Түркістанды Бұқара хандығына қаратқан.Осыдан кейін, Есім хан алдымен қырғыз тайпалары арасында, кейіннен Шығыс Түркістанға кетуге мәжбүр болған. Онда Есім хан алты жылдай болып, шамамен 1621-1623 жылға қарай Түркістанға қайтып оралады. Есім хан Қасым ханның «жолдарын» (жол-заң мағынасында-Б.А.) қайта жандандырып, оны өзінің «жолдарымен» күшейту арқылы ыдырап бара жатқан қазақ тайпаларын өзінің туы астына біріктіруге күш жұмсайды.
Екінші жорық, Имамқұли хан 1613 жылы Ташкентте қазақ ханы етіп бекіткен Тұрсын ханға қарсы 1621 жылы жасалды. Ол жеке дара билік құрмақ болып, өз атынан ақша шығарған кезінде, оған Жалаңтөс Бахадурді аттандырады. Тұрсын хан Жалаңтөспен бейбіт бітімге келеді. 1636 жылғы үшінші жорықта Сайрам, Түркістан мен Сыр өңірін Бұқара хандығының иелігіне қайта қаратты. 1640 жылы жоңғарлар «хан иесіз жатқан Жетісуға»барлап кіреді. Жалаңтөс 30 мыңдық қолмен келіп, жоңғарларды өңірден қуып шыққаны оның төртінші жорығы. Жеті жылға жуық жоңғардың тұтқынында отырған сұлтан Жәңгір босап шығады. 1643 жылғы Орбұлақ түбіндегі шайқаста оған көрсеткен көмегі қазақ тарихында өшпестей із, өнегелі іс болып қалды. Жәңгірге Жалаңтөстің қолдауынсыз жоңғарларға тойтарыс беруі мен хандық билікті қалпына келтіруі қиынға соғар еді. Қазақ хандығы үшін мұндай одақтастықтың жоңғарлармен соғыста маңызы аса жоғары болатын.
Жалаңтөс Бахадур алғашында Жәңгірдің әкесі Есім ханмен соғыс жағдайында болса, кейіннен онымен өзара сыйластық қатынас орнатты. Оған дәлелді М.Әбусейітова өз зерттеуінде көрсетеді. Ол сопы шайхыларының бастамасымен Ташкенттегі қазақ билеушісі (Есім хан-Б.А.) мен мауреннахр билеушілері арасында бейбітшілік орнату жөнінде келісім жасалғандығын айтады. Келісімшартта: «…Самарқант әскерлері Ташкентке қарсы ешқандай әрекет жасамасын… Түркістандағы «Әзірет сұлтан» кесенесі және мауреннахр шайхыларына қамқорлықжасалсын…» деген сөздер болғандығын атап өткен орынды. Есім ханға Имамқұли ханмен жауласудан гөрі өзара одақтас болуға баулитын осы келісімшартты ұсынуда нахшбандия шайхыларының басты қамқоршысы Жалаңтөс Бахадурдің ықпалы болғандығын аңғару қиын емес. М.Әбусейітова «…бұл келісімшарт Түркістанды түпкілікті түрде, Ташкентті 200 жылға және Ферғананы уақытша Қазақ хандығының құрамына қосты» [8,93б] деп баға берді. Есім ханның Түркістанның сопы шайхыларының қамқоршысы болғандығы және хандықтың астанасы етіп Түркістанды белгілегені тарихқа мәлім.
Белгілі тарихшы Б.Кәрібаевтың мақаласында: «Жалаңтөс батырдың қазақтың қай ханына қолдау көрсеткенін нақты дөп басып айту қиын. Дегенменде, ол Есім ханға бүйрегі бұрған деуге болады. Оған бірнеше жанама дәлел бар. Егерде Тұрсын хан Жалаңтөс батырдан әскери қолдау көрсе, онда ол Есім ханнан жеңілмеген болар еді. Екіншіден, Есім ханның мұрагері, әрі ұлы Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр арасындағы қатынастың өте шынайы, таза болуын Жалаңтөс пен Есім хан арасындағы қатынастардың жалғасы деп есептейміз» [10] деп түсініктеме береді. Осыдан Жалаңтөстің қазақ ханына іштей жақтас, әрі хандықтың рухани жағынан нығаюына мүдделі болғандығы аңғарылады.
Науқастанып, көзі соқыр болып қалған Имамқұли хан туған інісі, Балх өңірінің билеушісі Надирмұхамедке (билік құрған жылдары -1642-1645) Бұхара ханының тағын тапсырып, өзі Меккеге қажылық сапары кезінде 1644 жылы өмірден өтеді. Жалаңтөс Надирмухамедханның баласы Абдулазизге «аталық» ете жүріп хандықтағы ең ықпалды адамдардың бірі ретінде қазақ-бұқара арасын одақтас қатынасқа айналдырды. Айталық, 1645 жылы Бұхара хандығы тағынан озбыр Нармұхаммед аластатылып, орнына Салқам Жәңгірдің күйеубаласы Абдулазизді отырғызуы Жалаңтөстің қазақ ханына жасаған үлкен сыйы болған деп қараймыз. Сонымен қатар, жазбагерХожамқұлибек Балхидің 1722 жылы жазған «Тарихи Қыпшақи» атты еңбегін аударған тарихшы-шығыстанушы Жұлдыз Тулибаевакөрсеткендей [11] Жалаңтөс 1646 жылы Бұқара және қазақ жасақтарын Үндістан билеушісі Шах Жаханныңұлы Әуренгзебке қарсы жорық ұйымдастыру туралы Ташкентте үлкен Құрылтай өткізді. Абдулазиз хан екі жүз мыңға жуық біріккен қазақ-бұхара қолын басқаратын болып, құрамында Жалаңтөс Бахадур «Аталық», Салқам Жәңгір бар екі жылға созылған соғыста Әуренгзеб жасағын Бұхара хандығының оңтүстіктегі иеліктерінен қуады. Соғыста көрсеткен зор көмегі үшін Абдулазиз хан қайын атасы Салқам Жәңгірді Ташкент пен Сыр өңірінің толыққанды билеушісі деп мойындайды.
«Жалаңтөстен Сатыпалды, Раңбай, Наурыз, Құдайназар деген ұлдар тарайды» [12] деген басқатарихи дереккөздерде кездеспейтін, тек күмәнді шежірелерде ғана орын алған мәліметтер жарияланып қалып жүр. Осы аталардан тараймыз деп жүрген кей бауырларымыздың шежірені талдауда әлі де нақтылықты қажет ететін мәселелер бар екендігі аңғарылады. Өзбек ағайындар Жалаңтөсті «өзбектің алшын тайпасынан шыққан» [4] дейді. Айта кеткен жөн, сопылық тарихат жолын басты діни таным еткен, өмір-тұрмысы да осы дәстүрге құрылған Жалаңтөстің отбасысы, яғни үш қызы және өзінен бұрын қайтыс болған Сұлтанбек дейтін ұлынан тарайтын тікелей ұрпақтары Самарқант қаласы мен облыстың Пастдарғом ауданының орталығы Жума дейтін қалада қоныстанғаны туралы мәлімет бар [4]. Оның қай перзентінен қазақ даласына ұрпақ тарағаны туралы мәліметті зерделеу қажет деп есептейміз. Төртқаралар Қазалы аумағында бұрыннан ғұмыр кешіп жатты.
Шығу тегіне қызығушылықпен қарайтын өзбектер өздерін «92 баулы өзбек тайпасынан шыққанбыз» дейді.Алшындар қазақ тайпалары құрамында да, өзбек тайпаларының құрамында да ежелден бар. Өзбек шежіресінің басты ерекшілігі сол, оларда үш жүзге бөлінген рулар жоқ.
Алтын Орда империясы ыдырағаннан кейінгі оның орнында пайда болған 7 мемлекеттің ішінен күні бүгінге дейін аман қалып жеткені, әрі мұрагері «Қазақ мемлекеті». Дәлірегі, «қазақ-өзбек» мемлекеті. Бұл ұғымды қабылдауға қиындау болып көрінгенімен, тарихи шындық солай. Ерте ме, кеш пе, мұның ақиқаттығына көз жеткіземіз. Өйткені, ортағасырлық бірқатар жазба-ларда «өзбек – қазақ» атауы бір ұғымда қолданылған. «Көшпелі Өзбектер» мемлекетіненқазақ атауымен Қазақ хандығы бөлініп шыққан соң, оның мұрагері Мухамед Шайбани ұлысының халқы өздерін «өзбектерміз» деп атап, кейіннен олар Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарының үстем халқына айналды. Осы тұрғыдан алғанда сол кезеңдерде қазақ пен өзбек бірін-бірінен тек олардың діни көзқарастарында болмаса, айтарлықтай ерекшеленбеген.
Жалаңтөс Бахадур туралы парсы деректемелері негізінде арнайы зерттеу жасаған Б.Исмаилов: [6] «Жалаңтөс Бахадурдің «Низам уд-дин Ялангтуш Бахадур» деген мөрімен басылған вақуфтық-(уақыптық) құқықтық құжаттарды зерттеуші Малик Шах Хусайн Сейстани дейтін жазбагер өзінің «Тарихий ал мүльк» атты еңбегінде: «Шердор (өзбек-тәжікшеде Шер – арыстан, ал Дор — «дорилфунини»-жоғары дәрежедегі оқу орны деген мағына береді екен.-Б.А.) медресесінің құрылысы 1619 жылы басталды (кей деректе-1616 ж.-Б.А.), ол алғашында «Жалаңтөс Бахадур» медресесі деп аталған. Кейіннен, оған «Арыстан салдырған оқу орны — Шер-Дор» деген атау берілген…» деп жазады.
Өзбектің жадидшіл ұлы ағартушысы Махмудқожа Бехбудий 1913 жылы «Айна» журналда жариялаған мақаласында: «…бір –біріне ұмтылған екі арыстанның жалаң төстеріне күн нұры шашырап тұр…, олар жарыққа (білімге), жылылыққа (мейірімге) ұмтылушы… жомарт көңіл батыр (Жалаңтөс) бейнелегендей…» [13] деген тәлсімде суреттейді.
Жалаңтөс Бахадур Самарқанттағы Әмір Темір негізін қалап кеткен Регистанды кеңейтіп, көркейтті. Дүние жүзінен туристер осы Регистанды тамашалауға келеді. Олар әлемге әйгілі архитектуралық ғимараттарды салдырушы Жалаңтөстің атын біліп қайтады. «Регистан» сөзі – орыстың «Кремль» деген мағында. Ресейде орыс княздері салдырған кремлі бар бірнеше қалалар бар. Оның ең үлкені Мәскеудегі Кремль болып саналады.Орталық Азиядағы сондай архитектуралық жалғыз ансамбль – Самарқанттағы Регистан.
Қорыта айтсақ, Жалаңтөстің өз өсиеті бойынша қабірі Самарқантта қойылды. Оның өлімінен кейін Бұхара хандығындағы алшындардың басым бөлігі оның немере інісі Әйтеке бидің төңірегіне топтасып, қазақ хандығы-ның туы астына өте бастады.
Алтын Орда империясы ыдырағаннан кейінгі оның орнында пайда болған 7 мемлекеттің ішінен күні бүгінге дейін аман қалып жеткені, әрі мұрагері «Қазақ мемлекеті». Дәлірегі, «қазақ-өзбек» мемлекеті. Бұл ұғымды қабылдауға қиындау болып көрінгенімен, тарихи шындық солай. Ерте ме, кеш пе, мұның ақиқаттығына көз жеткіземіз. Өйткені, ортағасырлық бірқатар жазбаларда «өзбек – қазақ» атауы бір ұғымда қолданылған. «Көшпелі Өзбектер» мемлекетінен Қазақ хандығы бөлініп шыққан соң, оның мұрагері Мухамед Шайбани ұлысының халқы өздерін «өзбектерміз» деп атап, кейіннен олар Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарының үстем халқына айналды. Осы тұрғыдан алғанда Жалаңтөс Бахадур қазақ пен өзбекті бірін-бірінен ажыратып жатпаған секілді. Сол кезеңдегі өзбектердің сопы поэзиясына зер салсаңыз дала қазақтарының «исламнан кенже қалғандығы», «көшпенді жабайылар» секілді тіркестер кездеседі. Бұл ұғымдар сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі сопылық шығармалардан кездестіруге болады.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. ІІ- том. – Алматы: «Атамұра»,2010.-640 бет.
2. М.Қозыбаев «Тұлғалар тұғыры» / құрастырушы: І.Қозыбаев.-Алматы: «ҚазАқпарат», 2009.-540б
3. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы еңбектері.-Астана:Астана-полиграфия, 2008.-400б
4. Э.Мусурманов,П.Уcмон. «Регистон мажмуаси ижодкори еки Баходир Ялангушбий авлодлари бугун қаерда яшайди?» мақола./ «Зарафшон» газетаси 8 май 2015.
5. Галиев В.З. Хан Джангир и Орбулакская битва. Алматы. 1998.- 128 с.
6. Исмаилов Б. ЖалантосБахадур – батыр, полководец, зодчий. История Казахстана в персидских источниках. 2005. Том 2. (Маджма ал-ансаб валашджар) Алматы. Дайк-Пресс. 692 с.
7. Чулошников А.П. К истории феодальных отношений в Казахстане в ХVПХVШ вв. // Известия АН СССР. Серия обществ.наук. 1936, №3. – С. 499, 500.
8. Абусеитова М.Х. Казахское ханство во второй половине XVI века. АлмаАта, «Наука».-1985, С.91-93
9. Каттаев К. «Махдуми Аьзам ва Дахбед». Самарқанд.-1994 г. 128 б.
10. Б.Кәрібаев. Жалаңтөс батыр және ХVІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ хандығы. «Әлімсақ» журналы.11- мамыр, 2015.- 32-38 бб.
11. Тулибаева Ж.М. 2012. «Тарих-и Кипчак-хани» как источник по истории казахов XVI – начала XVIII веков. Известия Национального центра источниковедения и историографии. Астана, №3. С.45-55.
12. Жалаңтөс Бахадур / «Оңтүстік Қазақстан» газеті. 15 шілде, 2016
13. Махмудхужа Бехбуди. «Ойна» журнали, 1913 йил, 1-сон, 6-9-бб.