ЕСІЛ-КӨКШЕ ӨҢІРІНІҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ: ТАРИХИ
МАҢЫЗЫ МЕН ІЗДЕНІСТЕРІ

ЕСІЛ-КӨКШЕ ӨҢІРІНІҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІ: ТАРИХИ
МАҢЫЗЫ МЕН ІЗДЕНІСТЕРІ

Сейтқасымов А.А., Салимов А.Қ.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті,Көкшетау қ. argyn.94.94@mail.ru

«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», – деген еді Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында [1].
Елбасымыздың жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын халық санасына сіңірудің ерекше маңыздылығын нықтап айтуы заңды құбылыс. Ел мен Жер – рухани құндылықтардың арқауы. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәденигеографиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» дей отырып, Президент: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек», – деп атап көрсетілген еді [2].
Көкше өңірі тарихи орындар мен ескерткіштерге өте бай. Қазіргі күні өңірімізде 1793 тарихи-мәдени мұра ескерткіштері бар. Олардың 4-еуі республикалық дәрежедегі ескерткіштер болса, 1032-сі жергілікті мәні бар ескерткіштер. Сонымен бірге, 757 алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени нысандар бар. Ескерткіштердің көбі Зеренді, Ерейментау, Бурабай, Қорғалжын және Атбасар аудандарының аумағына шоғырланған. Ол ескерткіштердің қатарында Ботай, Құмай тұрақтары сияқты үш мың жылдық тарихы бар ежелгі қоныстардан бастап, өткен ғасырларда өмір кешкен батырлар мен билердің мазарлары түріндегі сәулет ескерткіштері де бар [3,4].
«Баурайыңда сексен көл, иісің жұпар аңқиды-ау», — деп ақын жырға қосқан Бурабай өңірі көркем табиғатымен, көрікті жерлерімен ғана емес, тарихи, оның ішінде киелі орындарымен де аты шыққан шежірелі өлке. Шабақты көлінің жағасында Абылай хан 48 жыл ордасын құрған «Ханның қызыл ағашы» деп аталатын жер бар. Кенесары хан жорықтан оралғанда демалатын табиғаттың көркем туындысы – Кенесары үңгірі, Абылай ханды құлдықтан босатқан «Ораз құлдың бұлағы» – бәрі де курортты аймақтың шежірелі өткенінен сыр шертетін тарихи орындар [6].
Көкше жерінің аңыз-әңгімелері мен тарихи оқиғаларға, біртуар тұлғаларға толы сұлу жерлердің бірі – әйгілі Зеренді өңірі.
Бала кезінен билікке араласып, әкесінің тапсыруымен бірнеше рет елшіліктерді басқарып, өзінің біліктілігімен көзге түскен, Абылай ханның ұлы – «Уәли хан» мазары. Монтай, Қосағалы, Әз-Бөгенбай секілді жаужүрек батырлардың, қарауыл Қанай, Дүйсен, Асат Алпысұлы, Тіржан Байғожаұлы сияқты небір даулы мәселелердің оң шешімін тауып отырған билердің, қажылардың мазарлары мен ескерткіштері бар.
Ақын Біржан салдың құрметіне аталған Біржан сал елі, Бұланды өңірі де өзінің қасиетті жерлерімен бай. Атап айтсақ ақынның зиратында орналасқан Біржан сал кешені. «Сексен көл Көкшетаудың аясында», деп Сәкен ағамыз жырлағандай, Сексен көлдердің бірі – Құрттыкөл, Жөкей көлдер. Аңғал батыр, Бәйгебек қажы, Салық молда, Шәймерден Қосшығұлов, Ермағамбет Тоқпаев, Шәрәпи Әлжанов ескерткіш, мүсіндерімен, Балуан Шолақ зиратының мемориалдық стелласымен танымал [5].
Бурабай сияқты көрікті жерлердің бірі – Қорғалжын және Ерейментау жері. Ауданда Нұра өзенінің сол жақ жағасында Қорғалжыннан үш шақырымда орналасқан Бытығай кесенесі, Саз балшықтан салынған Қаныкей мазары, Он тоғызыншы ғасырда салынған, биіктігі үш метрге жуық. Сақиналап қалау әдісімен саз балшықтан салынған Беспақыр мазары, Қазақстан халқы мәдени мұрасының халықтық қорына енген орыс қызы Мария мен қазақ жігіті Дүйсеннің сұлу да жанқиярлық махаббаты туралы ән – Дударай әнінің пайда болу тарихына арналған – «Дударай» стеласы бар. Ерейментау – жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық жорығын ұйымдастырушылардың бірі, атақты батыр, ұлы қолбасшы. Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып қалған қанжығалы Бөгенбай батырдың ескерткіші орналасқан, ағаштан түйін түйген шеберлігімен қатар, мылтық ататын, мергендік құс салатын кұсбегі мен мініскер өнерімен танымал болған Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ би дүниеге келген қасиетті өңір.
Аршалы, Ақкөл, Жақсы – ақын, сазгер Иманжүсіп Құтпанұлының есіміне қатысты тарихи орындары бар, асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысқан ірі бай, саятшы, ұлттық этнографияны жаңғыртушы Паң Нұрмағанбет, Кенесары ханның батырларының бірі, Жекебатырдың немере інісі – Қылышбай әулие ғұмыр кешкен жер.
Қорытындылай келе Есіл-Көкшетау – қазақтың тарихында әрқашан ерекше орынға ие болып келген, тарихы бай, аңызға толы киелі өлке. Әсіресе, Қазақ хандығы дәуірінің соңғы кезеңіндегі шешуші тұлғалар мен оларға қатысты оқиғалардың көбі-ақ Есіл-Көкшетау өңіріне қатысы бар. Иә, Есіл-Көкшетау – өз тұсында қазақ мемлекеттілігің іргесін бекітіп, түтінін түзу ұшыру жолында аянбай қызмет қылған Абылай ханның қарапайым сарбаздан тақ иесі хан дәрежесіне дейінгі өсу жолына куә болған өңір.
Ел ертеңi — бiлiмдi жастар. «Бұлақ көрсең көзiн аш» дегендей, қазақ жастарын төл тарихымызға, бiлiмге бағыттайық. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы бүгiнгi жастар. Сiздер оларға қалай бiлiм берсеңiздер,
Қазақстан сол-деңгейде болады», деп атап көрсеткен. Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi. Ендеше, Қазақстанның жарқын болашағы үшін қандай да бір іс тыңдыруға міндетті екенімізді естен шығармайық!

Әдебиеттер:

1. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республткасының Президенті. Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру // Жалпыұлттық Республикалық газет «Егемен Қазақстан», № 70 (29051) 12 сәуір 2017 жыл.
2. «Қасиетті Қазақстан» қадамдары // Жалпыұлттық Республикалық газет «Егемен Қазақстан», № 159 (29390) 23 тамыз 2018 жыл.
3. Көкше өңірінің халық жауһарлары. Б. Б. Жахина, С. Н. Жәмбек … – «Мир печати». Көкшетау, 2014. – 272 бет.
4. Темірхан Ж. «Қайран елім — Қараөткелім». «Академия Көкше» баспаханасы. Көкшетау, 2013. – 140 бет.
5. Абуев К.К., Кокшетау. Исторические очерки. Кокшетау, 1997. – 300 стр.
6. Абуев К. К. «Деятели истории и культуры Акмолинской области: Библиографические очерки». РИК «Әрекет». Кокшетау, 2018. – 264 стр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *