АСТАНА ҚАЛАСЫ – ИННОВАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ РЕТІНДЕ
Абдуразаков М.Ф.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,
Тарих факультеті, Астана қ.
madi13@bk.ru
ХХІ ғасырдың жаңа технологиялар мен инновациялар уақыты болғанмен мемлекетімізде отан тарихының жаңаша деммен дамып отырғанына куә болып отырмыз. Тарих ғылымының қоғам ішінде рөлі мен мәнінің артуы ұлт тұтастығының нығаюына, болашағын жарқын етуге өз септігін тигізетіні белгілі. Осы тұста маңызы зор, мағыналы Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы отан тарихын жаңаша көзқараспен зерттеп-зерделеуге мүмкіндік беріп отыр. Отан тарихындағы жаңа зерттеулер мен пайымдаулар тарих ғылымының ауқымын кеңейтті. Отандық ғалымдар тарапынан бүгінгі таңда ел тарихының әрбір кезеңі терең зерттелуде. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін мемлекет пен қоғам өміріндегі процесстердің маңызын айқындау мақсатында Қазақстандағы урбанизация үдерісі мәселелері тарихи іргелі зерттеулерді қажет етеді.
Урбанизация – күрделі үрдіс, ол отан тарихынан, белгілі бір тарихи кезеңдегі қоғам мен аймақтың хал-жағдайынан құнды мағлұмат беретін тарихи процесс болып табылады. Оның мағынасы негізінде «қала» сөзінің мәні жатыр. Урбан сөзі қала халқының өсуі, қала мәдениетінің қалыптасуы, белгілі бір аймақтағы қала рөлінің ұлғаюы мағынасын білдіреді және де бұл термин қалаға қатысты басқа да көптеген факторлармен тығыз байланыста қолданылып келеді. Ендеше әлемде жедел жүріп жатқан урбанизация үдерісінің маңызын анықтау үшін «қала» мәселесі қарастырылуы қажет.
Қазақстан территориясында жүргізілген көптеген археологиялық қазбалар, ежелгі және орта ғасырлар деректерінен елімізде ерте кезден қалалар болғандығын, номадизм жүйесінде «отырықшылық», «қала» ұғымдары бар екенін айғақтайды. Қазақстан тарихында отырықшылық пен қалалық мәдениет дала өркениетінің ажырамас бөлігі болып табылып, «қала» мәні қазақ қоғамына жат болмағанын білдіреді. Ал бүгінгі таңда Қазақстанда урбанизация деңгейі 60 пайыздан асуы «қала» мәселесіне жаңа тұрғыдан қарау міндетін жүктейді. Яғни қалалардың орны мен рөлі және олардың тарихи мәні, ХХІ ғасыр қаласы қандай болуы қажет деген сұрақтар тарихи маңызын анықтауға көмектеседі.
Қалалар мен мегаполистердің күрделілігі және жасандылығы, сонда орналасқан таңқаларлық нысандар адамның қолмен жасалған ғажайып жаратылыстары болып табылады. Сондықтан біз қалаларды өркениеттің шеберханалары, сонымен бірге өркениетті адамның табиғи өмір сүру ортасы деп қабылдауымыз қажет [1:133]. Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырлық тарихын сараптай келе еліміздің қалалары, олардың келбеті және басқа да көптеген көрсеткіштері арқылы қандай нәтижеге жеткенімізді аңғаруға болады. Әлем бүгінде қала арқылы мемлекетті тани алады және мемлекет туралы түсінігі қалыптасады.
Бүгінгі таңда әлем үлкен өзгерістерге алып келетін төртінші индустриялық революция бастауында тұр. Бүкіләлемдік экономикалық Давос форумының негізін қалаушы, белгілі экономист Клаус Шваб 2017 жылы жарияланған еңбегінде бүгінгі таңдағы инновациялардың дамуы Үшінші индустриялық революцияның аяқталуын аңғартып, жаһанның 2025 жылға қарай Төртінші индустриялық революцияға қадам жасап, адам мен қоғамның өміріне елеулі өзгерістер алып келетінін айтады. Клаус Шваб әлемдегі урбанизация үдерісін сараптай келе болашақтағы үлкен өзгерістердің орталығы қалаларда шоғырланады дей келе, қалалар мәселесіне назар аудару қажеттілігіне тоқталып өтеді.
Егер қалаларын (инновациялық экожүйелер) тұрақты түрде қажеттіліктермен қамтамасыз етіп тұрмаса, ешқандай елдің де, аймақтың да гүлдене қоймайтыны белгілі. Бүкіл тарихтың өн бойында қалалар экономикалық өсудің, гүлдену мен әлеуметтік прогрестің қозғалтқышы қызметін атқарады. Олар келешекте де елдер мен аймақтардың бәсекеге қабілеттілігі үшін айтулы маңызға ие бола бермек. Бүгінгі таңда жер шары халқының жартысынан астамы орта деңгейдегі қалалардан бастап, мегаполистерде тұрады. Қалалардың саны әлемде барған сайын өсу түсуде. Елдер мен аймақтардың бәсекеге қабілеттілігіне ықпал жасайтын, инновациялар мен инфрақұрылымдардың құрылуы, мемлекеттік басқару секілді факторлардың бәрі – қалаларда шоғырланған [2:83].
2018 жылдың 10-қаңтарындағы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бүгінгі таңда әлемнің Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне және технология, экономика мен әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқанын айта келе Президент мемлекеттің әлемдік қауымдастытағы орнын маңыздандыру жолына қадам басты. Жаңа әлем көшбасшылары қатарына қосылу үшін бірнеше міндеттер атқарылуы тиіс. Сондай міндеттердің бірі «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін деп аталып, еліміздің елордасы Астананың ХХІ ғасыр талаптарына сай, яғни озық, заманауи технологиялармен қамтамасыздандырылған қалалар қатарына енгізу болып табылады және дамып келе жатқан мегаполис проблемаларының тиімді шешілуіне жағдай жасайды.
Әлемдік тәжірибе тұрғысынан қарастырсақ мемлекеттің дамуы қалалар әлеуетінің өсуімен тікелей байланысты. Өз кезегінде қала заман талаптарына жауап бере алатын жағдай жасаған кезде шетел инвесторлары үшін қызықты болатыны мәлім. Астана қаласында «Смарт Сити» стандартының қалыптасуы еліміздің басқа қалаларына да үлгі болып, өңірлік дамудың, инновациялардың таралуы мен мемлекетіміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады [3].
Белгілі ғалымдар Адам Смит және Джейн Джекобс дамыған қала технологиялық инновациялардың орталығы және ауыл үшін жалпы экономикалық өсім мен прогрестің катализаторы болып табылады деген пікір білдіреді. Ауыл қаладан жаңа өнімдер, өндірістің жаңа түрлерін, технологиялық инновация және тағы басқаларды алады. Яғни қаланың дамуы арқылы ауыл да дамиды [4:295]. Осы тұста Астана қаласында саяси мәні мен маңызы мықты жиындардың өткізілуі елорданың әлемдік аренада өзіндік орнын анықтап отыр. Онан бөлек Астана қаласынының жаңа технология мен инновацияларды қолдауының айқын дәлелі 2017 жыл «Ехро» көрмесі болып табылады. Әлемдегі мемлекеттердің инновациялық рейтинг көшбасшысы Қытай Халық Республикасы мен Америка Құрама Штаттары. Мұндай жетістікке Қытай мен АҚШ урбанизация үдерісі арқылы, яғни ірі қалаларындағы ақпараттық технологиялардың қарыштап дамып жатқан заманда инновациялардың негізінде қол жеткізіп отыр. Қазақстан ғаламдық инновация индексінде 74орында, бірақ мемлекет тарапынан қолға алынып отырған бастамалар, оның ішінде Астана қаласының «Смарт сити» стандартына сәйкес дамуы жүзеге асатын жағдай рейтингте жоғары көтерілетіні анық.
АҚШ-тың Чикаго университетінде экономика мен әлеуметтану бойынша дәрістер оқыған Бертольд Хозелиц дамыған және нашар дамыған мемлекеттердің әлеуметтік, экономикалық әлеуеттерін салыстыра келе қалаларды «өндіруші» және «паразиттік» деп екіге бөледі. Ғалымның пікірінше өндіруші қала сол аймақтың экономикалық дамуына үлесін қосады [5:250]. Бүгінде Астана еліміздің бас қаласы ретінде экономикалық даму мысалы бола алады және Бертольд Хозелиц атап көрсеткен «өндіруші» қала типінде қалыптасып келе жатыр.
Астана қаласының болашақта инновациялар орталығы ретінде қалыптасуы тек қаланың ғана емес бүкіл аймақтың дамуына ықпал етеді. ҚР Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік қоғам өміріне оң ықпалын тигізетін, жаңа идеяларды қолдап отырған инновациялық компанияларлардың тізімдемесін жасады. Тізімдемедегі компаниялар өзінің жыл сайынғы табысының біршама пайызын инновациялық өнімдерге арнаған. «Дамыған елдерде қала мәселе үнемі мемлекет бақылауында, олар өз дамуында қала мен ауыл арасындағы көпжақты экономикалық алмасу кезеңін айналып өтпеді, қалалардағы, қала мен ауыл арасындағы ұтқырлық пен коммуникациялар шапшаң өсу нәтижесінде ұлттық даму жедел қарқынмен жүрді» [6:64]. Астана тәжірибесі болашақта еліміздің басқа өңірлері мен аймақтарына, қалаларына үлгі болып, жалпы еліміздің дамуына оң ықпалын тигізеді.
2050 жылға қарай Астананы әлемнің үздік 10 қаласының қатарына қосу міндеті қойылды. Біраз уақыт өткеннен кейін, басқа да отандық мегаполистер өмір сүруге қолайлылық құқығы үшін (liveable city)өзара бәсекелесетін болады. Барлық қазақстандық қалаларды бірден, бір уақытта қайта құру – келешектің еншісінде екені түсінікті, бірақ, ең бастысы – елде қаланы дамытудың өзіндік, ұлттық үлгісі пайда болды. Қазіргі кезде қалалардың мемлекетті дамытуда айрықша рөл атқаратындығын ескеретін болсақ, инновациялық Астана жаңа Қазақстанды тиімді тұрғыдан көрсететін тағы бір брендке айналды [7:103].
Қазақстан жаһандық үдерістің аясында дамып келе жатыр, бұл ХХІ ғасыр талабы болып табылады. Жаһанданудың үздіксіз процесі өз кезегінде үлкен қалалар мен мегаполистер пайда болуына алып келеді. Қазіргі күнде үлкен қалалар мен мегаполистер мемлекеттердің экономикалық, мәдени, әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқаруда. Сол себепті әлемдік үрдістерден қалыс қалмау және дамыған отыз елдің қатарына ену жолында Қазақстандағы қалалардың даму процесстері назарда болуы керек.
Әдебиеттер:
1. PARK, R.E. The City and Civilization // Human Communities: The City and Human Ecology. Free Press. 1952, P. 128-141 (New York)
2. Шваб Клаус. Төртінші индустриялық революция. – Алматы: Ұлттық аударма бюросы, 2018 жыл. -200 б.
3. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың
Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жылғы 10 қаңтар. // Қазақстан
Республикасы Президентінің ресми сайты, URL:
http://www.akorda.kz/kz/addresses/addresses_of_president/kazakstanrespublikasynyn-prezidenti-n-nazarbaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-2018zhylgy-10-kantar (қарау күні: 10.12.2018)
4. Харви Д. Социальная справедливость и город / перевод с английского Е.Ю.Герасимовой. –М.: Новое литературное обозрение, 2018. -440 с.
5. Bert F. Hoselitz. Sociological Aspects of Economic Growth. — Glen coe, Ill.: Free Press, 1960.
6. Этнос и политика: Хрестоматия / Авт.-сост. А.А.. Празаускас. –М.: Изд-во УРАО, 2000. – 400 с. 7. Қасымбеков М.Б., Темірболат Б.Б., Шаймергенов Т.Т. «Назарбаев моделі». –Астана: «Деловой Мир Астана» баспасы, 2017. -164 б.