АЛТЫН ОРДА ЖӘНЕ ИСЛАМ: ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ТАҒДЫРШЕШТІ КЕЗЕҢІ


АЛТЫН ОРДА ЖӘНЕ ИСЛАМ: ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ТАҒДЫРШЕШТІ КЕЗЕҢІ

Идрисов Р.Ә., Ахметова Г.Б., Уалиев Т.А.
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ., tarichkz@mail.ru

Қазақстан көне замандардан бері әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысу сахнасы болды. Бұл жерде алғаш рет жылқы қолға үйретіліп, ежелгі көшпелі салтты бабаларымыз, ақпараттардың, рухани құндылықтар – дін, идеологиялық қондырмырлар мен жаңалықтардың ретрансляторына айналды. Яғни бір-бірінен уақыт пен кеңістікте шалғай жатқан өркениеттерді табыстырып, жақындатты, нәтижесінде Рим империясы мен Қытай бірін-бірі туралы мәліметтерді осы бабаларымыздың ықпалымен танып білді деп айтуға болады. Қазақстан бойымен өткен Ұлы Жібек жолының осы территория үшін үлкен саяси-экономикалық маңызы болды. Осы сауда жолының бойында тұрған қалаларға жан-жақтан алуан түрлі жұрттар ағылды, осы қалаларға көршілес мемлекеттер де қызығып, соғыс та жариялаған болатын. Былайша айтсақ, Қазақстан территориясы – санқырлы оқиғалар мен құбылыстардың орын алып, ұлттар мен ұлыстар араласып, бітіскен жері.
Қазақстан тарихында исламның рухани тұлғалары ретінде ойшылдар тобы Фараби, Яссауи, Абай, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім есімдерімен байланыстырылып жатады, және ол талассыз әділетті.Қазақ даласындағы исламның мәдени құндылықтарын жоғарыда аталған тарихи тұлғалардан бөлек қарастыру мүмкін емес. Алайда исламның қазақ даласына таралуына тек қана ойшылдар ат салыспағаны белгілі, исламның қазақ даласына келуіне, таралуына, орнығуына саяси биліктің, саяси элитаның жалпы саясаттың рөлі орасан зор екенін жоққа шығара алмаймыз. Исламның таралуы тарихындағы саяси факторды түсініп, түйсіну – бүгінгі күн мәселесі болып отырған исламның қоғамдағы орнын танып, білуге, зерттеп-зерделеуге үлкен мүмкіндік туғызады. Бүгінгі таңда «ислами қауіп» сияқты таптаурындар керісінше исламға қауіп төндіріп отырған кезеңде исламның шынайы бейнесін жалғыз діннің мәдени бастауларына иек арттыру жеткіліксіз әрі ескі әдіс (метод), бұл жерде жаңа көзқарастар мен көлемді (мастштабты) таным қажет. Сондықтан да дін саясиланған тұста, діннің саяси астарын, саяси тарихын зерделеу ұтымды шешім сияқты.
Қазақ хаңдығы Алтын Орда мемлекетінің мұрагерлерінің бірі деп мойындасақ, ислам мен қазақ мемлекеттілігі тарихының бірізділігін оңай байқай аламыз. Алтын Орда мемлекеті өз дәуірінің ең басты немесе бастыларының бірі болған. Сол кезде Ескі Әлеммен шектелгенін ескеру керек. Және осы Ескі Әлемнің аумағының үлкен бөлігі моңғол иелігі мен ықпалының астында болды.
Шыңғысхан мен оның мұрагерлерінің Ұлы Моңғол империясы Қытайдан Шығыс Еуропа мен Таяу Шығысқа дейін тарады. Оның ыдырауынан кейін Алтын Орда империяның бұрынғы құдіретінің мұрагері, оның ішінде оның әлемдік тарихтағы рөлінің мұрагері болды. Бұған сыртқы және ішкі жағдайлар ықпал етті.
Шығыста моңғолдар қытайлықтарға айналып, Юань империясын құрған болатын, бірақ жүз жылдан кейін оларды сол жерден қуып шықты. Иранда олар ирандықтарға айналған, ал уақыт өте келе жергілікті түркі әулеттері олардан билікті тартып алды. Орта Азияда олардың орнын Әмір Тимур мен оның ұрпақтары басып алған. Бұл аймақтарда шынғысшылар (Шыңғысханның ұрпақтары) басты рөлінен айрылды.
Бірақ Жошы Ұлысы рөлінің күшеюі ішкі алғышарттарға да байланысты болған. Бұл жерде үлкен аумақ, көптеген бодандар, күшті әскер, дамыған экономика, өзіндік ұлы және ерекше мәдениет пен басқа да көптеген факторлар өз рөлін атқарды. Ал ең бастысы, еуразиялық Далада жергілікті (байырғы) және келгендерге (жаулап алушыларға) бөлінбеген. Біртұтас көшпелі түрік-моңғол әлемі мемлекеттің өзегі болып табылатын.
Жошы ұлысы Шыңғысхан империясының бір бөлігі бола тұра, оның батыс форпосты болып, христиандар мен мұсылмандардың көз алдында моңғолдардың құдіретін бейнелейтін. Көп ұзамай ол өзі ортағасырлық Еуразиялық империяға айналды. Қазіргі терминология бойынша Жошы Ұлысы бүгіндегі АҚШ, Ресей, Қытай сияқты супердержава болатын.
Тарихи перспективада ол көптеген заманауи Еуразиялық халықтар мен мемлекеттердің бесігіне айналды. Алтын Ордасыз олардың этногенезін, политогенезін сипаттау мүмкін емес [1].
Алтын Орда немесе Жошы ұлысы территориясында Исламның таралып, орнығуына терең алғышарттар мен себептер болды. Еске түсіретін болсақ Жошы ұлысы ұлан-ғайыр территорияны Шығыс Еуропа, Кавказ, Дешті Қыпшақ, Сібір жерлерін қамтыған болатын. Ұлыс құрамына этникалық және конфессиялық жағынан бір-бірінен алыс түркілер, славяндар, фин-угор, тайпалары кіргендіктен, әр түрлі этникалық аймақтарды экономикалық, мәдени, идеологиялық жағынан біріктіре алатын күш, механизмге сұраныс өсе түсті. Идеология саласындағы өзгерістер және сонымен қатар, мемлекеттік ұйымдастырудың өзге салаларындағы өзгерістер заңды әрі оның табиғи негізі болды. «Орнаған тәртіптер өзгеріске түсуге душар болды, себебі кез келген мемлекет – ашық жүйе болып табылады, ал Алтын Орда болса, сол дәуірде әлемдегі ең ашық мемлекет болды»[2.45].
Ұлыс күшейген сайын саяси элитаның назары Шығысқа ауа түсті. Оған бірнеше себептер болды. Біріншіден, Алтын Орда құрамына мұсылман мәдениетінің орталықтарының біріне айналған Еділ Бұлғариясы мен Орта Азияның кіруі болды. Екіншіден, сауда-саттықтың рөлі,Ұлы Жібек жолын қадағалау мен Мысыр билеушілерімен байланыс орнату болды [3. 46].
1258 жылы Бату ханнның тікелей мұрагерлері Сартақ пен Ұлақшы қайтыс (қаза болған? Автор) болғаннан кейін, Алтын Орда тағына Батудың інісі Берке отырады.Берке хан есімімен Алтын Орданың исламдануының бірінші кезең байланыстырылады. XIII ғасырдың 50-60 жылдары Берке ханмен бірге ислам дінін моңғол ру-тайпалық элитасының 16 өкілі қабылдайды [4.17]. Ислам дінін ханның қабылдауы ерекше құбылыс болғанымен, Алтын Орда халқы жаппай ислам дініне көше қойған жоқ, сондықтанда ислам діні Алтын Ордада алғашқы кезеңде діни уағыздаушылар мен миссионерлердің арқасында таралады. Ибн Арабшахтың айтуы бойынша Берке хан барлық өлкелерден ғалымдар мен діндар адамдарды жинап, оларға бұқара қауымды ислам ілімдерімен таныстырып, халықты тура жолға салуға бұйырады [5.46].
Дегенмен де, Берке ханның ислам дінін қабылдау оқиғасының маңызын тиісті дәрежеде бағалаған жөн. Билікке мұсылман ханның келуімен Жошы ұлысының моңғол ұлысынан ерекшеленіп, бөлінуімен тұспа-тұс келуі кездейсоқ емес. Берке ханның алғашқы билік еткен жылы моңғол ұлысының жоғарғы билеушісі Мөңке ханға қарсы алтынордалық дирхемдерде Берке ханның тамғасы басылып шыға бастады. 1259 жылы Берке ханның атынан теңгелер шықса, 1262 жылдан бастап, Ұлы Ханға тиесілі алым-салықтар мен сыйлықтар Қарақорымға жіберілуі тоқтатылады. Осы жерде біз, Алтын Орданың де-юре және де-факто тәуелсіз мемлекетке айналғанына куәгер бола аламыз. Қарақорыммен байланыс үзуі, кейін, Хулагу ұлысына тікелей агрессиялық саясаты Алтын Орданың Бағдад халифаты талқандалып, күйрегеннен кейін, мұсылман әлемінің орталығына айналған мәмлүктік Мысырмен жақындасуына алып келді [6.107].
Ең қуатты мұсылман державасының халықаралық беделі өсе түсуі, мүмкін, Берке ханды өз елшілерін Мысырға жіберуіне себеп болған шығар. Елшілер жаңа аббасидтік халифке тағзым етіп, ханның одақтас болуға деген ниетін жеткізеді.
Аталған саяси жағдайлар мен оқиғаларды ескере отыра Берке ханның исламды қабылдауы қуатты сыртқы саяси факторға айналады, себебі Мәмлүк Сұлтаны Әл Мәлік Әд Захр-Руки-әд-Дін Бейбарыстың (1260—1277) қолында қуыршақ боп отырған аббасидтік халифке діни ант беруі, Алтын Орда мен Мысыр арасындағы тұрақты дипломатиялық қарым-қатынастарға бастау болды.Хулагу ұлысынан келетін қауіп – Мысыр Сұлтанының сириялық жерлеріне Хулагудың көз алартуы болды. Сондықтанда Бейбарыс қуатты одақтастарды іздеуге мәжбүр болды. Нәтижесінде 1262 жылы Мысыр сұлтаны Бейбарыс Алтын Ордаға елшілермен бірге дипломатиялық хат жібереді. Хатта Мысыр Сұлтаны Алтын Орда ханы Беркеге Хулагуға қарсы бірлесе соғысуды сұрайды. Берке хан Бейбарыс ұсынған Джихад идеясын қолдап, жауап хат жазады. «Мен былай ойладым: сен өз әскерлеріңмен өз жағыңнан, мен өз әскерлеріммен өз жағымнан оған (Хулагуға) қарсы жүріп, шабуылдайық. Біз оған кенеттен шабуыл жасап, оны өлкеден қуып шығаратын боламыз». Мысырмен саяси-әскери блоктың құрылуы шынайы қимыл іс-әрекеттермен де жалғасты. Сол жылы Бағдад халифатын жаулап алуға қатысқан алтынордалық жасақтар Берке ханның бұйрығы бойынша Хулагу әскерін тастап, Мысырға барып орналасады. Бұл оқиға Жошы ұлысы мен Хулагу ұлысы арасындағы соғыстың басы болды. Хулагуға айып ретінде Ислам елдерін аяусыз тонап қыру және осы елдерді жаулап алуға қатысқаны үшін алтынордалық әскерге соғыстан түскен олжаны жеткіліксіз деңгейде бөлісуі болды. Берке осы саяси конфликтіде Исламның қорғаушысы ретінде Барша Әлемге көрінгісі келді. Сондықтанда Хулагуды мұсылмандардың, бірінші кезекте Бағдад халифі Мустасимнің қанын төкті деп айыптайды.
Алтын Орда мен Мысыр мемлекеттері арасындағы өзара қарымқатынастарға қорытынды жасай отыра, олардың сипатымен, мақсаттары және бағыттары мәмлүк сұлтандары мен алтынордалық хандардың саяси мүдделерімен айқындалды деген ойға келуге болады. 1262 жылы Берке хан моңғол ханы алдында вассалитеттен құтылып, Мысыр еліне қоныстанған халифке ешқандай міндет пен талапқа жүктемейтін ант береді. Сыртқы саяси безендірулерден кейін Берке хан Әзербайжан мен Иранды жаулап алу мақсатында Закавказье жерінде өзінің қасиетті соғысын бастайды. Сөйтіп, Ислам мен мұсылман елдеріне деген вектор Алтын Орда сыртқы саясатының бағытына айналады да, нақты саяси мақсаттарға қол жеткізудің құралы ретінде пайдалынылады.
Берке ханның мұрагерлері Мөңке Темір мен Туда Менгу кезінде ислам дініне Берке хан тұсындай мемлекеттік қолдау көрсетілмеді, бірақ қудаланғанда жоқ. Сондықтанда Өзбек хан таққа 1312-1341 ж.ж. отырған кезеңге дейін ислам Алтын Орда ішінде өз позициясынан айырылған жоқ, тек Мөңке Темір тұсында көшпелі аристократия арасында исламдану үрдістеріне наразы топтар орын алды. Себебі ру-тайпалық иерархия сүйенген көшпелі аристократия мен элита исламданудың салдарынан қоғам ішінде бұрыңғы орындарын діни адамдарға бере бастаған еді. Билік эшолонына енді өз тағдырын өздері жасаған адамдар (selfmademen) келді.
Өзбек хан тұсында ислам діні мемлекеттік дін боп жарияланғаны белгілі(1313 жыл, қаңтар айы). Өзбек хан ислам діні арқылы мемлекеттік аппаратты күшейтіп, биліктің орталықтандыруын жалғастырды. Сот ісі тәжірибесіне Яссамен қатар шариат заңдарын да қосты [7.59]. Қалаларда мешіт, медреселер салдырып, ислам қоғамдық өмірде жетекші орынға шығып, бұқаралық сипат алады. Өзбек хан Алтын Орданың алғашқы билеушілері армандаған мұратқа – Алтын Орданы ортақ мәдениеті, экономикасы, саяси билігі бар қуатты мемлекетке айналдыру бағытына қол жеткізе алды.
Берке хан мен Өзбек ханның исламды қолдау саясаты Орта Азияның геосаясаты мен этногенез, мәденигенез, саясигенез үрдістеріне тікелей әсер етті. Ислами фактор, ислами бағыт енді билік эшолонынан төмен халыққа тарап, бұқаралық сипатқа ие болды, халықтың сауаты ашылды. Ислам арқылы түркі тілдес халықтар мен славян халықтарының арасында бір жолата шекара пайда болды. Ортағасырлық көшпелі түркі өзін-өзі анықтауда ислам дінінің таным-түсініктерін «мұсылман», «Мұхаммед пайғамбардың үмбеті», «жамағат» т.б. Және ең бастысы Алтын Орда мемлекеті тәуелсіздікке қол жеткізіп, дербес мемлекетке айналды. Кейін исламның Дешт Қыпшақ жерінде толығымен тарауы мемлекеттік институттармен етене қабаттасып дамуына негіз болды. Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Моғолстан, Қазақ хандығы мемлекеттерінің мемлекеттік бастауларына негіз болды.
Берке хан мен Өзбек ханның исламның қазақ даласына тарауына, орнығуына тағдыршешті рөл атқарғанын көз жеткізе аламыз.
2013 жылы қаңтар айында Татарстанда Өзбек ханның ислам дінің мемлекеттік дін ретінде жариялау оқиғасының 700 жылдығы аталып өтті. Биыл 2019 жылы Алтын Орда мемлекеті құрылыуының 750 жылдығын жоғары деңгейде атап өтпекші. Көрші туыстас еліміз, байқап отырғанымыздай тарихи кезеңдерге әсіресе көшпелі түркі халықтарының ерекше салтанат құрған дәуіріне қызғанышпен қарайтынын ескерсек, олардың тарихты қастерлеу мен құрметтеу тәжірибесінен үйренетін сабақтар мен мысалдар көп екенін түйсіне беруге болады.

Әдебиеттер:

1. Central Asia Monitor. Алтын Орданың 750 жылдығы: Қазақстан осы күнді атап өтуге тиіс пе?https://camonitor.kz/32206-altyn-ordany-750-zhyldyyazastan-osy-knd-atap-tuge-tis-pe.html 2. 2.Федоров-Давыдов Г. А. Общественный строй Золотой Орды. М.: Издательство Московского университета, 1973. – 180 с.
3. Егоров В. Л. Золотая Орда: мифы и реальность. М.: Знание, 1990. – 64 с.
4. 4.Юдин В. П. Центральная Азия в XIV – XVIII веках глазами восто¬коведа. А.: Дайк-Пресс, 2001 – 384 c.
5. 5.Юдин В. П. Неизвестная версия гибели Урус-хана (О некоторых письменных памятниках и устной историографии) // Памятники истории
и культуры Казахстана: Сборник Центрального совета Казахского общества охраны памятников истории и культуры. Вып. 3. А.:
Казах¬стан, 1988. – С. 131-136.
6. 6.Юдин В. П. Орды: Белая, Синяя, Серая, Золотая… // Казахстан, Сред¬няя и Центральная Азия в ХVI-XVIII вв. А.: Наука, 1983. – С. 106165.
7. 7.Юдин В. П. Переход власти к племеннымбиям и неизвестной династииТукатимуридов в Казахских степях в XIV в. (к проблеме восточных письменных источников, степной устной историографии и предыстории Казахского ханства) // Утемиш-хаджи. Чингиз-наме / Факсимиле, перевод, транскрипция, текстологические примечания, исследование В. П. Юдина. Комментарии и указатели М. Х. Абусеитовой. А.: Гылым, 1992. – С. 57-75

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *