АЛАШ ИДЕЯСЫ – ҚАЗАҚ ИДЕЯСЫ
Бексейітова А.Т., Алибекова А.О.
Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау
Alibekova.ajym@inbox.ru
Қазақ еліне, жеріне тәуелсіздіктің таңы атқалы көп болмаса да, қазақ халқы мен қазақ жерінің тұрғындары тәуелсіздіктің қалай келгенін ұмытқан емес. Биыл тәуелсіздікке 27 жыл, осындай қамшының сабындай қысқа уақытта біз әлемге Қазақстан атты мемлекет, ұлт бар екенін таныта білдік. Тарих беттерін ақтарып отырсам, әлемдегі көптеген елдердің тәуелсіздігін алғаннан кейінгі даму сатысы нашар болып, өзара бөлініп соғысып жатқанын көруге болады. Ал біздің еліміз болса аз уақыт ішінде тарыдай шашылған халықтың болашағы бұлыңғыр болып басына қара бұлт төңген заман артта қалып ортақ мүддеге жұдырықтай жұмыла бірікті, еліміз жас сәбидей еңбектеген экономикасы түзелді, қанаты қатайды, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Осы жетістіктердің бәрі қазақстандықтар мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дана көрегендігі мен салиқалы саясаты десем қателеспеймін.
Мен тарих мамандығында оқып жатқан жас маман болғандықтан, қазақ халқының ортақ идеясы, тәуелсіздік философиясының қашан қалыптасқандығын және кім қалыптастырғанын іздеумен болдым.
Тарихымызға үңілетін болсақ, қазақ деген халықтың қазіргі заманғы дамуы, ұлт болып қалыптасуындағы философиясы XX ғасырдың басында қалыптасқаны көрінеді. Олай деп айту себебім, XV ғасырда қалыптасқан қазақ хандығы қазақ ұлтын дүниеге әкелсе де, XVIII ғасырда қазақтар жүзге бөлініп, тарыдай шашылды. Осы кезде Қазақ елін аюдай ақырған Ресей империясының агрессиялық сипатта басып алуы және ХХ ғасырға дейін оның отары болып келуі соның айғағы.
Ал, ХХ ғасырдың басында үш жүз деген идеядан арылып, қазақ халқының біртұтас ұлт болып қалыптасқан уақыты. Себебі, қазақ халқы ендігі жерде бұрынғы Қазақ хандығы сияқты құрылымда өмір сүре алмайтындығында еді. Заман талабына сай қазақ даласында феодалдық құрылымның күйрегендігі және капиталистік бағыттың дами бастағандығы айқындалды. Осыған орай қазақ даласында батыстық үлгідегі жаңа демократиялық мемлекет керек екендігін тарих толқыны көрсетті.
Қазақ даласы қашан болмасын жерім, елім деген тұлғаларды дүниеге әкелген, ендігі жерде халқы мен жері бар қазақты бастайтын ірі тұлға керектігі анық біліне бастады. Сол ұлы тұлғалардың бірі хан әулетінен шықса да «халқыма өлгенше қызмет етем» — деген Әлихан Нұрмахаметұлы Бөкейханов. Олай деп айту себебім Ә.Бөкейханов ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде либералды-демократиялық партияның негізін қалағандардың бірі. Сол кездегі Ресей империясындағы мұсылман халықтарының саяси ықпалы қазақ жеріне де әсер етіп, исламшыл бағыт күшті әсерін тигізіп отырған. Бірақ та, Ә.Бөкейханов исламшыл татарлардан іргесін аулақ ұстап, өз соңынан ерген жас буынмен (Ахмет Байтұрсынов, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев) «Алаш» партиясының негізін қалаған. Алаш сол кездегі қазақтың білімді, жаңа көзқарасы бар жастарының басын қосқан партия. Бұл партияның «Алаш» деп аталуының өзі ерекше. Қазіргі кезде бір қалыптасқан тұжырымдама жоқ. Менің ойымша, партияның «Алаш» деп аталуы жауынгер қазақ халқының ұран тастағанда халқы мен жері үшін жанын қиятындығын білеміз. Ал сол кездегі ұйықтап жатқан қазақты ояту үшін Әлихан бастаған бір топ «Алаш» деп ұран тастап халықты өз соңынан ерте алды. Сол кезде әр қазақ өзінің шығу тегін Алаша ханнан деп есептеген. Ал қазақтың тұңғыш партиясы «Алаш» деп аталуының ешқандай ерсілігі көрінбейді.
Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса, Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» депті. Уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал.Міржақып Дулатов. «Қайтсек жұрт боламыз?» деген мақаласында патшаның отарлау саясатынан құтылу үшін, елдігімізді, тілімізді, дінімізді сақтау үшін не істеуіміз керек дей отырып, ол үшін мемлекет, автономия құруымыз керек, кім күшті болса, сол жұрт болып дегеніне жетеді, күш дегеніміз ол — әскер дейді. «Бұл заманда әскері жоқ жұрт жұрт емес, құл. Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз, қайсысына түсетін болсақ та ерік өзімізде» [1:263-264], яғни бір жолы құлдық, екіншісі жұрттық жолы.
ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық идеясы заман талабына сай сапалық тұрғыдан жедел жетілді. Әрі уақыт ағымына орай, саяси тұрғыдан ширығып, Алаш идеясы дүниеге келді. Оны жетілдіруші әрі қозғаушысы Алаш партиясын шынайы қажеттіліктен құрған алаш қайраткерлері тарихи мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау жолында жан аянбай еңбек етті. Бұл ел тарихындағы елеулі кезең турасында Президент Н.Ә.Назарбаев: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық — саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр» — деп, әділ бағасын берді [2:288].
Қазақ халқының тарихында әр ғасырдың басы аласапыран оқиғаларға толы болды. Бұл өз кезегінде тарих сахнасына ірі-ірі тұлғалар мен қайраткерлерді шығарып, түбірлі өзгерістерге алып келіп отырды. Әсіресе ХХ ғасырдың басы айрықша күрделілігімен, сансыз оқиғалардың сапырылысымен, ұлттық сананың оянуымен ерекшеленеді. Осы тұста қазақ даласында да Алаш ұранын көтеріп, қазақ баласын азаттыққа бастаған бір шоғыр қазақ қайраткерлерінің ой-пікірі мен іс-әрекеті жарқырап көрінді. Бұл кез Алаш ардагерлерінің айтуынша, «қазақтың бар болу немесе жоқ болу» мәселесі таразыға тартылған кез еді. Олай болатыны, бұл шақта қазақ халқы толықтай патшалық Ресейдің басыбайлы боданына айналған еді. Қазақ даласындағы хандық билік ыдыраған, билер институтының қадірі кетіп, орыс сотына қараған, дәстүрлі тіршілік қалпы мен өмір салты елеулі өзгеріске ұшыраған, ұлттық рух бәсеңдеген шақ еді. Алашорда қозғалысы мен Алаш идеясының пайда болуына тікелей осы аталған тарихи жағдайлар себеп болды. Қазақтың алғашқы оқығандары қазақтың жеке өз алдына ел болып, дамыған елдермен терезе теңестіре алатындай жағдайға қол жеткізуін көкседі. Ең алдымен қазақ баласының бір-бірімен пікір алмасуын қамтамасыз ету үшін мерзімді баспасөз құралдарын шығарды. Қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» пен «Қазақ» газеті «ұлттың көзі, құлағы һәм үніне» айналды. Бұлардың ұлттық сананы оятудағы маңызы орасан зор болды. Кішкентай жылғадан басталған бұл әрекет ұлғайып, арналанып зор халықтық қозғалысқа ұласты. Алаш қайраткерлері қазақ халқын азат ел ету бағытындағы мақсатты ойларын бес тұғырға негіздеді. Солардың ішіндегі ең бір маңызды тұғырының бірі — қазақ тілінің мәселесі болатын. Бұлай болатыны, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда «тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Ұлттың ұлы ұстазы бұл бағытта бос үгіт насихатқа салынбай нақты іске кірісіп, қазақ жоғының орнын толтыруға белсенді кірісті. Тарихқа үңілсек Алаш партиясының сол кездегі қазақ халқының өмірінде алатын орнын көреміз. Қазақты біртұтас ел деп танысақ, Алаш идеясын біртұтас қазақ идеясы деп мойындауымыз қажет. Ал қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы идеясынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Ол идеялар мыналар: бірінші: жер мәселесі. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Екінші: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» — деген болатын. Үшінші: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек», яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді. Төртінші: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек. Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Жер үшін, жер мен аспан байлығы үшін, тәуелсіз экономика үшін, тіл мен діл үшін, дін үшін, қазақ ұлтының көзқарасы мен ар-ожданын қорғайтын, ұлтты сыйлауға мойынсұнатын тәуелсіз заң мен тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастыратын тәуелсіз ғылым үшін күрес жолы енді басталды. [3:26]. Демек, Алаш идеясы бүгін де, ертең де өзінің жалғасын табады. Сол себептен біз Алаш идеясын жас буын арасында дәріптеуіміз керек.
Алаштанудың негізін қалаушылардың бірі, ғалым Мәмбет Қойгелді: «Алаш идеясы бұл қазақ халқының күнделікті тыныс-тіршілігінен бастау алады», деп ой түйіп, Алаш идеясының қайнарын: «Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келе салған жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, яғни ол қазақ ұлтының түрлі тарихи кезеңдерде өмірлік мүддесін білдіріп отыратын манифест бағдарлама. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстырып тастауға көп күш жұмсаған кеңестік билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғырып, жаңадан күш алуы оның өміршеңдік сипатын анықтайды» деген жолдардан тарихи сабақтастықтың үзілмегенін көреміз [4:304].
Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ елі өз қайраткерлерін және санылақтарын тарих беттеріне алып шықты. Бірақта жоғарғы буынды ағаларымыздың санасында бұрынғы кеңес дәуірінің идеялогиясы басым болса, ал жас буын батыстың идеялогиясына бет бұруда. Сол себептен жаһандану дәуіріндегі рухани тәуелділіктен қорғайтын бірден-бір ұлттық идеялогия Алаш идеясы болып табылады. Міне, заман қалай өзгерседе Әлихан Бөкейханов бастаған алаш азаматтарының ел, жер боламыз, қазақтың санасын оятамыз деген идеяларының өміршең болуы, оның қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.
Алаш идеясы – қазақ идеясы. «Атамыз — Алаш, керегеміз — ағаш» деген қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі «Алаш» ұғымына қайта оралып, оны бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды [5:29]. Атабабаларымыздың қазақ елінің тәуелсіздігі мен азаттығы жолындағы күрестері, істері, ұрандары – бүгінгі ұрпаққа үлгі және аманат.
Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі – Алаш идеясын болашақ ұрпақ бойына сіңіру. Алаш идеясы – ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды. Алаштың жолы, Алаш кайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары – бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстынымдарының бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал.
Әдебиеттер:
1. Байтұрсынов А.Тіл тағылымы. — Алматы: Ана тілі, 1992. 263-264 б.
2. Назарбаев Н.Ә.Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288 б. Қойгелдиев М.«Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы орны жөнінде» // «Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. — Семей, 2008. 26 б.
3. Төлепберген Б. Мәңгі жас Алаш идеясы: Публицистикалық зерттеулер мен мақалалар. — Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. — 304 б.
4. Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. — Алматы: Арыс, 2009.- 29б.