АЛАШ ИДЕЯСЫ – «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ НЕГІЗІ

АЛАШ ИДЕЯСЫ – «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ НЕГІЗІ

Оразбекова Р.С., Бижанова Г.Х., Байбосын Л.С.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушылары, Арқалық қаласы roza_orazbekova@mail.ru

ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық идеясы заман талабына сай сапалық тұрғыдан жедел жетілді. Әрі уақыт ағымына орай, саяси тұрғыдан ширығып, Алаш идеясы дүниеге келді. Оны жетілдіруші hәм қозғаушысы Алаш партиясын шынайы қажеттіліктен құрған алаш қайраткерлері тарихи мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау жолында жан аянбай еңбек етті. Бұл ел тарихындағы елеулі кезең турасында Президент Н.Назарбаев: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр» — деп, әділ бағасын берді [1].
Қазақ бола ма, болмай ма деген сауал талқыға түскен жиырмасыншы жүзжылдықтың басында ғасырдан-ғасырға ұласқан ұлттық идея ширыққан тұста, оның заңды жалғасы Алаш идеясы дер уағында дүниеге келді. Алаш идеясының уағыздаушысы, әрі оны жүзеге асырушы қайраткерлердің ұлт ісіне ерте есейген есті сана — жалындап тұрған жастық жігермен кіріскендіктері алдыңғы кезекте көрініс береді. Басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов сынды жол сілтер Алаш көсемдері тұрған алыптар шоғырының абыройлы ісіне тың серпін, жаңа тыныс берген жас шамасы жиырма-жиырма бестің, әрі кетсе отыздың о жақ, бұ жағындағы өрендер еді. Яғни, Алаш, идеясы өзінің жас, әрі жасампаз идея екендігімен ерекшеленді. Саралап көрелік.
Алаш қозғалысының көшін бастаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовтар ол кездері жастары қырықтың қырқасынан енді ғана асып, ақыл тоқтатқан, әрі өздерінен кейінгі толқын ізбасарларына Алаш идеясының өміршеңдігі ұрпақтар жалғастығында екенін ұғындырып, сол идеяны жүзеге асыру жолында қызмет етті.
Мұны жақсы түсінген, Алаш идеясының баянды болуына бар ынтышынтысымен еңбек еткен, арқалы ақын-жазушылар Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов Алаш қозғалысы құрылған тұста бірі жиырма төртте болса, бірі жиырма сегізге енді келді. Осы орайда М.Жұмабаев: «Тіршіліктің көркі ерік, Адамдыққа ол серік. Бір түскен соң қақпанға, Қалар бұрынғы еркелік», деп жазған [2].
Қазақ халқының тәуелсіздігінен айырылуының сыртқы жағдайларға байланысты болғанымен, надандықтың да ықпалының орын алғандығы туралы А.Байтұрсынов та, М.Жұмабаев та жазған. Надандықтың салдары бодан ел болуға әкелгендігін Мағжан Жұмабаев: «Бірлік жоқ алты ауызды халықпыз ғой, Қатардан сол себепті қалыппыз ғой. Ғылым мен мағрифатты керек қылмай, Надандық шәрбәтіне қаныппыз ғой», — деп ашына жырлаған [3].
1917 жылы «Алаш» партиясын құрушылардың қатарындағы ең жас көсем, Алашорда үкіметінің мүшесі Әлімхан Ермеков жиырма бес жасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Мұхаметжан Сералиндермен бірге Коммунистік партия көсемі Ленинге көршілес елдерге өтіп кеткен шекарадағы қазақ жерлері қазақтікі екенін дәлелдеп, көзін жеткізіп, мәселені қазақтың пайдасына шешті.
«Алаш» партиясының белсенді мүшесі болған, кейіннен алашшыл азаматтарға қауіп төнгенде, ағалардың ақылын тыңдап, мұраты бір жас алашшылармен бірге Коммунистік партия қатарына өткен сұңғыла суреткер Мұхтар Әуезов, 1914–1917 жылдары «Бірлік» қоғамының мүшесі (Омбы қ.), 1917– 1918 жылдары Алашорда жағында азамат соғысына қатысқан Дінмұхамед (Дінше) Әділев және жалынды алашшыл жастардың тұңғыш жетекшісі Смағұл Садуақасовтар сол уақытта бозбала шақты енді артқа тастаған небары он жеті жастың шамасында болатын.
Омбыда жас алашшылдар құрған «Жас азамат» ұйымының Қызылжар қаласында шығып тұрған үні – «Жас азамат» газетіне («Қазақ», «Сарыарқа», «Абай» сынды ұлтжанды басылымдардың ізбасары) редакторлық етіп, газет бетінде алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған мақалалары нөмір құрғатпай шыққан Қошке Кемеңгеров пен ұлтжанды алашшыл қайраткер Сұлтанбек Қожановтар сол кезде жиырмадан енді ғана асқан еді [4].
Ал, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтардың шәкірті, ізбасары ретінде солармен үндес, пікірлес болған өрелі өрен Ғазымбек Бірімжанов қаламгер, дәрігер, агроном және ағартушы-қоғам қайраткері санатына көтерілген жастардың қатарынан табылды. Сондай-ақ, жалпы қазақ съезінде Алашорда өкіметіне мүше болып сайланған Отыншы Әлжанов Жетісуға келіп, съезд қаулыларын жүзеге асыру ниетімен өлкенің айтулы азаматтары М.Тынышпаев, С.Аманжолов, И.Жайнақов, Б.Мамытовтармен тізе қоса отырып, игілікті істердің ұйытқысы болады. «Алашорда» милициясының алдында тұрған міндеттерді саралайды [5].
Бұдан біздің анық байқайтынымыз, бүтін Алашқа ұран болған Алаш идеясы — ақыл тоқтатқан аға буынның бастауымен ерте есейген жас ұрпақтың жалғастыруымен тағылымы бүгінге сабақ боларлық салмақты жас та жасампаз идея. Сондықтан да, Елбасы атап көрсеткендей «Біз Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күрескен азаматтарды ерекше қадірлей білуіміз керек. Осы ретте Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып, мемлекетімізді нығайтып, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз» [6].
Алаш зиялылары бұл мәселеде салиқалы пікір ұстанды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып, мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануын кемшілік санаймыз», – деп, өз ұлтының ешкімнен кем емес екенін айтып, патшалық Ресей саясатының солақай бағытты ұстанғандығын сынайды. Ал патша ағзам жарлығымен қара жұмысқа алынуы тиіс жарты миллионнан астам қазақ жастарына жолдаған үндеулерінде Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатов: «Бірі – барса, алынған жігіттер қазаға, бейнетке аз ұшырайды, екіншісі – «бармаймын» деп қарсылық қылса, елге зор бүліншілік келеді» — деп, қан төгілуін қауіп қылып, бұл амалсыздық шарасы екенін алға тартты. Яғни, бұл жағдай Алаш зиялыларының іштей буырқанып, толысып, қарсылықты қалайша білдіру қажеттігін іздене түсуге түрткі болды
[7].
Енді 1917 жылғы ақпан революциясының қазақ зиялыларына қаншалықты әсер еткеніне тоқталық. Қазақ зиялылары үшін тәуелсіздік идеясы 1917 жылы аса өзекті болды, өйткені, Ақпан революциясы халыққа бостандық пен теңдік берді деп ұғынды. Патша тақтан құлап, самодержавие жойылғаннан кейін дербес мемлекет болуға мүмкіндік туды деп есептеді. «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше ғана құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырдан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Жүз жылдан бері халықты теңдікке жеткізу жолында ескі үкіметпен алысып, дарға асылып, оққа ұшып, басы айдауда, малы талауға түсіп жүрген сабаздар жасымай, бірі кемісе, оны артып, ақырында Россия қол астындағы халықтардың бәріне дін, ұлт, тіл айырмасына қарамай азаттық әперді. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп жатыр» – деп Ақпан төңкерісінің жеңісіне шаттанды
[8].
Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекеттік. Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Кез-келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы – Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды. Ал оның ішкі әлеуметтік мазмұны, демократиялық принциптерге сүйенген қоғамды халықтың мәдени деңгейіне және саяси белсенділігіне тәуелді екендігін ұмытпағанымыз жөн» [9].
Бұл Бүкілқазақтық Алашорда кеңесінің мүшелерін сайлап, төраға етіп Әлихан Бөкейхановты бекіткен 1917 жылғы желтоқсандағы Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ сьезі Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың уәжіне құлақ асып, қазақ халқының автономиясы туралы мәселені де мақұлдады. Алаш қозғалысының мақсат-мұраты осы сьезд қарсаңында жарық өрген («Қазақ» газеті, 1917жыл. №251.) «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасымен түсінікті болды.
Аталған бағдарлама жобасын жасаушылар: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Ғұмаров, Есенғали Тұрмұхамедов, Ғабдолхамит Жүндібаев және Ғазымбек Бірімжановтар болды. Он бөлімнен тұратын партияның бұл бас құжатында сол кездегі қазақ қоғамының өзекті мәселелері түгелге дерлік қамтылған деуге болады. Осы қазақ халқының басындығы тарихи жолайрық кезеңіндегі нақты жағдайларды саралаған «Алаш» партиясы қазақ ұлтының дамуының балама жолын ұсына білгендігі жоғарыдағы құжаттан көрініс тауып тұрғандығы анық. Бұл реттегі біздің ойларымызды тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов былайша түйіндейді. «Осылайша, ұлттық идеяны кемеңгерлікпен түзу Алаш қозғалысын аспандатты, дұрыс ұлттық идеяға табан тіреген Алаш қозғалысы қазақ қоғамы тарихының жаңа белесін ашты. Ұлттық мақсатмұратқа, яғни, ұлттық идеяға адалдық, жанкештілік, интеллектуалдық биік өремен ағымдағы, кезек күттірмейтін қазіргі және болашақтағы міндеттерді айқындай білу — бүгінге жеткен Алаш аманатының ең құндылары» [10].
Алашорданың шырқау шегіне жетіп, қызмет аясы тарылған тұста одан арғы таңдау бастапқы жолдан бас тарту еді. Ленинмен болған келіссөз нәтижесіз аяқталған соң, амалсыз саясаттан мүлдем қол үзіп кету ұлт мүддесі үшін күресте ұпай әпере қоймайтыны белгілі. 1919 жылдың 4 сәуірдегі өкіметтің «кешірімінен» соң, Алаш арыстары ақыры саясаттың ыңғайына иліккенімен, ұлттың қамын «ұрандатпай» шешуге кірісті.
1920 жылы Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов және Мұхтар Әуезов сынды алыптар коммунистік партия қатарына бекер өткен жоқ. Осы уақыттың талмауыр талабын тап басқан Әлихан Бөкейхан қазақ халқын және танылып қалған алашордашыларды аман сақтау үшін «көзге түспеген» жастар тезірек міндетті түрде коммунистік партияға өтуі керек деген пікір айтады.
Алаш жұртының қамы үшін айла мен тығырықтан шығар амал іздеген олар оттан да, судан да тайсалмады. Айталық, Алаш идеясын толыққанды жүзеге асыруда большевиктерден жеңіліс тапқанымен, таулары шағылып, тауандары қайта қойған жоқ. Қайта қайраттана, ширыға түсті. Өз елінің тарихын жақсы біліп қана қоймай, туған топырағының сүймендей жері көрші мемлекеттердің құзырына өтіп кетпесі үшін бар білігі мен батылдығын жұмсаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков және Мұхаметжан Сералиндер қазақ ұлтының бірлігімен қатар, жерінің де тұтастығын сақтап қалды. Кеңес үкіметінің көсемі Ленин бұл ретте бір жағынан әділдікке, бір жағынан саясатқа салып, қазақ зиялыларының ығына жығылды. Нәтижесінде бұрын Ресейдің құрамына өтіп кеткен көптеген жерлер Қазақстанға қайтарылып, тарихи әділеттілік орнады.

Әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә.Тарихтолқынында.-Алматы: 1999, 172-173 б.
2. Жұмабаев М. Шығармалары.-Алматы:1989. – 27б.
3. Жұмабаев М. Шығармалары.- Алматы: 1989, — 47б.
4. Нұрсалиев Р.Ауэзов и Алаш.- Алматы: 1995
5. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда.- Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.
6. Назарбаев Н.Ә. Елдіктің белгісі — Елорда. Астана қаласының 10 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзі. // Егемен Қазақстан. 14 шілде 2008 жыл.
7. Алаш.Алашорда.Энциклопедия/Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс, 2009–544 б
8. Қамзабекұлы Д. Алаштың рухани тұғыры.-Астана:Ел-шежіре, 2008.– 206 б.
9. Қойгелдиев М. «Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы орны жөнінде»,«Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Семей, 2008 жыл, — 26 б.
10. Әбжанов Х. Алаш қозғалысындағы ұлттық идея эволюциясы, «Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Семей, 2008 жыл, — 9 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *