Әдеби редакция ұғымы және редакторлық қызмет
1.
Әдеби редакция түсінігі күрделі, көп қырлы. Латынның «redaktus» сөзінен шығып, тікелей мағынасы «жөнге келтірілген» дегенге саяды. Редакциялауды радио, телевизия, баспасөз бетіне материалды дайындау кезіндегі әдеби-қоғамдық шығармашылық еңбектің бірі ретінде қарастырады. Журналистика тарихы, жазушы-классиктердің тәжірибесі негізінде қаланып, бүгінгі БАҚ-ның практикалық жұмысының жаңа сапаға көтерілуінің арқасында даму сатысына аяқ басқан бұл білім бағытының өзіндік методикасы қалыптасқанмен, басқа филологиялық пәндерге қарағанда біршама «жас» деп айтуға болады. Өзінің мақсаты жағынан практикалық, құрылымы жағынан кешенді келетін аталған пәннің ғылыми жүйеге түсуіне ұйытқы болған ғалым және 1952 жылы ММУ-і журналистика факультетінің университеттік курс лекциясында алғаш рет әдеби редакция жайлы оқыған -профессор К. И. Былинский еді. Лекцияда курстың жалпы концепциясы, пәннің зерттеу объектісі белгіленді, оның негізгі түсініктері, бөлімдері айқындалды. Осылайша басы негізделгеннен кейін, оның практикалық бағдарламасының «жасақталуы» басталып, жаңа методикалық көмекші оқу құралдары басылып жатты. А. В. Абрамовичтің және Э. А Лазаревичтің әдеби редакциялау жөніндегі практикумы талғамға сай келіп, үш рет басылды. Көп жылдар бойы әдеби редакцияның мәні ашылмай, оған мәтінді түзетудің, оның ішінде грамматикалық қателермен жұмыс міндеттері ғана таңылды. Әсіресе, революцияға дейінгі кезеңде патшалық үкімет тұсындағы газет-журналдарға сауаты жеткіліксіз тілшілер қызмет атқаруы редакторлардың басты жұмысы қателерге бой алдырмау, түзету болып келді. 40-шы жылдардың соңына таман шыға бастаған әдеби редакциялау жөніндегі кітаптар бұл стереотипті ақырын-ақырын бұза бастағаны тарихтан мәлім. Баспасөз практиктері мен теоректиктерінің білім қорын К. И. Былинскийдің 40-шы жылдардың екінші жартысында жарық көрген «Основы литературного редактирования и правки газетных материалов» атты еңбегі толықтыра түсті. Онда қарастырылған тақырыптың шебер зерттелуінің, зерделенуінің арқасында бұрын түсініп келген тар шеңбердегі қалып бұзылып, редакциялаудың басқа да қалтарыстары мен қырлары кең көлемде жан жақты негізделді. К. И. Былинскийдің лекцияларында әдеби редакция бір процесс ретінде қарастырылып, оның ішінде автордың туындысын мазмұн, фактілік дұрыстылық пен нақтылылық тұрғысынан қарау, шығарманың қоғамдық мәніне редактордың көңіл қоя білуі, автордың стилімен санасу керектігі пән барысында алғаш рет қаралады.. Яғни редакторлықтың жеке әдістерін жинақтаудан жүйелі ғылымиланған санатқа көтереді. «Мәтін тілімен жұмыс жасағанда оны мазмұнынан жеке дара қарастыруға болмайды… Ойдың бояуын сөйлем құрылымының өзгертілуі кетіреді. Бір сөзді басқа сөзбен алмастыру, бір құрылымды басқа бір құрылыммен өзгерту ой өрнегінің немесе стилистикалық түстің әлсізденуіне әкеп тірейді» деген талап сол уақыттарда қойылған болатын. Осы сөйлемнің ары қарай дамуы екі рет басылып шыққан К. И. Былинский мен Д. Э. Розентальдің еңбектерінде, Н. М. Сикорский, А. Э. Мильчин, М. П. Сенкевичтердің кітаптарында көрініс тапты. Курстың жұмысы Лазаревичтің бағдарламасы бойынша ары қарай жалғасын үзбеді.
Редакторға қойылатын басты талаптарға және міндеттеріне тоқтала кетсек. Редактордың міндеттерінің бірі — өңдеп жатқан материалдан әсер етудің максималды эффектісіне қол жеткізу. Аудиторияның сана-сезіміне әсер ету техникасын кеңінен пайдалана алуы шарт. Ақпараттық функцияны атқарған кезде БАҚ материалдары өзінің нысанына жетер алдында жалпыға түсінікті газет тілімен жеңіл жеткізілуі тиіс. Бірақ тақырып мәселесін терең, зерделі талдануына да көңіл бөлген дұрыс. Редактордың мәтін тілімен еңбектенуінде, пайдаланған фактілердің дәлдігін анықтауда, ойдың шебер жеткізілуінің қадағалануы қатар жүреді. Яғни, материал — жүйелі, артық сөзсіз, ретімен дамытылған, фактілері — тексерілген, сенімді, оқырманды тартатын, жарқын болғаны тиімді. Кәсіптік деңгейінің жоғарылығы, шеберлігінің өткірлігі материалдың тағдырына қатты әсер етеді. Көбіне көп осы санаттағы адамдардың бойында сыншы, тіл маманы, стилист, педагог, ұйымдастырушы және суретші сияқты мамандық иелерінің білімі мен қарымы астасып жатады. Журналистік шығармашылық өзінің айналасушысынан жанжақтылық және салалық білімді жетілдіруді талап етеді. Редактор білімділігі — мақаланың эффектілігін арттыруға, талаптарға сай жарық көруіне сеп бермек. Есте сақтаған жөн болар, редактор қызметі қанша жерден көптүрлі болғанымен, ең алдымен ол — әдеби қызметкер. Редактор деп аталуға тек жан-жақты, білікті, логикалық ойлау машығына кенде емес, әдеби тілдің нормаларына қанық адам ғана лайық. Редакторлық баға, сын — бұл шығармаға сырт, шебер, білімді сыншының бағасы. Сондықтан редактор мен цензордың арасындағы айырмашылық аз деген сылтаумен олардың ескертулері мен түзетулерін елемеушілердің пікірі орынсыз. Теле, радиобағдарламалар, газет мақалаларын дайындау, жарыққа шығару кезіндегі технологиялық-өндірістік үрдістің барлық буынын меңгергендігі редактордың ұйымдастырушылық қызмет-міндеттерінің сапалылығына әсер етіп, өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Газет, кітап баспасы, полиграфиялық, радио, телевизиялық технологиялармен ұтымды жұмыс істегенде, көркемдеуіш құралдар арқылы шығарманың маңыздылығын белгілеуге, селт еткізер тұсын бажайластыруға көмектеседі.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1. Аудиторияның сана-сезіміне әсер ету.
2. Редактордың ұйымдастырушылық қызмет-міндеттері.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Сихорский Н.М. Теория и практика редактирования. М., 1972.
2. Лазутина Г. В. Основы творческой деятельности журналиста. М., 2001.
3. Справочная книга редактора и корректора. М., 1985.