Әдеби редакциялау пәні туралы түсінік

Журналистика – өмір көрінісі. Ол өмірді сипаттап қана қоймай, онда болып жатқан іс-әрекеттер жөнінде ой тастайды, қоғамға жол сілтейді, бағыт-бағдар алуына көмек етеді. Осылайша журналистика маңызды қоғамдық-саяси рөл атқарып, жұртшылыққа әлеуметтік белсенділік туғызып, шындықты ашып береді. Журналистік қызмет халықтың керегіне жауап беріп, әлеуметтік дамудың жолдарын жариялап отырады. Журналист бұл салада қоғамдық-саяси қызмет жасаудың өнерін игере біліп, әлеуметтік процестерге өз еңбегімен белсене араласады.
Қандай да бір қоғам, саяси жүйе болсын оның дамуында жалпы ақпараттық қызметтің, бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметі мен рөлі зор, өйткені қоғамның қалыпты саяси-әлеуметтік өмірін күнделікті ақпарат тарату қызметінсіз көзге елестету қиын. Ақпараттар күнбе-күн бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылады.
Бұқаралық ақпарат құралдары дегенде, ең алдымен теледидар, радио, газет-журналдар мен ақпарат агентттіктерінде қызмет істеп жүрген төртінші билік өкілдері – ақпаратты жинап, оны миллиондаған көрерменге жеткізетін журналистерді ойға алатынымыз даусыз. Алайда ақпаратты жинау өз алдына, оны өңдеп содан кейін халыққа жеткізу шығармашылық процесс екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Мысалы, экрандағы 2 минуттық сюжет үшін қанша адамның еңбегі сарп етілгені жайлы көзі қарақты әр көрермен көбіне-көп ойлана бермейтіні де негізсіз емес. Өйткені бүкіл ұжымның жұмысы кадр сыртында қалатыны белгілі. Газет – журналдарда да сол. Материал редакциялаудан өтпейінше, тұтынушыға жол тарта алмайды. Ал көрермен сол еңбектің тек жемісін ғана көріп қабылдайды, яғни дайын өнімді қабыл алады.
Ал дайындалмаған шикі материалмен жұмыс жасайтын кім? Бұл қиын да үлкен жауапкершілікті талап ететін қызметті өз мойнына алатын кім? Ол бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарының ұжымдарында маңызды орын алатын мамандық иесі – редактор.
Телевизия, радио, баспасөз бетіне жарияланатын журналисттік шығарманың мәтінімен жұмыс жасау кезіндегі редакторлық кәсіптің теориялық, практикалық әдіс-тәсілдерімен танысу — осы пәннің басты мақсаты. Бұл басқаның материалын баспаға дайындар алдында керек болады және өз қаламынан шыққан шығарманы объективті бағалауға септігін тигізеді. Мәтіннің формалық түтастығын сақтай білу, стильдік, логикалық қателерден аулақ болу, оқырманның түйсігіне сай оқиғаны суреттей алу қабілеті журналистің кәсіби біліктілігін білдіреді. Әдеби редакция теориясының журналистік шығармашылықта алатын орнын, маңыздылығын осы факторлардан-ақ байқаймыз.
Бұл сабақта мәтінмен жұмыс жасаудың белгілі теориялық негіздемелері мен практикалық әдіс-тәсілдері жайлы, сонымен қатар редактордың қызметтік міндеттеріне арналған мәліметтер қамтылған.
1) әдеби редакцияға жалпы түсініктеме беру;
2) мәтінді түзетудің әдістерімен таныстыру;
3) редактордың басты міндеттерін айқындау;
4) филологиялық әдістердің ішіндегі редакторлық анализдің мәні мен мамұнын ашу, сонымен қатар практикалық редакцияда алатын орнын анықтау;
Кеңестік идеология іргесінің сөгілуі, жаңа уақыттың орнауы мен қоғамның өмір сүру дағдысының ауысуы—журналистика саласын да ауқымды өзгерістерге салды. БАҚ-да журналист емес журналистер, редактордың кәсіби міндеттерінен ада редакторлар келіп, қазақ журналистикасына үлес қосып жатқан жайлары бар… Сондықтан әдеби редакциядағы ғылыми-практикалық мәселелерге қалам тартудың өзі өзекті.
Бүгінгі таңда редактордың жұмысы мәтінді түзету мен тексеруден ғана тұрмайды. Оның атқаратын қызметі өте ауқымды. Кей жағдайда оның іс-әрекеті оны телебағдарламаларды, газет материалдарын жасаудағы шығармашылық процестің көшбасшысы етіп көрсетеді. Бұл ретте көп сөз айтуға болады, оның теориялық та, практикалық та мәнін ашуға болады. Өйткені осы жолда талай ғалымдар зерттеулер жасаған, ой-пікірлер айтқан. Редакторлық іс-әрекеттің мақсаттары мен міндеттері, редактордың жұмысының ерекшеліктері, редакциялаудың жалпы әдістемесінің негізі туралы А.Мильчин, Н.М. Сикорский, К.И.Белинский, М.П.Сенкович, К.М. Накорякова секілді т.б. ғалымдардың еңбектерінде кеңінен зерттелген.


Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Накорякова К.М. Литературное редактирование материалов массовой ниформаций. М., 1994.
2. Лазутина Г. В. Основы творческой деятельности журналиста. М., 2001.
3. Справочная книга редактора и корректора. М., 1985.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *