ШАЛ АҚЫН ҚҰЛЕКЕҰЛЫ (1748-1819 Ж.Ж.)

ШАЛ АҚЫН ҚҰЛЕКЕҰЛЫ (1748-1819 Ж.Ж.)
Өткен дәуір әдебиетінің белді өкілдерінің бірі – Шал ақын. Ол — негізінен бұқара халық идеясын жырлап, өмір қайшылықтарын көре білген, еңбекші халық ортасынан шыққан, ауыз әдебиеті үлгісін ұстанған суырып салма ақын. Шығармалары баспа бетін кейінірек көргендіктен, ақын творчествосы ұзақ жылдар бойы зерттеусіз қалып, тек кейінгі жылдарда ғана ғалымдар назарын аударып, ақын әдебиет тарихынан берік орын алды. Шоқан Уәлиханов өзінің еңбегінде Атығай руының Бейімбетінен Шал деген ақын шыққанын ескертеді. Шоқан оны өз елінің тарихи шындығын көтеріп, өз руының өткенінен сөз қозған эпик жыраулардың бірінен санайды.
Шалдың бір өлеңі 1929 жылы «Жаңа әдебиеті» журналының 5- санында басылды, Ол өз өмірі туралы айтылған «Он бес деген жасым-ай» деп басталатын 19 жолды туынды. Бұдан кейін 1958 жылы, Ғалым Малдыбаев «Қазақ әдебиеті» газетінде ақынның бір топ өлеңін және оның өмірбаянын қысқаша мәлімет жариялады. Кейінірек Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет және өнер иниституты қорына ақынның тағы бір топ өлеңдерінің тізімі келіп түсті. Осы қолжазбадағы ақын өлеңдерін біз 1962 жылы шыққан «XVII-XIX ғасыр Қазақ ақындарының шығармалары» жинағында тұңғыш жарияланды. Кейін «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967) хрестоматиясына және «Алдаспан», «Үш ғасыр», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында басылып келеді. Мұның өзі ақын туралы мәліметті молайтып, ол туралы кейбір ғылыми қорытынды жасауға мүмкіндік берді. 1960 жылдардан бастап, Шал творчествосы арнайы зерттеле түсті. Оның қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан өз заманнының беделді ақындарының бірі болғаны айқындалады.
Шал қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь ауданы, Қаратал ауылында туып өскен. Әкесі Құлеке, ағасы Байжігіт (әрі батыр, әрі би) — сол кездегі жорықтарға қатысқан белгілі адамдар. Шалдың шын аты – Тілеуке. Өзінің жастай үлкендерше сөйлеп, төрде отырып төрелік айтқан мінезіне қарай жұрт оны Шал деп атап кеткен. Оның сүйегі Есіл өзені бойындағы Қаратал деген жердегі зиратқа қойылған. Ақын өзінің жас шағын еске алған сөздерінде кедейлік көріп өскенін:
Кедейлік жабыстың ғой бала жаста,
Мені ұятты қылдың ғой қарындасқа.
Аш белімнен құшақтап айырылмадың,
Көз танысың жоқ па еді менен басқа,-
деп ашық айтады. Шал өлең шығарып айтумен ерте айналысқан. Жасынан сөзге үйір, тілге ділмар, ойлы жас болып көзге түскен. Ел арасында ақындарымен іліс-қағыс айтыстарғада қатысып жүрген. Шалдың жас кесінде айтқан суырып салма өлеңдерімен бірге «өлеңге тоқтамайды Шал дегенің» деп басталатын бір шығармасы белгілі.
Шал ақынның қазір бізге мәлім өлеңдерін оқыған әрбір адам оның адамгершілік идеясын көтеріп, әділ істі, ізгі ниетті жақтаған шыншыл ақын болғанына күмәнданбайды.
Шал кейбір зорлықшыларды ғана сынап қойған ақын емес, соған қоса, кәрі-жас, жарлы, бай демей, олардан жамандық көрсе түгел шаруасын, кәсібін түгел қамтуға тырысқан. Сондықтан ақын өлеңдерінің тақырыбы кең де, халықтың беті айқын. Дәулетіне сеніп көкірексіген кердең байларды, парақор тынымсыз әкімсымақтарды жек көреді Халықтың нақыл стилінде келетін ақынның бұл жолдары оқушысына көп ой салады. Бай- би болсаң да, хан болсаңда, қалың елің мен қараша халқыңды ұмытпа, соларға пана бол деген ой айтады.Ақын билердің кісі хақын жемей, елге адал қызмет етуін талап етіп, адамгершілік ақылдар айтады. Кейбір адамдарға тән сараңдақты қатты сынға алады. Ақын шығармаларында қоғам өкілдері өзінің шындық бейнелерін табады. Тек сараң байлар ғана емес, әділетсіз би, болыстар, қулықпен мал тапқан алаяқтар, алдауыш сұмдар, жалған-жәдігөй молда, ишандар, дөкір, содыр сойқындар түгел дерлік сыналды. Бұлардың жұғымсыз істері, екі жүзді екі жүзді мінездері әшкереленеді. Ондайлардан елді сақтандырады:
Дос болма майда тілді күлгенменен,
Би болып сырты жылтырап жүргенменен.
Ақынның сыншылдығы- өз кезіндегі қоғамға деген оның наразылығының айғағы. Әрине, бұл қылықтары әкім тобына ұнай бермейді. Олар ақынның көмейін тығындап, қолға ұстаудың әрекеттерін істеп бағады. Ал оның басын игізе алмаған күнде ақынға көрсетер теперіші де мол. Бас иуден тартынып, тілін тартпаған ақынды би-болыстар жек көріп, қуғынға салған. Солардың зорлықтарын ақын көп көрген. Әсіресе, Тоқсан би деген болыстан Шал көбірек зәбір шегеді. Болыстың ұрылары Шалдың атын ұрлап, жаяу қалдыруға дейін барады. Оны күштеп, тіліне тыйым салмақ болады. Зорлықшыларға ақын қайсарлықпен тілін қадай түседі.
Арамзаларды күнәдән арылтып, иманды қылатын Мекке мен Мәдинеге сапар шегу дегенге қарсы шығады. Ең алдымен күнәлі болмауға үндеп, ақын оларға ізгілік жолын ұсынып, жоқ-жітік кедейлерге көмектесіп, ата-ана, меймандосты құрметтей білуді парыз деп ұғындырады. Адамшылық үшін іс қылып, адал өмір сүрген адамға үй ішінен артық Мекке де, жұмақ жолы да жоқ, деп ой түйеді.
Шал өзінің енді бір топ өлеңдерінде жастарды ибалы, әдепті, қайырымды, білімді болуға үндеп отырған. Жаны таза мәдениетті оқыған, адал жасты аңсаған ақын, ондай абзал адамдар алдына зор мақсаттарды қоя біледі. Білім алғанда парызы — еліне, халқына пайдалы қызмет ету деп ашық айтады.
Көреген ақын сол кездегі оқығансымақтардың тек құлқынқұмарлыққа, өз басының жеке пайдасына қызмет етіп, қалтасын қамдап, қарнын қампайтып берекесіз істермен шұғылданып жүргендерін сынай білген. Осыған орай ақын көпшілікке, халыққа пайда тигізетін, адам біткенге ізгілікпен қарайтын парасатты жастарды аңсайды.
Шал — өмір туралы кең толғанған ақын. Оның өлеңдерінде қазақтың шаруа жайы да, мал баққан елдің тұрмыс тіршіліктері де молынан жырланады. Қазақ шаруаларына арнап, жыр толғап, оларға да өз білген ақылдарын аямайды. Кейбіреулердің шаруаға қырсыз болатынын ескертіп, қолындағы бар дәулетті бағалай біл, береке еңбекте деп, еріншек бос селтеңге қарсы шығады. Дәулетті болу үшін тек болғысы болу аз, оны бағалай білу керек дейді.Тіленшектік немесе ұрлық–қорлық жолымен баю сияқты әділетсіздіктерді ақын барынша жек көреді.
Дәулеттілердің малшы- жалшылардың еңбегімен санаспай, олардың қар төсеніп, мұз жастанып суыққа тоңып жүріп тапқандарына қожа боп, кеуде керіп, кердеңдеп бос менменситіндіктерін сынайды.
Ақынның ойынша тіршіктің парызы – адамгершілік, азаматтық, ерлік істер көрсеіп, әділетті өмір сүру, ортасына жақсылықпен көріну, ел- жұртқа адал еңбек ету, ер азаматқа, адал жанға лайық қарекет жасау.
Қысқасы, Шал — өз заманының беделді ақыны. Оның өлеңдері әр кезінің басты мәселелерін көтеріп, халыққа адамгершілік ақыл – ғибрат береді. Ақын шығармашылығы әлеуметтік сырын айқындап, оның халықтық тенденциясын нығайтты. Әдеби тіл мен көркедік тәсілдің ілгерілей түсуіне өз үлесін қосты. Сондықтан Шал өз еңбектерінің әдебиетіміз тарихында елеулі орны бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *