Редакторлық талдау және әдеби редакциялау. Редакторлық талдау және оның обьектісі.
Дәріс мақсаты: Редакторлық талдау және әдеби редакциялау туралы, редакторлық талдау және оның обьектісі жайында студенттерге талдап, түсіндіру.
Дәрістің жоспары:
1. Редакторлық талдау және әдеби редакциялау.
2. Редакторлық талдау және оның обьектісі.
Логика мен психологияда «анализ», яғни «талдау» термині, ойлау процесін білдіреді, ал оның басты мақсаты: обьектіні бірнеше бөлікке бөліп қарастыру арқылы жан-жақты талдау. Шығарманы бағалауда да редактор оны бөлшектер мен элементтерге бөлу арқылы саралайды.
«Анализ» сөзі ғылымда кең мағынада зерттеу дегенді білдіреді.
Сонымен, редакторлық талдау дегеніміз не? Ол не үшін қажет? Редакторлық талдау мәтінді толыққанды зерттеу үшін қажет.
Көзі қарақты әр оқырман өз оқығанын әр қилы бағалайды. Мысалы, кітап оқи отыра, адам әлдебір сезімдерді бастан кешіреді. Бірде кейіпкерлердің ренішіне бірге ортақтасса, бірде бірге қуанады. Ал кітап пен оқырман арасындағы байланысты жасауда редактордың да біршама үлесі бар. Өйткені редактор дайындалмаған материалмен жұмыс жасағанда, былайша айтқанда мәтінге жан бітіргенде, ол ең алдымен оқырманның талғамын ескереді.
Шикі материал оқырманның кәдесіне жарай ма? Ол тек автордың өзі және редакторға ғана белгілі жайт. Редактор жұмысы автор үшін таптырмас қолғабыс, көмек болатыны сөзсіз. «Сырт көз — сыншы» дегендей, автор өз жұмысын редакторға тапсырады.
Ал редактор мәтіндегі кемшіліктерді ашып көрсетіп, түзетулер енгізу арқылы мәтінге ерекше реңк береді. Редактор мамандығының басты құндылығы міне, осында.
Осы орайда, редактор мәтінге ең алдымен оқырман көзімен қарайды, алайда редактор мен оқырман арасындағы айырмашылық жер мен көктей.
Редактор редакторлық талдау процесі барысында баспаға жіберілетін материалдың мазмұнымен жете танысады. Сонымен қатар, оқырманға қалай әсер ететінін де алдын-ала болжайды.
Қолжазбаға өзінің тарапынан баға беріп, түзетулер ұсынады. Яғни редакторлық талдауды, оқығаннан кейін жасалатын қорытындылары болжамының зерттелуі деп те қарастыруға болады.
Бұл болжаулар редакторға белгілі негіздерге ғана сүйеніп жасалады. Редактор алдында тұрған мәселелерді дұрыс шешуде бірнеше қадамдарға басымдық береді. Яғни, редакторлық талдау процесі бірнеше сатыдан тұрады. Жалпы, редакциялауда түзетудің төрт түрі бар, олар қайта оқып түзету, қысқарту арқылы түзету, өңдеу арқылы түзету, қайта жазып барып түзету. Грек тілінен аударғанда «analysis» сөзі бөлу, бөлшектеу дегенді білдіреді. Талдау өз кезегінде, үш басты кәсіби міндеттердің шешілуін меңзейді, олар мәтінді зерттеу, оған баға беру және авторға ұсыныс білдіру.
Редакторлық талдаудың объектісі — әдеби шығарма болғандықтан, ол әдеби сын және кітаптану принциптеріне негізделеді. Бұл дегеніміз, қолжазбаға мінездеме бере отыра, редактор әлеуметтік қоғамдағы әдебиеттерді жалпы бағалау әдісіне сүйенеді, соған басымдық береді.
Редакторлық талдау мен әдеби сынның негіздері біртұтас болғанымен де, олардың міндеттері әркелкі. Сын дегенде, мәтінде айтылған басты ойға баға беру дегенді түсінеміз. Сын оқырманның мәтінді түсінуге жәрдемдеседі. Оқырманды эстетикалық тәрбиелеуде сүбелі үлес қосады. Редакторлық талдау да өз алдына сын болып табылады, бұл сын ең алдымен авторға арналып айтылады. Ол автордың еңбегіндегі кемшін тұстарын көрсетіп айшықтауға бағытталған. Демек, редакторлық талдаудың сынға қарағанда қоғамдық санаға әсер ету тұсы кемшін. Бірақ бұл тұжырымды жоққа шығаратын бір нәрсе бар, әрине редакторлық талдау авторға тек ой салу, мәтінді түрлендіру арқылы қоғамдық санаға әсер етеді деп айту артық, алайда редактор баспаға жіберілген кітапта өз қолтаңбасын қалдырады, осылайша, ол автормен бірге қоғамдық санаға біршама әсер ету мүмкіндігіне ие болады.
Барлық сөз өнер атауларының ішіндегі әсіресе көркем әдебиет редакторлық талдауды қажет етпейтін секілді. Өйткені ол бүтін бір дүние. Алайда бұл жаңсақ пікір. Редактордың шеберлігі ықпалымен қаламгерлердің шеберлігін шыңдауға болады. Әдеби сын жарыққа шыққан туындыға жасалады, ал редакторлық талдау әлі жарыққа шықпаған дүниемен жұмыс жасау деген сөз. Сын оқырман назарына ұсынылса, редакторлық талдау автор назары үшін жасалады.
Редактор ең алдымен әдеби — көркем шығармалардың қалай топтастырылатынын білуі қажет. Олар былайша топтастырылады
• функционалдық маңызы
• оқырман мекен-жайы
• ақпарат мінездемесі
• құрылым
• мәтін дайындау мінездемесі
• басылым құрылымы
Функционалдық маңызы белгісі бойынша әдеби — көркем шығармалар ғылыми және бұқаралық басылымдар болып бөлінеді. Оған аудармалар, пікірлер, толықтырулар жатады. Олар тек оқылуға ғана арналған. Бұл ең көп кездесетін көркем әдебиет түрі.Оқырман мекен-жай белгісі бойынша, әдеби-көркем әдебиет былайша бөлінеді. Оқырман мамандығы, білімділігі, жасы. Яғни, үш басты белгі бойынша бөлінеді.
• жас ерекшелігі
• кәсіби
• психологиялық-педагогикалық ерекшелік
Автор-қолжазба-редактор-баспа-оқырман жүйесінде жеке пікірлер, редакторлық жеке талғам, тілдік және стильдік белгілер, автор стилі, баспаның коммерциялық бағыты, оқырман сұранысы, тағы басқа факторлар үлкен рөл атқарады. Редакторлық талдау ең алдымен, мәтіннің баспаға жарамдылығын анықтау мақсатында жасалады. Сондықтан, қолжазбаны бағалай отыра, редакторлық талдаудың объектісі анықталады.
Әдеби шығарма редакторлық талдаудың объектісі бола тұра, көптеген басқа да мысалы, логика, психология, лингвистика, кітап типологиясы салалары тұрғысынан да зерттеу жұмыстардың объектісі болып табылады.
Осы ғылыми салалардың әрқайсысы тек өз тұрғысынан мәтіннің белгілі бір жағын ғана зерттеумен ерекшеленеді. Мысалы, кей жағдайларда редактор мәтіннің тек идеологиялық немесе логикалық жақтарын ғана зерттеумен айналысуы мүмкін. Сонымен ғана шектелу мүмкін.
Оқырман талғамына сәйкес келетін және қоғам игілігіне жарар дүниені редактор қашанда жоғары бағалайды. Мәтін қандай болып шығады, қоғамның сұранысына қарай қандай болу керек деген жайттар редакторлық талдаудың объектісін аңғартады. Объект деп жеке бір мәтінді, айтуға болады, не болмаса мәтін ішіндегі белгілі бір фактор да зерттеу нысанына айналады.
Баға дегеніміз – қалыптасқан қағидаларға жауап беретін объектіні бағалаудың қосымша процесі. Сапасы деп те айта аламыз. Л.И.Беляев «К вопросу о типологии читателей» атты еңбегінде мәтінді бағалау процесі «қарама-қайшылықтар мен ұқсастықтарды анықтау бағытында жасалған ой жұмысын анықтайды» деп атап көрсеткен. Демек, баға мәтінмен жұмыс жасалған процестің барысында, сондай-ақ, соңында жасалады, өйткені бағалау үшін зерттеу қажет. Зерттеу үшін басты объектіні таңдау қажет.
Редактор объектінің мазмұнындағы және жазылуындағы белгілерді салыстыра отыра, қолжазбаға баға береді. Сондай-ақ, қоғамда қалыптасқан қағидаларға қаншалықты сәйкес екендігін, жалпы қатысын зерттейді. Алайда қоғамда қалыптасқан қағидалар жалпыға ортақ емес, бір ғана топ мүддесіне бағытталуы мүмкін. Бағалау көрсеткіштері оқырманға әсер ету сапасымен анықталады. Редакторлық талдаудың объектісі — әдеби шығарма болса, ол әдеби сын және кітаптану принциптеріне негізделеді. Бұл дегеніміз, редактор әлеуметтік қоғамдағы әдебиеттерді жалпы бағалау әдісіне сүйене отыра, қолжазбаға мінездеме береді, сол тұрғыдан, обьектіні анықтап, зерттеу жұмыстарын бағдарлайды.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1. «Анализ» сөзі ғылымда кең мағынада зерттеу деген нені білдіреді?
2. Редактордың ұйымдастырушылық қызмет-міндеттері.
3. Редакторлық талдаудың объектісі.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Накорякова К.М. Литературное редактирование материалов массовой ниформаций. М., 1994.
2. Сихорский Н.М. Теория и практика редактирования. М., 1972.
3. Справочная книга редактора и корректора. М., 1985.