Редакторлық талдаудың түрлері

 

Редакторлық талдау ең алдымен, мәтіннің баспаға жарамдылығын анықтау мақсатында жасалады. Сондықтан, қолжазбаны бағалай отыра, редакторлық талдаудың объектісі анықталады.
Әдеби шығарма редакторлық талдаудың объектісі бола тұра, көптеген басқа да мысалы, логика, психология, лингвистика, кітап типологиясы салалары тұрғысынан да зерттеу жұмыстардың объектісі болып табылады.
Осы ғылыми салалардың әрқайсысы тек өз тұрғысынан мәтіннің белгілі бір жағын ғана зерттеумен ерекшеленеді. Мысалы, кей жағдайларда редактор мәтіннің тек идеологиялық немесе логикалық жақтарын ғана зерттеумен айналысуы мүмкін. Сонымен ғана шектелу мүмкін.
Оқырман талғамына сәйкес келетін және қоғам игілігіне жарар дүниені редактор қашанда жоғары бағалайды. Мәтін қандай болып шығады, қоғамның сұранысына қарай қандай болу керек деген жайттар редакторлық талдаудың объектісін аңғартады.
Объект деп жеке бір мәтінді, айтуға болады, не болмаса мәтін ішіндегі белгілі бір фактор да зерттеу нысанына айналады.
Баға дегеніміз – қалыптасқан қағидаларға жауап беретін объектіні бағалаудың қосымша процесі. Сапасы деп те айта аламыз. Л.И.Беляев «К вопросу о типологии читателей» атты еңбегінде мәтінді бағалау процесі «қарама-қайшылықтар мен ұқсастықтарды анықтау бағытында жасалған ой жұмысын анықтайды» деп атап көрсеткен.
Демек, баға мәтінмен жұмыс жасалған процестің барысында, сондай-ақ, соңында жасалады, өйткені бағалау үшін зерттеу қажет. Зерттеу үшін басты объектіні таңдау қажет.
Редактор объектінің мазмұнындағы және жазылуындағы белгілерді салыстыра отыра, қолжазбаға баға береді. Сондай-ақ, қоғамда қалыптасқан қағидаларға қаншалықты сәйкес екендігін, жалпы қатысын зерттейді.
Алайда қоғамда қалыптасқан қағидалар жалпыға ортақ емес, бір ғана топ мүддесіне бағытталуы мүмкін. Бағалау көрсеткіштері оқырманға әсер ету сапасымен анықталады. Редакторлық талдаудың объектісі — әдеби шығарма болса, ол әдеби сын және кітаптану принциптеріне негізделеді. Бұл дегеніміз, редактор әлеуметтік қоғамдағы әдебиеттерді жалпы бағалау әдісіне сүйене отыра, қолжазбаға мінездеме береді, сол тұрғыдан, обьектіні анықтап, зерттеу жұмыстарын бағдарлайды.
Редакторлық талдауды тәжірибелі редакторлар жасайды. Редакторлық талдауда ең алдымен, практика, белді редакторлардың тәжірибелері үлкен басымдыққа ие. Маңдайалды редакторлардың тәжірибелері көрсеткендей, сын мен түзетудің негізі мәтіннің оқырманға қалай әсер ететінін алдын-ала болжай алу қабілеті болып саналады.
Редакторлық талдаудың екі міндеті бар. Біріншіден, мәтінді түбегейлі зерттеу ғылыми тұрғыдан сараптау, оқырманға әсерін алдын-ала талдау негізінде болжам жасау.
Бұл болжамның механизмі – оқылғаннан бұрын және кейінгі сәтте оқырманның санасын, сезімін және мүмкіндігін салыстыру.
Екіншіден, түпкілікті зерттеу негізінде мәтіннің бастапқы планға шығарылған қоғамдық міндеттемелерге деген оқырмандардың көзқарасын зерттеу. Мәтін өзгеріске ұшыраған бастапқы кезеңде оқырманның жай-күйін, мәтін бара-бара түзетілгеннен кейін оқырманды зерттеу қажет. Сондай-ақ, осы кезеңде басты шарттар қою арқылы редакторлық талдаудың басты әдіс-тәсілдерін, бағытын анықтап алу керек. Мәтін толықтай түзетіле ме, әлде бір бөлігі ғана ма — бұл сұрақтарға нақты жауап алу қажет. Мәтінге енгізілген өзгерістердің жоспарлы түрде алғышарттарын айқындап алу шарт.
Бұл мәселелер оңайлықпен шешілмесі анық. Өйткені редактордың қолында тек «дайындалмаған» материал ғана болады. Ал оған қажетті деректер мәтіннен тыс жерде жатқанын редактор тез түсінеді. Ал оған редактор қалай қол жеткізеді?
Әрине, редактор мәтінді ең алдымен зерттеу нысаны ретінде қарастыруы заңды. Алайда, редактор мәтіннің оқырмандарға әсер ету жағын да басты нысан ретінде қарастырса, онда редакторлық талдау жұмысын ұйымдастыруында айтарлықтай мін болмайды. Демек, жұмыс барысында тығырыққа тірелу деген нәрселер кезікпейді.
Ол тек редактордың ұйымдастырушылық қабілетіне ғана тірелетін, сол қасиет түйсігімен жүзеге асатын шаруалар. Әр мәтін дайын болғаннан кейін өз оқырмандарына жол тартады. Біршама қоғамдық санаға әсер етеді. Ал одан бұрын редактор оқырмандардың санасына қалай әсер ететінін тек ойша болжалайды. Алайда, бұл құбылысты дөп басып айту қиын болғанмен де, редактор болжам жасауға қауқарлы болуы керек. Редактор мамандығының қиындығы да сол.
Сондықтан да редакторлық талдауды ойлау қызметі ретінде қарастыруға болады.
Бұл зерттеу түрін ой эксперименті деп атау да қисынды. Редактор оқырманға айналып, мәтін мен оқырман арасындағы байланысты ойша елестетеді. Сондай ойлау жұмысы негізінде мәтін бағаланады.
Алайда, редактор қолжазбамен жұмыс жасағанда, бір топ оқырмандармен бірге де оқып, ол жөнінде пікір бөлісе алады. Осындайда ортаға түскен пікірлер редакторға айтарлықтай көмектесе алады. Алайда, редакторлық талдаудың орнын пікірталастар әсте алмастыра алмайды.
Алайда редакторға бір бағыт сілтеп, ой салуы әбден ықтимал. Оқырмандардың жекелеген пікірлері тек толыққанды зертеу жұмысына қосымша ретінде пайдалана алады.
Редакторлық талдаудың механизмінің тұғыры – мәтін оқылғаннан кейінгі және дейінгі сәттегі оқырмандардың сезімдері, санасы мен мүмкіншіліктерін салыстыру негізінде жасалған болжамдар.
Осы орайда, біз редакциялауға осындай анықтама бере аламыз:
Редакциялау дегеніміз – баспаға арналған мәтіннің қоғамдық маңыздылығының алғышарттарын құру процесі. Яғни, болжам негізіндегі мазмұны мен құрылымындағы оқырмандарға әсер ету шарттарын талдау, сонымен қатар, авторға мәтіннің қоғамдық құндылығын анықтауға, түзету немесе байытуға көмектесу немесе мәтінді қоғамдық құндылық шарттарына біршама жақындатып сәйкестендіру.
Мәтінді қалайша бөліп зерттеуге болады? Бұл сұрақтың үнемі санамызда қылтиятыны да бар. Өйткені кез-келген адам мәтінді біртұтас дүние ретінде қабылдайды. Алайда, мәтінді бірден қабылдау мүмкін емес, өйткені адамның санасы мәтінді текстік элементтер, бөлімдер бойынша қабылдайды екен.
Редакторлық талдау — шығармашылық процесс, содан болар, оның құрылымы да өте күрделі. Ол үш әркелкі қабатта бір уақытта жүзеге асатын сияқты.
Біріншіден, ол бірнеше бөліктен тұрады, өйткені мәтіннің өзі көптеген бөлімдерден тұрады.
Екіншіден, текстегі әр бөлік зерттеуді талап етеді, бұл бөліктер бірнеше ойлау операцияларды бастан кешіреді, олар мыналар:
• автордың айтар ойын жетік түсіну
• мәтіннің мағынасын тағы бір мәрте сана сүзгісінен өткізу
• мәтін бағытталған оқырманның ерекшелігін ескеру
• оқырман мәтінді қалай қабылдайтынын ойша болжау
• мәтін қандай мақсатты көздейтінін анықтау
• мәтіннің жалпы, өзіндік ерекшеліктерін зерттеу
• мәтіннің оқырманға әсерін елестету
Осыдан кейін ғана мәтін бағаланады. Егер де баға межеден төмен болса, онда талдау одан әрі жалғасады. Біріншіден, бағаның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін, екіншіден, авторға мәтінді жақсартатын тиімді тетіктерді табуға жәрдемдесу үшін.
Редакторлық талдау бірнеше түрге бөлінген. Бір тобы қолжазбаны бағалауына бағытталса, екіншісі оны жақсартуға бағытталған.
Үшіншіден, редакторлық талдау бірнеше бөлімнен тұрады, өйткені мәтіннің әр бірлігінің құрылымды және формальды қасиеттері болады. Талдау түрлерінің бірінші тобы құрылымды-логикалық бөлім, талдау түрлерінің екінші тобы оқырмандардың талғамын анықтауға бағытталған, ал үшіншісі мәтін ішіндегі бірліктердің қасиеттерін білуге бағытталған.
Яғни, біріншіден редакторлық талдау-мәтіндік бірліктер бойынша талдау, екіншіден ойлау процесіне бағытталған талдау, үшіншіден қасиеттерді талдауға бағытталған талдау деп қысқа ғана қайыруға болады.
Мәтін бір-бірімен сабақтасқан сөйлеу, логикалық, композициялық, айдарлық бірліктерден тұрады. Ал олар өз ішінде қасиеттер бойынша тағы бірнеше түрлерге бөлінген.
Мәтін құрылымының редакторлық талдауға түсетін үш басты элементі бар.
1) сөз (логикалық бірлік)
2) сөйлем (баяндау бірлігі)
3) жоғарыфразалық тұтастық (айдарлық бірлік)
Сеченовтың айтуынша, ойлау қабілетінде объектілер үш басты формада қойылған: туыстық топтар мүшелері ретінде, кеңістіктегі тіркестер мүшелері ретінде және уақыттағы топ мүшелері ретінде бір-бірімен байланысқан.
Мәтінді бөлшектеу – логикалық процесс. Мәтін былайша бөлінеді:
1) негізделген
2) адекватты
3) қорытындыланған
4) шексіз бөлшектер бойынша бөлінеді.
Редакторлық талдау қолжазбаны оқудан басталады.
Редакторлық оқудың ерекшелігі редактор мәтінді ақпарат ретінде қабылдамайды, оған жұмыс нысаны ретінде қарайды.
Екінші ерекшелігі редакторлық оқуда редактор мәтінді ойша бөлшектейді. Мәтінді тарауға, одан бөлімдерге, одан абзацтарға, одан кейін жеке фразаларға бөліп тастайды. Ал бұл фразалардың өзі өз ішінде қасиеттеріне сәйкес бірнеше бөліктерге бөлінеді.
Редакторлық талдау жасағанда кейбір редакторлар түзетулерді парақтың сызық жолындағы жерге белгілейді. Мысалы: «Возмутитель спокойствия» романының редакторы «Мәтіндегі түзетулерді үш түрге бөлген. Олар – нақты түзетілуі тиіс, түзетуді талап ететін және түзету енгізуді тағы бір мәрте қаралуды қажетсінетін түзетулер.
Редакторлардың көбі түзетулерді әркелкі түспен көрсеткен не болмаса арнайы белгі-шарттармен белгілеген. Яғни парақ сызығы жолындағы жерге белгіленген, я болмаса түрлі түстермен белгілеу редактордың жеке әдісі. Дегенмен де, бұл түзетулер нақтыланған болуы шарт. Редакторлық талдау үш элементтің бөлшектенуінен тұрады. Олар тақырып таңдауын бағалау, оның құрылымы, әдеби әрлеу.
Тақырып таңдауын бағалауда келесі тәсілдерді ескеру шарт: Тақырып өзектілігі не? Және бұл кітап, мәтінді басқа да тақырыптас дүниелермен салыстыру. Тақырып өзектілігі ашыла ма? Басқа шығармалармен салыстырғанда, бұл мәтін қандай деңгейде екенін білу керек. Тақырыптары ұқсас басқа да шығармалардың ішінен бұл шығарма қандай орын алатынын кеңінен зерттеу керек.
Тақырып құрылымын анықтау үшін автор тақырып ашуда қандай позицияларға сүйенгенін білу шарт. Бір ғана топтың мүддесі үшін жазылған дүние ме, әлде бүкіл халықтың мұң-мұқтажын суреттеу үшін жазылған ба? Бұл жерде бастысы автор қандай мақсатты көздегені, автордың пиғылы не екенін жете түсіну керек.
Яғни, тақырып құрылымын талдағанда, редактор оның идеологиялық, методологиялық және ғылыми жақтарын анықтайды. Идеологиялық жағы жөнінде жоғарыда айттық. Ғылыми жағы дегенде, редакторда мәтіндегі қандай да бір мәселе төңірегінен хабары болуы керек. Бұл дегеніміз редактордың ойлау қабілетіне, оның білімділігі мен парасаттылығына байланысты.
Методологиялық жағы дегенде, редактор белгілі бір тіл заңдылықтарын, оның нормаларын, әдіс-тәсілдерді бүге-шігесіне дейін меңгеруі шарт.
Материалдағы фактілер. «Factum» сөзі латын тілінен шынайы оқиға, құбылыс дегенді білдіреді. Факт дегеніміз — шындыққа жанасатын адам білімінің формасы.
Факт деп мәтіндегі сандарды, деректерді, біреудің сөзін айтамыз. Ол түзетуге келмейтін деректер. Осы орайда редактор автордың фактілерді дұрыс қолданылғанын, сондай-ақ, фактілердің шынайылығын тексереді. Фактілерге сүйене отырып, автор тақырыптан ауытқымай ма? Мәтінде фактілер қаншалықты орынды қолданылған? Факті деп отырған деректер шынымен-ақ, фактілер ме? Осындай сұрақтарға редактор жауап іздейді.
Басқа мәтіннен алынған бөлім, біреудің сөзі, яғни төл сөз. Олар барлық, дерлік, мәтіндерде кездеседі. Өйткені қандай да бір мәтін болмасын, ол нақты деректермен әрленуі керек. Және олар түзетуге жарамсыз келеді. Авторлар біреудің айтқан сөзін – төл сөзді мынадай жағдайдарда қолданылады. Біреудің айтқан сөзіне қарама-қайшы келетін өз ойын білдіру мақсатында, сонымен қоса айтқан өз ойын басқа біреудің – танымал ғұлама болуы мүмкін – сөзімен нақтылау, не болмаса өз мәтінін байыту үшін қолданады.
Төл сөзді қолдануға байланысты редакторлық талдауда екі тапсырманы шешу керек. Біріншіден, олар мәтінге қажет пе, қысқартуды талап ете ме – осыны шешіп алу керек. Көп жағдайда төл сөз көп қолданылады да, ал олардағы айтпақ ой бір арнаға тоғысады, сондықтан да оларды қысқарту, не болмаса мүлдем алып тастау редактор қателігі емес, керісінше редактор міндеті.
Екіншіден, төл сөз ақпарат көзінен алынғандығын анықтау шарт. Қателер жіберілмеген бе? Бұл міндет төл сөздер мен төлеу сөздерді автор дұрыс қолданылды ма, соған бағытталған.
Яғни автор біреудің айтқан сөзін бұрмаламай ма , соны анықтап алу керек. Өйткені ондай жағдайда автор басқа автордың құқықтарын бұзуы мүмкін. Осыдан шығатын қорытынды, автор міндетті түрде сілтеме жасау қажет. Автордың назарынан тыс қалған осындай құқыққа тірелетін олқылықтар редактор назарынан тыс қалмау керек.
Мәтінді бір құрылыс нысанына теңесек, ал оның бөлшектері яғни кірпіштердің дұрыс қалануынан бұл құрылыстың тұғыры нық болмақ. Яғни бөлшектердің бір-бірімен мағыналық байланысы үзіліп қалмауы қажет. Әйтпесе, құрылыс процесі дұрыс жүрмей қалады.
Мәтін құрылымына келгенде, мәтін бірнеше бөлшектен тұратынын білеміз, ал осындай бөлшектердің қосындысын құрылым, композиция дейді
Әрбір бөлшегін атау да редакторлық талдауда орын алатын жайт. Бұл өз кезегінде мәтін бағытын анықтауда көрсеткіштік бағдарлар бола алады.

Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Накорякова К.М. Литературное редактирование материалов массовой ниформаций. М., 1994.
2. Сихорский Н.М. Теория и практика редактирования. М., 1972.
3. Лазутина Г. В. Основы творческой деятельности журналиста. М., 2001.
4. Справочная книга редактора и корректора. М., 1985.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *