МАРҒАСҚА ЖЫРАУ (ХҮІІ Ғ.)
Марғасқа жыраудың қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны әлі де белгісіз, не тарихи кітаптарда, не көне құжаттарда, немесе ескі шежірелерде мына жылы дүниеге келіп, мына жылы дүниеден өтті деген нақтылы дерек кездеспейді. Ғылымда Марғасқа ХҮІІ ғасырда өмір сүрді деп айтылады. Жыраудың өз дәуірінде әлденеше ұзақ-ұзақ толғаулары да болған шығар. Алайда, соның көбісі бізге жетпеген, кезінде хатқа түспегендіктен ел жадынан шығып, бұл күнде ұмыт болған.
Марғасқа ел аузында «бүтін билікке Төле би жеткен, бүтін хандыққа Есім хан жеткен» деп атаққа шыққан Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсында өмір сүріпті. Ал, осы атақты Ер Есім жайлы Қазанғап Байболов үлкен дастан жазған. Ол жыр Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы. Осы аталған еңбекте Ер Есімнің қазақ халқын қырық жыл бойы басқарып, белдеуінен тұлпары ктпегені, білегінен қылышы түспегені, өмірінде бел шешіп тыныш ұйықтамағаны жан-жақты айтылыпты. Есім ханның үлгілі істерін талай тарихшылар жазған да, айтқан да шығар, бірақ, ол түралы ХҮІІ ғасырдағы Марғасқа толғауы ерекше бағалы екені даусыз.Өйткені, ол айбынды ханның әрі батыры, әрі ақылшы жырауы болғанға ұқсайды. Ғалым-жазушы М.Мағауин Марғасқа жырау жөнінде былай депті: «ХҮІІ ғасыр әдебиетінен қалған нұсқалар өткен дәуірлермен салыстырғанда біршама аз. Бұл кезде жасаған қазақ ақын – жырауларынан біздің заманымызға шығармалары жеткені – Жиембет, Марғасқа жыраулар. Бұл екеуінің аты ХҮІІ ғасырдың алғашқы жартысында билік құрған хан «Еңсегей бойлы Ер Есіммен» байланыстырылады.
Бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруға тырысқан Есім ханның өз мақсатын орындау жолында жеке ұлыс- тайпалардың хандары мен ірі феодалдарының қарсылығын тойтарып отыруына, кейде тіпті қантөгіске баруына да тура келеді.Есімнің жолына кесе- көлденен тұрғандардың бірі- Қатаған.Шанышқылы руларының ханы, Ташкентті билеуші Тұрсын еді. Тәуелсіз әмірші болғысы келген Тұрсын Есімнің қалмақтарға қарсы жорыққа кетуін пайдаланып қазақ ауылдарын шабады. Көп жұртты харап қылады. Ұзамай-ақ кезек Қатағандарға келеді. Ызақор, дұшпанына мейірімсіз Есім жорықтан орала салысымен Ташкентті шауып алып, Қатағандарды қырғынға ұшыратады. Тұрсын ханның өзін өлтіреді. Бұл оқиға Абылғазы Баһадүр ханның айтуынша 1627 жылы болған. Есім ханның батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы Марғасқаның біздің заманымызға жеткен бір өлеңі осы оқиғаға байланысты туған. Бұл М.Мағауиннің деректері Марғасқаның өмір сүрген кезінен біраз мәлімет береді.Бұл шағын өлең небары 13 жол. 1627 жылдар шамасында Ташкенттің сол кездегі әміршісі Тұрсын ханға байланысты туған. Есім ханның Ташкентті алуы өте шұғыл. Қаланы алу барысында көп қантөгіс болады. Себебі, біріншіден, Тұрсын ханның сөзінде тұрмауы болса, екіншіден, Есім ханның Тұрсын хан сілтеген жорықта көп қиындықты басынан кешіргендігі болса керек. Есім хан айтқандай Ташкентті бір- ақ түнде қолға қаратады. У- шусыз Тұрсын ханның ордасын басып алады. Марғасқаның бізге жеткен қысқа өленіңде батырлық сарын басым. Жалғыз Марғасқа емес, одан кейінгі біраз жырауларды айтуға болады.