КӨТЕШ АҚЫН РАЙЫМБЕКҰЛЫ (1745-1818 Ж.Ж

КӨТЕШ АҚЫН РАЙЫМБЕКҰЛЫ (1745-1818 Ж.Ж
Көтеш—XVIII ғасырда өмір сүрген ақын. Қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туып-өскен. Арғы атасы —Тұрлыбек. Халық аңызы бойынша ақын 80 жастан асқан кезде өлген.
Көтеш ақындықпен жас кезінен шұғылданған. Әуелі елдегі айтыс дәстүрі бойынша танылып, арнау өлеңдері елінің тарихын, жауға қарсы жорықтарын, өз дәуірінің келелі мәселелерін көтеріп отырған.
Көтешті біз ақындар поэзиясының бастапқы өкілі, аты мәлім ақындық өнердің тұңғышы дейміз. Себебі, бұған дейінгі көркем сөз өкілдері не шешен, не жырау аталған және сол аттарына сай шығармалар қалдырған. Ал, Көтеш болса, нағыз ақпа ақындарға тән қасиеттермен танылып, сол ақын поэзиясы үлгісін ұстанған, қара өлең, қайым өлең жанрын байытқан. Ақынның бізге мәлім шығармалары бұл пікірімізді толық дәлелдей алады. Өзінің мазмұны жағынан әлеуметтік, қоғамдық, тұрмыстық мәселелерді кеңінен көтеріп, әр түрлі лирикалық өлеңдерін шығарған. Ақындарша айтысып, арнау, ойнақы терме, сынай арнаулар айтып жүрген.
Қалмақтың қазақ жерін босату күресіне белсене араласқан әрі батыр, әрі ақын саналған ол Жасыбай, Олжабай батырлар бастаған Сүйіндіктердің қалың қолдарымен бірге жүріп, Әрбір күрес нәтижелерін сөз еткен. Аталмыш батырлар туралы ұзақ жырларды толғап жүрген.
Көтеш — өлеңді көп шығарған төкпе ақын. Оның әлі жиналмай, ел аузында жүрген сөздері көп. Соның бірі ақынның, «Жасыбай батырдың әйелін жұбатуы» — деген толғауы. Ақын шығармалары өз кезінің талай тақырыптарын көтеріп, ішкі – сыртқы ел қайшылықтарына үн қосқан. Ол өз еліндегі кемтарлар тұрмысын, әлеуметтік теңсіздіктерді де, халықтың мұң – шерлерін де толғана жырлады «Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан мол хабардар Көтеш сол ауыр оқиғаны тебірене толғап, халық қайғысына үн қосады. Ә.Жиреншиннің болжауынша, ел арасына кеңінен мәлім «Қараутаудың басынын көш келеді» өлеңін шығарған осы Көтеш.
Қазақстан Ғылым академиясының қолжазба қорында Көтеш айтқан осы «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңінің бір нұсқасы жатыр. Текстің ұзын–ырғасында айырмашылық көп емес. Қалмаққа қарсы соғыс аяқталып, ішкі егестер қозған кезде Көтеш Абылай ханға наразы ерлер жағында болып, сол ханға қарсы топтың сойылын соғып, Бөгенбай, Қазыбек, Олжабай топпен бірге Абылайдың өзімшіл өр мінездерін бетіне басқан. Оған дәлел «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің» өлеңі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *