Орыс ханның ұрпақтары Керей және Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр билігінен бас тартады да, соңына ерген барлық жұртымен түп көтеріле көшіп, Қозы-Басы деген қоныста дербес хандықтың туын көтереді. Бұл жаңа ұлыс Қазақ Ордасы деп аталады. Атақты тарихшы Мұхамед Хайдар Булаттың айтуынша, бұл 1456 жылы болған. Керей мен Жәнібектің қарамағындағы халық саны әуелгіде 200 мыңдай екен, біраз күш жинап, өзінің саяси жағдайын нығайтқан соң, қазақ ұлысы Көк Орда жерін түгел қайтарып алу үшін күрес бастайды. Қазақ Ордасының әуелгі әміршісі – Керей хан, одан соң оның шөбере інісі Әз-Жәнібек хан билік құрды. Одан соң Бұрындық, одан кейін аз ғана уақытқа Әз-Жәнібектің ұлы Әдік, Әдіктен кейін оның туған інісі Қасым Қазақ Ордасына хан болып сайланады. Бұрындық хан тұсында қазақтар Сырдарияның бойына жайыла қоныстанды. Сығанақ, Сауран, Түркістан, Сайрам, Үзкент, Ақ-Қорған, Арқұқ сияқты маңызды шаһарларды иеленді. Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шәйбани хан ең алдымен Қазақ Ордасын экономикалық қыспаққа түсірмек болады. Шәйбани Қазақ Ордасына төрт рет жорық ұйымдастырады. 1510 жылғы қысқы жорықта Орта Азияның әміршісі Мұхаммед Шәйбани талқандалады. Бас қолбасы Қасым сұлтанның даңқы шартарапқа мағлұм болады. Қасым хан — Әз Жәнібектің бел баласы. Қол бастауда да, ел басқаруда да ежелгі ата дәстүрін берік игерген Қасым сұлтан өзінің бар ғұмырын болашағын негздеуге бағыштайды. Қасым хан Қазақ Ордасын төңірегімен тегіс бітімде, бейбіт ұстайды. «Қасым ханның қасқа жолы» аталатын көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады. Қазақ Ордасының қуатты ұлысқа айналуы – Хақ-Назар ханның есімімен байланысты. Хақ-Назар – Қасым ханның ұлы. Хақ-Назар Қазақ Ордасының батыс шекарасын Еділ мен Жайық аралығына жеткізеді. Тәуекел хан жастығына қарамай, тәжірибелі тәжірибелі әскербасы әрі білгір саясатшы, кемел тұлға болтын. Тәуекел бахадұр хан тұсында Орта Азиядағы қаһарлы билеуші Абдолла хан талқандалады. Есім хан Қазақ Ордасының ішкі сыртқы жағдайын әбден орнықтырды. «Есім ханның Ескі жолы» аталатын атақты заң желісі осы кезеңде қабылданған. Біртұтас Қазақ Ордасында тура 35 жыл билік құрған Әз-Тәуке – Салқам жәңгірдің бел баласы. Әз-Тәукенің тұсындағы әуелгі соғыс зор шығынмен аяқталады. Әз-Тәуке құдіретті көрші Ресемен арадағы қатынас мәселесіне көңіл бөледі. Әз-Тәукенің ең үлкен еңбегі – «Жеті жарғы» аталатын заң жүйесі. 1715ж. Әз-Тәуке дүние салды. Жоңғарлар тарапынан қауіп күшейді. 1723 жылғы жоңғар шапқыны және соның нәтижесіндегі қазақтардың босқыны – осыған дейін тура қырық жыл бойы жүргізілген саясат пен майданның – Қазақ Ордасы мен Дүрбін-Ойрат арасындағы аяусыз күрестің соңғы түйіні, зардабы. Алаш ұлының Ақтабан шұбырындыдан соң қайта біртұтас, қуатты мемлекет ретінде қалпына келуі – Абылай хан есімімен байланысты. Абылайдың қазақ елін қайтадан көтеру жолындағы күресі қырық жылдан астам уақытқа созылды, өте ауыр болды, абыроймен аяқталды. Бұл оқиғалар жыраулар поэзиясынан көрініс табады. Ноғайлы ақындары – Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Қазтуғандар өз кезінің ауыр халін жырға қосса, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей поэзиясында жоңғар соғысы қамтылған. Қазақ хандығының туу, орнығу кезеңдеріндегі түрлі оқиғалар жыраулық поэзиямен қатар, тарих, шежіре элементтері аралас жазба әдебиет үлгілеріне де молынан түсіп отырған. Оған Мұқхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри, Мұхамед Салық, Әбілғазы жазбалары толық айғақ.
Қызылордадан шыққан «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде М.Әуезов жырау өз ортасында салмағы бар қоғамдық тұлға екендігін байыптай отырып, оның негізгі атқарар функциясы «өлеңшілік емес, басшылық істеп, басалқы айту болатын» дей келіп, хан қасындағы «қалың клдің ішінен қосылған қария кеңесінің» өкілдері деген тұжырым атйды. Кейін Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, З.Ахатов, Е.Ысмайылов, Н.С.Смирнова, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Дербісалин еңбектерінде жеке авторлар туындылары ғана емес, жалпы жыраулық шығарманың ақындық поэзиядан негізгі ерекшелігі – жырау тек үлкен эпостарды жырлайтындығымен емес, елдің іргелілігі үшін күресетін ақылгөйлік, көрегендік, даналық сөздер сөйлейтін көсемдік табиғатымен тікелей байланыста қарастырылады.
1941 жылы жарық көрген проф. Б.Кенжебаев, проф. Х.Сүйінішәлиев, М.Мағауин, Қ.Сыдиқов, М.Жармұхамедов, Ө.Күмісбаев, Б.Ақмұқанова, Қ.Мұхамедханов, Е.Тұрсынов, С.Дәуітов зерттеулерінің де маңызы аса зор. Толғау жанры жайында Ә.Дербісалин, Б.Әбілқасымовтар арнайы зерттеу жазды.