БҰХАР ҚАЛҚАМАНҰЛЫ (1668-1781.)

БҰХАР ҚАЛҚАМАНҰЛЫ (1668-1781.)
Әдебиет тарихынан елеулі орын алып, артына өшпес мұра қалдырған көрнекті жыраулардың бірі – Бұқар Қалқаманұлы. Халық өмірінің алмағайып – аласапыран, тарихта қалу – қалмауы екіталай кезеңінде тұрмыс кешкен жырау өз толғауларында сол тұстағы көкейтесті, күрделі мәселелерге жауап іздеп, соның бірден – бір жоқшы – жыршысы бола білді.Оның жыр – толғауларының үнемі әлеуметтік өткір мазмұнға құрылып отыруының басты себебі осы.
Жырау, ең алдымен, шоғырланбай шашырап жатқан халықтың басын тас түйін біріктіру арқылы қанқұйлы жауға тойтарыс беру ісін ұйымдастыра алатын алғыр, қолбасшы – көсемнің қажеттілігін ерте түсінді, сөйтіп, осы ұлы мақсатқа орай ол әйгілі Орта жүз ханы Абылайға да тәуелсіздік үшін жан сала күрескен халық мүддесін терең түсініп, өзін бірыңғай сол күрес жолына арнады. Мұндай ақылы мен айласы астасқан кемеңгер басшының үлгілі істері мен оның төңірегіндегі белгілі батырларының жанқиярлық ерліктерін жырау үнемі асқақ жырлап, солардың өшпес әдеби бейнесін жасауға күш салды. Осының бәрі, түптеп келгенде, жыраудың туған халқының білігі мен болашағын ойлау мақсатындағы ерлікке барабар іс — әрекеттерін аңғартады.
Бұқар жыраудың ұзақ жасаған жасындағы өмірлік деректері бізде көп сақтала бермеген. Тек саналы ғұмырының бәрі түгелдей дерлік Абылай ханның қасында, соның оң тізесін басқан қабырғалы да сәуегей биі, ақылшы – кеңесшісі ретінде өткені мәлім. Өз өлеңдерінде келтірілген деректерге қарасақ, жыраудың жоқшылықтың зардабын көп тартқан адам болғаны көрінеді.
Бұқар жырау қазіргі Қарағанды облысына қарайтын Ульянов ауданының Далба тауының бойында дүниеге келіп, сол мекенде қайтыс болады. 1993 жылы жыраудың туғанына 325 жыл толған мерейтойында оның басына үлкен күмбез орнатылды.
Бұқар шығармалары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап жиналып, зерттеліп келді. Алғашқы жариялануы деп «Таң» журналында жарияланған жырларын айтамыз. Мұнда жыраудың «Бірінші тілек тіленіз», «Ай не болар, күннен, соң», «Айналасын жер тұтқан», «Ақсаннан биік тау болмас», «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ей, Абылай, Абылай», «Керей қайда барасың?», «Ханға жауап айтпасам» атты бір топ өлеңдері жарық көрді. Бұқар шығармаларын жариялауда С.Сейфуллин үлкен еңбек етіп, «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинағында жыраудың «Жал ,құйрығы қаба деп», «Ай не болар, күннен соң», «Асқар таудың өлгені», «Қалданменен ұрысып», «Атам болған жиырма бес», «Құбылып шыққан бәйшешек» атты толғаулары бастырылған. Бұқар туындылары алғаш рет толыққа жуық көлемде «Алдаспан» жинағында басылды. Бұған үлкенді – кішілі 49 толғауы енді. Алайда, Бұқар шығармаларының бізге жеткен асыл үлгілерін айтқанда, ең алдымен, белгілі фольклорист Мәшһур Жүсіп Көпеев жырау туындыларын атауға болады.
Бұқар жырларының ең бастапқылары Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, И.Березин қорында сақталып, кейбір үлгілері солардың жариялануымен басылған. Бір – екі толғауы Құрбанғали Халидұғұлының «Тауарих хамса Шархи» атты кітабында жарық көрген.
Бұқар творчествасын танып – білуде, әдебиеттегі орнын белгілеп, бағалауда әр тұста әр пікір таластар бар. Кейбір зерттеушілер оны «Сарай ақыны», «Орда ақыны» деген ат қойып, феодалдық салт – сана мен Абылай ханның жыршысы деп теріс бағаласа, енді бір әдебитшілер жыраудың үстем тап жыршысы бола тұрса да, өз туындыларымен сол тұстағы саяси — әлеуметтік мәселелерге үн қосып, дұрыс бағыт ұстағанын айтады. Сонымен бірге ХҮІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінде жырлары бірден – бір өз атымен сақталып қалған жырау екенің көрсетіп, оны сол дәуірдегі әдебиеттің басы деген тұжырым айтады.
Бұған белгілі жазушы – ғалым М.Әуезов басқарып өткізген 1959 жылғы әдеби — теориялық конференция көп әсер етті. Соның нәтижесінде Бұқар жырау біршама дұрыс бағаланып, әдебиеттегі өз орнын алды.
С.Мұқанов Бұқар шығармаларының көпшілігі абылай ханға арналып айтылғандықтан, өзі сырттай Орда ақынына ұқсағанмен, жырлары сол кездегі саяси — әлеуметтік тұрмыстың нақты көрінісінен туған деп атап көрсетеді.
Қ.Жұмалиев қазақ әдебиетінің орта мектептерге арналған оқулықтарынан бастап, қазақ әдебиетінің 6 томдық тарихына жазған Бұқар туралы монографиялық тарауларында да, оны ХҮІІІ ғасырдың авторлығы сақталған тарихи әдебиеттің басы деп бағалай келіп, ол өзінің дидактикалық толғаулары арқылы өмірге ескілік мұнарасынан қараса да, сол кезеңдегі әлеуметтік шындықтытап ббасып сипаттай алады деген. Ал Ә.Марғұлан Бұқар жырауды Абылай ханның белгілі жыршысы, кейінгі қазақ ақындарының бірден – бір көшбасшы ұстазы деп бағалайды. Осындай бағаны Ысмаилов, Кенжебаев еңбектерінен ұшыратамыз. 60-жылдардың сонында жазылған Х.Сүйіншәлиев пен Мағауин зерттеулерінде Бұқар шығармалары әдебиетіміздің даму жолында бір белес болғаны баса әңгімеленеді. Белгілі әдебиетші Ы.Дүйсенбаевтың Бұқар Қалқаманұлы туралы зерттеуі жырау творчествасы мен сол тұстағы тарихи кезеңді бағалауда болсын, жалпы мәселленің қойылып, шешілуі тұрғысынан болсын өзге еңбектерден шоқтанып жеке – дара тұр. Ол Бұқарды үстем тап өкілі ретінде бағалаған әдебиетшілерге қосыла отырса да, бұл пікірдің жырау еңбегін тұтас алып қарағанда, бір жақты, тым туралау қойылғанына, тіпті мәселенің Абылайдың қара басында, яғни Бұқардың жеке қасиетінде емес, халық бастан кешкен тарихи жағдайлар мен ел тағдыры шешілетің күрделі оқиғаларға тікелей қатыстыекені назар аудартады.
Бұқар жырау дәуір алшақтығына қарамай, жырларының әлеуметтік- саяси мазмуны мен тақырыбы жағынан да өзінен бұрынғы жыраулармен терең үндесіп отырады. Әсіресе, Жерұйық секілді құтты қонысқа көшу жайындағы қоғамдық ойларымен ол жыраулық поэзияның басында тұрған Асан қайғыға егіздің сыңарындай ұқсас, рухтас. Бұл орайда Бұқарды Асан қайғының ісін жалғастырушы шәкірті деп бағалаған Кенжебаев пікірін орынды деп санаймыз. Бір жағынан отаршылдық саясат белең алған кезде , екіншіден, жоңғар басқыншылары халқымызды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыратқан тұста Абылай ханның Асан жұмбағын шешу туралы өтінішіне би қырын қарап, көзіне жас алып, « бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек еді» деп қинала жауап береді.Осының өзі- ақ сол толғақты мәселенің жыраудың үнемі есінен кетпей, әрқашан ойында жүргенін анық аңғартады. Соған дейін Асан қайғының ханға да, қарашаға да жұмбақ болып келген «ақ шортаны мен шөлдегі қарағайының» мән жайын Бұқар жырау көсілте жырлап, түгелдей шешіп береді.
Бұқар жыраудың «Ханға жауап айтпасам» атты толғауын халық тағдыры мен оның болашағын жырлаған әлеуметтік – қоғамдық мәнімен де, айтар ойдың бас – аяғы тұтас табиғи бірлігімен де, сипаттаудағы көркемдік – бейнелеу, шеберлік тәсілдермен деөзге жырларынан жеке – дара тұр дей аламыз. Асан қайғы жыры да, оны Бұқар жыраудың шешуі де кешегі заманда ашықтан – ашық бүркемеліп жарияланбай келді.
Бұқар жыраудың ақындық қуаты мен дарын – күшін айқын танытатын тағы бір жыры «Әлемді түгел көрсе де» деп аталады. Мұнда ол адам баласы өмірінің сыр – сипаты мен қызық – қуанышының шексіздігін, аспанға шарық ұшып, Ай мен Жұлдызды аралаған арман – үмітінің жақындығын шебер бейнелейді. Осы ерекшеліктерімен бұл жырды тұрмыстың әр алуан қуаныш – қызығын шалқыта, асқақ жырлайтын оптимистік гимн деуге болады. Бас– аяғы 15 жолдан ғана тұратын бұл толғауды өзара астасқан мазмұны мен құрылымы жағынан да дараланады. Осы жәйт толғау жанрының Бұқар жырау тұсында жаңа бір сатыға көтеріліп, кемелдене түскенің айқын аңғартады.
Жыраудың «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» атты 2 бөлімнен тұратын жырынан мұның бізде бұрын кездеспеген жаңа бір үлгісін көреміз. Ол жұбын жазбай сымпыл қағып бірлесе ұшқан үйректердің бірлік – тұтастығын сол өзі сөз етіп отырған байлар ұлы шораларға үлгі етіп ұсынғандай болады. Осыған орай жырау сән – салтанаты мен әзіл – қалжыны жарасқан жастардың сыпайы қарым – қатынасын да шебер бейнелейді.
Жыраудың дүниеге көзқарас – танымын белгілейтін шығармаларынан оның «Бірінші тілек тілеңіз» атты толғауын бөліп атауға болады. Бас – аяғы 11 тілектен ғана тұратын бұл жырда Бұқар өз дәуіріндегі адамдардың ой – тілегі мен арман – мұратын жинақтап беруге талаптанады. Бұлары құдайға құлшылық пен 5 уақыт намаз, тыныштық пен адамгершілік, адалдық, тазалық туралы болып келеді.
Бұқардың «Асқардан биік тау болмас», «Айналасын жер тұтқан», «Ай не болар күннен соң» «Бағаналы орда, басты орда» атты толғаулары өз дәуірінің өмір көріністерін: көшпелі тұрмыс тұсындағы адамдардың өзара қарым – қатынастары мен қалыпты салт – сана, ұғым – түсініктерін, жалпы өмірдің құбылмалы екендігін баяндау тұрғысында келеді.
Бұқар жыраудың бір топ жырлары ел бірлігі, жақсы мен жаман, білімділік пен надандық, жалпы ізгілік мәселелерін қамтиды. Тағы бір алуанында жыраудың әлеуметтік ортаға көзқарасы мен ішкі сезім – күйлері басым болып келеді. Асан қайғы жырларында көрініс тапқан жұмбақ үлгісінде келетін орағыта астарлау, пернелеу тәсілдері де Бұқарда өз көріністерін тапты. Алайда, бұларға жырау үлкен әлеуметтік жүк артып, оның ұштала түсуіне зер салды. Бұқар жырау өзі таңдап алған бір құбылысты бұрынғы жыраулардай емес, өзінше қарама – қайшылық сипатта құрып, оның мағыналық міндетін арттыруға мән береді. Бұл орайда ол шендестіру тәсілін тиімді пайдаланады. Жырау шешендік қисын мен астасқан ой жиынтығын аз сөзбен түйіп беруге де шебер. Бұл тұста ол өмірлік салыстыруларды құлпырта қолданып, ұтымдылық танытады.
Бұқардың шеберлік ұштау, көркемдік ізденістерінің өзі әрқилы, саналуан. Ол өмірлік құбылыстарды бейнелеуде тұжырымды ойларға мән беріп келгендіктен, аз сөзге көп мағына сыйдыратын айшықты сүреттеме, кейіптеулерді мейлінше ұтымды қолданып отырады. Осы ерекшелік мұндағы қанатты теңеулер мен ұшқыр метафоралардың көл – көсір молдығына жол салған.
Жастық пен кәрілік сипаттарын баяндайтын жырларында да жыраудың осы дәстүрлі тақырыпты өзінше ашуға елеулі үлес қосқаның көреміз. Осыған орай оның «Атам болған 25» атты толғауындағы көркем бейне жасау жүйесінің түзілімін бөліп атасақ та жеткілікті сияқты.
Бұқар жырау Абылай бейнесіне әр қырынан келіп, оның шындыққа сай тұлғасын өрнектемек болған. Бұл бағытта туған жырларының бәрі дерлік Абылай ханның сол бір жауапты кезеңдегі әр алуан саяси қызметі мен саналы өмірін оның жас мерзіміне орай кезең – кезеңге бөліп, ой таразысымен екшеп саралау, жинақтап қорыту үлгісінде келеді.
Бұқар жырау Абылай ханның барлық іс — әрекет, ішкі – тысқы саясатын түгелдей қоштап, мақұлдап, бас изей бермеген. Хан үлкен елдік мәні бар ірі саяси мәселелер төңірегіндегі айтылған келелі кеңес, толғамды ақылға көнбеген кезде, ол Абылайдың бүгінгі өмірі мен кешегі қиыншылықты бастан кешкен азапты күндерін әдейі шеңдестіре, қарама – қарсы қойып толғайды. Мұндай сәттерде жырау оған ешкім батып айта алмайтын ащы да ауыр шыңдықты бүкпесіз бетке айтып, тартынбай сөйлейді. «Атаң – тексіз құл, анаң – түркменнің төріндегі күң, өзің жалаң аяқ жар кешкен арқар ұранды жат едің, момын елге келіп бек болдың» дейтін батыл айыптауға дейін барады.
Ел берекесінің ұйытқысы татулық – бірлікте, бейбіт өмірде деп санаған қарт жырау ханға «өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін» ерегіс–жанжалдың, қажетсіз қантөгісінің орынсыз екенін де батыл ескертіп отырады.
Бұқар жырау — өзі өмір сүрген дәуірдің болмыс – шындығын көркем бейнелеп, артына елеулі әдеби мұра қалдырған жырау. Ең алғаш ол ауыз әдебиетіндегі үлгілерден бастау алса да, дәуір талабына орай әлеуметтік мазмұн мен көркемдік сапаларды игерген жыраулық поэзия Бұқар шығармалары арқылы жаңа белеске көтеріліп , әдебиетіміздің байып, марқая түсуіне жол салды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *