1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ПОЭМАЛАРЫ

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері бұл тұстағы поэма жанрында да заманалық ерлік пафос туғызды. Қазақтың эпикалық поэзиясындағы шын мәніндегі жауынгерлік дәстүр осы жылдарда айқын көрінді. Бұл жылдары қазақ поэмасы ежелден келе жатқан халықтың жауынгерлік дәстүрін, отаншылдық сезімін, үлкен патриоттық рухын бойына сіңіре отырып, құлашын кең жайды. Бұған Қ.Аманжоловтың, Т.Жароковтың, Қ.Бекхожиннің, Ә.Сәрсенбаевтың, С.Бегалиннің, М.Хакімжанованың
поэмалары дәлел.
Жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы поэмаларға қарағанда, бұл кездегі қазақ поэмаларының сипатында елеулі өзгерістер болды. Әсіресе ол шығармаларда уақыт тынысы, оның халықтық сипаты, ерлік сарыны айрықша көрініс тауып отырды. Барлық поэманың да идеялық-мазмұндық арқауы – халықтың шапқыншы жаумен шайқастағы ерлігін мадақтап, әлемге паш ету болды.
Соғыстың алғашқы тұсында жазылған Т.Жароковтың «Қара мұртты Қаплан», С.Бегалиннің «Ажар» сияқты поэмаларында бүкіл
отандастарымыздың жауға қарсы күреске білек біріктіре отырып аттануы нақты кейіпкердің өмірі арқылы нанымды баяндалғанын көреміз. Қаплан, Қайрат, Ажар сияқты патриоттық бейнелер сол тұстағы шындықтың типтік көріністерінен едәуір хабар бергендей.
Қазақ ақындарының поэмаларында өмірде болған нақтылы, тарихи оқиғалар мен тарихи кейіпкерлер де көрнекті орын алды. Олар Отан соғысының даңқты батырларын кең тынысты жанрда бейнелеуге ұмтылды. Қ.Бекхожиннің, Қ.Аманжоловтың, Ә.Сәрсенбаевтың, М.Хакімжанованың, Т.Жароковтың, С.Бегалиннің поэмаларында дауылды жылдардағы халық өмірінің эпикалық суреттері бірсыдырғы дұрыс берілді. Қазақ поэмаларында Мәскеуді қорғауда теңдесі жоқ ерлік көрсетіп, атағы бүкіл әлемге жайылған жиырма сегіз батырдың, жаумен айқаста ерлік туын биік ұстаған даңқты батыр, қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиевтың, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың қаһармандық бейнелері сомдалған. Елімізге опасыздықпен баса-көктеп келген фашистердің жауыздық істері уытты жолдармен әшкереленіп отырды. Бұл жылдарғы поэмалардың тағы бір ерекшелігі – оларда ақын мен кейіпкердің бір-бірімен жақындасып, етене бірігуінің күшейе түсуі. Поэмаларда ақын бас кейіпкердің өнегелі іс-әрекетін, батырлық тұлғасын суреттей отырып, оны өз бауырындай сезінеді, онымен сырласады, пікір-кеңесін, ой-сезімін ортақтастырады, кейде тікелей сөйлеседі, бірге қуанып, бірге ренжиді, бірге дұшпанға қарсы кектенеді. Оның ерлігіне сүйсінсе, өліміне қабырғасы қайыса жас төгеді. Бір сөзбен айтқанда, ақын мен кейіпкер сезімі қабырғаласып, қатар жарысқа түседі.
Сұлу күлсе, жыр да күлмек, –
Ол мұңайса, бірге егілмек… –дейді ақын Т.Жароков («Зоя туралы жыр») бас кейіпкер Зояның тағдырына өзі тікелей ортақтаса отырып.
Торға түскен тоты құстай келбетің,
Айналайын, ар-намысты бермеші! –дейді ақын М.Хакімжанова («Мәншүк») қиын-қыстауда арпалысқан бас кейіпкер Мәншүкке.
Ал «Ажар» поэмасында майданда Отан үшін ғажайып ерлік көрсеткен ұлының қасиетті ісіне сүйсінген анамен сырласа отырып, ақын сол қадірмен анаға:
Асқардың әнмен оят тас жүрегін,
Ана ару, жерде қалмас ақ тілегің,
Ардақты ұланыңның ер атанып,
Мақтаншы алғанына жаудан кегін, деп, тікелей тіл қатады.
Бұл сияқты ақын мен кейіпкердің жүрекпен сырласуы, ара-қатынасының жақын тартуы поэманың оқырман сезіміне ықпалын күшейтіп, онда суреттелген өмір шындығының нанымдылығын арттыра түседі.
Ұлы Отан соғысында біздің елдің адамдары адамзат тарихында бұрын-соңды кездеспеген ерліктің неше алуан үлгілерін көрсетті. Сондай ғажайып ерліктің бірі – 1941 жылғы 16 қарашадағы Мәскеу түбіндегі Дубосеково разъезіндегі 28 панфиловшы-гвардияшылардың немістің 50 танкісіне қарсы шайқастағы тіл жеткісіз батырлығы болғаны тарихтан мәлім. Соғыстың алғашқы жылдарының өзінде-ақ біздің жауынгерлердің осы тарихи ерлігіне арналған лирикалық та, эпикалық та туындылар көптеп жарық көре бастады. 1942 жылдың басында Н.Тихоновтың «28 гвардияшылар туралы сөз», М.Светловтың «Жиырма сегіз», П.Кузнецовтің «Панфиловшылар», қырғыз ақыны А.Тоқамбаевтың «28 батыр», қазақ ақыны Қ.Бекхожиннің «Жиырма сегіз» атты поэмалары жазылды. Алған объектісі ортақ болғанмен, бұл шығармалардың ұқсас жақтарымен қатар, ерекшеліктері де аз емес. Аталған ақындардың бәрі де өз туындыларында болған тарихи фактіден онша ауытқыған жоқ, Василий Клочков бастаған 28 жауынгерді даңқты генерал И.В.Панфиловтың ерлікке баулығанын, жаудың 50 танкісін талқандап жеңген олардың өмірінің көркем эпизодтарын тарихи шындыққа сәйкес бейнелеп берді. Н.Тихонов, М.Светлов поэмаларында политрук В.Клочковтың «Россия –кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва» деп, 28 жауынгерді рухтандырған патриоттық жалынды сөздеріне дейін дәлме-дәл келтірілген. Қ.Бекхожин поэмасында 28 жауынгердің майдан даласындағы қаһармандық іс-әрекеттері әрі көркем, әрі тарихи шындыққа сәйкес жырланды. Әсіресе Н.Тихонов, М.Светлов поэмаларында И.Панфилов, В.Клочков, Д.Қожабергенов, И.Натаров, Ә.Қосаев, Г.Шемякин, П.Емцов, ГЛетренко, Я.Бондаренко, А.Крючков, И.Шепетков, М.Сеңгірбаев сияқты жауынгерлердің тарихи ерлігін нақты түрде суреттеуге талаптану бар. Кейде олардың ой-сезімін, қимылын, көңіл-күйін, айтқан сөздерін сол қалпында бейнелеуі де байқалып қалады. Бұл жайлар аталған поэмалардың тарихи нақтылығын арттырып, күшейте түсті. Сол бір ауыр сын сағаттарда шындала түскен еліміздегі халықтар достығының ұлы күшін сипаттау да аталған поэмалардың идеялық арқауы болып табылады.
Аталған ақындар – әр ұлттың өкілдері. Алайда алған объектілері ортақ болғандықтан, ақындардың көркемдік бейнелеу әдістеріндегі кейбір ұқсастықтарға таң қалуға болмайды. Мәселен, Н.Тихонов, Қ.Бекхожин поэмаларындағы Дубосеково разъезіндегі шайқас тұсындағы қысқы пейзажды суреттеу, көбінесе, ұқсас шыққан. Бірақ бұл үнемі осылай емес. Нақты көркемдік бейнелеуде айырмалар толып жатыр. Н.Тихонов жаудың топас темір танктерін жалғыз мүйізді өгізге теңесе, Қ.Бекхожин құмырсқадай өрмелеген жау танктерін аждаһамен салыстырады. Ақындар салыстыру әдісін де ұтымды пайдаланады. Қ.Бекхожин жауынгерлер талқандап қиратқан жау танктерін мыжырайған сұрқай молаға балай отырып, жиырма сегіз жауынгердің төтенше жеңісіне шаттанып, еңсесі көтерілген Мәскеудің таң нұрымен жарқыраған биік мұнарасын оған қарама-қарсы қояды. Елін сатқан опасыз қорқақ солдатты қоян жүрек деп лағнеттесе, зұлым жаумен табандылықпен майдандасқан 28 жауынгерді от жүректі жолбарысқа теңейді.
Бұл тұстағы поэмаларда партизандардың ерлік өмірі де айқын көрініс тапқан. Т.Жароковтың «Зоя туралы жыр», Ә.Сәрсенбаевтың «Намыс ұлы» сияқты поэмаларында партизандардың басқыншы жауға қарсы күрестегі қаһармандық тұлғалары тәп-тәуір бейнеленген.
18 жасар батыр қыздың патриоттық жарқын бейнесі бүкіл кеңес жастарына үлгі болып, оларды ерлікке, отаншылдыққа рухтандырып, жігерлендірді.
Бұл–поэманың шарықтау шегі. Батыр қыздың қанқұйлы жаумен ерлік шайқасы эпикалық реңкпен суреттелген. Автор шындық шеңберінен шықпайды. Күші басым дұшпанмен теңсіз айқаста Зояның тұтқынға түсіп, жаудың оны айуандықпен азаптауын ақын ашына жырлаған. Бұл тұста автор егіліп, еңіремейді. Қайта сол шексіз жауыздықпен бетпе-бет келгендегі Зояның ерлігін, өжеттігін, қайтпас қайсарлығын толық бейнелеуді көркемдік нысана етеді. «Нар кескендей ер кескінді» қыздың иілмейтін, сынбайтын характерін көрген мейірімсіз дұшпан оны дарға асып өлтіреді. Поэма соңында автор Зояны өлтіру – жеңу еместігін, Зояның мәңгі тірлігін, оның батырлық бейнесінің кейінгі ұрпаққа өшпес үлгі-өнеге берерлік жеңімпаздық, рухтандырушылық күш-қуатын көтере жырлайды.
Зоя өмірі – бүкіл кеңестік әдебиеттің назарын аударған соғыс жылдарындағы жоталы тақырыптың бірі еді. Зоя жайында белгілі орыс ақыны Маргарита Алигер 1942 жылы поэма жазды. Бүкіл кеңестік поэзияның зор табысы болған бұл шығармаға кезінде Мемлекеттік сыйлық берілді. Қазақ ақыны Т.Жароковтың поэмасы көпшілік жағдайда М.Алигер дастанымен үндес екенін байқау қиын емес. Патриоттық сарын, ерлікті дәріптеу – екі поэманың да идеялық арқауы.
Ә.Сәрсенбаевтың«Намыс ұлы» (1943) поэмасы да Украинадағы парти-зандар ерлігіне арналған. Поэмада неміс басқыншыларының бейбіт халыққа жасаған бүлігі, айуандық әрекеттері уытты өлең жолдарымен беріледі. Поэмада Темір мен Миколаның неміс фашистерінен шеккен жәбір-жапасы нақты да нанымды бейнеленген. Өз аналарының жау қолынан жазықсыз қаза тауып, өз селосының, өздерін мәпелеп өсірген алтын ұя – мектебінің жаудың ойранына ұшырауын көрген Темір мен Микола ыза мен кектің туын ұстап жаумен күреске белді бекем буады. Күрең сақал бастаған партизандардың, оның ішінде Темір мен Миколаның жауды талқандап, оған өлтіре соққы берудегі аршынды әрекеттері поэмада шынайы бейнеленген. Жаудың қоймасын талқандап өртеу, яки дұшпанның қару тиеген поезын қирату, т.б. партизандардың жойқын іс-қимылдары олардың патриоттық, жауынгерлік тұлғасын айқындайды.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1. Осы жылдары жазылған поэмалардың тақырыбы, идеясы не?
2. Ж.Жабаевтың «Өтеген батыр» поэмасының тақырыбы мен идеясы не?
3. Соғыстан кейін жарық көрген қандай поэмалар бар екен?
Әдебиеттер:
1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.
2 С.Б.Жұмағұлов ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану
ғылымы(1956- 1991).Монаг. Қарағанды,2008. –552бет.
3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.
4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.
–455бет.
5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»
2002.– 311 бет.
6 Серік Негимов.Әдебиет әлемі. А, «Ана тілі», 2008ж. –256 бет.
7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.
–198бет.
8 Тұрсынбек Кәкішұлы. Жанр жайлауы 1- кітап.А,«Қазақ университеті»
2007ж. –462 бет.
9 С. Қирабаев. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. А.,1995, 173 б.
10 Зинол-Ғабиден Бисенғали,Жамал Манкеева Қазақ филологиясы:
егіз негіз(Ғылыми мақалалар жинағы) –А: «Арыс».,2010.–352бет
11 С.Қирабаев.Ұлт тәуелсіздігі және әдебиеті.А., 2001, 195-196 бб.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *