1941-1960 ЖЫЛДАРДАҒЫ СЫН МЕН ӘДЕБИ ЗЕРТТЕУЛЕР


1941-56 жылдар ішіндегі қазақ әдебиеті басынан кешкен саяси-қоғамдық өмірдің қысымшылығы әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымына да зор әсер етті.
Ұлы Отан соғысы кезінде сын да, зерттеу де көңілдегідей дамуға мүмкіндік ала алмады. Әдебиет кітаптары аз шықты. Әдеби газет-журналдар жабылып қалды, жастар газеттері де шықпады. «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері ғана сақталып (кейде шағын форматпен), олардың бетінде сирек те болса, шығып тұрған кітаптарға сын-рецензиялар басылды. Солардың ішінен көңіл аударатындары – Ғ.Мүсіреповтің, М.Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабы жөнінде жазған «Абай» романы туралы» (1943) мақаласымен майданнан жіберілген Қ.Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы және Ә.Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңі туралы «Майданнан соққан жаңа леп» деген мақаласы (1944). Бұл екі шығарма да «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған. Олар туралы пікірді Мүсірепов те сол газетте жариялады. Алғашқы мақала М.Әуезовтің Абай өмірі жайлы эпопеялық туындысының бірінші кітабына арналған еді. Мүсірепов онда ұлы жазушының үлкен жоспарының сәтті басталғанын айтып, романның құрылысына, идеялық-көркемдік сипаттарына бірінші рет кең талдау берді. Екішні мақалада майдангер ақындардың «өзекті өртеп шыққан» жалынды сөздеріне көңіл аударды. «Барлығы жеңіс үшін, барлығы майдан үшін» деп, майдан жаққа көз салып отырған халыққа бұл жырлар «майданнан соққан жаңа леп» болғанын айтты. Е.Ысмайыловтың, Б.Кенжебаевтың, С.Төлешевтің, Қ.Жармағанбетовтің сирек те болса басылған мақалалары жаңа кітаптар мен әдеби өмірдің мәселелеріне арналды.
Бұрыннан жүріп келе жатқан ғылыми жұмыстың жалғасы ретінде С.Мұқановтың «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихынан очерктер» (1941), А.Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен шығармашылығы» (1944), Қ.Жұмалиев пеп Е.Ысмайыловтың «Қазақ әдебиеті» атты мектепке арнаған оқулықтары шықты. 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуы атап өтіліп, ақын шығармашылығын зерттеуге арналған еңбектер жарық көрді. Олардың ішінде М.Әуезов пен Б.Кенжебаевтың «Абай – қазақтың ұлы ақыны» атты кітапшасы мен С.Мұқановтың,Қ.Жұмалиевтің, Е.Ысмайыловтың,
Б.Шалабаевтың мақалалары бар еді. Бұлардың қатарын соғыс кезінде Қазақстанға келген орыс ғалымы, академик А.С.Орловтың «Қазақтың батырлық эпосы» атты кітабы толықтырды.
1946 жылы ВКП(б) Орталық Комитеті «Звезда» және «Лснинград» журналдары туралы» (14 тамыз), екі жұмадан кейін «Драмалық театрлардың репертуарлары және оны жақсарту шаралары туралы» (26 шілде), 8 күннен соң «Ұлы өмір» кинофильмі туралы» (4 қыркүйек) қаулылар алынды. Сәл кейінірек музыка өнері жайлы «В. Мураделидің «Ұлы достық» операсы туралы» (10 ақпан 1948) қарар шықты.
Сырт қарағанда, бұл қаулыларда Орталық Комитет формализм, пес-симизм, бисаясаттық сияқты ұнамсыз құбылыстармен күресу қажеттігін көтеріп, орыс мәдениетінің демократиялық дәстүрлерін басшылыққа алуға үндесе де, шын мағынасында, ол әдебиет пен өнерде партиялық принципті күшейтуді көздеді. Социалистік реализмнің жаңа өмірді мадақтап, жеңімпаз кеңес халқының жеңісіне лайық шығармалар туғызу тұжырымдамасын қолдады. Өткен заманды қызық тұтпауға, шет елдің арзан, жылтырақ мәдениетін дәріптемеуге үндеді.
Партияның осы қаулыларында белгіленген шараларды жүзеге асыру Қазақстанда талай әпербақандықтар тудырғанын еске алу абзал. Қазақстан партия ұйымы елден бұрын елпілдеп, Мәскеудің ығына жығылып ұлт мәдениетіне әңгіртаяқ ойнатқаны жасырын емес. Мұның нақты фактылерін Қазақстан Коммунистік партиясының «Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40 жылдар кезеңі мен 50 жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы» (1989) атты құжаттан табуға болады. Осы «Қорытынды» бойынша бүкіл рухани өміріміз бен мәдениетімізге ылаң салған 8 қаулы бірден өзінің күшін жойып, ақыл-санаға азаттық берілді. Бірақ Коммунистік партия өзі жасаған қысастықты, әсіресе, қазақ тарихы мен мәдениетіне байланысты әділетсіздіктерді өз қолымен түзетіп кете алмады, кешікпей тарап кетті.
Өзінің сойқанды күшінен айырылған қаулылар қайсы және олардың қандай зардаптары болғанын әдебиеттану ғылымы мен сынына жанастыра айтсақ, біздің бүкіл рухани дүниеміздің қандай қорлық-зорлық көргенін анық аңғарып, артық пен кемдіктің сырын түсінуге мүмкіндік туады. Сонда ғана зиялы ойларға 50-60 жыл бойы бұғау салып, ақыл-парасат пен таным-білікті қалай қыспаққа түсіргенін көреміз.
«Қорытындыда» хат, түсіндірме деп аталғанмен, біздің бүкіл ой жүйемізге қырсығын тигізіп, кесірін өршіте түсуге себепкер болған бір құжатқа- «ВКП(б) өлкелік комитетінің мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» түсіндірме хатына айрықша тоқталған. Бұл құжат Ф.И.Голощекин тұсында алынды да, сол кездегі және одан соңғы көп бұрмалаушылықтарға жол салды.
Бұл құжат,ең алдымен әрбір құбылысты өз кезіндегі таным деңгейінде бағалау керек деген диалектика қағидасын елемеді. Бәрін бүгіннің безбеніне салып өлшеді де, өткеннің бәрін таптық тұрғыдан сараптады. Осы түсіндірме хатты жүзеге асырудың алғашқы сөзі КазАПП-тың 1932 жылы 26-29 ақпанында өткен бірінші съезінде айтылды.КазАПП басшысы М.Қайыпназаров дайындаған, съезд қол көтеріп бекіткен қаулысында: «Қазақ көркем әдебиетінің социалды құрылыс міндеттеріне ілесе алмай жүргенінің себебі: алдымен, қазақ кеңес жазушыларының көбінде алашордашылдық, байшылдық салт-сананың ықпалы әлі күнге дейін күшті, бірқыдыру жазушылардың шығармаларында бай-феодал салт-санасы, жергілікті ұлтшылдық, төңкеріске қарсы троцкизм сарындары бар (Сәкен). Қазақ қара шаруаларының артта қалған сарындарына еріп, қара шаруаның өрісі тар көзқарасына және ұсақ буржуазияшылдық санашылдыққа (идеализмге) салынғандық та бар (Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Өтебай және басқалар), жік тартысын көркем әдебиетке қыстырғандық та бар. Сын, өзара сынды бетке ұстап, кейбір жолбике жазушылардың кеңес мекемелерін, коммунистерді, колхоздарды обывательдерше сынағандары да (Мәжит, Жұмат және басқалар) болды» деген сөздер жазылған («Әдебиет майданы» журналы, 1932, №4, 13-бет). Аты аталғаннан қорықты ма, әлде түсінігі солай ма, әйтеуір Өтебай Тұрманжанов «КазАПП-тың Ісъезі не деді» атты мақаласында «алашорда оқығандары (жазушылары) төңкеріске дейін де, төңкерістен кейіп де қазақ еңбекшілерінің, пролетариаттың дұшпаны болды дейміз. Еңбекшілердің досы емес, қасы болды дейміз» деп жазды.
Ғаббас Тоғжанов өзін сыннан арашалап, жаңа басшылыққа жағыну мақсатымен «Большевик Казахстана» журналының 1932 жылы 5 саныда «Байтұрсынов және байтұрсыновшылдық туралы» мақала жазып, алашордашылықты «әшкереледі». Голошекиннің Қазақстанда «кіші Октябрь» науқанын өткізіп, партия ұйымдарын болышевиктендіру, ауылды советтендіру, жедел коллективтендіру саясатын қолдамаған қаламгер қалмады.
Қазақтың әдебиетші коммунистері осындай мақалалармен әлгі хатқа жауап беріп жатқанда, марксизм-ленинизм институтының қызметкерлері қазақ ұлтшылдарын әшкерелейтін зерттеу дайындап та үлгерді. «Очерки по истории Алаш-Орды» деген кітапты С.Брайнин мен Ш. Шафиро жазды.Онда«Алаш» партиясы былай тұрсын, бүкіл қазақ халқының еңбекші бұқарасының патша өкіметі мен империализмге қарсы күресі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, азамат соғысы жылдарында көрген азабы, алаш азаматтарының атқарған қызметі түгелдей жоққа шығарылды.
Сондықтан да «Қорытындыда» 1932 жылғы 10 қаңтардағы түсіндірме хат «Халықтың рухани өміріндегі құбылыстар мен тенденцияларға, тарихи өткеніне баға беруде маркстік көзқарастың жоқтығынан ақсап жатты. Революцияға дейінгі кезеңнің аса көрнекті бірқатар ақындарының шығармашылығына жөнсіз жазғыруды күшейтіп, сол кездегі маңдай алды әдебиетшілерді (А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлин және басқалар) қуғындауды өршітті, олардың көпшілігі кейіннен репрессияға ұшырады» деген тұжырым жасалды. Бұл хаттың зардабы мен ызғары уақыт өткен сайын күшейе түспесе, азайған емес.
Бұдан басқа құжаттардың бәрі де 1946-1956 жылдар арасында алынып, ғылыми ізденістің бағытын теріске бұрып, халықтың азаматтық тарихы мен мәдениетін, өнері мен әдебиетін шындық деңгейінде зерттеуге мұрсат бермеді; соған қоса, олар 1937 жылғы науқан кезінде ұлттық нигилистердің қаулап шығуына жағдай жасады. Өзінше ойлауға, еркін жазуға мұрша бермеді.
«Қорытындыда» күшінен айырылған құжаттың ішінде «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» (21.01.1947) қаулы аталды. Оның қиратқыш күші орасан зор болды, кейінгі, 50-жылдардың орта тұсына дейін созылған «ұлтшылдықты әшкерелеу» науқаны осы қаулыдан тарамдалды.

Әдебиеттер:
1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.
2 С.Б.Жұмағұлов ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеттану
ғылымы(1956- 1991).Монаг. Қарағанды,2008. –552бет.
3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.
4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.
–455бет.
5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»
2002.– 311 бет.
6 Серік Негимов.Әдебиет әлемі. А, «Ана тілі», 2008ж. –256 бет.
7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.
–198бет.
8 Тұрсынбек Кәкішұлы. Жанр жайлауы 1- кітап.А,«Қазақ университеті»
2007ж. –462 бет.
9 С. Қирабаев. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. А.,1995, 173 б.
10 Зинол-Ғабиден Бисенғали,Жамал Манкеева Қазақ филологиясы:
егіз негіз(Ғылыми мақалалар жинағы) –А: «Арыс».,2010.–352бет
11 С.Қирабаев.Ұлт тәуелсіздігі және әдебиеті.А., 2001, 195-196 бб.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *