Қазақ тілін оқыту әдістемесінің өркендеу кезеңдері


Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым және практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» — дей отырып, басым міндеттердің бірі ретінде «жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интелектін байыту» — деп көрсеткен [1].
Ата-бабамыздың ұрпағына мұра еткен бар асылының қаншама ғасырлар бойы өшпей, жалғасып келе жатқаны – тіл құдіреті мен танымының тереңдігінің көрінісі. Адам баласының өз тіршілігінде көрген-білгенінен тоқып-түйгенін ойлап-толғап, қорытып, келешек ұрпағына мирас етіп қалдырғаны – табиғи заңдылық. Бабаларымыздан қалған мәдени мұраларымыз бен баға жетпен құндылықтарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, жалғасын табуда ана тіліміздің ролі зор. Еліміздің егемендік алып, қазақ тілінің мемлекеттік дәрежеге ие болуына орай барлық жоғары оқу орындарында, мектептерде, колледждер мен лицейлерде қазақ тілін ана тілі ретінде, екінші тіл ретінде оқыту жұмыстары жүргізіле бастады. Қазақ тілін оқыту әдістемесі өзіндік тарихы бар ғылым саласы.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында педагогикалық ой-пікірлерді дамытқан қазақ халқының ғұлама ғалымдары Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Құдайбердиев бастаған ағартушылық кызметті ХХ ғасырдың басында жалғастырған ғалымдар М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Т.Шонанов болды.
Қазақ тілін ұлт мектептерінде оқыту, жалпы басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету мәселесі ХХ ғасырдың 30 жылдарында қолға алынып, түрлі оқулықтар, оқу құралдары, бағдарламалар шығарыла бастады. Осы жылдары қазақ тіл ғылымының белгілі әдіскер ғалымдары Т.Шонанов, Ш.Сарыбаев, С.Жиенбеав т.б. ғалымдардың оқулықтары, әдістемелік еңбектері жарық көрді. Қазақ тілін орыс мектептерінде оқыту әдістемесінің қалыптасуына әсерін тигізген алғашқы тілші-ғалымдардың бірі – М.С.Лапатухин. Ғалымның көптеген жылдардағы жүргізген зерттеу еңбегінің нәтижесі 1940 жылы шыққан «Очерки по методике казахского языка в русской школе» деген еңбегінде жарық көрді [2]. Бұл еңбек орыс мектептеріндегі қазақ тілінің ролі, қазақ тілі сабағына қойылатын талаптар, сабақтың құрылысы, орфоэпияға, ауызша сөйлеуге, жазуға үйрету, лексика және грамматика, қазақ тілінен сыныптан тыс жұмыстар т.с.с. бөлімдерді қамтиды. М.С.Лапатухинның еңбегі орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесінің тұңғыш үлгісі.
Басқа ұлт өкілдеріне арналып жазылған алғашқы оқулықтың авторы, оқу-ағарту, тіл мен әдебиет, білім салаларында құнарлы еңбек еткен талантты әдіскерлердің бірі – Телжан Шонанов. Т.Шонанов – қазақ тілін оқыту әдістемесінде тіл білімін зерттеуші ғалым, әдіскер, тарихшы, аудармашы, педагог ретінде көрнекті орынға ие. Оның жазған кітаптары мен оқулықтары, әр салада жазылған 100-ден астам ғылыми еңбектерінде мектептегі білім жүйесі, әдістеме, тіл мәселелері қаралады. 1933 жылы ғалымның қазақ тілін орыс мектептерінде оқытуға байланысты «Учебник казахского языка для русской школы» деп аталатын оқулығы жарық көріп, кейін бұл оқулық күн талабына сай бес рет қайта басылып шықты [3].
Қазақ тілін оқыту әдістемесі саласына айрықша көп еңбек сіңірген көрнекті ғалым – Шамғали Харесұлы Сарыбаев. Ол қазақ тілін орыс мектептерінде оқыту мәселесін 1933 жылдан бастап арнайы қарастыра бастады. Ш.Сарыбаев бірнеше жылдық зерттеу жұмысының нәтижесінде «Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту тәжірибесінен» /1941/ атты еңбегін жазып [4], натуралды, сұрақ-жауап әдісін қолданып, тіл үйретудің тиімділігінтәжірибе жүзінде дәлелдей отырып, 1943 жылы «Методика преподавания казахского языка в русской школе» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды [5]. Ш.Сарыбаев қазақ тілін басқа ұлтқа оқыту әдістемесі бойынша тұңғыш ғылым кандидаты болды. Ғалым орыс мектебінде қазақ тілін оқытудың ғылыми негізін салумен қатар, осы еңбегі арқылы оқытудың тәжірибесіне де көңіл бөлді. өз еңбегінде ғалым тілші сан әдісті қолданып, оқу материалдарын оқушының сапалы, жүйелі, тиянақты түрде меңгеруіне жол ашты. Ш.Сарыбаевтың ғылыми-әдістемелік мұрасын А.Ә.Орынбаев зерттеп, Ш.Сарыбаевтың әдістемелік мұрасының көп қырлылығын дәлелдеген [6].
Қазақ әдістемесі мәселелерін зерттеп, ғылыми еңбек жазған тілші-ғалым Сейіл Жиенбаев орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту мәселелеріне, әсіресе тіл дамыту, арнайы тақырыппен жұмыс істеу, сабақ беру әдісі, сөйлеуге үйрету, кітап оқу, жазу жұмыстары туралы мағлұматтар береді. С.Жиенбаев бірнеше оқулықтар мен әдістемелік кітаптардың авторы.
1930 жылдары оқулықтармен қатар қазақ тілін басқа ұлтқа оқытуға арналған бағдарламалар да шығарылды. Ол жөнінде әдіскер-ғалым К.Жақсылықова нақтылы дерек береді: «Выявлено, что первые программы и разработки уроков по казахскому языку были составлены в 1930 годы видными учеными-языковедами С.Аманжоловым, Ш.Сарыбаевым, Т.Шонановым, и многими другими».
Қазақ тілін оқыту әдістемесінің мәселелеріне қатысты ғылыми мақалалар да жазыла бастады. Бұл ретте де алғаш ой-пікір білдірген ғалымдар – Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев.
1987 жылы Республикада қазақ тілін оқытуды жақсарту туралы үкімет қаулысы қабылданып, 1990 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесін алғаннан кейін қазақ тілін оқытуға көзқарас өзгере бастады. Қазақ тілін үйренуге көңіл бөлініп, бұл мәселенің зерттелуі, бағдарламалар, оқулықтар, оқу құралдарын жазу қолға алынды. Оқу орындарының барлығында қазақ тілін оқыту мәселесі де қолға алынды. Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуға арналған оқулықтарды, оқу құралдарын, тілашарлар мен сөздіктерді, бағдарламалар шығару сексенінші жылдардың аяғынан бастап қоғамдық саяси сипатқа ие болды. Қазақ тілін дамытуға үлкен бағыт-бағдар жасалып, жұмыстар жүргізіле бастады.
Осы уақытқа дейін қазақ тілін өзге ұлт дәрісханаларында оқытуға арналған бірнеше бағдарламалар жарияланды. Бағдарламалардың алдыңғы қатарында тұрған 1987 жылы профессор Н.Оралбаеваның авторлығымен шыққан «Қазақ тіліні үйрену курсының программасы» болып табылады [7]. Н.Оралбаева жасаған қазақ тілін үйретуге арналған алғашқы бағдарламаны Қазақстан білім беру министрлігі құптап бекітті. Осы бағдарламаның негізінде 1996 жылы «Ана тілі» баспасынан «Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты оқулық жарық көрді [8]. Бұл жоғары оқу орындарындағы студенттерден басқа ұлтқа қазақ тілін оқытатын, әдістемелік жағынан жетілген мамандар дайындауға арналған алғашқы ғылыми оқулық. Оқулық 1992 жылы жарық көрген Н.Оралбаева, К.Жақсылықова құрастырған оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептерде қазақ тілін оқыту бағдарламасы бойынша жазылған. Оқулықта қазақ тілін орыс мектептерінде оқытудың лингвистикалық, психологиялық, дидактикалық негіздері, тарихи дамуы қарастырылған. Қазақ тілі әдістемесі пәні, оның міндеттері, мақсаттары, қазақ тілін басқа ұлттарға оқыту әдістері, сабақтың құрылысы мен түрлері жүйелі, анық, нақты түрде берілген. Сонымен қатар мұнда тілдік материалды ғылыми принцип негізінде таңдау және сұрыптауда: 1) сөздердің қолдану жиілігі; 2) сөздердің жеңіл-қиындығы; 3) сөздердің синонимдік қасиеті; 4) сөздердің тақырып қажеттігіне сәйкестігі: 5) екі тілге ортақ сөздерді санатқа кіргізбеу; 6) сөздердің сөзжасамдық қабілеті; 7) сөздің тілдің дыбыстық ерекшелігін қамтуы; 8) сөздің оқушының психологиялық ерекшелігіне сәйкестігі; 9) сөздің оқулықта қайталану жиілігі қасиеттеріне ерекше көңіл бөлінуі қажет.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша практикалық және лабораториялық сабақтарды жүйелі топтастырудың алғашқы баспалдағы ретінде Т.Әбдікәрімова, Т.Әбдіғалиева, К.Шаймерденовалардың авторлығымен шыққан «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты еңбегін атауға болады [9]. Кітапта практикалық жұмыстар, лабораториялық жұмыстар, сабақты ұйымдастырудың үлгілері, диктант пен жаттығу жұмыстары, оқушылардың білімін есептеу ғылыми-практикалық жағынан жан-жақты талданып көрсетіледі. Еңбек оқытушыларға әдістемелік жағынан көмек бере алады.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, осында қалыптасқан тілдік ортаға байланысты тілді үйренушілердің өзі – бастауыш топ, жалғастырушы топ болып бірнеше топқа бөлінеді. Қазіргі кезде жиі қолданыста жүрген оқулықтардың ішінде осы топтарға пайдаланып жүрген оқудық – Ш.Бектұров пен А.Бектұрованың «Қазақ тілі» оқулығы[10].
1998 жылы Т.Аяпованың «Қазақ тілі» деп аталатын үш кітаптан тұратын кешенді оқулығы шықты. Автордың пікірі бойынша бойынша оқулық АҚШ-та басылған «70 қадам арқылы қазақ тілін үйреніңіз» атты оқулықтың жалғасы болып саналады. Кешенді оқулықтың мақсаты – «бүкіләлемдік ең актуальды және ұтымды оқыту әдістерін қолдана отырып, оқушы білімін тереңдетуге көмектесу және сөйлеуге үйрету» [11].
Кәсіптік бастауыш және орта білім беру ұйымдарына арналған Ұ.С.Байсақалованың «Қазақ тілі» оқулығы «Фолиант» баспасынан 2007 жылы шықты. Мемлекеттік тілдің үйретілу мақсаты, міндеті, оған қойылатын талаптар ескеріліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпы білім стандарты басшылыққа алынған. Кешеннің мақсаты мен міндеті түсініктемесінде айқын көрсетілген. Әр тараудың соңғы нәтиже сабақтар және пысықтау сұрақ- тапсырмалармен түйінделген. Нәтиже сабақтарын оқытушы өз қалауы және оқушылардың білім деңгейіне сүйеніп, өзі құруы керек. Бұл оқулық қазіргі кезде кәсіптік бастауыш және орта білім беру ұйымдарын а қол жетімді. Сондықтан осы оқулықты басшылыққа ала отырып, жаттығулар жинағын, тест жинағын, жұмыс дәптерін, сынақ тапсырмаларын құрастырдық. Болашақта сөздік құру да ойымызда бар. Оқулық қарастырылып отырған мәдениеттанымдық бағытта зерттеу жұмысын жүргізуге де қолайлы[12].
Тіл – мәдениет қаруы. Тіл өмір сүріп отырған кезде сол елдің мәдениеті де өмір сүре береді. Тілді оқытудың негізгі мақсаты – тілді шынайы да толыққанды қарым-қатынас құралы ретінде үйрету. Әрбір тіл үйрену сабағы мәдениеттер тоғысуы, мәдениетаралық қарым-қатынас тәжірибесі, себебі әрбір сөз сол елдің өмірі мен мәдениетін, қоғамдық ой-пікірін, өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Демек өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету, тіл үйренушілердің қазақ тілін оқып, жазу және мұғалімнен, оқулықтан алған білімдері қазақ елі жайлы жарнама емес, керісінше қазақ халқының көзімен қарау қабілетін дамыту негізі болып табылады. Ол қазақ тілін үйрету сабақтарында елтанымдық мәліметтерді енгізе отырып жүргізгенде жүзеге асады.
Қорыта айтқанда мәдениеттаным бағытында оқыту әдістемесінде тіл үйренушілерге тек қана тіл үйретіліп қана қоймай, сол тілді тұтынушы халықтың мәдениеті, салт-дәстүрлері, тарихы, географиялық жағдайы, саяси-экономикалық даму бағыты, өнері, ғылым-білімі және қоғамдық ой-пікірлері мен рухани құндылықтары жайлы мәлімет бере отырып, сол халықты таныту болып табылады. Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымында көптеген әдіскер-ғалымдардың еңбектерінде танымдық мәліметтер бағытында оқыту әдістемесі арнайы зерттеу нысаны болған жоқ. Біздің мақсатымыз қазақ тілін тіл үйренушіге ауызекі қатысым құралы ретінде ғана үйретіп қоймай, тіл үйренушіге үйренім жатқан тілдің ұлттық реалилерін таныта отырып, сол тілде еркін ойын жеткізе алатын, пікірталасқа түсе алатын, танымы кең тұлға ретінде қалыптастыру.

Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:
1. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің өркендеу кезеңдері
2. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің өркендеу кезеңдерін анықтау

Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы және оны жүзеге асыру жөніндегі негізгі құжаттар. Астана, 2000.
2. Лапатухин М.С. Очерки по методике казахского языка в русской школе. Алматы, 1940.
3. Шонанов Т. Самоучитель киргизского языка для русских. 4-ое перераб.изд. Кызылорда, Каз.гос.изд., 1927 – 122с.
4. Сарыбаев Ш. Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту тәжірибесінен. Алматы,1940
5. Сарыбаев Ш. Методика преподавания казахского языка в русской школе. Алматы, 1943 – 125б.
6. Орынбаев А.Ә. Ш.Сарыбаевтың әдістемелік мұрасы.алматы, 1995.
7. Оралбаева Н. Қазақ тілін үйрену курсының программасы. Алматы, Мектеп, 1987 – 75б.
8. Оралбаева Н., Жақсылықова К. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі оқыту әдістемесі. Алматы. Ана тілі, 1996 – 20б.
9. Әбдікәрімова Т., Әбдіғалиева Т.Шаймерденова К. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. Алматы, 1999.
10. БектуровШ. БектуровА. Казахский яык. Алматы, Рауан.1994 -240б.
11. Аяпова Т. Қазақ тілі. Алматы, 1998.
12. Байсақалова Ұ. Қазақ тілі. Астана.Фолиант, 2007.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *