ЖҰМАҒАЛИ САИННЫҢ ӨМІРІ МЕн ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ


Жұмағали Саин 1912 жылы қазіргі Көкшетеу облысының Арықбалық ауданында кедей семьяда туған. Төрт жасында әкеден, бес жасында шешеден айрылған ол балалық шағын әкесінің інісі Сыздықтың қолында өткізеді, жоқшылық пен жетімдік зардабын бір-дей тартады. Кейінірек жазған «Ойласам бала кезімді» атты өлеңінде ақын сол кезін еске алады.
1923 жылы Жұмағали Көкшетау қаласындағы панасыз балаларды тәрбиелеп оқытатын коммунаға алынады, сонда жүріп жеті жылдық мектеп бітіреді. 1928-1931 жылдары Көкшетау ауданында ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. 1931 жылы Алматыға келіп, Абай атындағы қазақ педагогика институтына түсіп, бірер жылдай оқиды да, денсаулығына байланысты аудандық оқу бөлімінің, меңгерушісі болып Қарсақпайға кетеді. Содан ол 1934 жылы ғана Алматыға оралады. Бұдан кейінгі өмірін газет-журнал редакцияларында, көркем әдебиет баспасында, жазушылар Одағында өткізеді.
Көкшетау коммунасында Жұмағали алғашқы шәкірттік өлеңдерін жазады. Олардың кейбірі Петропавлдағы «Бостандық туы» газетінде басылады. КазПИ-де оқыған, Қарсақпайда істеген жылдарында оның қаламынан көптеген өлең-жырлар туады. Отызын¬шы жылдардың бас кезінен бастап оның өлеңдері республикалық баспасөзде жарық көре бастайды. 1936 жылы ақынның «Бақыт жыры», 1938 жылы «Алтын таң» атты кітаптары шығады.
Бұл жылдардағы Жұмағалидың ақындық мектебі халық поэзиясы мен қазақ ақындары Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың, Сәбиттің үлгілері болды. Кейінірек ол орыс тілін игеріп, орыстың және дүние жүзілік поэзияның көрнекті өкілдерімен танысады. Тақырыбы жағынан жас ақын отызыншы жылдар ішіндегі біздің қоғамдық өміріміздің жаңалықтарын жырлауға ұмтылады. Совет халықтарының жаңа өмірі, колхоздағы еңбек адамдары, Ұлы Октябрь мен революция көсемі Лениндік партия туралы ой-пікірлер, табиғат суреттері оның алғашқы өлеңдерінің идеялық өзегі болып кіреді.
«Жетім серті», «Екі түн» өлеңдерінде Жұмағали өз геройларының ескі және жаңа өмірін суреттеу арқылы социалистік шындықтың сырын ашуға ұмтылады. Өлеңнің геройы жетім бала өмірде көрген ауыртпалығын әңгімелеп отырып, бар алғысын жетімдік торынан құтқарған ұлы Ленин партиясына арнайды.
«Бақыт құшағында», «Айбала» өлеңдерінде Жұмағали колхоздың бүгінгі бақытты өмірі мен еңбек адамдарын көрсетуге талаптанады. Ақын өлеңдерінің лирикалық геройында заманына ризалық, шаттық, қуаныш сезімі байқалады. Табиғат суреттеріне арналған өлеңдерінде де («Құлпыра берші, кең дала», «Май сипаттары») ақын ондағы өзгерісті көруге тырысады.
Жұмағалидың алғашқы кітаптары ақынның іздену, өсу жолының жемістері болатын. Ондағы өлеңдердің көркемдігі әр қилы. Көп сөзділік, ескі толғау үлгісінде шешендікке, тілмарлыққа салыну, көргенін сырттай тамашалап қызықтау, құбылыстың ішкі мазмұнына терең бара алмау сияқты жетіспеушіліктер отызыншы жылдар ішіндегі ақын жырларында жиі кездеседі.
Жұмағали Саин «Досыма хат» (1939), «Күләнда» (1940) тәрізді поэмалар жазды. Бұлар оның эпикалық поэзиядағы алғашқы талабы болуымен бірге, ақындық ізденісінде жаңа кезең туғанын әйгіледі.
1944 жылы Жұмағалидың «Жорық жырлары» атты» жаңа жинағы жарық көрді. Оған ақынның Ұлы Отан соғысының майданында, жорық үстінде туған өлеңдері кірген еді. Майдан өмірі, соғыс шындығы Жұмағалидың өзін де, ақындығын да тез есейтті. Бастан кешкен өмірдің қиындықтары мен соны поэзия тілінде көркем бейнелеу екі жақты, бірақ бірімен-бірі тығыз байланысты мектеп еді. Ақын осы мектептің екеуін де табысты етті. Ауыртпалығы да, қаупі де мол майдан өмірі Жұмағалидың сезімін ұштады, творчестволық жаңа мүмкіндіктердің көзін ашты. Автордың идеялық, рухани өсуі арқылы оның поэзиясы да жаңа биікке көтерілді.
Ақын майданға аттанған алғашқы қадамынан бастап өз алдына патриоттық асқақ міндет қояды. Отан қорғау жолында қандай қауіпке болса да баруға дайындығын білдіреді.
Жұмағалидың әскери творчествосының елеулі бір ерекшелігі -оның қазақ поэзиясына тың тақырып — партизандар өмірін жырлауды алып келуі. Әскерде ол партизандар қатарында соғысты, отрядтың саяси жетекшісі болды. Ақын өлеңдерінен біз партизан деген адамдардың ерекше сипатын, дербес қасиеттерін танимыз. Отанын, үйі мен жанұясын жау қолында қалдырып, өздері дұшпан тылында күрес жүргізіп жүрген жандардың ашулы, кекті, сұсты бейнелерін Жұмағали сомдап жасайды. «Қар құшып, мұз жайлай» жүрген адамдарға еш нәрсенің қорқынышты емес екені, қаңтардағы боран да, «теңселген қара орман» да оған бой тасалар орын болатынын айтады.
«Жаралы партизан жырларының» шығу тарихы былай. 1942 жылы бір ұрыста Жұмағали көкірегінен оқ тиіп, қатты жараланады. Партизандар отрядтың саяси жетекшісі Жұмағалиды аман алып қалуға бар күшітерін жұмсайды. Үш ай бойы өздерімен бірге сақтап, ең қиын ұрыстарда да алып шығып жүреді. Бірақ Жұмағалидың денсаулығы кеми береді, ендігі жерде отрядпен бірге жүрудің мүмкіндігі болмайды. Ақыры оны партизандар Донбастың ескі шахтері М.А.Масловтардың үйінде қалдырады. Масловтың қызы Ефросинья жаралы партизанды өз қамқорлығына алып, әлсіз кездерінде аузына су тамызып асырайды. Жаралы партизанды іздеген фашистер Масловтың үйіне бірнеше рет тінту жүргізсе де, ер жүрек қыз оны тығып, жау қолына түсірмейді, ақыры адам ғып қатарға қосады. Осы жолы ауыр жаралы ақын күрес майданынан алыс қалып, оның үстіне ауру қинап, көп сезім күйлерін бастан кешіреді. Жұмағалидың «Жаралы партизан жырлары» атты өлеңдерінің циклі осындай күйдегі солдат сезімінің тебіренісін бейнелейді.
«Жаралы партизан жырларының» кейіпкері–кескілескен ұрыста жаралы болып, достарынан бөлініп қалған партизан. Ол ауыр жарасына карамай, достарын іздейді, қайта сапқа тұратын мезгілді күтеді, күрес пен майданды сағынады.
Соғыстан кейін де Жұмағали әскери тақырыпқа оралып, өзі басынан кешкен өмір шындығына бір қатар шығармалар арнады.«Есімде Айдар өзені» атты әдемі лирика мен «Алтай» атты поэма жазды.
«Есімде Айдар өзені»–қазақтың әскери поэзиясының үздік үлгілерінің бірі. Онда Айдар өзені бойындағы қатты ұрыс пен неше түрлі сезім арпалысын басынан кешірген солдаттың жан дүниесі түгел көрінеді. Совет жауынгерлерінің жеңімпаздық қуаты, жауға қарсы күресте жараланғандар мен қаза тапқандар бейнесі, халықтар достығының көрінісі, жеңіске сенім, өз Отанының тәуелсіздігін қорғаған солдаттың ыза намысы – бәрі де өлеңнің рухынан танылады. Бірақ ақын оның бәрін баяндап жатпайды.
«Айдар» жағасы қанша күрес суретіне толы екені, онда өткен көп айлардың бос кетпегені, солдат ойлары осы қысқа шумақта айқын танылады. Ұрыстағы солдат не туралы ойламады?, ел-жұртын сағыну, жорық алдындағы күдікті ойлар мен жеңіс кезіндегі ерлік сезім, әр түрлі қуаныш пен сәтсіздіктер, өлім мен өмір туралы ойлар – барлығын да солдат «Айдар» бойында басынан өткізді, сонда қалдырды.
«Айдар» бойында ұрыста өлген екі дос – бірі орыс, бірі қазақ.
Отанының тәуелсіздігі жолындағы күресте ынтымағы жарасқан халықтар туыстығын ақын айғайсыз, қарапайым шындық арқылы ашады.Бұл айтылғандар
Майданнан емделіп қайтқанмен, Жұмағали бір жола сауығып кете алған жоқ еді. Оның өкпесіне кірген оқ өзімен бірге сақталды. Сол күйінде еңбекқор ақын өзін жарымжан санамай, әдеби, қоғамдық қызметтер атқарды. Республикалық халық творчествосы үйінде, Қазақтың мемлекеттік филормониясында, «Жаңа өмір», «Жұлдыз» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеті редакцияларында басшы қызметтер істеді. Көптеген өлеңдер мен «Алтай», «Азамат» атты поэмалар, «Жол үстінде» атты повесть жазды. М.Лермонтовтың «Біздің заманымыздың геройы» атты романы мен бірсыпыра ақындық шығармаларды аударды. Бұл жылдары ақынның «Айғақ» (1948), «Жылдар»(1954),«Самал»(1957)т.б.жинақтары,таңдамалы шығармалары бірнеше рет басылды.
Соғыстан кейінгі Жұмағали өлеңдері негізінен, бейбіт еңбекті, колхозды ауылдың жаңа адамдарын, тың игерушілерді, ұлы халықтар достығы мен бейбітшілік жолындағы күресті, туған елдің табиғатын жырлауға арналды. Ақын өмірдін өзекті мәселелерінің бәріне де үн қосып отырды.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1. Жұмағали Сайнның қандай поэмалары бар?
2. Жұмағали Сайнның «Бақыт жыры» поэмасы не туралы?
3. Жұмағали Сайнның қандай партизан тақырыбындағы өлеңдері бар?
Әдебиеттер:
1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.
2 Ж.Саин ІІІ том А 1980.
3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.
4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.
–455бет.
5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»
2002.– 311 бет.
6 Серік Негимов.Әдебиет әлемі. А, «Ана тілі», 2008ж. –256 бет.
7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.
–198бет.
8 Тұрсынбек Кәкішұлы. Жанр жайлауы 1- кітап.А,«Қазақ университеті»
2007ж. –462 бет.
9 С. Қирабаев. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. А.,1995, 173 б.
10 Қ. Жұмалиев. Стиль-өнер ерекшелігі. А., 1966, 98-99 бб.
11 С.Қирабаев.Ұлт тәуелсіздігі және әдебиеті.А., 2001, 195-196 бб.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *