БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ


Қазақ халқының өр тұлғаларының жалғасы, Отан қорғаған қаһарман ұлдарының бірі – Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Қазақта «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөз бар. Бауыржан сияқты халқының ұлдарына байланысты айтылған сөз болар, сірә. Батырдың өмір жолына көз жүгірте отырып, амалсыз осындай ойға қаласың. Ол Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Көлбастау ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі 7 жылдық мектеп-интернатын бітірген соң, біраз жылдар мектепте мұғалім болыпты. Бұл сол кездегі ең бір абыройлы, беделді мамандықтардың бірі. Сол кездің өзінде-ақ еңбекқорлығымен, өз қызметіне деген ынта, жігерімен, дарынымен көзге түскен жас жігітке аудандық комитеттің хатшысы, милиция бастығы сияқты аса жауапты қызметтер сеніп тапсырылған. Бауыржан Момышұлы әскер қатарына 1932 жылы алыныпты. Еңбекқор, іскер азаматтардың қандай да болсын істен нәтиже шығара білетіні белгілі. Баукең бойындағы мұндай қасиеттерін әскер қатарынан оралғаннан кейінгі жылдары көрсетсе керек. Осы уақытта біраз жылдар Шымкент, Алматы қалаларындағы банк саласында жемісті еңбек еткен ол, жақсылап қолға алса, өзінен тәп-тәуір қаржыгердің де шығатынын көрсеткен. Бұдан әрі қарай Баукеңнің өмірі өзінің туа біткен қасиеттерімен байланысты, яғни әскер саласындағы қызметтермен жалғасады. Яғни ол 1936 жылы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты тәмамдап, қайтадан Қызыл Армия қатарына алынған. Онда жүріп, взвод, рота, командирі полк штабы бастығының көмекшісі сияқты басшылық қызметтерді атқарады. 1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болады. Ал Ұлы Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар дивизиясының жасақталуына ат салысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады. Онда Баукең немістермен Мәскеу түбінде болған айқастарға қатысып, әйгілі 8-ші гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болып, соғыс бітердің алдында осы гвардияны басқарады. Тап осы сұрапыл соғыс жылдарында ол өзінің асқан ерлігімен, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген білікті жауынгерлік қасиетімен ерекшеленіп, оның атақ-даңқы аңызға айналады. Соғыстан соң Баукең Кеңес армиясы Бас штабы жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. Ал 1950-1956 жылдар аралығында әскери академияда сабақ берген және түрлі әскери қызметтерді атқарған.
1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Сондай-ақ командир Момышұлы сезімтал тактик болумен қатар, жау шептеріне ішкерілей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болып қана қоймай, алыстан ойлайтын сұңғыла психолог болған.
Бауыржан Момышұлы — әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ–даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды.
Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.
Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Бауыржан Момышұлы атақ-даңқтан кенде адам емес. Ол Кеңес дәуіріндегі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі сынды орден-медальдармен марапатталса, халқының шын мәніндегі қаһарман ұлына Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді. Осылайша қазақ халқы батыр ұлының асқақ рухын тағы бір рет ұлықтады.
Көрнекті жазушының орыс және қазақ тілдерінде жазып қалдырған «Бір түннің тарихы», «Ұшқан ұя» сияқты алғаш шыққан кітаптары мен одан кейін жазылған «Мәскеу үшін шайқас», «Жауынгердің тұлғасы», «Майдан» сияқты өзге де көптеген шығармалары оқырман жүрегіне жол тауып, көпшіліктің іздеп оқитын кітаптарының біріне айналды. Бұл шығармалардың барлығы да көптеген елдердің тілдеріне аударылып басылды.
«Ұшқан ұя» атты ғұмырнамалық шығармасында: «Келген қонақ ең алдымен менің атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Ел танудың басы ең алдымен осылай басталатынын ол кезде кім білген» деп түйіндеген Баукең одан әрі көп ашыла қоймайды. Сол «Ұшқан ұяда» өзі жақын араласқан отбасы туралы: «Сол күннен бастап Гончаровтар мені іш тартып, еркелете сөйлейтін болды. Бірақ әрқайсысы әртүрлі атап, атымды бүлдіріп бітті. Бірі–Бажан, бірі – Бардан, бірі – Буржан немесе Баржан деп тұрғаны. Ал ақкөңіл кемпір мені тіпті баласындай бауыр тартып, Буроржан дейтін» деп еске алады.
Бауыржан Момышұлы туралы қаншама көркем шығармалар дүниеге келді. Олар Александр Бектің «Арпалыс», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», ұлы Бақытжанның «Жанымның жарық жұлдызы» және тағы басқа шығармалар еді.
Тумасынан асқан дарынды Баукең 1956 жылы ең алғаш қаруын қаламға айырбастап, бірыңғай жазушылықпен айналысады. Оның қарымды қаламынан туған «Ұшқан ұя», «Артымызда Москва», «Майдандағы кездесулер», «Куба әскері», «Жон арқа», «Өмір өшкен жоқ» атты түрлі шығармалары әдебиетімізге қосылған ерлік рухқа толы, елеулі де мол мұра болды.
Ер елімен еңселі. Б. Момышұлының үлкен әдебиетке келуінен де оның отаншылдығын, өз қаруластарына деген сүйіспеншілігін көреміз.
«… Менің көп достарым, майдандастарым опат болды. Егер солар белгісіз күйде қала берсе, онда оның өзі тірі қалғандардың арына, бәрінен бұрын өз басымның ар-намысына шек келтірген болар еді», – дейтін Баукең.
Ол өз шығармаларында өзінің адамгершілігін, азаматтық тұлғасын бар мүмкіндігінше беруге ұмтылды. Момышұлы шығармаларында да сол Момышұлы күйінде көріне білді.
Қазақ халқының даңқын шығарып, абыройын асырған айтулы ұлдарының бірі–гвардия полковнигі, жазушы, Совет Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы артында «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» деп аталатын шығармалар қалдырды дедік.
Бауыржан Момышұлының 2004жылы «Жазушы» баспасынан қос томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Жинақта «Қанмен жазылған кітап», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас», деп аталатын туындылары қамтылған. Бұлардың әрқайсысы өзінің жазылу мерзіміне қарай орналастырылыпты. «Қанмен жазылған кітаптан» басқа туындыларының бәрі де бұрын-соңды оқырман қауымға танымал шығармалар болуы себепті, әрі жазылу мерзіміне қарай екінші томға орналастырылған. «Ұшқан ұя» туындысы Бауыржан Момышұлының орыс тілінде «Наша семья» деген атпен жазылған алғашқы көлемді шығармасы болатынды. Бұл шығарма мазмұны мен көркемдігі жағынан жоғары бағаланып, Абай атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын алды. Ал «Москва үшін шайқас» деп аталатын туындысы орыс және қазақ тілінде жазылған, әрі Баукеңнің майдан төрінен оралмай қалған қанды көйлек майдандас жауынгерлер тағдырын суреттеумен ерекшеленетін айрықша мәні бар шығармасына айналып үлгерді. Қазақ халқының «Ақын елдің еркесі, батыр елдің серкесі» деп ақын мен батырды айрықша қастерлейтін дәстүрі бар. Ұлы Отан соғысында қазақ халқының ұлттық батырына айналған Бауыржан Момышұлы бұлтта ойнаған жасындай Москва түбіндегі шешуші шайқаста қапияда ой тапқан, қараңғыда жол тапқан, ерен ерлігімен даңқы әлемге жайылып, аты аңызға айналған бірегей қолбасшы ретінде танылды. Баукеңнің «Москва үшін шайқас» кітабын жазуға атақты «Волокалам тас жолы» кітабының авторы А.Бектің Баукеңе арнап жазған өлеңінің мына бір жолдары себеп болады:
Кейіпкерін пешкі мен ноқаттардай жайылтты,
Ал мендегі геройлар алға тартпақ тарихты.
Өр көкірек ақымақ! Үнің неден тарылды?
Шейіттерді қастерле! Нанға сатпа арыңды!
Қасиетті құрбандар жанын қиды ар үшін,
Қойсам деймін ескерткіш, бұл солдаттық парызым»-
дегеннен Баукеңнің айбарлы үнін есіткендей боламыз.
Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітап» деп аталатын шығармасы жазылу мерзіміне қарай бірінші томға жіберілді. Бұл туындының дүниеге келу тарихынан біраз мағлұмат бере кетсек: 1943 жылы желтоқсан айының соңында Алматыға майданнан оралған гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлын Қазақстан жұртшылығы құшақ жая зор қуанышпен қарсы алды. Бұған дейін-ақ 1941 жылғы Москва түбіндегі қанды шайқастарда теңдесі жоқ ерлігімен бүкіл әлемді дүр сілкіндірген қазақстандық 316-атқыштар диизиясының батальон командирі аға лейтенант Бауыржан Момышұлының жан беріп, жан алысқан шайқаста көрсеткен бірегей батырлық ерлігі оның есімін аңызға бөлеп, даңқ тұғырына көтерген болатын-ды. Қан майданнан жараланып емделуге келген батыр ұлын астана жұртшылығы қошеметтеп басына көтерді. Зиялы топпен, атақты ақын атасы Жамбылмен және майданнан хат арқылы хабарласып сырттай танысқан ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен сұхбаттасады.
Ұлы Отан соғысы жөнінде асығыс жазылған көптеген шығармаларға көңілі толмай қомақсып жүрген Баукең үлкен жазушының бұл ниетіне қатты риза бола отырып, 1942 жылы тамыздың 18 күні жазған хатында: «…Отан соғысын тақырып етіп еңбек етемін. Ол ат үсті емес, әдеби мағына мазмұнына терең түсініп, біліп алып бастаймын деген ниетіңіз, талабыңыз мені өте қуантады. Сіз сияқты қазақ әдебиетінің полковнигі шынында солай етпеуіне болмайды»,- деп тебірене жазды.
«Ер серігі – сергек ой» әңгімесін жазуға Бауыржан Момышұлы оқыған әңгіме –дәрістің үстінде ойға батқан сияқты. Себебі Мұхтар Әуезовтің «Әшекейлі, айшығы жоқ анық шындық кескін осы»,–деп кең пішіліп, желісін ғана түсіргендей арнаулы ескертпесінде: «…Бұның өзі бір зор дастан, кең хикая болмақ керек. Соған талай ақын, жазушы тағы талай оралып соқсын деп, кең көсіліп шертсін деп, бұл жерде, әзірше тек болған халдің өзін ғана айтпақпыз», –деп шектеле сөйлеп, түбінде Баукеңнің аңызға айналған ерлігі жайлы талай роман, дастандар жазыларына зор сеніммен қараған.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1. Бауыржан Момышұлының қандай шығармалары бар?
2. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» еңбегі не туралы?
3. Бауыржан Момышұлы туралы Александыр Бектің қай шығармасында сөз болды?
Әдебиеттер:
1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.
2 Бауыржан Момышұлы «Москва үшін шайқас», Көркем әдебиет
баспасы, Алматы 1964 жыл.
3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.
4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.
–455бет.
5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»
2002.– 311 бет.
6 Б.Момышұлы «Ұшқан ұя».А., «Жазушы». 1975 ж. № 1603. 384 б.
7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.
–198бет.
8 Бауыржан Момышұлы «Москва үшін шайқас», Көркем әдебиет
баспасы, Алматы 1964 жыл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *