Әдістеме — педагогика ғылымының жеке пәндерден берілетін білім көлемі мен мазмұнын негіздеп, оны оқытудың тиімді әдістерін зерттейтін бір саласы. Тұтасынан алғандағы жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту процесінің заңдылықтарын дидактика зерттейді. Ол заңдылықтардың жеке пәндерді оқытудағы көрінісін және әр пәнді оқытудың өзіне ғана тән заңдылықтарын пәндік дидактика қарастырады. Бұлардың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оқыту Әдістемелері бар.