ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ТҮРЛЕРІ

 

Қазіргі заманның қоғамдық-әлеуметтік басты мәселелерінің бірі- басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлей білуі. Осы мәселені шешу барысында жалпы білім беру мектептерінде, орта және жоғары оқу орындарында әртүрлі технологиялар жүйелері еніп, қазақ тілін оқыту әдістемесі де өз нәтижесін беріп келеді. Оқу орындарында жаңа технологиялар арқылы оқыту қазақ тілін үйретудің сапасы мен маңызын арттырады.
Өз тәжірибемде білім берудің мынадай технологиялар түрлерін үнемі қолданудамын:
— деңгейлік тапсырмалар арқылы оқыту технологиясы;
— модулдік технология;
— дамыта оқыту технологиясы;
— ақыл-ой, іс-әрекеттердің кезең бойынша қалыптасу технологиясы;
— танымдық іс-әрекеттерді жандандырудың тәсілдерін оқыту технологиясы;
— ынтымақтастықта оқыту технологиясы.
Орыс тілді дәрісханада қазақ тілін оқыту әдістемесінің мақсаттарының бірі- тіл үйренушінің қатысымдық біліктілігін қалыптастырып, сөйлеу қабілетін дамыту.
Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім берудің мақсаты – қазіргі қоғам талабына сай алынған терең білім, ойын еркін білдіру, тиімді шешімдер қабылдауға жеке тұлғаны қалыптастыру. Біз, оқытушылар, бұл мақсатты жүзеге асыру үшін, түрлі тәсілдер, әдістер және инновациялық технологиялрды қолдануымыз керек. Әр оқытушы заман талабына сай өз жүргізетін пәні бойынша жаңа технологияларды пайдаланса, болашақ маманның білім сапасын тереңдетіп пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады.
80-ші жылдардағы жаңа технологиялардың бірі – В.Шаталов технологиясы. Сол жылдары біз сабақ беру барысында жаңа технология ретінде жиі қолданғанбыз. Ғалым тірек сигналдар арқылы үйрету әдістерін ұсынған. Тірек сигналдарды қолданған кезінде, тыңдаушылардың есте сақтау қабілеттері дамиды. Ал бүгінгі техникалық прогресс пен ғылыми ақпарат көлемінің ұлғая түсуі, білім беру мазмұнын қайта құру және оқу-тәрбие орындарының іс-әрекет қағидаларын қайта қарау – мұның бәр оқытушының қойылатын талаптары.
Қазіргі әдістемелік әдебиеттерде «технология» деген ұғым «оқыту» деген ұғыммен жиі кездеседі. «Техника» терминінің екі мағынасы бар:
1.Өндіріс құралдарының жиынтығы.
2. Бір істі орындағанда қолданылатын тәсілдер жиынтығы.
«Технология» термині сол тәсілдер жүйесі деген мағынаны білдіреді. Бірінші кезеңде білімді көмекші құралсыз берген; екінші кезңде оқулық арқылы; ал бүгінгі заманда оқыту технологиясы үлкен өзгеріске түсті. Бүгін біз сабақ барысында тірек сызбалардан қалып, ақпараттық технологиялар арқылы (компьютер, электрондық оқулық, интернет) оқытамыз.
Оқыту технологиясы қалай оқыту керек деген ғылыми тұжырымдамамен тығыз байланысты, яғни қалай сабақты ұйымдастыру керек, қандай принциптер арқылы, қандай факторларды үнемі ескеру керек деген сұрақтарға жауап іздейді. Сондықтан, оқыту технологиясы оқытудың мақсат, мазмұн, принцип, әдіс және құралдармен тығыз байланысты.
Қоғам талабына сай инноваиялық технологияны меңгеру ғалым В.Максимов өз зерттеулерінде келесі инновациялық технологияларының түрлерін ұсынады:
— құрылымдық логикалық технология;
— интеграциялық технология;
— ойындар технологиясы;
— тренингтік технологиясы;
— ақпараттық технология;
— сұхбаттық технология.
Бүгінгі кезде әдістеме саласында жоғары аталған технологиялар жиі қолданылуда. Жаңа технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегідей шарттар қажет:
— оқу үрдісін белсендіру және басшылыққа алу;
— студенттердің ғылыми-әдістемелік, оқыту әдістемелік, ұйымдастырушылық себептеріне үнемі талдау жасап, назарға алу;
— жаңа пәндік білім стандартымен танысу.
Осы шарттарды үнемі ескеріп жүрсек, педагогика ғылымы жаңа технологияны тиімді пайдаланумен ерекшелінеді. Білім беру барысында оқыту, тәрбиелеу бағыттарын инновациялық технологиямен жетілдіру қажет. Студенттердің өзіндік жұмыстарының орындалуын бақылауға бағалауымыз керек.
Қазіргі инновациялық технологиялардың жиі қолданылатыны – ақпараттық технологиялар. Оларды пайдалану барысында бұрыннан біз көбінесе компьютерді қолданып, сабақты түрлендіріп, студенттердің пәнге деген қызығушылықтарын дамытамыз. Осындай сабақтар өткізгенде, оқыту процесін дараландырады және студенттердің ойын дербестігі мен белсенділігін арттырады.
Компьтердің әдістемелік және дидактикалық мүмкіншіліктерін пайдаланып, ақпараттық технологияларды қолдану студенттердің танымдық және өзіндік белсенділігін арттыратын ойын элементтері арқылы үйрету оқыту процесін тұрақтандыруға мүмкіншілік береді. Компьютер арқылы мәтінді теру, берілген қателерді түзету, мәтін бойынша тапсырмалар орындау және тағы басқа сабақ түрлерін өткізуге болады. Кейде студентпен де жеке жұмыс жасай аламыз. Оқу барысында студенттердің ақпараттық технологияларды пайдалануы, өзін-өзі бақылау, өзін-өзі ұйымдастыру, өзіндік сараптау, жоспарлау мүмкіндіктеріне негізделген оқытылу мүмкіндігін береді.
Студенттің дамуын үйлесімді нәтижеге жеткізу үшін оқу жүйесі ғылыми-педагогикалық негізінде жасалуы қажет. Сабақ кезінде модульдік оқыту технологиясын қолдана отырып, студенттердің жеке дамуына көңіл бөлуге болады. Модульдік оқыту технологиясы жаңа технологиясының әр пән бойынша ерекше қолдануда. Оқу модулі 3 құрылымдық бөлімнен тұрады: кіріспеден, негізгі бөлімінен және қорыту. Әр модульге оқытушы өз уақытын бөліп, қойылған ақсаттарына жетуге тырысады. Оқытушы сабақты ұйымдастыру түрлерін ойластырады. Оқу материалдарын тақырыптың мазмұнына сәйкес деңгейлік тапсыру болуы қажет. Әр деңгейді орындап, ең соңғыда студент баға алады.
Инновациялық технологияларға мультимедиялық сабақтар да жатады. Ағылшын тілінде multimedia, латын тілінде multum – көп және media, medium –жинақ дегенді білдіреді , яғни құрамына бірнеше мәтін, сурет, бейне, көрініс, анимация кіреді. Мультимедиялық сабақтарда қойылатын мақсаттар: студенттердің компьютерлік технологиясын қолдану арқылы оқыту, үйрену, танымдық әрекетін жүзеге асыру және өз бетінше жұмыс істеу дағдысы мен шығармашылыққа қабілеттерін дамыту. Сабақта келесі қажетті шарттар орындалуы керек:
— студенттің жеке тұлғасын дайындау;
— ойлау қабілетін жетілдіру;
— эстетикалық тәрбие;
— нақты бір шешім қабылдауға қалыптастыру;
— пәнаралық байланыстарды тереңдету.
Мультимедиялық сабақ өткізу кезінде студенттер ақпаратты тек қана қабылдаушы ғана емес, сонымен бірге оны өңдеп, жеткізу әрекеттерін орындайды. Бұл кезде оқытушының мақсаты студенттерде қажетті ақпаратты табу, сұрыптап, оны жүйелеу мен жеткізу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Ол оқу пәнінің тақырыбын қоршаған ортада болып жатқан түрлі құбылыстар мен жағдайларды және проблемаларды шешумен байланыстыра отырып, студенттерге жобаны дайындау тапсырмасын ұсынады. Бұл тапсырманы орындау мен оны қорғау кезеңі студенттердің топ алдында сөйлеу мәдениетін, ойын жүйелеу білу мен өзіндік көз-қарастың және ой-пікірлерін қорғай білу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тапсырмаларды қорғау топтың алдында орындалады және олардың өзара қарым-қатынасын талап етеді. Сонымен, мультимедиялық жобаны құру — студенттерге қажетті теориялық білім мен танымдық қызығушылықты қалыптастыруға мүмкіндік беретін тиімді әдіс болып табылады.
Инновациялық технологияларға бүгінгі кезде – электрондық оқулықтар да жиі қолданылуда. Оқытушы бағдарламаға сай өз электрондық оқулығын дайындайды. Білім саласында компьютер студент үшін құрал, ал оқытушы үшін ол күнделікті қолданылатын жұмысшы болып табылады.
Электрондық оқулықтар – ғылыми негізінде дайындалған педагогикалық-ақпараттық өнім. Электрондық оқулық арқылы студенттер тапсырманы қызыға орындайды, кейде қателерін өздері табады. Электрондық оқулықтар – оқытушылар үшін күннен күнге дамытылып отырған ашық түрдегі әдістемелік жүйе. Мұны пайдалану барысында оқытушы ғылыми-әдістемелік электрондық оқулықты пайдаланғанда сабақтың ыңғайына қарай қосымша материалдарды кірістіруге болады. Электрондық оқулық көрнекілік ретінде де, оқу мен компьютер арасындағы байланыс жасауда да студенттерге көп көмек көрсетеді.
Студенттердің тілін дамыта оқытудың нәтижесінде студент қазақ тілінің сөз байлығын толық игеру, тілдің фонетикалық және сөзжасам жүйесін жақсы меңгеру, морфологиялық , синтаксистік тәсілдерді игеріп, оларды практикалық тіл жасау дағдысында дұрыс пайдалана білуі тиіс. Сонда ғана студент тілді күнделікті өмірінде дұрыс пайдаланумен қатар тілдің қатысымдағы стильдік, эмоциялық, көріктеу, көркемдеу қызметтеріне де түсініп қолдана алады. Сондықтан, студенттердің тілін дамыту үшін, ең алдымен, олардың сөздік қорын байыту; әдеби тілдің нормасында сөйлемдерді дұрыс құрауды үйрету; ойларын жүйелі ауызша, жазбаша жеткізе білу дағдылары мен шеберлігін қалыптастыруы қажет.
Қалыптасқан білім беру жүйесін жетілдіру ісінде қазіргі заманғы ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың маңызы жөніндегі мәселе соңғы екі онжылдық бойына өзекті болып отыр. Әрбір педагог: мектеп мұғалімі немесе жоғары оқу орнының оқытушысы болсын, басты мақсат — білім беру сапасын қамтамасыз ету. Ал ол үшін ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың қолданылуы үлкен дәрежеде септігін тигізетіні сөзсіз.
Жоғарыда көрсетілген инновациялық технологиялардың түрлері қазіргі жағдайда жоғары оқу орнының оқу процесінде қолдануға өте тиімді. Білім берудің мемлекеттік стандарттарында анықталған оқытудың мазмұнына ешбір нұсқан келтірмейді, керісінше оқу пәндерінің бағдарламасында көрсетілген мақсатқа оқытудың бұрыннан қалыптасқан әдістерімен өзара бірлікте қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н.Амирғалина. «Білім берудің инновациялық технологияларының бірі- тірек конспектілері». // Білім. Алматы, № 4, 2009ж., (17-19б.).
2. Г. Амандыкова. «Шет тілін оқыту әдістемесі». Алматы, 2007ж., (103-105 б.).
3. Ж.Садуова «Инновациялқ технологияларды білім беруде қолдану».// Білім. Алматы, № 5, 2006ж., (22-24).
4. Г. Такишева. « Модулдік оқыту технологиясын пайдаланудың тиімділігі», // Білім. Алматы, № 4, 2009ж., (14-17б.).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *