Сөзжасам — тіл білімінің жеке саласы

 

Сөзжасамның тіл білімінің дербес саласы болып танылу оның өзіндік зерттеу нысаны болумен байланысты. Сөзжасам тілдің сөзжасам жүйесін, сөзжасамдық бірліктерді, сөзжасам заңдылықтарын, сөзжасамның амал-тәсілдерін, сөзжасам арқылы жасалған туынды сөздерді, әр сөз табының сөзжасамын т.б мәселерді зерттейді яғни тілдің сөзжасам жүйесін зерттейді.
Сөзжасамды жеке сала деп тануды орыс тіл білімінде алғаш ұсынған академик В.В. Виноградов болды. Ресейде сөзжасам мәселесін зерттеп, ол туралы дәлелді пікір айтқан, сөзжасамның өзіндік зерттеу нысанасы барын, оның тіл білімінің басқа салаларынан ерекшелігін ашқан, басқа салалармен байланысын да көрсете білген ғалымдар болды. Олардан Г.О Винокур,Е С Кубряков, Е А Земская, Н Д Арутюнова, А Н Тихонов,И. С. Улухановтарды атауға болады. Сөзжасамды тіл білімінің жеке саласы деп тану мәселесі шетел ғалымдарының зерттеуінде де дәлелденді.
Сөзжасам мәселесі туралы ғалымдар зерттеулері қазақ тілі ғалымдарына да әсер етті, осы мәселені зерттеуге игі ықпал жасады. 1984-1988 жылдары академияның тіл білімі институтының грамматика бөлімінің қызметкерлері сөзжасам мәселесін арнайы зерттеді. Зертеудің нәтижесінде 1989 жылы “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы” деген атпен монография болып шықты. Бұл сөзжасам мәселесін жаңа тұрғыдан зерттеген зерттеудің нәтижесі болды. Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып танылуы оның тіл білімінің басқа салаларымен байланысын жоққа шығармайды. Тіл білімінің салаларының ішінен сөзжасамның морфологиямен байланысы ертеден-ақ назарға іліккен. Сондықтан да сөзжасам соңғы кезге дейін көп тілде морфологияның құрамында қаралып келеді. Бұл екі саланың байланысты болатын себебі екеуі де сөздің ең кішкене бөлшегі морфемамен байланысты. Сөзжасам мен синтаксистің байланысы да тілде белгілі орын алады. Сөзжасам нәтижесінде жасалған туынды сөздер сөздік қорға қосылып, тілдегі басқа сөздер сияқты лексикологияның зерттеу нысанасына түседі.
Сөзжасам, тек қазақ тіл білімінде ғана емес, әлемдік лингвистика мен орыс тіл білімінде де тілдің өзге қабаттарына қарағанда анағұрлым кеш қалыптасқан, лексика мен грамматикадан бөлініп, өз алдына отау тіккен дербес, жеке сала болып танылады. Тіл тарихында, жалпы, туынды сөздердің пайда болуы, жасалу тәсілдері, тілдің байлығы болып саналатын сөздік құрамды қалыптастырудағы алатын орны, жаңадан пайда болған мағынаның бұрынғы мағынамен байланысы және т.б. сықылды сөзжасамның өзекті мәселелері ерте кезден сөз болып келе жатқанымен, олардың бәрін топтап, басын бір жерге қосып, грамматика мен лексикадан бөлек, жеке сала ретінде қарастыру проблемасы күн тәртібіне тек қана өткен ғасырдың орта тұсында қойыла бастады. Мысалы, белгілі дат ғалымы О.Есперсен лингвистикада алғашқылардың бірі болып, өзінің «Философия грамматики» деп аталатын еңбегінде сөзжасамды тілдің жаңа саласы ретінде қарастырып, оны грамматиканың морфология және синтаксис салаларымен бір қатарға қойды: «Предмет грамматики делится… на три основные части: 1.Морфология или словоизменение, 2.Словообразование, 3.Синтаксис» [1,41]. О.Есперсеннен басқа Европа тіл білімінде В.Дресслер, Х.Брекле, Д.Кастовский, Л.Липке, Т.Репер, Э.Уильямс, В.Мотш, М.Халле, Скализе тәрізді зерттеушілер сөзжасам проблемаларын жан-жақты қарастырып, оның тілдің жеке, дербес саласы орнығуына көп күш салды. Соның нәтижесінде қазір үндіевропа тіл білімінде сөзжасам өзіндік ерекшеліктері анықталған, құрылымдық-семантикалық өзгешеліктері нақтыланған, зерттеу объектісі айқындалған тіл білімінің жеке саласы болып саналады.
Өзге жекелеген тіл білімдеріне қарағанда, тамыры терең, дамыған тіл білімі санатындағы орыс тіл білімінде де сөзжасамның дербес сала болып қалыптасу тарихы Европа тіл біліміне ұқсас. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орыс тіл білімінде И.А.Бодуэн де Куртенэ, Ф.Ф.Фортунантов, Н.В.Крушевский, А.А.Потебня, А.А.Шахматов, А.М.Пешковский және т.б. ғалымдар тарапынан сөз тудыру процесі, түрлері, олардың сөз таптарын қалыптастырудағы рөлі туралы өзекті тұжырымдар, бағалы ой-пікірлер айтылғанымен, сөзжасам лингвистиканың жеке саласы деңгейіне көтеріле алмады. Мұның, әрине, толып жатқан объективті себептері болды. Десек те, біздіңше, мұның басты себебін сол дәуірдегі тіл білімінің деңгейінен онда орныққан тілдік бағыттардан іздеген дұрыс. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы тіл білімінің жай-күйі, қол жеткен биігі қандай деңгейде еді? Аталған кезеңде тіл білімінде қандай философиялық-тілдік ағымдар үстемдік құрды? Зерттеу тәжірибесінде қандай тілдік мәселелерге басымдық берілді? Міне, осындай сұрақтарға нақты жауап берілгенде ғана сөзжасам мәселелерінің көп уақытқа дейін зерттелмей, ғалымдар тарапынан назарға ілінбей «жылы жатуының» себептерін анық түсінуге болады. Біз де өзімізше осы сауалдардың жауабын іздеп көрейік.
2. ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕ СӨЗЖАСАМ МӘСЕЛЕСІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Әлбетте, ғылым объектісіне айналған әрбір құбылыстың, шындық өмірдің өзіне ғана тән қалыптасу кезеңдері, даму жолдары, басқаға ұқсамайтын өзгешеліктері болатыны мәлім. Сөзжасам да қазақ тіл білімінде тілдің жеке, дербес саласы болып орныққанға дейін осындай пайда болу, даму жолдарын, тарихи қалыптасу кезеңдерін өз басынан кешірді. Оның даму жолына, өркендеу тарихына үңілу, екінші жағынан, өткенді бағамдау үшін ғана емес, қазіргі қазақ тілінің уақыт сынынан өтіп, әбден орныққан дыбыстық, лексика-грамматикалық жүйесін дұрыс тану, алдағы кездегі даму сипатын бағдарлау үшін де аса қажет.
Қазақ тілі сөзжасамы да өзге де жекелеген тіл білімдеріндегі сияқты тілдің басқа салаларына қарағанда анағұрлым кеш қалыптасқан тілдің арналарының бірі болып табылады. Рас, сөзжасамның сөз тудыру тәсілдері сықылды жеке мәселелері тіл ғылымында бұрыннан, ертеден сөз болып келе жатқанымен, оның тіл білімінің лексика, фонетика, грамматика тәрізді лингвистиканың өз алдына бөлек, дербес саласы ретінде таныла бастауы соңғы 40-50 жылдың жемісі. Бұл орайда, қазақ тілінің зерттеушілеріне жалпы тіл білімінде сөзжасамға байланысты орныққан ғылыми тұжырымдардың, ең алдымен, орыс тіл білімінде оны жеке сала ретінде қарастырған көптеген байсалды зерттеулердің жарыққа шығуы әсер еткені, ықпал жасағаны даусыз.
Осы ыңғайда қазақ тіл білімінде де сөзжасамның кейбір мәселелерінің бұрыннан сөз болып келе жатқанын ескере отырып, сөзжасамның зерттелу тарихын екі аспектіге яғни екі кезеңге бөліп қарауды жөн санаймыз: 1. Сөзжасамның қазақ тіл білімінің жеке саласы болып қалыптасқанға дейінгі дәуірі; 2. Сөзжасамның қазақ тілінің жеке дербес саласы болып орнығуы.
Сөзжасамның қазақ тіл білімінің жеке саласы болып қалыптасқанға дейінгі кезеңінде сөзжасам мәселелері негізінен грамматиканың морфология құрамында, онда да сөз таптарының жасалу, даму көздерінің басты бір көзі ретінде қарастырылып келді. «Сөзжасамның морфологиялық құрамда зерттеле бастауы,-профессор Т.Қордабаевтың мәлімдеуіне қарағанда,-ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап даралана зерттелінетін болды. Осы кездерде қазақ тіліне қатысты тілдік материалдар жинау, қазақ тілінің дыбыстық, грамматикалық жүйелерін сипаттау жұмыстары бірсыдырғы жүйелі жүргізіле бастады» [1, 19].
3. Сөзжасамның тілдің басқа салаларымен байланысы
Сөзжасам мен синтаксистің байланысы да тілде белгілі орын алады. Сөзжасамның синтаксистік тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздері өзінің шығу тегі жағынан сөз тіркестеріне барып тіркелетіні жалпы тіл білімінде әбден танылған, даусыз мәселе деп саналады. Сөз тіркесі сөзжасамдағы күрделі сөзде өз ізін қалдырып отырған. Күрделі сөздердің құрылысында, сыңарларының бір-бірімен байланысуында сөз тіркесінің ізі анық көрінеді. Бұл олардың ұқсастығын туғызып, оларды ажыратуда қиындық келтіреді. Өйткені көп жағдайда олардың жасалу үлгілері ұқсас. Бұл күрделі сөздердің түп негізі сөз тіркесі екеніне байланысты.
Сөзжасам нәтижесінде жасалған туынды сөздер сөздік қорға қосылып, тілдегі басқа сөздер сияқты лексикологияның зеттеу нысанасына түседі. Бұл арада туынды сөздер сөзжасам мен лексикологияның байланысын туғызады. Бірақ сөзжасам мен лексикология сөзді әр тұрғыдан зерттейді. Лексикология тілде бар сөздердің мағыналық ерекшелігін, шығу арнасын т.б. құбылыстарын зерттейді. Сөзжасам болса туынды сөздердің жасалу заңдарын зерттейді.
Қосымшалардың дыбыстық варианттары фонетикалық заңдылық негізінде қалыптасқан. Оны морфонология саласы зерттейді. Сонымен бұл арада сөзжасам өзінің жұрнақтарының вариантта қолданылуы арқылы тілдің фонетика, морфология салаларымен байланысатыны анықталды.
Қазақ тілі бай тілдердің біріне жатады. Тілдің бай лексикасы үнемі толығып, дамып отырған. Тілдің лексикасының үздіксіз дамуы қоғамның дамуымен тығыз байланысты. Қоғамның дамуы, адам санасының өсуіне байланысты өмірде жаңа заттар мен ұғымдар пайда болады да,оларды атау қажеттілігі туады. Осы қажеттілікті өтеу үшін сөзжасам арқылы жаңа сөздер жасалады. Ол жаңа сөздер тілді байытады, сондықтан тілдің сөздік құрамының баюында негзгі қызметті қазақ тілінің сөзжасам жүйесі атқарады, өйткені қазақ тілінің қалыптасқан сөзжасам жүйесі бар, ол тілде жаңа сөздер жасауды қамтамасыз етеді.

Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Сыздықова Г.Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. Алматы., 2012. – 158б. 2Сарбалаев Ж.Т. Конверсия мәселелері. Павлодар.,2010. -96б.
3.Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
4.Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.
5.Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
6.Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.
7.Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.
8.Қалиев Ғ. Қазақ тілінің сөзжасам мәселелері. Алматы, 2002ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *