Инновациялық технологияларды қазақ тілі сабағында қолданудың тиімді жолдары.
Қазіргі таңда жеткіншек ұрпақ — мектеп оқушыларына білім беруге ерекше көңіл бөлінгендігі белгілі. Ол бүгінгі өскелең өмірдің талаптарына сай маңыздылығымен ерекшеленеді. «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім керек» деп көрегендікпен Шоқан Уәлиханов айтқандай, халқымызды кемеліне келтіру үшін жастарымызды білімді, мәдениетті, Отанын, тілін шексіз сүйетіндей етіп дайындауға — әрбір ұстаз міндетті.
Елбасы жүргізіп отырған парасатты саясаттың арқасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі де елімен бірге өзінің қайта өрлеуінің әрбір күні ғасыр жүгін арқалаған ауыр болса да – абыройлы, күрделі кезеңін жүріп өтті. Ендігі мақсат тәуелсіз Қазақстанның өсіп келе жатқан жас ұрпағын өз Отанының мемлекеттігінің кепілі – мемлекеттік тілді құрметтеуге баулу, оны оқып үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру болмақ.
Қазақ тілін оқыту – қиын да қызық жұмыс. Қазіргі кезде қазақ тілін оқытатын ұстаздарға қойылатын басты талап жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, оқушыларға сапалы білім беру. Олардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіру және танымдық күшін қалыптастыруға жағдай жасау, оқытушының жеке басының ой-өрісін, оқу әрекетін, өтетін тақырып мазмұнын аша білу.Білім негізінен пән арқылы берілгендіктен, әр пәнді заман талабына сай өз деңгейінде игерту, қай кезде болмасын, ең маңызды мәселе болып келгені даусыз. Әрине терең білім де, материалдың игеруге қолайлығы да, оқулық деңгейімен шектелу де мүлде нәтижесіз болды деп айта алмаймын.
Технология мен әдістеменің мақсаты бір – “қалай оқыту мәселелерін қарастырады”.‘‘Сабақ беру жай ғана шеберлік емес,ол-жаңадан жаңаны табатын өнер деп Ж.Аймауытов айтқандай бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде. Бұлар оқушының жеке қасиетін аша отырып, азамат етіп тәрбиелеумен қатар оқушының танымдық күшін қалыптастыру және білімін кеңейтуге, тереңдетуге жағдай жасайды.
Ұстаз үшін ең басты мәселе – оқыту әдісін дұрыс таңдау. Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының жеке тұлғалық күшін арттырып, шығармашылық ойының дамуында басты рөл атқарады.
Жаңа технологияларды меңгеру мұғалімнің зияткерлік, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
«Өз еңбегін талдай білген адам ғана тәжірибелі ұстаз бола алады»,- деген В.Сухомлинскийдің сөзін оқытушының талмай ізденген еңбегінің нәтижесінде ғана көрінетіні белгілі. Қазіргі кезде ғылым мен техниканың даму деңгейі әрбір оқушыға сапалы және терең білім беруіне жағдай жасап отыр. Ұстаз баяндайды, әңгімелейді, түсіндіреді, ал оқушы тыңдайды, қабылдайды, ойлайды, т.б. таным әрекеттерін жасайды.
“Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық” деген сөздерді ескере отырып, сабақтарымызда мүмкіншілігіне қарай мультимедиялық проекторды пайдаланып отырсақ оқытушының ұтары мол деп ойлаймын. Тек оларды тиімді, жүйелі түрде қолдану оқытушының шеберлігіне байланысты әрқилы жүзеге асырылуы мүмкін.
Яғни, әр қазақ тілі сабақтарын слайдтар қолдану арқылы өткізсек, әр сабағымыздың өзінде оқушыларды тілге деген қызығушылығымызбен баурап алатынымыз сөзсіз.
Біз ұстаздар қауымы қандай да болмасын жаңалыққа құлақ түре жүретініміз айқын. Жаңа технологияларды сабақта қолданудың тиімділігін қашан да жолға қоярымыз анық. Соның бірі – “Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту” технологиясын сабақты жоспарлауда қолданудың тиімділігі. Өйткені мұнда әр оқушының ойы шыңдалып, өз даму деңгейіне сай жетістіктерге жетуіне болады. .
Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, оқытушының кәсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған.
Мұндай технологияларды қолдану — біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді.Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түседі.