Етістіктің лексика-грамматикалық категориялары

Етістіктің лексика-грамматикалық категориялары

1.Рай категориясы
2. Шақ категориясы. Жақ категориясы.
3. Етістіктің жіктелуі.
4. Етістіктің сөйлемдегі синтаксистік қызметі

Сөйлеушінің қимыл, іс-әрекетке көзқарасын, қимылдың, іс-әрекеттің шындыққа, болмысқа қатысын, модальдық мәнін білдіріп, белгілі парадигмалық тұлғалар жүйесінен түратын етістіктің грамматикалық категориясы рай категориясы деп аталады.
Негізінен алғанда, рай категориясының ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай сияқты төрт түрі көрсетіліп жүр.
Ашық рай -қимыл, іс-әрекет үш шақтың (осы шақ, келер шақ, өткен шақ) бірін білдіретін рай түрі.
Бұйрық рай сөйлеушінің тыңдаушыға немесе тыңдаушы арқылы бөгде біреуге (3-жаққа) қаратылып, бұйрық сұрай айтылатын, өзіне (1-жаққа) байланысты қимылға, іс-әрекетке қозғау салу, ниет мәнін білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы берілетін рай түрі болып табылады. Бұйрық райдың басты мәні — бұйрықтық мағына. Бұйрықтық мағына негізінен алғанда 2-жаққа байланысты болып отырады.
Ал 3-жақта бұйрықтық мағына солғындап, тілек (бұйрық пен тілек), өтініш (бұйрық пен өтініш) мәні байқалып отырады.
Шартты рай қимыл, іс-әрекеттің болу-болмау, орындалу мүмкіндігін, шартын білдіріп, етістік түбіріне, лексика-грамматикалық категориялар тұлғаларына -са, -се қосымшасы жалғану арқылы жасалады.
Қимыл, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен байланысты болып өткендігін, бірақ болатынын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын етістіктің грамматикалық категориясы шақ категориясы деп аталады.
Қазіргі қазақ тілінде шақ категориясы морфологиялық белгісіне, шақтық мағынасына қарай өткен шақ, осы шақ, келер шақ болып үшке бөлінеді.
Өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеу кезінен бұрын болып, істеліп кеткенін білдіретін етістіктің грамматикалық формасы.
Қазіргі қазақ тіліндегі өткен шақ грамматикалық формасы мен мағыналық ерекшеліктеріне қарай жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы өткен шақ болып үшке бөлінеді.
Жедел өткен шақ етістіктің түбіріне-ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалып, жіктеліп қолданылады.
Бұрынғы өткен шақ қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен салыстырғанда, әлдеқашан бұрын болғандығын білдіреді.
Бурынғы өткен шақ екі түрлі жолмен жасалады.
а) Бұрынғы өткен шақ-ған, -ген, -қан, -кен,-ып, -іп, -п жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады. Бұрынғы өткен шақтың күрделі түрі -ған, -ген, -қан, -кен тұлғалы есімшеге немесе -ып, -іп, -п тұлғалы көсемшеге (еді) көмекші етістігінің тіркесуі арқылы жасалады.
б) Ауыспалы өткен шақ. Ауыспалы өткен шақ есімшенің -атын/ -етін, йтын/ -йтін жұрнақтары арқылы жасалып, бірде өткен шақтық, бірде келер шақтық мағынада қолданылады.
Осы шақ сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың, іс-әрекеттің болып жатқанын, өтіп жатқанын білдіреді.Ол қалып етістіктерінің отыр, тұр, жатыр, жүр негізгі етістік мәнінде немесе негізгі етістіктің көсемше (-а, -е, -й, -ып, -іп, -п) тұлғасына қалып етістіктерінің көмекші етістік мәнінде тіркесіп тікелей жіктеліп барып жасалуында, бұлар грамматикаларда нақ осы шақ деп беріледі. Осы шақтың түрлері. Осы шақ мағынасы мен түрлеріне қарай нақ осы шақ және ауыспалы осы шақ болып екі түрге бөлінеді.
Келер шақ қимыл, іс-әрекетгің әрі болмағанын, сөйлеп тұрған сәттен кейін іске асатынын білдіреді. Келер шақтың түрлері мағыналық ерекшеліктеріне қарай келер шақ үшке бөлінеді: Болжалды келер шақ,
мақсатты келер шақ, ауыспалы келер шақ.
«Жіктік жалғауы өзінің жалғанған сөзіне тек қана жақтық мағына үстейді, яғни предикативтік реңк береді». Төрт жалғаудың үшеуі (көптік, тәуелдік, септік жалғаулар), әдетте, сөз табы жағынан зат есімге тән, зат есімнің түрлену жүйесі деп анықталады да, жіктік жалғау көбіне етістікпен байланысты сипатталады. Бірақ жіктелетін тек етістік ғана емес. Әдетте жіктік жалғауы етістіктің түбіріне тікелей жалғанбайды, белгілі бір формаларының үстіне ғана жалғанады, соған байланысты жіктік жалғаулардың тұлғалары да біркелкі болып келмейді, ал есім сөздерге жіктік жалғау тікелей түбірге және бір қалыппен жалғана береді.
Бақылау сұрақтары:
4. Етістіктің шақ категориясы дегеніміз не?
5. Шақ категориясы морфологиялық белгісіне, шақтық мағынасына қарай қалай бөлінеді?
6. Етістіктің жақ категориясы дегеніміз не?
Әдебиеттер:
1. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. А., 1980.
2. Қасабек Қ. Бір буынды негізгі түбір салт етістіктер. А.,, 1999.
3.Оразов М. Қазақ тіліндегі қалып етістіктері. А., 1980. 176 б.
4. Омарова А. Осы шақтың Қ. Жұбановқа дейінгі грамматикалардағы көрінісі. А., 1998, 48-51 б.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *