
PR-ҒА ДА PR КЕРЕК
Төлегенова Қарлығаш, Мұрат Наржан
Журналистика және Саясаттану факультеті
Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының 2 курс студенттері
Л.Н Гумилёв атындағы Еуразия Ұлттық университеті Ғылыми жетекшісі –Калдыбекова А.Д.
ҚР Жұртшылықпен байланыс жөніндегі ұлттық ассоциациясы және Қазақстан PR кәсіпқойларының «PR-шы» клубы сияқты алғашқы қоғамдық бірлестіктер пайда болды.Қазақстан Республикасының жұртшылықпен байланыс жөніндегі ассоциациясы (ЖБҰА) PR нарығында кәсіби қызмет көрсететін бірнеше компанияның бастамасы бойынша 2001 жылы құрылды. ЖБҰА-ның құрылтайшы-мүшелері заңды тұлғалар болып табылады. Қазіргі таңда ЖБҰА мүшелері қатарына «BRIF Research Group» Әлеуметтік және маркетингтік зерттеулер агенттігі, Қазақстан Баспасөз клубы, «Ренессанс» коммуникативтік менеджмент агенттігі, Ұлттық баспасөз клубы, «Имидж-Партнер» коммуникациялық тобы, «Медиа-Систем» агенттігі, «PR-Management Company» агенттігі кіреді. ЖБҰА-ның негізгі миссиясы-Қазақстанда кәсіби PR индустриясын қалыптастырып, дамыту. Өз іс-әрекеті арқылы ЖБҰА Қазақстанда азаматтық қоғамның орнау үдерісіне араласатын болады. Жарғылық мақсаттарына ЖБҰА мынадай әдістермен қол жеткізеді: Қазақстанның PR агенттіктері, сондай-ақ корпоративтік PR-мамандары арасындағы қарым-қатынастарды дамыту; кәсіби этика стандарттарын енгізу; жоғары оқу орындарымен және мемлекетпен өзара байланыста болу; халықаралық ынтымақтастық; сала мүдделерін БАҚ-та және мемлекеттік органдарда қолдау; еліміздің PR мамандарының біліктілігін арттыруға жәрдемдесу; сала мүдделерін қорғай отырып, Қазақстанның бизнес-қауымдастығымен қарым-қатынас жасау; саланың имиджін арттыруға жәрдемдесу,- дейді Жетпісбай Бекболатұлы өзінің «PR және жарнама» кітабында. Әйткенмен де, қоғаммен байланыстың қазіргі таңдағы ахуалы ешбір сын көтермейді десек қате болмас.
PR десе алдымен «хайп», «қара пиар» ұғымдары есімізге түседі. «Вконтакте» желісінде өзін жарнамалаған адам – пиар жасаған адам, белгілі бір жұлдыздың жол апатына ұшырауы — «қара пиар», кеудесін жалаңаштаған қазақ қызы — хайп үшін өзін өзі «пиарлаушы адам». 21 ғасырда PR Қазақстанда жеткілікті деңгейде дамып жатқаны теориялық жүзінде дәлелденгенімен, практикаға келгенде PR-дың ақсандап жатқаны көрінеді. Жоғарыда көрсетілген ұйымдардың жеткілікті деңгейде атқарған жұмыстарын, PR –дың даму деңгейін күнделікті болып жатқан іс-шараны өз деңгейінде үгіттей алмаған ұйымдар, жұмысына селқос қарап жатқан мамандар, кадрлардың жетіспеушілігі,жеткілікті деңгейде оқылатын ақпараттың жетіспеушілігі төмендетуде.
«Хабар» арнасында жүргенімде той жүргізетін бір асаба бауырым хабарласты. Қазақтың тойынан нан тауып жүрген ортанқол асабалардың бірі. Аздап «әу» дейтіні де бар.
Бұл жолы созбалақтамай бірден төтесінен кетті. – Аға, маған бағдарлама жүргізу керек. Жалақы, қаламақы дегендеріңіздің қажеті де жоқ. «Көк жәшіктен» көрініп жүрсем болғаны. – Ой, бауырым, саған не болды? Саған бере қоятындай бағдарлама жоқ бізде. Экономика, саясат дегендерге тісің батпайтынын өзің де сезіп тұрған боларсың? – Аға, маған бәрібір. Ел көрсе болды. Бұл дегеніңіз – пиар ғой! Ал «қара пиардың» да – пиар екенін білетін шығарсыз? Теледидарға бір шықсам, Астана, Атыраудан да тойға тапсырыс алам ғой.
«Осы бір «қара» пиар дегеннің талайдан бері жанымды жегідей жеп жүргенін несін жасырайын?! Бұл бәле батыстан келді. Майк Тайсонның құлақ тістегенін, жер хабар бермегір Майкл Джексонның соңынан ерген түрлі қауесеттерді «қара пиар» деп қабылдадық. Басқаларды білмеймін, әншілеріміз бұл мәселеде тіпті алдыға кетті. Келсін-келмесін әйтеуір, қара бастарының жарнамасы үшін қайдағы бір бәлелерді ойлап табатын болды» дейді журналист қамығып. Расымен де, бүгінде «қара пиардың» дәурені жүріп тұр. Өзін жұртқа «жарнамалау» үшін кез келген әрекетке дайын тұратындар көбейді. Арзан пиар өнімнің құнын арттырмасы белгілі. Соңғы кездері «қара пиардың» дәурені жүріп тұр», — деп толғананады тележурналист Арман Сқабылұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында .
«Әлемдік PR теориясының жиынтығын жасап, сөлін, ақиқатын алып, қазақстандық ерекшеліктерге бейімдеу қажет»,- деген саясаткер журналист Әміржан Қосановтың сөзі өте орынды. Себебі біз еуропалық тәжірбиеде кең қолданылатын қара пиар сынды ұғымдарды жай қабылдап қана қоймадық, қазақы болмысқа қалай болса солай ендіре бастадық.
PR – ұзақ уақытты қамтитын стратегиялық жоба. Бренд қалыптастыру, компания, ұйым,мекеме беделін арттыру, көпшілік алдында беделін жоғары деңгейде ұстап тұру, науқандар, кампаниялар ұйымдастыру сынды ұзақ перспективалық жұмыстар атқарады. Пиаршы – мекеменің мүддесін ойлайды. Өйткені оның имиджін қалыптастыру қоғамдық пікірді білетін, нарықты болжайтын, осылардың негізінде басшылыққа кеңес те беретін маман. Түсіне білген адамға PR әмбебап, күрделі, 21 ғасырға қажетті мамандық. Түсіндіре алу үшін де Қазақстандағы PR-ға да PR керек.
Әлемдік PR нарықтағы жағдай жиі өзгеріп жатыр десе болады. Оған түрлі интернет құралдардың қарқынды дамуы – ең басты әсер етуші. Әлеуметтік желілер, түрлі мессенджерлер, big data, медиа құралдардың көбеюі – PR саласына жаңа құралдарды енгізуге мәжбүрлеуде. Интернет құралдар көбейген сайын, дағдарыстық жағдайлар көбейгені байқалады. Бұл қазақстандық PR нарыққа да әсер етіп отыр. «Сын болмай – мін болмас» демекші жеке адамдардың PR-ы көп жағдайда бір реттік ат шығарудың айналасында. Нәтижесінде, қоғамда «PR – ат шығару» деген түсінік қалыптасты. Бұл – ұзақ жылдардан бергі дұрыс қалыптаспаған коммуникациялық саясаттың жемісі. Нәтижесінде, кәсіби емес нарық қалыптасты.
Қазіргі қазақша PR тобырға бағытталатын сияқты. Яғни, қазақша PR жасаушылар тұтынушысын тобыр деп көреді. Ойы, ақылы, санасы жоқ, не айтсаң да көне беретін, «ұлттық намыс» пен «ұлттық мақтаныш» деген сезімнен басқа ешқандай қалауы жоқ, тіршілік иелеріне бағытталып отыр дейді Назгүл Қожабек. Назардан тыс қалып бара жатқан тұлғаны ауру қыла салу, сөйтіп, жұрттың аяушылығын тудырып, назар аударту. Жеке өміріндегі қиыншылықтарын жайып жіберу. Жалпы, танымал тұлғаның жеке басындағы әңгіме арқылы оған жұрт назарын аударту – бүгінгі PR-дың бет-бейнесі. «Қара PR да – PR» принципін кері түсініп отырмыз. Жанжалдың бетін қайтаруға бағытталуы тиіс нәрсені керісінше, жанжал тудыру үшін қолданамыз.
Бүгінде өзін-өзі «ауру» көрсететіндер де, өз тауарын өткізу үшін «сапасыз» контент ұсынатындар да көбейді. Әрі оны «пиар» деп ұғады. Мұның бәрі неден туындайды? Демек, біздің қоғам кәсіби PR мамандарға тапшы. Пиар мамандығының түсіндіру жұмыстары да кей аймақтарға төменгі деңгейде жетіп жатқандай. Қашанғы ғылым ретінде қалыптасып жатқан мамандықты өте төменгі деңгейде түсіну тоқтайтыны белгісіз, ең бастысы, сол деңгейді жоғарылатуды кімнің қолында екені мәлім. Мамандығымыздың атын көтеретін, даңқын асқақтататын біз – қоғаммен байланыс мамандығының студенттері. Қазақстанның жоғарғы оқу орнындарындағы пиар жөніндегі оқытушылар кадрын дайындамай тұрып, нарық дамуы табысты болады деп күту мүмкін емес. «Қазақстандық пиар мамандарының кәсіби деңгейінің сын көтермейтіндігі, олар тарататын ақпараттың сапасынан-ақ көрініп тұрады. Ол қандай ақпараттар? Мысалы, шараларда айтатын сөздері, сұхбаттары, мақалаларын айтуға болады. Сөздерінде фактінің, санның аздығы, тіпті ақпаратты беру тәсілі де көңілден шықпайды» деген PR маманы Әсел Тынышбекова. Сол себепті де білікті маман дайындау — бұл біздің проблемаларымызыдың оң шешім табуына жасалатын ең басты қадам.
Көз жанарын тауысып игеріп жатқан мамандығын халық жеңіл сала ретінде түсініп, жеткілікті деңгейде мойындамау кез келген студентті қынжылтады, бізден кейінгі білім алушы ұрпақ біздің күйімізді кешпес үшін пиарға үлесімізді қосу парызымыз. PR-ды PR-лау міндетіміз.
Пиар мамандығы кәсіпке емес, сәнге айналып кетпесе деймін. Көкейкесті болған мәлеселер мен тосқауылды өзімізден бастап, санамыздың өзгеруіне жол ашайық, себебі жастар – болашақтың бастамасы.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. http://aikyn.kz/2017/05/20/13988.html
2. https://yvision.kz/post/248766
3. http://jurfak.kz/archives/2956
4. Жетпісбай Бекболатұлы «PR және жарнама»