ҚАЗАҚ СПОРТ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ ТІЛ ШЕБЕРЛІГІ (С.БЕРДІҚҰЛОВ ШЫҒАРМАЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ)
Сағадинова Ырысты Есімжанқызы
Sagadinova99@mail.ru
Журналистика және саясаттану факультетінің 2 курс студенті, Нұр-Сұлтан, Қазақстан Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.д., профессор Тапанова С.Е.
XXI ғасырда әлем халықтары үшін де, қазақ жастары үшін де футбол — №1 ойын. Бұл тұжырымға өз топшылауымызбен емес, ғылыми негізге сүйене келіп отырмыз. Өйткені, 2006 жылы Лос-Аламостағы (АҚШ) ұлттық лаборатория зерттеушілері кейінгі жүз жыл бойына адам ойлап тапқан алданыш атаулының жұртшылыққа әсерін түгел зерттей келіп, «Жер бетінде адам баласын футболдай қызықтырып, еліктіретін ештеңе жоқ екен» деп айран асыр болды. Яғни, ғаламшарымыздағы адамзат ұрпағының тең жартысын теледидарға телмірте алатын (2010 жылғы әлем чемпионаты кезінде анықталған мағлұмат) футбол деген құдіреттің бұл дүниеде ешқандай теңдесі жоқ деген сөз. Демек, әлемдік доп додасының тарихын таразылап, сабағын сараптау – қашан да күн тәртібінен түсе қоймайтын маңызды тақырыптың бірі. Маңызды тақырыптарды қарапайым халыққа жеткізетін, қоғамдық пікір қалыптастыратын қашан да бұқаралық ақпарат құралдары болмақ. 2-шілде – халықаралық спорт журналистерінің күні. Бұл күн Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының бастамасымен 1995 жылдан бері аталып келеді. Шілденің 2-сі күні Қазақстандағы спорт журналистикасын дамыту мақсатында «Спорт Қазақстан журналистикасының көзімен» атты екінші республикалық конкурс жарияланды. Конкурсқа тым аз материал түсті. Әсіресе, қазақ тіліндегі материал өте тапшы, олардың саны 10-ға да жетпеді, — дейді шараны ұйымдастырушылар. Сол себепті, Қазақстандағы бүгінгі өзекті тақырыптардың бірі спорт журналистерінің қазіргі таңдағы деңгейі мен олардың сөйлеудегі тіл ерекшеліктеріне тоқталамыз. Барлық әлем халықтары спортқа аса маңызды көңіл бөледі. The New York Times басылымының статистикасына сүйенсек, оқырмандардың 79% әдебиет тақырыбына қызықса, 64% мәдениет пен театрды, 80% спорт тақырыптарын жиі оқиды.
Кезіндегі кеңес үкіметінде ең алғаш спорт туралы жазған басылым — Фаддей Булгариннің «Солтүстік арасы». Санкт Петербургтағы тарих ғылымдарының білгірі Петр Столпянскийдің айтуынша 1851 жылы ең алғаш спорт сөзін Ресей тарихында Булгарин өз фельетондарының бірінде қолданған. Ал қазақ спорт журналистикасының тарихы туралы «Қазақ спорты» газетінің бас редакторы, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің оқытушысы Дүрәлі Дүйсебай : «Cпортқа ептеп қалам тербеген С.Мұқанов, С.Сейфуллин, Қ.Әбдіқадыров «өкпелей» қоймас, біле білгенге қазақ спорт журналистикасының, әдебиетінің негізін қалаған – Сейдахмет Бердіқұлов. Сейдахмет Бердіқұлов десе, көз алдыма сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары келеді. Балалық шағы сол кезбен тұспа-тұс келген қазақ балаларының басым бөлігі Сейдағаңның есімін әлі де құрметпен атайды», — деп сөз қозғайды[1,378].
Қазақстан спорт журналистері қауымдастығының төрағасы Несіп Жүнісбайұлы спорт журналисті болу үшін кезінде арнайы мемлекеттік дене тәрбиесі институтын тәмамдапты. Ол Қазақстандағы спорт журналистикасының қазіргі жағдайына қанағаттанбайды. Несіп Жүнісбайұлының айтуынша, қазіргі таңда спорт тақырыбына жазатын әріптестерімізді қарапайым журналистерден ажырату қиын. — Спорт әлеміндегі жаңалықтарды көпшілікке жеткізуші журналистерде тәжірибе аз, — дейді Несіп Жүнісбайұлы. Оның бұл пікіріне әріптесі Александр Трофимов та қосылады: — Оларға жоғары кәсіпқойлық жетіспейді. Қазіргі таңда спорт журналистерін екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа жататындар спорттың қандай да бір түрін жақсы білгенімен, оларды көпшілікке ойдағыдай жеткізе алмайды. Екінші топтағылар, керісінше, журналистика саласын жақсы меңгергенімен, өкінішке қарай олардың спорттан хабары тым аз, — дейді, спорт журналистикасында 15 жылдан астам тәжірибесі бар журналист [2].
Себебі, бірінші топтағы «журналистер» кәсіби оқымай-ақ, өздері осы мамандықты ұнатқасын жүрген жандар. Қанша жерден журналистиканы «дипломсыз-ақ істеуге болады» десе де, төрт жыл оқуған студенттер ерекшеленіп тұрады. Мүмкін, БАҚ туралы Заңды білгенімен болар, кәсіби этикасымен болар, жазған мақалаларымен болар. Төрт жыл ішінде студентте жазу стилі қалыптасады. Сондықтан бірінші топтан екіншілері бірден көзге түсіп тұрады. Бірақ, қынжылтатыны олардың спорттан хабары болмауы.
Қазіргі таңдағы танымал спорт журналисі Есей Жеңісұлы Айгүл Дәденмен сұқбатында айтады:
— Ер-азаматтар спорт десе ішкен асын жерге қояды. Олар күнделікті таңын спорт жаңалықтарын оқумен бастайды… Өкініштісі, көретіні орыс тіліндегі видеобейнелер, орыс, ағылшын тіліндегі сайттар. Қазақ тілді спорттық сайттар неге аз? Олардың сапасы қандай? — Орыс тілді спорт сайттары анағұрлым бай, мәліметті толық, әрі анағұрлым кәсіби түрде жетілдірілгенін мойындауымыз керек. Орыс редакциялары ақпараттық порталдың газеттен де пәрменді болатынын алдын ала біліп, барлық ресурстарын тек сайттарға құйып жатыр. Кейбір спорт сайттары – жігіттердің хоббиі ғана, мемлекеттен қолдау жоқ. Статистика – заңдылықты, заңдылық дәстүрді туғызады. Спорт жаңалығын қарап отырып, оқырман деңгейі өсуі керек. Тұтынушының деңгейі де көтерілмей отыр»[3].
Танымал спорт журналисі Руслан Меделбек қазақ спорт журналистерінің тіліне қойылатын талаптар туралы: «Халықаралық олимпиадалық комитеттің тәжірибесінен өткенде үйренген стильмен жазып жүрмін. Яғни, ақпарат жазу кезінде қарапайымдылық сақталып қалу қажет. Өте қарапайым, жеңіл тілде сан мен деректер берілуі қажет. Көргеніңізді көркемдеусіз-ақ, қарапайым жеткізуге үйреніңіз. Спорт журналистикасын жасына қарамастан оқиды. Сондықтан спорт журналистикасының тілі жеңіл болуы қажет. Бұрын қазақ тілінің тазалығын сақтап қалу үшін аударма жасауға тырысатынбыз. Бірақ әркім әртүрлі аударды. Спорт және туризм саласындағы қазақ тілінің сөздігі бар. Бірізділік үшін әрбір журналист осыны пайдаланып отыруы қажет. Мен ағылшын, француз тілінен енгендіктен терминдерді сол күйінде қалдыруды қалар едім. Түсініксіз терминдері өте көп» [4].
Ресми деректерге сүйенетін болсақ, Швейцария төрттілді мемлекет болып келеді. Яғни, төрт ресми тіл бекітілген- неміс, француз, итальян және реторомандық. Әрбір кантонның сөйлейтін тілдері әртүрлі. Мысалға, сіз Бернда жүрсеңіз неміс (Берндік неміс тілі) тілінде сөйлеп жүрген халықты көресіз. Осы Берннан Фрибургқа барсаңыз француз тіліндегі халықты кездестіресіз. Берн мен Фрибургтың арасы 25 минуттық жер екенін ескерсек, швейцариялықтар бір күні бір-бірін түсінбей кетеді-ау деген қауіпте жоқ емес. Сондықтан бастауыш сыныптан өз кантондарының тілінен бөлек екінші мемлекеттік тілді үйренеді. Ал шет тілі ретінде ағылшын тілі оқытылады. Сонда Швейцарияның бір кантонының мектеп оқушысы бастауыш сыныптан үш тілді оқуға тиісті. Қазақстан саясатымен ұқсас дүние секілді көрінгенмен, ағылшын, француз, неміс тілі — гомогенді тілдер екенін есте ұстаған жөн. Олар бір діннің айналасында дамыған, бір христиан өркениетінің тілдері. Барлығының айтылым-жазылымы басқа болғанымен, ортақ лексикасының түбірі бір. Қырғыз, қазақ, өзбек жиналып алып сөйлессек, бір-бірімізді түсінеміз ғой. Сол сияқты барлығы біртекті, сондықтан бір тіл басымдық алып кетіп жатса, басқаларына айтарлықтай нұқсан келтірмейді. Өйткені олардың түп-төркіні, тамыры біреу болғанымен қоса, заманауи еуропалық мәдениет үлгісі жағынан да бір: бірдей киінеді, бірдей ойлайды, дүниені бірдей таниды. Арасында аздаған айырмашылықтар болады, әрине. Ондай айырмашылық болмаса, ұлт болмайды ғой.
Мысалы, «қайың» сөзін айтқанда қандай ассоциация пайда болады? Қайың десе, маған «жалғыздық» елестейді. «Берік, мықты ағаш» елестейді. Бірақ «әйел» деген ассоциация туындамайды. Ал орыс ұлтына «березка» десең, олардың санасында еріксіз «нәзік әйел» деген ассоциация туады. Ал ағылшындарда «Тор құдайының ағашы» деген мағынаны білдіреді. Қай қазақ қайыңды құдайдың ағашы деп айтады? Жалпы, мұсылмандық пәлсапа бойынша Ғарифолла Есім айтады: » Жаратушы — абсолют. Ұлы. Егер абсолют жаратушы болса, заңды сұрақ туады. Жаратушы нені жаратты? Жаратушы абсолют болғандықтан, дүниені тегіс жаратты». Яғни, мұсылман көзқарасы бойынша қайыңды Жаратушы жаратқанымен, біз оны Тор құдайының ағашы деп қарамаймыз. Мысалы, мен Ботагөз десем, қазақтар көзі мөлдіреген сұлу қызды елестетеді. Ал орысқа барып «верблюжья глаза» десем, өлсе де сұлу қызды елестетпейді. Орысқа «зеленоглазая» десем, көз алдына әдемі қыздың бейнесі көлбеңдейді. Ал қазаққа «көк көзді қыз» десем, сұлу қызды елестетпейді ғой. Көзі тұздай екен деп жақтырмайды [5]. Бұл — тілдің құдіреті. Бұл — қазақ пен орыстың, ағылшынның дүниеге деген көзқарасының айырмашылығы. Дүниені тануымыз қаншалықты бөлек болғанымен журналистер спорт тақырыбын Ресей, Ұлыбритания сайттарынан тікелей аударуға мәжбүр. Яғни, қазақ журналистері көбіне ойынды өздері алаңда отырып, тамашалап, қорытындыны өз пікірлерінше емес, ағылшын журналистері жазған материалдарды аударып қана салып жатады. Спорт комментаторы Есей Жеңісұлы сұқбатында: » халықаралық жарыстарға Құдай жарылқаған кездерде ғана барамыз.
Тамашалаушы болып, көп нәрсе үйреніп қайтамыз. Тұрақты барып тұрсақ, «стандарты мынау» деп саусақтарымды бүгіп тұрып айтып берер едім» десе, әріптесі Руслан Меделбек: «Спорт журналистикасының деңгейі Олимпиада ойындары кезінде берілетін аккредитациямен есептеледі. 2012 жылғы Олимпиададан кейін бізге берілетін рұқсат қағазы 4-ден 10-ға дейін көбейді. Ал Ресейден 90, Германиядан 180 журналист барады. Евроспорттың өзіне 20 рұқсат береді. Халықаралық жарыстардан ғана тәжірибе жинауға болады. Барлық ресурс, негізгі мықты ақпарат көздері ағылшын, француз тілдерінде сөйлейді» [4]. Жоғарыдағы тіл арқылы дүниені тануға айтылған мысал негізінде біздің айтқымыз келгені: қазақ спорт журналистеріне толықтай мүмкіндіктер берілмеген. Бұл — бір. Екіншіден, Қазақстан премьер лигасы тақырыптарын ғана өз көргендерімен жазатын еліміздің төртінші билік өкілдері әлемдік доп-додаларын біздің көзқараспен жазуға жарамай жатыр. Үшіншіден, спорт әлемінде «интернационалды», барша ұлттардың тілінде бірдей қолданылатын сөздер бар. Оларды қазақ тіліне аудару әлі күнге дау тудырып отырған тақырыптардың бірі. Кейбір тіл мамандары спорт саласындағы терминдерді өз тілімізге аудару қажет десе, кейбірі барлық сауаттылық деңгейіндегі оқырман түсінетіндей қылып, сол қалпында қалдыру керек деген пікірді ұстанады.
«Ойынның шүу басында шабуылшы Маццола есеп ашты. Бағанағы айқай далада қалды. Құлағымызды тарс жауып алдық. Ашып жіберсең жер-көкті көшіріп алып бара жатқан «Маццола! Маццола! Маццола!» Іргемізде отырған шал «Маццола!» деп гүр ете түседі де, журналдағы Маццоланың суретін сүйіп-сүйіп алады. Жүз паравоз қатар тұрып, азынап жатқандай. Содан ойын біткенше тиффозилердің әуірі бір тарқамады».
Осы азат жолдағы «шүу», «паравоз», «бағанағы» сөздеріне көз жұмып, бірінші «әуірі» сөзін талқылайық. Қазіргі таңда қолданыста жоқ десек те болатын сөздің түп төркіні қайда жатыр? Не мағына береді?
Жамбыл мен Айкүмістің айтысында Жамбыл:
Әдейі ат терлетіп келдім тойға, Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда.
Әуірі басылмаған албырт едім,
Асығыс айтқаныма кінә қойма!- деп бастайды . Осындағы әуірі сөзіне осы айтыстың астында «көңілдің құмары, желігі» деген анықтама беріледі.
Бұдан өзге де өлеңдерінде бұл сөз бірнеше рет қайталанады. Мына бір әзіл өлеңінде:
Жамбылға астың жауырын
«Таңдап-ақ астың тәуірін» Түйе қарап жүрген бұл Жамбыл Аймалап бассын әуірін!
Бұл сөз тек қана Жамбыл өлеңдерінде ғана кездеспейді екен. Өзге де ақынжазушыларда бұл сөз кеңінен қолданыс тапқан. Мәселен, І.Жансүгіровтің “Оқимын” атты өлеңінде:
Қол-аяғым босанып,
Дәуірледі дәуірім,
Білімді қуа бет алмай,
Басыла алмас әуірім. «Оқимын» /1925ж.
Бұл өлеңдегі де мағынасы оқуға деген құмарлықты білдіріп тұр. Жамбыл өлеңдеріндегі қолданыста эмоциялық мән күштірек. Ал І.Жансүгіровтің өлеңіндегі қолданысы тура мағынада қолданылып тұр.
“Әуір” сөзі халық әндерінде де кездеседі:
Қызылқұмда ауылым,
Қыздар менің сауығым, Өзіңменен ойнамай,
Басылмайды әуірім!
Халық әніндегі “әуірім” сөзі осы сөздің түсініксіздігіне байланысты әртүрлі сөздермен алмастырылып жүр. “Басылмайды мауығым”, “Басылмайды даурығым” т.б.
Осы әнді естіген сайын көнекөз қариялардың «сөзді бұзып айтқаны-ай» деп реніш білдіріп отырғанын да байқайтынбыз. Халық мұрасының сыр сандығындай сол қариялар «басылмайды әуірім» деп түзетіп отыратын.
Әуір сөзі – халық тілінде шілденің шіліңгірінде соғатын ыстық жел (профессор Н.Уәли) мағынасына ие сөз екенін түсіндіреді. Сонда әдепкідегі ыстық, адам төзгісіз қызу мағынасын білдіретін әуір сөзі көркем шығармада көңіл құмары, сүйген жүрек лебі деген ауыспалы мағынада қолданылғанын байқауға болады.
Шындығында әуір сөзі оңтүстік қазақтарының сөз қолданысындағы ерекшелік екендігін “Қазақ тілінің аймақтық сөздігінен” көруімізге болады.
Әуір — желік, қызу. Сөздікте атаудың Шымкент, Қызылорда, ҚХР қазақтарының тілінде қолданылатындығы жазылған. Сонымен қатар Жамбыл Жабаев өлеңдерінде де кездесетіндігі осы сөздікте беріледі. Демек, әуірі сөзі – қазақтың төл, көне сөзі [6].
«Бір самолеттен соң, екінші самолеттің қанатына қонақтап, жанармай құйып жүрген аэропорт қызметшілерінің халі хал емес шығар. Әлгі бір әзірде ғана Кейптауннан келіп қонған салпы қарын қаражал самолеттің жанында жұмысшылар қарақұрым. Бағана бізбен қатарлас келіп қонған реактивті «Фиккерге» де ілтипат өзгеше.
Бұл жолдар 1980 жылы шыққан «Үшінші подъезд» жинағындағы «Аспаннан шұға жауған күн» шығармасынан алынды. Кеңес Одағы құрылғаннан кейін Қазақстанда 20-30 жылдары іс қағаздар қазақ тіліне ауыса бастады. Сол кездері терминология сөздігін қалыптастыруда А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Аспандияров, Қ.Кемеңгерұлы, Ә.Марғұлан, М.Әуезов және тағы басқалары осы салада көп еңбек етті. «Аялдама», «балмұздақ», «оқырман», «көрермен» сияқты сәтті аудармаларды Ислам Жарылғапов ұсынған. Тәуелсіздік алған соң да, «ұшақ», «отбасы», «жанұя», «кеңес», «ғаламтор», «жаһандану», «заманауи» деген сынды үздік аудармалар қосылды [10]. Сол кездегі «самолет» қазір — «ұшақ», «аэропорт» — «әуежай». Тәуелсіздікте туылған балалар үшін қазақ тілінде жазылған көркем шығармада «самолет, аэропорт» сөздері құлаққа дүрбідей тиеді. Себебі, тәуелсіз елдің балалары өз тіліміздегі аудармаға үйренген. Отандық телеарналардың біріне берген сұқбатында елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жекелеген ұғымдарды орынсыз қазақшалау туралы сын айтқан болатын. Президенттің пікірінше, шетел тілінен аударылған кей сөздер өз мағынасын ашпайды. Тіл мамандары бүгінгі таңда спорт саласындағы сөздерді де қарастырып жатыр. Ең басты қойылатын талап — сөздің түп мағынасын жоғалтпауы. Әлемдік спорттағы терминдерді өз тілімізге аудару жөнінде спорт шолушысы Нұрғазы Сасаев: «Спорт терминдерін түгелдей аудару міндет емес. Өйткені қазақшаға аударылмайтын да сөздер бар. Мысалы — гол, гимнастика, пас, рапира, т.б. Алайда кейбір спорт терминдерінің қазақша баламасы болғаны да артық етпейді. Мәселен, офсайд — ойыннан тыс қалу, ринг — шаршы алаң», -десе, спорт журналисі Мадияр Арыстанбаев : «Спорт терминдері дәл қазіргі қазақ спортындағы үлкен мәселенің бірі болып тұр. Оның себебі де жоқ емес. Қазақ тіліне икемделе қоймайтын терминдер бар, мысалы, футболда «навес», «прострел» сынды сөздердің аударыла қоюы қиын. «Прострелды» комментаторлар «әуелете тастады», «әуелете асырды» деп айтады, алайда «прострелнизом» дегенді қалай айтамыз?» — дейді [11].
Спорт терминдерін бірқалыпты айналымға түсіру ертеңгі күннің еншісінде болып тұр. Ал, қазіргі уақыттағы спорт комментаторлары ойын барысында әлемдік терминдермен «қақтығысқа» түсуге мәжбүр.
«Ең әуелі спорт саласын басқаратын Агенттікті ҚР дене тәрбиесі және спорт министрлігі етіп қайта құратын мезгіл жетті. Бұл министрлік атқаратын жұмыс шашетектен. Бүгінде бір ғана үлкен спорт жұмысын жолға қоюға шамасы жетпей жүрген агенттіктің егер министрлік бола қойған жағдайда үлкен спортқа қоса, қарапайым дене тәрбиесін ел ішінде кең көлемде дамытуға мүмкіндігі болар еді.
Енді ең салмақты ұсыныс дене тәрбиесінің халық денсаулығына тигізер әсерін, үлкен спорттың ел абыройын көтерер тетіктердің бірі екенін ел болып мойындайтын болсақ, осы мемлекет болашағы үшін маңызы зор салаларды үнемі назарда ұстап, оның өсуөркендеу, даму немесе кері кету барысын біліп отыру үшін, Үкімет басшысының осы саладағы арнаулы ақыл қосары болғанын жөн санаймыз. Атақты А.Шварценеггердің, даңқты Пеленің өз елінің басшыларына дәл осылай көмекші болғанын тарих теріс дей алмас» — деп Н.Жүнісбайұлы өз ой — толғамдарын қысқа әрі нақты қорытындылайды. Бүгінгі таңда спорт саласының «Мәдениет және спорт министрлігіне» қарайтыны белгілі. 1986 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын (виолончель сыныбы бойынша) бітірген Арыстанбек Мұхамедиұлының мәдениет және спорт министрі екенін ескерсек, 2003 жылы жазылған арманның тек жартылай ғана іске асқанын байқаймыз.
Ермұхамед Мәулен — республикалық қазақ тіліндегі спорт туралы жазатын Aladop.kz сайтының бас редакторы. Неліктен ең негізгі ерекшелік? Біріншіден, спорт тақырыбындағы мақалаларды газеттерден емес, интернет сайттарынан жиі оқиды. Екіншіден, интернет сайттарындағы мақалалардың шекті жазу көлемі бар. Шегінен шықпау үшін артық сөздерсіз нақты фактпен сөйлеу — қалыптасқан формат. Үшіншіден, әлемдік тәжірибе.
Біз комментаторларға, спорт журналистеріне жиі айтылатын сыни сөздердің төркініне назар аудару керек екенін жеткізгіміз келеді. Бұл — бүтін қоғамның мәселесі. Олардың эфирде айтатын сөздерін миллиондаған жас қазақ балалары тыңдап өседі. Сондықтан, спорт саласындағы сөздік қорды бірқалыпқа түсіру керек. Әлемдік доп додаларын (Чемпиондар лигасы, Эль- Классико, Ағылшын премьер лигасы) қазақ тілінде мүлде көре алмаймыз. Барлық қазақстандықтар интернеттегі «МАТЧ1» телеарнасынан тікелей эфирде көреді. Әрине, орыс тілінде. Екіншіден, мақала жазу барысында терминдерді аударуда қиналамыз. Себебі, жоғарыда айтылғандай терминдердің қазақша баламасы жоқ. Үшіншіден, Испанияда немесе Бразилияда болып жатқан дүбірлі додаларда отырып, өз көзімізбен көру біз үшін орындалмас армандай көрінеді. Төртіншіден, сіз «Астана Аренада» болып көрдіңіз бе? Егер матч Ұлттар лигасы аясында болса, стадиондағы жанкүйерлер саны жиырма мыңнан асады. Ал «Астана» мен «Ертіс» арасында болған Қазақстан премьер лигасының соңғы 32 тур ойынына келген халықтың қарасы бес мыңға да жетер жетпестей. Сол матчта еліміздің намысын қорғап жүрген «Астана» футбол командасының Қазақстанның бес дүркін чемпиондары болатынын жанкүйерлер білсе де, аренаның жартысын да толтыра алмады. Бесіншіден, болашақ спорт журналисі ретінде емес, спортқа жанымен ғашық жанкүйер ретінде қазақ спортынын тағы бір сатыға көтерілгенін қалаймыз. Бұл — ғылыми мақаланың негізгі мақсаты. Журналистер қажетті білім мен қолдау тапса, еліміздің спорт саласының биік шыңға жетеріне сеніміміз мол.
Әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, еліміздің намысын қорғап, туын көтеріп, әнұранын шырқатып жүрген қазақстандықтар саны жылдан — жылға артып келеді. Спорт — ұлт намысын қайрайтын сала. Маңызды сала. Спортқа баланың ойыны деп қарау жиырмасыншы ғасырда қалды. Сол үшін спортшыларымызды мадақтайтын, қорғайтын, өз тілімізде жедел ақпарат беретін журналистерді дайындаған дұрыс. Ақпарат көздері ана тілімізде, әлемдік тәжірибедегі тілдік нормаларды сақтап жазылса — біздің жеңіс!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. «Сейдахмет Бердіқұлов шығармалары» III том/»Жарыс.KZ». Астана 2013. — 382 бет.
2. Азаттық радиосы/ «Қазақстанда спорт журналистикасы кенжелеп қалды»
3. Маңғыстау Media/ «Спорт журналистикасы әлі қазақша сөйлей алмай жүр» / https://mangystaumedia.kz/03/10973/
4. 7 күн / «Спорт журналистикасының бүгіні: проблемалар, жетістіктер, мамандардан кеңес» / https://7kun.kz/17233
5. http://abai.kz/post/51900 /(Анар Фазылжановамен сұхбат)
6. Malimde// «Әуірі» сөзінің шығу тегі Жамбыл өлеңдерінде
7. «Жұмыр жерде теңбіл доп»/ С.Бердіқұлов. «Жазушы», Алматы 1972. -149 бет
8. «Журналистің кәсіби әдебі мен этикасы» / Қазақ газеттері
9. «Шежірем сыр шертсе»/ «Адырна» ұлттық порталы
10. Tilalemi.kz/ «Кәсіби қазақ тілі»
11. AIQYN.kz / «Спорт терминдері бір ізге түсті ме?»
12. «Аспаннан шұға жауған күн»/ С.Бердіқұлов
13. «Тұйғын»/С.Бердіқұлов
14. «Намыс жыртар ұл қайда?»/Н.Жүнісбайұлы
15. «Комментатор күнделігі»/Е.Мәулен
16. «Спортивная журналистика»/ Тапанова С.Е., Жумабеков М.К./ учебно-методическое пособие. — 126