ТЕЛЕДИДАР –ЖАСТАРДЫҢ РУХАНИ ТӘРБИЕШІСІ
Батухан Аида aidabatukhan@mail.ru
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс магистранты Нұр-Сұлтан, Қазақстан.
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к, қауымдастырылған профессор Ұ.М.Есенбекова
«Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Жастар жылында біз жас қазақстандықтардың маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған қарапайым және түсінікті қолдау құралдарын әзірлеуге тиіспіз»,- деп тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылды – «Жастар жылы» деп бекіткен болатын.
Жастарды қолдау — еліміздің дамуына инвестиция салу. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, жаңа ақпараттық технологияларға қолжетімділік, кәсіби және жеке бәсекеге қабілеттілік, патриоттық тәрбие, жас ұрпақты табысты әлеуметтендіру мәселелері Мемлекет басшысының назарында болды. Бұл басымдықтар негізгі бағдарламалық құжаттарда — Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында, Елбасының халыққа Жолдауында және мемлекеттік бағдарламаларда көрініс табады.
Цицерон: «Ұлттың болашағын жастар құрайды» деген. Расымен, адам өсіпөркендеуінде күн тәртібінен бұл мәселені түсірмеген, түсірмек те емес. Жастар – өмірдің қуат арнасы, оның тынысы, аяқ алысы, бір сөзбен айтқанда өмірдің нағыз өзі. Демек, еліміздің өркендеуі бүгінгі жастардың қолында.
Телевизия – арнайы техникалық құралдар арқылы бейнелік ақпарат таратудың шығармашылық жүйесі, бұқаралық ақпарат құралының маңызды түрі. Ол – жаңалықтар мен оқиғаларды көрерменге жеткізіп, қоғамдық ой-пікір мен дүниетанымды қалыптастырып қана қоймай, көркем публицистикалық өнімдер шығаратын, шығармашылық әдіс-тәсілдер мен шеберлік қырларын жүйелейтін ақпараттық саланың құрамдас бөлшегі. Тележурналистика бейнелік бағдарламалар арқылы қоғамның көкейтесті мәселелерін қозғап, сан қырлы мағлұмат береді, алуан түрлі пікірлерді, көзқарастарды таратады, сол арқылы ортақ мәмілеге келуге, түйткілдерді шешуге жұмылдырады, қоғамдық санаға ықпал етеді, аудиторияның тәрбиелік, танымдық және тағылымдық, ойын-сауықтық сұраныстарын қанағаттандырады. Телевизияның әлеуметтік сипаты басым, әр түрлі топтар арасындағы дәнекер, байланыстырушы функциясын атқарады және қоғамның жаңаруы мен сапалық трансформациясында шешуші рөлге ие.
Осыдан-ақ, жастарымыздың өзіндік көзқарасының қалыптасып, түрлі пікірді ортаға салып, қоғамға белсене араласуында телевизияның орны ерекше екенін ұғамыз. Телеарна жастар мен қоғамды байланыстырушы бір фактор.
Алдымен, жастарға арналған хабарлардың қалыптасуының бастапқы кезеңіне көз жүгіртіп көрелік.
«Студияның алғашқы балалар мен жастарға арналған хабарына Ж.Смақов, М.Бармнқұлов, Р.Қалкенова көп еңбек сіңірді»- деп жазды С.Масғұтов. Пайдалануға берілуге тиіс Алматы, Қарағанды, Өскемен студиялар құрылыстарының дер кезінде бітпеуі алғашқы телехабарлардың сапасына кері әсерін тигізді. Арнайы жабдықталған студияның болмауы салдарынан хабарлар қуықтай диктор бөлмесінде жасалды.
Алғашында жастар редакциясында жазушы, сазгер, суретшілердің шығармалары сирек көрсетілсе, балалар редакциясында бөбектерге арналған қазақ әндері жетіспеді. Хабардың негізгі кейіпкері адамдар болса сандар мен техникалық терминдерден көрінбей, екінші жоспарға жылжып қалған. Басым бөлігі сөз бен қысқа суреттерден тұратын бағдарламаларда сол кезеңнің көкейтесті мәселелері сирек көтерілді. Көп сөзділік, дерек, оқиғаны тек шолуға пайдалану, жеделдіктің болмауы, жиырма минут бойғы «Садық атаның бос әңгімелері» көрерменді жалықтырып-ақ жіберді.
«Құрдастар», «Ровесники», «Шұғыла», «Радуга» бірлестіктері құрылғаннан кейін, олар өзара шығармашылық тұрғыдан бәсекеге түсті, бұл хабарлардың сапасын арттыруға, редакция қызметкерлерінің үнемі ізденіп отыруына, бірлесіп ойлануына жағдай туғызды. Тұрақты кейіпкерлері мен қызықты қойылымдар арқылы көрермендермен тығыз байланыс орнатып, танымдық, білімдік сипатымен баурап алған «Ойлан, тап!», «Бәрін білгім келеді», «Жұлдызша», «Жауқазын», «Біздің глобус», «Өнер көзі халықта», «Спорт мектебі», «Айтыс –асыл қазына» топтама хабарлары жастарға атамекеннің әсемдігін танытып, қастерлі ұлттық өнердің түрлерін кең насихаттады, жастарды еңбекке, ұлттық мұраны бағалай білуге үйрету ұлттық қолөнер негізінде жетілдірілді.
1966 жылы 10 қарашада «Орта, арнаулы мектептің жұмысын одан әрі жетілдіру туралы» Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысы қабылданды. Осыған орай мектеп оқушыларына арналған хабарлар мектеп бағдарламасы бойынша көптеп ашылды. Тұрақты топтама хабарлар бөбектерге арналған, мектеп оқушылары үшін, төменгі, жоғары класс оқушыларына, студенттерге арналған деп бөлінді. Жас ерекшеліктеріне қарай бұлай бөле отырып, хабар ұйымдастырудың тұрқты аудиторияны қалыптастыруға игі ықпалын тигізгендігі анық.
Т.Айбергенов, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев сынды қазақтың ақиық ақындарының бейнесі, олардың ойлы кейіптерімен астасқан әсем пейзаж, жағымды баяу әуен мен шабыттан оқылған жыр жолдары, кинотаспалар мен киноочерктерден үзінділер «Қайнар» әдеби хабарының мазмұнын байыта түсті. Жастар редакциясы жас поэзияның шығармашылық фестивалін жиі ұйымдастырып, жас талапкерлерге ақ жол тіледі.
Осылайша 1960 жылғы бағдарламалар өткір мәселелерді мақсатты түрде қозғай отырып, алдыңғы ұрпақтың ерлігін әңгімеледі, жақсы мінез-құлықтарды үлгі ете отырып, жоғары патриоттық рухты батыл насихаттады.
1970-80 жылдары Қазақ теледидары жастар бағдарламасының шығармашылық тұрғыдан қанат жайып, жарқырап көрінгендігі, әр түрлі телетәсілдерді оңды пайдаланып, хабардың мазмұны мен берілуі, суреттердің көрінісі, кинотаспалардың сапасы, хабардың музыкамен көркемделуі жиналған мол тәжірибесімен ұштасып, телекөрермендерді елең еткізген, тың бағдарламаларды телеэкранға шығаруға мүмкіндік берді. Ұлттық бояуы қанық, әдет-ғұрып, салт-санамызбен астасып, жарастық тапқан «Алтыбақан» арқылы бүгінде халқымыздың әдебиеті мен мәдениетінің мақтанышы болған ақын, жазушылар, өнер тарландары кеңінен танылды. Бүгінгі қазақ эстрадасы жарық жұлдыздарының тұсауын кескен де осы хабар. «Алтыбақанда» ауылдың алты ауызы, қонақ кәде тәрізді жоралғылар, домбыра жағалату салты, қыз мен жігіт айтысы, қыз қуу, ақсүйек, орамал тастау ұлттық ойындары қайтадан жаңғырды. Хабар бастан–аяқ бір сюжетке құрылған, оқиғалары бірбірінен өрбіп отырады. Орамды ұйқас, жарасымды әзіл, ұтымды ой, көркем тіл, тапқырлық бірнен-екіншісіне жеңіл ауысып, желісін жымдастырып жібереді. Ән айтылса, қазақтың халық әндері, би биленсе, қазақтың ою-өрнегі, әдет-ғұрпы бейнеленіп, хабардың ұлттық бояуын қоюлатты. Осының бәріне қарамастан, хабар өту жинақы.
«Алтыбақан» — ұлттық бояу, реңі қою, әсіресе ауыл жастарның өнерін дамытуға арналған мәдени-рухани бағыттағы алғашқы ойын-сауық бағдарламасы, ол өзінің бар болмыс, бітімімен Қазақ теледидары тарихында «ұлттық хабар» ретінде қалады. Хабардың аты, ұлттық киімдер, ойындар, ұлттық дәстүрге, әдет-ғұрыпқа негізделген мазмұны, түрі бұған дәлел.
Сонымен қатар, «Көкпар» хабарының да ұлттық бояуының басымдығын атауға болады. Әйтсе де «Көкпар» сол кездегі Орталық теледидардың «Что? Где? Когда?» бағдарламасының баламасы. «Көкпар» бұл телеойыннның өрнегіне, сыртқы түріне еліктеді, ал ішкі мазмұны өзінікі, өз соқпағын тез тауып, ұлттық дәстүрмен жалғастық тапты.
«Көкпар» алғашқы эфирге шыққаннан бастап-ақ назарға ілігіп, әрқилы пікірлер айтылды. 1984 жылы О.Бөкеев «Көкпарға» деген ықыласын былай білдірді: «Бәрін біліп, зердеңе тоқып жүру мүмкін емес. Сондықтан да өз басым «Көкпар» хабарын үзбей көруге тырысамын және осы хабардан өзіме ылғи қосымша информация алып жүрген сияқтымын. «Көкпардың» жастарға, білім қуған, оқуға, тоқуға ұмтылған қыз-жігіттерге берері көп қой деп ойлаймын. Зерделі жастардың білім-білігіне әзірше көңіл толмай жүр. Сол себептен де «Көкпаршылардың» іздене түскенін, намысты қолдан бермес үшін ойлырақ болғандығын қалар едік.
Адам таңертеннен қара кешке дейін түрлі ақпаратты қабылдап жатады. Оның тең жартысынан астамы жадымызды берік жатталып қалады. Өкініштісі, сол ақпаратты сараптап, санамызға улысын ысырып тастау бізде жоқ әдет. Әсіресе, жастар аудиториясында.
С.Масғұтов Жастар редакциясының қалыптасу кзеңіндегі кейбір бағдарламалардың бағытын атап өтеді. Профессор М.Барманқұлов баспаөз, радио, теледидар жанрларын салыстыра зерттеп, олардың өзара әсерін айтады. Қазақ теледидары мен радиосының нақты тәжірибесін талдай отырып, біршама хабарларға тоқталады. Алайда ойын-сауықтық сиапты басым «Алтыбақанды» конкурстық бағдарламалар қатарына жатқызған [1]. Қ.Тұрсынов «Қазақ теледидарындағы дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбын қозғай отырып [2] «Құрдастардың» «Алтыбақан», «Көкпар», «Арай», «Атамекен», «Мың да бір рахмет» топтамаларына тоқталады. Дегенмен бұл бағдарламалар тыңғылықты зерттеу нысанына айналмаған. Зерттеуші Қ.Аманбаев Қазақ теледидарынң қалыптасуы мен дамуын еңбегіне арқау етіп, жастарға арналған хабарлардың теледидар бағдарламасында маңызды орын алатындығын айтады [3]
Жоғарыда атап өткен зерттеулер қазақ теледидары жастар телехабарларының бағытын былай бөліп қарастырған:
1. Ақпараттық – публицистік бағдарламалар
2. Танымдық, ағартушылық (әр түрлі жастағы балаларға арналған танымдық бағдарламалар)
3. Оқу бағдарламалары
4. Мәдени –ағарту(театр,музыка,өнер)
5. Көркемхабарлар
6. Халық творчествосы (халықтық қолөнер т.б.)
7. Көңіл көтеру бағдарламалары
Көгілдір экран — жастарды рухани тәрбиелейтін басты қару. Аймақтық арналарда жастарға арналған бағдарламалар қаншалықты көп, олардың телевизиядағы орны қандай? Саралап көрелік.
Жиырма төрт жылдан астам тарихы бар Қызылорда облыстық теледидары ұлттық идеологияның көшін бастап келеді десек, артық айтқандық емес. Жалпы, жаңалықтар жалауы саналатын Сыр телеарнасының шығармашылық ұжымы, жаңалықтарды қоспағанда, көрермендермен аптасына 26 хабары арқылы жүздеседі.
Олардың жанры, тақырыптық бағыты әр алуан. Әсіресе, балаларға арналған «Марламқаш», тікелей эфирдегі «Өзекжарды», теле-пікірсайыс форматындағы «Ой-дода», таңертеңгілік ақпаратты-сазды «Жаңа күн» хабарларына деген қызығушылық басым.
Сонымен бірге кәсібің – нәсібің екенін, әр мамандықтың қызықшылығы мен қиыншылығы қатар жүретінін үйрететін 15 минуттық «Кім болам?», жастардың ой-өрісінің жетілуіне, әлеуметтік-қоғамдық көзқарастарының қалыптасуына игі ықпал ететін токшоулық «Ой-дода», қоғамымызда орын алған проблемалар, бүгінгі күннің өзекті мәселелері төңірегінде туындаған сауалдарға сала басшысы немесе тиісті маманның уәжін тыңдап, студия қонағы мен телекөрермендердің байланысуына мүмкіндік жасап, көптің көкейінде жүрген түйткілді жәйттердің түйінін тарқатып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуге көмектесетін тікелей эфирдегі «Өзекжарды» секілді бағдарламалар арнаның беделін асқақтатып, көрерменнің қызығушылығын тудырып отыр.
Сонымен қатар, Cыр жастарының басын бір арнада тоғыстырған бағдарлама — «17 жастар» бағдарламасы. Онда қаламызға танымал жандардан сұхбат алынып, жастар жаңалықтары көпшілік назарына ұсынылды. Оның авторы бүгінде Қазақстанға танымал тележүргізуші — Әйгерім Есенәлі.
Алаштың анасы атанған Сыр еліндегі облыстық телеарнада бүгінде «Jastar time» бағдарламасы қолға алынуда. Бағдарлама мақсаты: жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, рөлін айшықтау, жастардың өткір пікірлерін ортаға салу. Тікелей эфирде берілетін бағдарлама реуспубликамызға танымал, белсенді жастармен сұқбат құра отырып, олардың пікірлерін ортаға салмақ. Бағдарлама барысында «Біз бүгін», «Тілшілік тіршілік», «Қызық екен», «Біз де жас болғанбыз» сынды айдарлар бар. Әр айдардың өз ерекшелігі де баршылық.
Сондай-ақ, «Altai» телеарнасындағы көпшіліктің көңілінен шыққан «Өркен», «Жастар айтысы», «Парасат» сияқты хабарлар қазақ телевизиясына жаңаша сипат берді. Уақыт өте, жастар хабарларының идеясы өзгеріп, мазмұны жаңарған. Бірақ мақсаты өзгерген жоқ. Бағдарламаның әрбір саны жастардың тіршілігі, ойы, арманымен үндеседі. Заман ағымына сай интеллектуалды, танымдық бағдарламалар саны артқан.
Үнемі аудиторияның талабы, көңіл-күйімен санасып отыратын «Зияткерлер клубы», «Ашық алаң» сынды бағдарламалар мен ток-шоулар талай тақырыпты қозғап келеді.
Бұдан өзге «От фонаря», «Модный корректор», «Фрэндс батл» секілді жобалар талғамы жоғары жас көрерменнің сүйікті бағдарламасына айналды.
Еліміздегі жастар саясатының жүзеге асырылуын және өңірдегі талантты жастардың танылуына мұрындық болатын «Aqjaiyq» телеарнасындағы «Бәрекелді» жастар бағдарламасы.
Тәулігіне бір, 20минут ұзақтықпен қалың көрермен назарына ұсынылатын бұл бағдарламада жастардың әлемдiк деңгейдегi бiлiммен қамтамасыз етілуін, әлеуметтiк қамсыздандыру сияқты мәселелерді ортаға салынады. Жастардың қоғам өмiрiне, саясатқа етене араласуына мүмкiндiк ашып, денсаулығын сақтау, бiлiмiн, танымын кеңейтуге, азаматтық көзқарасын қалыптастыруға күретамыр болады. Сонымен қатар, облысымызда жастар арасында өтіп жатқан шараларды қамти отырып, түрлі салада қызмет етіп жатқан жас мамандардың өмірінен қызыққа толы сәттер көрермен назарына ұсынылады.
Биылғы жылдың басты жаңалығы — отандық арналар қатарының жастар телеарнасымен толығуында. «Jastar1» телеарнасы, ең алдымен, 14-29 жас аралығындағы жастарға бағытталғанымен, оқушылар, студенттер, жас мамандар мен түрлі қызмет аясында жұмыс атқаратын жұмыскерлер сынды жас ұрпақтың ойына немқұрайлы қарамайтын барлық жандар үшін де қызықты болып отыр. Жастардың өміріне арналған еліміздегі тұңғыш телеарна тәулік бойы Орталық Азия, Еуропа, Қытай, Ресей және Қазақстан аумағына тарайды.
Телеарнаның контенті өзіндік өндірістегі ас үйі, сән және сұлулықтан бастап шытырман, тылсым оқиғаларға, спортқа, телехикаялар мен әлемдік кинематографияның хиттеріне, әлеуметтік реалити мен отбасылық қарым-қатынас, бақыт, бала тәрбиелеу және денсаулық туралы ток-шауларға толы танымдық, білімдік, публицистикалық және ойынсауықтық бағдарламалардан тұрады. Бағдарламаларда тек жастардың мәселелері, мүмкіндіктері мен өзін-өзі танытуы қарастырылады.
«J1–Jastar1» телеарнасы – бұл бүгінгі таңда жастардың өзіне арнаның мазмұнын толтыруға мүмкіндік бере отырған, еш арналарға ұқсамайтын ашық алаң ұсынған бірегей ерекше телеарна.
Байқағаныңыздай, біздің жастар телехабарлары тарихынан тағылым алар тұсымыз көп. Бүгінде жастар бағдарламаларының саны көп болғанмен, сапасына көп мән берілмей жатады. Өткенімізді саралап, тура сондай қарқын, ықыласпен, ізденіспен хабарлар жасалса, жастар бағдаламалары ендігі өзінің ұмтылған биігінен көрінер еді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Барманқұлов М. Телевизия: бизнес әлде билік?
2. Тұрсын Қ. Көгілдір экран құпиясы.
3. Қазыналы Қызылорда. Тәуелсіздікпен құрдас телеарна. Қызылорда, 2011ж
4. https://egemen.kz/article/180950-elbasynynh-zhastar-zhylynynh-saltanatty-ashyluyndasoeylegen-soezi