«ТАҢ» ЖУРНАЛЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР МӘСЕЛЕСІ


«ТАҢ» ЖУРНАЛЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР МӘСЕЛЕСІ

Сейдигазимова Шынар Дәуренбекқызы shynar08.08.90@mail.ru
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс докторанты, Нұр-Сұлтан, Қазақстан Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., профессор Тапанова С.Е.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында ұлт тарихына, ұлы тұлғаларға зор мән берген. Мысалы, ұлы даланың қайраткер азаматтарының жасаған еңбегін бағалап, танылмай жатқан, аты аталмай жүрген ерен тұлғаларды зерттеуді, олардың еңбектерін жас ұрпаққа жеткізуді тапсырып отыр.
Кезінде тарихымыздың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіріп, Алаш көсемсөзін зерттеуге тұңғыш түрен салған ғалымдардың бірі Намазалы Омашев мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасымен «Алаш көсемсөзі» сериясының 10 томдық кітабын құрастырып шығартқан болатын. 1-2 томдары «Шолпан» журналына, 3-4 томдары «Жас Түркістан» журналына, 5 томы «Сана» журналына, 6-7 томдары «Таң» журналына, 8 томы «Абай» журналына, 9-10 томдары «Сарыарқа» газетіне арналған.
Осы 10 томдық жинақтың ішінен араб қарпінен кирилицаға түсірілген «Таң» журналы мақалаларына тоқталамыз.
1925 жылы Семей қаласында «Таң» журналы жарық көреді. Алаш қайраткерлерінің бірі Мұхтар Әуезовтың араласуымен шыққан. Журнал негізінен әдеби журнал болды. Десе де, онда денсаулық, білім беру мәселелері, мектептер салу, халық шаруашылығы мен тұрмыс жағдайын түзету, әлеуметтік жағдайлар туралы мақалалар жарияланған. Кеңес үкіметі толық орнаған кезде шыққан басылым — алғашқы басылымдар сияқты қазақ халқын көркейту, дамыту, сауаттандыруды көздеген.
Әлеуметтік мәселелердің бірі – әйелдер мәселесі де «Таң» журналынан табылады. Қазақ қоғамындағы әйелдердің алатын орны қашан да ел үшін маңызды болған. «Әр елдің салты басқа» дегендей әр қоғамның өзіндік дала заңдары мен мемлекет бекіткен заңдары болған.
«Таң» журналының №1 санында «Құн, барымта, қалың мал, әйелді еріксіз күйеуге беру, көп қатын алу туралы» деген материал жарық көрген. «Автономиялы Қазақстан, Түркістан, Башқұртстан Республикалары мен автономиялы ойрат қалмақ, қарашай шеркеш, әдігей және хабарлы балқар облыстары үшін жалпы Ресей Республикасы қолданған қылмысты заңын төмендегі статьялармен толтыруға Жалпы Ресейлік Кеңестер Комитеті қаулы қылды. 1 – Автономиялы Қазақстан Республикасы үшін» [1, 196] — деп бірнеше баптарды ұсынған. Соның ішінде «230 — қазақ ғұрпы бойынша күйеу немесе оның әкешешесі, ағайындары, құда-андасы жағынан қыздың әке-шешесіне, ағайындарына немесе құда-андасына қызды сол мал берген күйеуге еріксіз тиюге міндетті қылып малдай, ақшалай я басқа мүлікпен берілетін қалыңмалды берушілер бір жылға шейін ерікті жұмысқа салынады немесе бір жылға шейін еркінен айрылады. Бұл қылмысты істескен жай адамдармен лауазым иесі адамдар да сол жазаға бұйрылады»[1, 197] — деп көрсетілген. 1925 жылдары осындай заңның бар болып, оларға қосымша толықтырулар енгізіліп отырғаны көңіл толтырады. Бірақ заңды оқып, онымен өз құқыңды корғай білу үшін сауаттылық пен батылдық аса қажет деп ойлаймыз. Жалпы қоғамның қандай күйде екенін білу үшін оның журналистикасына, әдебиетіне мән бергеніміз жөн. Журналистика деп отырғанымыз, сол қоғамдағы газет – журналдарда жарық көрген публицистикалық мақалалар мен әдеби шығармалар. Әйел жайында жазылған қай шығарманы алып қарасақ та, жүрегіміз езіліп кетердей болады. Өз құқын қорғай алмай, (қорғауға мүмкіндік бермеген де) жанын жаралаған мұңды айта алмай, ішқұсалықпен өтіп кете берген кейіпкерлерді көп кездестіреміз. «232 – әйелді еріксіз күйеуге зорлаушылар үшін ара қалыңмал төлеп зорлаушылар бес жылға шейін еркінен айрылады».[1,198] Жалпы Ресей Республикасы қылмыс заңына кіргізген қосымшаларды халқына жеткізгісі келіп, оны газет бетіне бастырған жауапты шығарушылар Шәймерден Тоқжігітов, Асхат Сайдалин, Шайқы Жантілеуов деген қайраткер азаматтар еді.
«Таң» журналының №2 санында Доропееваның «Қазақ әйелдерінің ортасындағы жұмыс туралы біздің керекті мақсұтымыз» деген мақаласы жарық көрген. Онда Октябрь төңкерісі ұлт пен жынысты айырмай барлық еңбекшілердің құқын бірдей етіп бекіткені; Коммунист партиясының әйел еңбекшілерін өзіне тартып, мемлекет құрылысында баршасымен бірдей ұстап, азаматтық құқын бергені тілге тиек етілген. «Қатын билігі» мен «Еркек билігін» мысалға келтіреді. «Кейінгі реттерде ақсақалдардың және билеуші адамдардың көзқарасы, ұғымы бірте-бірте отарлық өкіметіне де жұққан. Сонымен қазақ ішінде қызды сату һәм сатып алу, күйеуі өлгеннен кейін «жесірім» деп әмеңгерлік құру – өзгерілмейтін ресім болып бекіген». [1, 223] қазақ елінде әйел құқықсыз төменетекті екенін айтады. Байлық таласындағы қиянат тартыс пен жеке иеліктің күшейгені – осы жағдайдың басты себебі екенін алға тартады. Семей губерниясындағы қазақ әйелінің жұмысқа тартылуының қысқаша тарихына тоқталады. «1923-24 жылдарда ауылдық кеңестерінің құрлысында 100 қазақ әйелі болса, 1924-25 жылдарда 1050 әйел ауылдық кеңесінің мүшесі болып отыр» — деп нақты деректер келтірген. [1, 224] Алға қойған мақсаттарын да айқындап кеткен: қазақ әйледерінің кеңестерде, делегат жиылыстарында ынтасын арттыру; партияға тарту; еңбекші қазақ әйелдерінің жұмыспен қамту; қолғабыс комитетіне және кооперацияға тарту. «Барша жоғарыда көрсетілген қазақ әйелінің ортасындағы жұмыс ретіндегі қолданылатын шараларды іс жүзіне жүргізуге себепкер болатын, әрине, олардың ортасындағы сауатсыздықты жою болады» — деп көрсеткен. [1, 225] Сауатсыздықты жою ең бірінші кезекке қойылу керек екенін айта келе, ол үшін: жұмысқа қазақ мұғалімдерін тарту; қазақ әйелдерін сауатсыздықты жою ұйымына кіргізу; қазақ әйелдеріне бөлек сауатсыздықты жою мектебін ашу деген сияқты шешімдерді ұсынады. Мақала сондай жақсы жазылған. Мәселені айтып, мақсатты айқындаған, оның себептері мен шешудің жолдары көрсетілген.
«Таң» журналының №4 санында «Қазақ әйелінің ортасындағы жұмыс» атты мақала жарық көрген. №2 санында басылған мақаланың жалғасы іспетті. «Қазірде ескіліктен қалмай келе жатқан салт, ресімдер дінге байланысты жобалар неке, әмеңгерлік әдеті сияқтылармен күресудің шарасы кеңес заманымен тәртіпке қойылып жүріп отыр. Бірақ бұл реттегі бір жұмыс – заң шығарылған соң екінші соны жүзеге асыру» — деп келеді мақалада. [2, 214] Автордың заң шыққанмен оны тарату, онымен таныстыру, сауатын ашу мүмкін болмай отырғанына жаны ауырады. Партиялық, кәсіпшілдік және басқа да ұйымдардың осы заңды орындалуына мән беру керек екенін ойларына салады. Заңды іске асырып, ескіліктен айрылып, өкіметтің жұмысына қазақ әйелдерінің тартылуын, еркек пен әйелдің тең болуын күн тәртібінің бірінші қаралатын жұмысына лайық деп табады. Сауатсыздықты жою мектебінен өту керек екенін тілге тикк етеді. «Осы алдымыздағы жаз күнінде сауатсыздықты жоюға гүбірнелік саяси ағарту бөлімі 150 мектеп ашып отыр… Бұл мектеп бейнетқор қазақ әйелінің санасын оятып, содан алған білімінің арқасында октябрь төңкерісі берген теңдікті пайдалануға үйретеді». [2, 215] Мақаланы оқи отырып түйсінгеніміз, қазақ әйелдерін оқытып, кеңеске тартып, өкімет жұмысына шақырып, онымен қоймай өз шыққан жеріне қайтып келіп білгенін үйретеді деген арман-мақсат та жоқ емес.
«Таң» журналында жарияланған мақалаларды сараптай отырып, төмендегідей ерекшеліктерді байқадық: Біріншіден, журналдың өте сауатты, терең, байыптылығын байқауға болады. Құрғақ ақыл, жалаң айғайдан гөрі талқылау, түсіндіру мақсатындағы мақалаларға кең орын берген. Екіншіден, кәсіби журналистикаға тән нақтылық, деректілік, цифрлармен жұмыс істеу байқалады. Үшіншіден, «Таң» Семей өңіріне ғана емес, жалпыұлттық басылым болды деуге негіз бар. Онда бүкіл Қазақстанға ортақ мәселелер көтерілді. «Таң» әлі де тереңдей зерттеуді қажет етеді. Ондағы белгісіз авторлар мен бүркеншік аттардың кімге тиесілі екендігін анықтау, журналистік шеберліктерін талдап, әділ бағасын беру болашақтың еншісінде».[3]
«Таң» журналы жалаулатқан қызыл сөздерден, кеңестік ұрандардан аулақ болған. «Оның бар-жоғы 4-ақ саны жарық көрді. Осы 1925 жылдың маусым айында қаражат және қағаз тапшылығына байланысты басылым біржола тоқтады». [4, 105] Осы басылымның төрт санында да қазақтың жоғын жоқтаған, қабырғасы қайыса қазақтың қамын жеп, қаны қарая қалам сілтеген публицистерді көреміз. Әр мақаласы өміршең, қоғамның түрлі мәселелерін көтере білген.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Алаш көсемсөзі. 10 томдық. Таң. – Алматы, «Өнер», 2011. 6-кітап. – 368 б.
2. Алаш көсемсөзі. 10 томдық. Таң. – Алматы, «Өнер», 2011. 7-кітап. – 368 б.
3. https://abai.kz/post/11684
4. Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихы (1870-2010)/ Қырықбай Аллаберген. – Павлодар: Кереку, 2010. – 291 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *