МӘДЕНИ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҚОҒАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ АЛАТЫН
ОРНЫ

МӘДЕНИ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҚОҒАМДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ АЛАТЫН
ОРНЫ

Аймбетова Ақмарал Орынбасарқызы аkma_19@mail.ru
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің
1-курс магистранты, Нұр-Сұлтан, Қазақстан Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Тоқтағазин М.Б.

Журналистика мен мәдениетті салыстыра не сабақтастыра отырып талдамас бұрын бұл екі ұғымға кеңінен тоқталып өткен жөн. Әлеуметтік құбылыстардың ішіндегі ең маңыздысы болып саналатын журналистика саласынсыз бүгінгі қоғам өмірі мен тіршілігін көзге елестету де мүмкін емес. Өйткені журналистика қоғамның барлық саласымен тығыз байланысты, барлық бағытта баға да бере алады, шешім шығарып, көптеген іс-шаралардың жүзеге асырылуын да қамтамасыз ете алады.
Журналистика – халықтың жағдайын ойлайтын және олардың сұранысын қанағаттандыра алатын сала.
Журналистика – болашақ жас ұрпақтың, келешек тізгін ұстар азаматтардың қоғамдықсаяси, әлеуметтік көзқарастарының дұрыс қалыптасуына әсер ететін бірден бір құрал.
Нақтырақ айтқанда, журналистика немесе бұқаралық ақпарат құралдары дегеніміз – мерзiмдi баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысаны [1].
Сондай-ақ, қоғамның әлеуметтік институттарының бірі – журналистика – тәрбие құралы. Адамның сана-сезімін көтеруге, рухани әлемін байытуға бірден бір себепкер бола алатын журналистика мәдениет ұғымымен жиі байланысып жатады. Сондықтан біз бұл екі ұғымды, нақтырақ айтсақ, екі саланы салыстыра отырып талдаудан гөрі сабақтастыра, бірбірімен байланыстыра отырып талдағанымыз дұрыс.
Байланыстың бір көрінісі жоғарыда журналистикаға берілген сипаттамалардың бірінен-ақ байқалып қалды. Ол тәрбие құралы деп берілген сипаттама еді. Шынында да, бұл анықтама біз қарастырып отырған екі ұғымға да лайық. Сөзімізге күмән болмауы үшін мәдениет ұғымына да кеңірек тоқталып өтейік.
Мәдениет. Мектеп жасынан бастап бәріміз мәдениеттің адам өміріндегі ерекше әлеуметтік құбылыс екенін әрі осы адамдардың іс-әрекеттері арқылы жасалатын өзгерістер мен жаңашылдықтардың барлығы дәл осы мәдениет ұғымына қатысты екенін білеміз.
Ал қазіргі кездің сөздіктерінде «мәдениет» ұғымына бірнеше анықтамалар да берілген:
— мәдениет — белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы;
— мәдениет — адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, крит-микен мәдениеті, қазақ мәдениеті және.т.б)
— мәдениет — адамдық өркениеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, кұқық мәдениеті және т.б.);
Біздің қарастырып отырған тақырыпқа алғашқы анықтама сай келетін сияқты. Бұдан бөлек, мәдениеттің материалдық және рухани болып екі түрге бөлінетіні де баршамызға аян. Журналистикамен байланыстыра алып қарайтын болсақ, біз рухани мәдениет түріне көп көңіл аударамыз. Ал рухани мәдениет түсінігі көркем шығармалардан бастап театрда сахналанатын көріністерге дейінгі өнерді қамтиды. Бізге керегі де осы. Журналистикаға да керегі осы.
Өйткені, мәдениет пен журналистика салаларын біріктіре отырып, біз журналистиканың өзіндік бір саласын негізге ала аламыз. Ол – мәдени журналистика (артжурналистика).
Мәдени журналистика – мәдениет және өнер мәселелерін қарастыратын және дәл осы бағытта қалың бұқараның ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыратын журналистиканың арнайы саласы [2]. Ұшы-қиыры жоқ қиялға құрылған шығармашылықтың сан алуан саласын қамтитын журналистиканың бұл бағыты қоғам өмірі үшін өте маңызды. Қоғамды, ортаны тәрбиелейтін журналистиканың басты бағыттарының бірі де осы – мәдени журналистика.
Алайда көп жағдайда мәдени журналистиканы ойын-сауықтық журналистикамен байланыстырып, тіпті екеуін бір бүтін ретінде қарастырып жатады. Шын мәнінде ойынсауықтық журналистиканың мәдени журналистикадан ауылы алыс. Сөзімізге дәлел болу үшін екі бағыттың өзара айырмашылықтарын көрсетсек:

Мәдени журналистика Ойын-сауықтық журналистика
Әдебиет, көркемөнер, классикалық ән мен биді, театр өнерін қарастырады. Түрлі телехикаялар, сан алуан сериалдар мен танымал әндер тізбегін қарастырады.
Мәдениет басым, көп оқиғалар мәдени тұрғыдан түсіндіріледі. Қарама-қайшылық пен дау-дамай басымырақ. Қалың бұқараның арасында көп талқыланады.
Жанрдың дәстүрлі түрлері жиі қолданылады (очерк). Жанрдың түр-түрі бар (рецензия, комментарий)
Болып өткен немесе жақын арада болатын, тіпті болып жатқан мәдени оқиғалармен ақпараттандырады. Мақсаты – ақпарат беру. Баршамызға таныс, атақты тұлғалардың жағдайын көпшілікке жеткізеді. Мақсаты – қызықтыру.
1-кесте

Кестені талдай келе, біз бұл екі бағыттың сипаты бір-бірінен мүлдем бөлек екендігін, тіпті оларды бір бүтін есебінде қарау мүмкін емес екендігін нық сеніммен айта аламыз.
Десе де, бүгінгі таңда қоғамды тәрбиелеуде, оған әсер етуде мәдени журналистикадан гөрі ойын-сауықтық журналистиканың рөлі артып бара жатқан секілді. Бұл, ең алдымен, ақпараттық технологиялардың күннен күнге қарыштап дамып бара жатқанының салдарынан туындап отырған мәселе. Бүгінде біз мәдени өмірде болып жатқан түрлі оқиғалардан хабардар болудың орнына көк жәшікке телміріп, танымал жандардың өміріне қызығушылық танытатынымыз жиі байқалады. Бұл, әсіресе, жастар арасында кең тараған үрдіс. Ал бізге мұндай іс-әрекетті жүзеге асыру үшін көк жәшіктен бұрын түрлі әлеуметтік желілер «көмекке келеді». 2017 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, Қазақстандық жастар ең көп қолданатын үш түрлі әлеуметтік желі құралы бар: Instagram, VK және. YouTube. Вконтакте желісін 71%-ы қолданса, Instagram желісіне 59% тиесілі. Ал Youtube әлеуметтік желісін 54% жастарымыз пайдаланады [3]. (толығырақ кестеде)



2-кесте

Бұл тек әлеуметтік желілердің әрі жастарымыздың ғана көрсеткіші. Ал ұлттың болашағы ретінде жас қауымның мұндай жоғары көрсеткішті танытуы шынайы мәдени журналистиканың қызығы таусылмас ойын-сауықтық журналистикадан қалыс қалып бара жатқандығын көрсетеді. Бұл көрсеткіш мәдени журналистиканың қоғамды тәрбелеуге, іріліуақты мәдени жаңалықтармен үнемі хабардар етіп отыруына кедергі жасайды. Бірақ, бұл мәдени журналистиканың мүлдем жойылып бара жатқанын білдірмейді. Жоғарыда аталған әлеуметтік желілерді де мәдени журналистика жеткізе алатын ақпараттар қамтылады. Бірақ ол тек ақпараттандырып қана қоймайды, 1-кестеде көрсетілген 2-ші белгі бойынша даудамай туғызады. Дегенмен мәдениеттің иісін аңқытып, оның жоғалмағандығынан хабар беретін әрі соны ақпараттандыру есебінде ғана халықтың құлағына жеткізетін театрларымыз бен түрлі мәдени басылымдарымыз және олардың электронды желілері де баршылық.
Ағымдағы 2019 жыл жастар жылы болғандықтан, олардың рухани тұрғыдан дамуы, сана-сезімінің қалыптасуы, еліне ерен еңбегін сіңіре алатын деңгейге жетуі маңызды міндеттердің бірі болмақ. Ал бұған біз қарастырып отырған ақпарат әлемінде шығып, жарияланып жатқан мәдени басылымдардағы мәдени жаңалықтар тікелей әсер етеді.
Қорыта келе, мәдени журналистиканың мынадай артықшылықтарын әрі алдына қойған міндеттерін былайша айта аламыз:
1. Қазіргі кезде мәдени журналистиканың басты мақсаты – қоғамды ағарту жұмысы, өз жұртының, қоғамның мәдени тұрғыдан деңгейін көтеру әрі
оларды шығармашылық жағынан дамыту.
2. Мәдени журналистиканың қоғамды тәрбиелейтін негізгі құрал екенін ескере отырып, оның бәсекелес басқа бағыттардан басымырақ түсуін қадағалау; 3. Адами құндылықтар мен көзқарастардың өзара қалыптасуына үлесін қосатын БАҚ құралдарында жарияланатын жастарға және кішкентай балаларға
арналған мәдени журналистика материалдарының сапасын арттыру[4].

Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z990000451_ 2. Мусинова А.А. Арт-журналистика Казахстана: учебное псобие. Алматы: Қазақ университеті, 2017. – 158 с.
3. http://www.brif.kz/blog/?p=3304
4. Т.С.Сергеева. Научная статья: Арт-журналистика и современная
российская культура: ценностно-смысловые доминанты и проблема сохранения человека. Вестник Челябинского государственного университета. 2013. №22 (313).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *