БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЭТНОСАЯСАТТЫ
ЖҮРГІЗУДЕГІ МАҢЫЗЫ

БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЭТНОСАЯСАТТЫ
ЖҮРГІЗУДЕГІ МАҢЫЗЫ

Аманжолов Бекарыстан Нұрланұлы
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс магистранты, Нұр-Сұлтан, Қазақстан Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., доцент Болатова Г.Ж.

Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамға ақпаратты таратушы, жеткізуші және саралаушы платформа болып табылады. Қай кезеңде болмасын БАҚ өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Тіпті, Наполеон Бонапарттың өзі «мен маған меңзелген 100 қарудан көрі үш газеттен қорқамын» деген болатын. Сондықтан да оның өзектілігі еш қашанда жоғалмайды.
Сөзсіз, пішіні, жеткізу түрі немесе ұсынылатын құралдары түрліше болуы мүмкін. Алайда, негізгі ұғымы өзгеріссіз қалуда. Танымал психолог Андрей Курпатовтың ойынша қазіргі заманда тәжірибемен ақпараттан асқан байлық жоқ. Ол өз ойын [1;106] былай тұжырымдайды: «ақпарат – ақша, өндіріс, тіпті ақпараттық технологиялар секілді кез-келген өзге салымдардан жоғары бағаланады… Кез-келген жағдай – тәжірибеменен ақпараттың қоймасы». Ғалымның пайымдауынша ақпарат басты құнды дүниеге айналды және ол негізгі құрал болып табылады. Ендеше, оның қолдану аясы кең, салалық бағыты да сан қырлы. Бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік тәжірибені таратушы құрал қызметінде атқаратындығын ұмытпаған жөн. Сөзсіз, қоғамдық ой қалыптастыру, саяси-экономикалық платформаларды ілгерілету сынды көптеген мәзірлері де бар. Алайда, қоғамдық қатынаста, дәл әлеуметтену сатысында оның орны аса маңызды. Андрей Римович Тузиков [2;21] бұқаралық ақпарат құралдары күнделікті ақпараттарды ұсынып қана қоймай, талқылайтын мәселелердің талдама сызбаларын ұсыну арқылы бұқаралық сананы бағдарламалай алады деген тұжырым жасаған. Бұл туралы Джозеф Стрелекиде «Жер түбіндегі мейрамхана» кітабында ой қозғайды. Мұндай тұжырымдар расында бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық сананы бағдарлай алатындығын, оны қажетті бағытқа бұра білу қабілеті барын тағы да бір дәлелдей түседі. Тіпті, жасөспірімдер менен жастардың тұлға болып қалыптасуы үздіксіз ақпараттардың қабылдануынан болады. Ресей ғылым академиясының ғалымдары бірнеше жылдан бері «оқитын ұлттан» «теледидардағы ұлтқа» айналған орыс халқын әлеуметтік тұрғыдан жіті зерттеп, ақпарат таратушы түрлі құралдардың қаншалықты маңызға ие екендігін саралауда. Батыстың жетекші ғылыми институттары да оны бұрыннан қолға алған. Себеп неде? Басты себептері ақпараттық құралдардың қоғам қатынасында тек маңызды рөл емес, ажырамас бөлігіне айналып келе жатқандығы болып отыр. Әрине, мұндай жағдаяттың ақ пен қарасы қатар жүретіндігі белгілі. Әлемдегі ірі корпорациялар менен компаниялар түрлі ақпарат құралдарын сатып алып, өздеріне қажетті бағытта және мөлшерде ақпарат ұсынуда. Себебі БАҚ арқылы түрлі салаларға әсер ету оңай және тиімді. Мемлекетте өз кезегінде мемелкеттік саясатты жүргізуде бұқаралық ақпарат құралдарын орынды және тиімді пайдалануды мақсат етеді. Мемлекеттің экономикалық, қоғамдықәлеуметтік, мәдени-танымдық сынды көптеген жекелеген бағыттардағы саясатын және көзқарасын қалыптастыруда БАҚ-тың көмегіне жүгінетіні белгілі. Соңғы саяси оқиғалардың бірі Ұлыбританияның Еуропалық Одақ құрамынан шығуы сол елдегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы қызу талқылаулар халық арасындағы референдумға ұласуы әсерінен орын алуда. Әрине, ол әлі де талқыланып жатыр. Дегенмен, мұндай аса маңызды қадам БАҚ-тың қоғамдық ой тудырып, талқылаулар алаңдарын туғызып, референдум жасауға әсер етуі себебінен болып отыр. Мұндай оқиғаларды ұзақ тізбектеуге болады. Дегенмен, түйін жалғыз: БАҚ – мемлекеттік саясатты жүргізуде таптырмас құрал ғана емес, оған тікелей әсер етуші.
Қай кезеңде болмасын мемлекетте этнос аралық ахуалды бір қалыпты ұстау аса қиын істердің бірі болып табылады. Тарихтың өзі ру мен рудың, тайпа менен тайпаның текетірестерінен тұрады. Ол уақыт күттірмес, күн тәртібінде қашанда бірінші тұратын мәселе. Елдегі этносаясаттың сәл шытынауы орны толмас қайғыға әкелуі әбден мүмкін. Грузия менен Оңтүстік Осетия, Ұлыбританиядағы Солтүстік Ирландияменен болған қақтығыс, Мьянмадағы рохинджалықтарға деген қысым, Қытайдағы Шыңжаң автономиясындағы ұйғырлармен болған қантөгіс соған толық мысал бола алады. Өте сезімтал келетін этносаясатты кейде үшінші тарап өз пайдасы үшін пайдалануға тырысатын кездерде аз емес. Олар көбіне көп бұқаралық ақпарат құралдарында этнос аралық жанжал тудыратын ақпараттарды таратып, ол елдегі тұрақсыздықтан өз пайдасын көруге тырысады. Сондықтанда мемлекет қашанда БАҚ-тың қызметін дұрыс пайдаланып, оны оңды қолдана білуі қажет. Ресейдің тағы бір ғалымы Василий Леонидович Музыкант өзінің «Теория и практика современной рекламы: монография» атты еңбегінің І бөлімінде [3;375] мынандай ой айтады: «Адам өз іс-әрекеттерінде оған қоршаған әлем туралы келіп түскен ақпарат аясында ғана еркін болып табылады. БАҚ адамды шындық туралы толық және шынайы ақпарат иеленгендей емес өзге іс-әрекеттерге мәжбүрлейді». Мұндай пікір кімді болмасын есеңгіретері сөзсіз. Бірақ, мына бір қызыққа қарайық. Қаңтардың алғашқы күнінде Қарағандыдағы бір мейрамханада болған топтық төбелес соңы жас жігіттің өлімімен аяқталды. Барлық әлеуметтік желілер менен ақпарат құралдары оны армян ұлтының азаматы өлтірді деп ақпарат таратты. Арты ажиотажға ұласып, халық бір сілкінді. Армян диаспорасы халықтан кешірім сұрап, арты сәл болмағанда этнос аралық қақтығысқа ұласа жаздады. Себеп? Себеп қазақ ұлты қазақты өзге этнос өлтірді деп алаңға атып шықты. Егер БАҚ ҚР азаматы қолынан қаза тапты деп жазса, немесе тек қана «орта жастағы азамат күдікті» деп ақпар тараса, халық осынша дүрлікпес еді. Ендеше, «адам өз іс-әрекеттерінде оған қоршаған әлем туралы келіп түскен ақпарат аясында ғана еркін» деген Л.В. Музыканттың ойы қисынға келеді. Бұл жайт тағы бір мәрте ақпарат құралдарының кез-келген жағдайды иә оң, иә теріс салаға бұра алатындығын дәлелдей түседі. Сол Қарағанды мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызының «Қазақстанда бір ғана ұлт бар, ол – қазақ, қалғандары этностар» атты мақаласын «Qazaqstan dauiri» Халықаралық қоғамдық-саяси газеті Бас мақала етіп [4;1-4] жариялаған болатын. Атын ұрандатып қойған басылым мақалада Қазақстандағы көп этностың қуғын-сүргін кезеңдеріндегі қиындықты бірлесіп өткергендіктерін, қазақ халқының оларға бауырмалдылық танықанын тілге тиек ете отырып, елдегі халықтардың санын пайыздық мөлшерлемемен көрсетіп, мемлекетіміздегі негізгі тіреуші ұлттың «қазақ» екендігін, қалғандары этностық топтарға жататындығын атап өткен. ҚР Парламенті сенаты депутатының пікірін қоса тіркеп, қорытпа ой ретінде елді бірлік пен тұрақтылыққа шақырған. 1992 жылдан бері жарық көретін басылымның мұндай мәселе аясында ой толғауы 30 жылға жуық уақыттан бері қалыптасқан аудиториясына әсері етері сөзсіз. Дәл осы мәселе аясында өзге де мүйізі қарағайдай басылымдар өзге тақырыпшалармен ұзын-сонар мақалалар жариялап жатты. Барлығының түйіні бір: елде тұрақтылық сақтап, халықты бірлікке шақыру. Ел сөзін тындар ел ағалары менен қоғамдық белсенділер де түрлі платформаларда осы мәселе төңірегінде ой білдіріп, елді сабырға шақырды. Нәтижесінде небәрі екі күні ішінде ажиотаж басылып, бәрі саябырсыды. Бір ғана мәселеден қалыптасқан жағдай БАҚ-тың мемлекеттік этносаясатты жүргізуде қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Мемлекеттік деңгейдегі этносаясатты ешбір этностың құқығын таптамай, олардың келесі бір этностың немесе ұлттың тарапынан дискриминация сезінбей, бәрін бірдей бірқалыпты ұстау оңай шаруа емес екендігін жоғарыда атап өткен болатынбыз. Мұнан бөлек, геосаяси ахуал, географиялық орналысудың өзі жақын шекаралас елдердің ұлтына жататын елде өмір сүріп жатқан этностар барда мәселені одан әрі қиындата түседі. «Географиялық жақындастық сөзсіз тарих пенен ұлттар тағдырының жақындасуына әкелетіні белгілі. Тағдыр жақындастығы ортақ қызығушылықтар менен бір мақсат туындатады» [5;26] деген ой ХХ ғасырдың аяғында туындап, өзекті мәселені ретінде қарастырылды. Бүгінгі қалыптасқан жағдай осы бір тұжырымның расында шынайы екендігін дәлелдей түсетін секілді. Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елдеріменен саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени қатынастар осының дәлелі іспетті. Ал оларды одан әрі бекіте түсіп, арасын ажырамас шынжырмен мығымдап байлау БАҚ-қа тапсырылған жауапты іс. Расында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпараттар арқылы ғана біз өзге елдермен болып жатқан қарымқатынастар туралы мәлімет ала аламыз. Мұнан бөлек, ақпараттық-талдамалық бағдарламалар, сарапшылардың БАҚ-қа берген пікірлемелері менен сұхбаттары мемлекеттер арасындағы ахуалды баяндайды. Мұндай жағдаяттардың өзі жалпы мемлекеттік деңгейдегі кез-келген қатынаста БАҚ аса маңызды рөлде екенін көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 1. «Получить то, что хочется.» А.В. Курпатов – Мәскеу, 2007 жыл.
2. «Теории идеологии в западной социологии: от критики «ложного сознания» к анализу дискурсивных практик масс-медиа» А.Р. Тузиков – Мәскеу, 2003 жыл.
3. «Теория и практика современной рекламы: монография» І часть. Л.В. Музыкант – Мәскеу, 1998 жыл.
4. «Qazaqstan dauiri», №1 (1234) саны. 10 қаңтар, 2019 жыл.
5. «Этнополитические процессы в Республике Казахстан» Н. Романова – Алматы, 1998 жыл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *