БАҚ-ТЫҢ АҚПАРАТ АЛУ ЖӘНЕ ТАРАТУ ЕРКІНДІГІ
Ғалымжан Қуанышбекұлы Тәжібаев galimcan@mail.ru
.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің 1-курс докторанты, Нұр-Сұлтан, Қазақстан Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., доцент Есдаулетов А.О.
Қашанда пікірдің көппікірлі болуы жақсы. Еркін пікірталастан шындық кемелденеді. Әркім өз пікірін еркін айтуға құқылы. Қоғамдағы құқықтық мәдениет пен сөз еркіндігі болса, рухани өмір кемелденіп, жетіледі. Сөз бостандығында, көппікірлілік әрдайым құқықтық мәдениетпен тығыз байланысты. Ойлау еркндігі мен сөз бостандығы, қоғамдағы басты құндылық десек артық айтпаған болармыз. Құқықтық мемлекет сөз еркіндігі мен құқықтық өмірге кең жол ашады.
Әлемде көптеген дамыған елдер өздерінің даму барысын сөз бостандығымен байланыстырады. Демократия сөз бостандығына ерік берген елдерде ғана ілгерлейді. 2017 жылы халықаралық «Freedom House» ұйымы әлемнің 195 елінде сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі мәселесіне зерттеу жасап, халықаралық басылымдарда жария еткен болатын. Аталмыш ұйымның зерттеуінің қорытындысы бойынша, Қазақстан Тәжікстанмен бірге баспасөз еркіндігі нашар елдердің қатарында 166-шы орынды тұр. [1] Кез келген елдің дамуы қалың көпшіліктің қалауымен болатынын айтады. Ал, қалың бұқараның қалауын, талап-тілегін мемлекет ұдайы назарға алып отыруы үшін сөз бостандығы болуы қажет.
Бүгінгі демократиялық қоғамдардың негізгі шарттарының бірі тәуелсіз және еркін БАҚ-тың болуында. БАҚ-тың еркіндіктерімен қатар мемлекеттің әлеуметтік, саяси және экономикалық өмірін дамытудағы жауапкершіліктері де демократиялық елдерде алдынғы қатардағы маңызды мәселенің бірі болып табылады. Әлемнің ең демократиялы, ең еркін саналатын елдерінің өзінде БАҚ сөз бостандығының жетіспейтіні және журналистердің проблемалары туралы ақпараттарды таратып жатады. Мұның негізінде жалаң кәсіби себептерден гөрі БАҚ-ты билейтін саяси, қаржы және экономикалық күштердің өз мақсаттарын толықтай орындай алмауы басты себеп ретінде көрсетуге болады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабына сәйкес сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі, цензураға тыйым салынады. Бұл ретте әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.
[2]
Көрсетілген конституциялық нормалар пікірлерді, көзқарастарды, сенімдерді, идеяларды әралуан түрде және нысандарда, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы еркін білдіру құқығын көздейді.
«Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық» 1966 жылғы пактіге қатысушы Қазақстан Республикасы өзіне оның заң құзырындағы әркімге мынадай құқықтарды қамтамасыз ету міндеттемесін алады:
— өз ой-пiкiрiн еш кедергiсіз ұстану құқығы;
— өз пiкiрiн еркiн бiлдiру құқығы
— мемлекеттік шекараларға қарамастан кез келген ақпараттар мен идеяларды еркiн iздеу, тауып алу және оларды өз қалауынша таңдап алған құралдар арқылы ауызша, жазбаша немесе баспасөз арқылы немесе көркемдiк бейнелеу формалары түрiнде тарату
бостандығы.[3]
Бұл конституциялық және халықаралық-құқықтық ережелерді іске асыру әркімнің ақпаратты кез келген заңды тәсілдермен алуға және таратуға құқықтық мүмкіндігін реттейтін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдегі № 451-І Заңымен, сондай-ақ цензураға тыйым салумен қамтамасыз етіледі. [3]
Елімізде сөз бостандығы және БАҚ саласында кейбір өзекті проблемалардың бар екені рас. Қазір Қазақстанның медиа қауымдастығы соңғы жылдарда бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қабылданған заңнамалық актілерге орай біраз алаңдаушылық білдіруде. Мәселен, 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, ЕҚЫҰ Саммитін Алматыда өткізген Қазақстан халықаралық қауымдастық алдында біршама міндеттемелерді мойнына алған болатын. БАҚ-та жала жапқаны және қорлағаны үшін қолданылатын қылмыстық баптарды ізгілендіру және Президенттің, депутаттың, соттардың ар-намысын қорғау үшін қолданылатын қылмыстық жауапкершіліктерді азаматтық жауапкершілікпен алмастыру мәселелерін мойнына алған болатын.
2011 жылы жала жабу мен қорлауды ізгілендіруге қатысты алғашқы қадам жасалды. БАҚ өкілі әлдекімді бірінші рет қорласа немесе жала жапса, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды. Алайда, 2013 жылдың соңында Қылмыстық Кодекс қайта қаралып, ондағы Жала жабу мен қорлағаны үшін қылмыстық жауапқа тарту өзгеріссіз қалып отыр.
Жала жабу мен қорлаудың қылмыстық жауапкершілік ретінде сақталуы сөз бостандығы үшін негізгі кедергілерді бірі болып отыр. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту және байланысты сот шешімінсіз бұғаттау туралы бап енгізілді. Қоғам, Қылмыстық Кодекстегі жала жабу мен қорлау баптарын өзгертуге тырысып жатқан сәтте қазіргі қолданыстағы Қылмыстық Кодексте «Жалған ақпаратты әдейі тарату» бабымен толықты. [4]
БАҚ-ты пайдалана отырып, құқық бұзушылық жасау бірқатар әкімшілік құқық бұзушылық және қылмыстық теріс қылық құрамдарын саралаушы белгі болып табылады. Көрінеу жалған ақпарат тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін Қылмыстық кодекстің 274-бабын бөліп көрсетуге болады. Осы баптың 2-бөлігіне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. [4]
Адам құқықтары мен басқару жүйесі мемлекеттерде жала жабу бойынша төмендегі елдердің заңдарына көз жүгіртсек.
Финляндия мемлекетінде Қылмыстық Кодексінде жала жабу ұғымын (оның қайтыс болған адамның мекенжайы) қамтылған, 2014 жылға дейін ол үшін балама жаза – айыппұл немесе түрмеге қамау көзделіп келді. 2014 жылдан бастап – тек қана айыппұл салумен шектеледі. [4]
Фин заңнамасында мүддесі қозғалған адамдрадың тек қана жеке өмірінің аспектілері қозғаса, ақпаратты тарату (тіпті шынайы) еркіндігін айтарлықтай тарылтады. Финляндияның Қылмыстық Кодексіне сәйкес БАҚ-ты заңсыз пайдалана отырып немесе басқа да ұқсас түрде басқа адамның жеке өмірін басқа адамға нұқсан келтіретіндей немесе жан-дүниесін күйзелтетіндей көрсететін ақпаратты, жалақорлықты немесе суретті жария тарататын немесе бұл адамға мін тағатын адам жеке абыройға зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылуға тиіс. Алайда, журналистің іс-әрекеттері, егер олар басқа адамды кәсіби немесе қоғамдық ретінде бағалаумен байланысты болса және бұл қоғамдық маңызды мақсатқа қол жеткізу үшін қажет болса, жеке адамның абыройы екінші мақсатта қарастырылуы тиіс. [4]
Канада мемлекетінде жала жабу туралы заңдар өте қатаң, бұл сондай-ақ журналисттерлің жұмысына кедергі келтіреді. Жала жабу ұғымы мемлекетке бағытталған жала жабуды да қамтиды. Бұл заң соңғы онжылдықта іс жүзінде қолданылмайды, бірақ 1987 және 1995 жылдар аралығында 51 жала жабу істері қаралып өз шешімін тапқан. [4]
2013 жылғы Ұлыбританияның диффамация туралы заңы Интернетке байланысты диффамация туралы заңы қабылдаған. Осы заңға сайкес жала жабылған тұлға шағымдануы үшін бір жылдық мерзіммен шектелген. Жаңа ереже бойынша, егер айыптаушы бұл жарияланымды бірінші рет жариаланған мерзімінен 1 жыл өтіп кеткеннен кейін көрсе, онлайн-жарияланымға талап қою мүмкіндігінен айырылады. Жала жабылған шағымданушы өзінің арызындағы айтылғандар «шын залал» келтіруі мүмкін немесе келтіргендігін дәлелдеуі қажет. Егер, өтініш нәтижесінде, өнім алу үшін сатумен айналысушы бизнес – компания немесе басқа ұйым «маңызды қаржылық шығындарға» ұшырамаса, онда оның беделіне қатты нұқсан келмеген деп саналады. [5]
Еуропа елдерінде, Қозғалған жеке адам неғұрлым танымал болса және ол неғұрлым елеулі құқық бұзушылық жасаса, тиісті жарияланымның заңды деп танылуының ықтималдығы соғұрлым көп. Яғни, танымал тұлғалардың қоғамға әсер еті күші мен халықтың танымал тұлғаға еліктеу және мысал тұтуы тұрғысынан қарастырылғанда танымал түлғаның заң бұзушылығы мен жеке өмірі шектеулі пренсипімен қарастырылады. Жала жабу мен жеке өмірге қол сұғушылық екеуі ұқсас болғанымен екі бөлек түсінік екенін ажыратып алу керек. [6]
Қазақстан Республикасы ратификациялаған 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге қатысушы мемлекеттер жала жабуды қылмыстар қатарынан алып тастау мүмкіндігін қарастыруы қажет, бірақ кез келген жағдайда қылмыстық заң неғұрлым ауыр жағдайларға ғана байланысты қолданылуы тиіс, бас бостандығынан айыру ешбір жағдайда барабар жазалау шарасы ретінде есептелмеуі тиіс.
Жала жабу бойынша елімізде қолданыстағы заңдарды тізбектейтін болсақ, Конституциядан басқа, жалпы мынадай бірқатар заңнамалық актілерде қамтылады:
-Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң;
-Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заң;
-Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң;
-Телерадио хабарларын тарату туралы заң;
-Дербес деректер туралы заң;
-Азаматтық кодекс;
-Қылмыстық кодекс;
-Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс және т. б.
Қорытынды ретінде айтар болсақ, Қазақстанның Президенті халыққа жолдауында : « Қоғамға керегі – жалақорлық пен жалған сөз бостандығы емес, турадан тұғырлы сөз бостандығы », — деп атап көрсетті.
Азаматтық қоғамның белсендісі белгілі бір шенеунікті немесе құзырлы орган қызметкерін өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сынға алса, белсендінің пікірі көбіне дәлелсіз деп табылып, жала жапқаны немесе әртүрлі конфликтіні ушықтырғаны үшін айыпталып, сотталады. Бір сөзбен айтқанда нақты дәлелсіз айтылған әрбір сөзге жауап беру құқықтық жүйесі құрылды. Бұл бір жағынан объективті көрінуі мүмкін. Бірақ кейбір өзгертулер шынымен сөз бостандығын шектейді. Нақтыласақ, белгілі бір тұлға жайлы ақпарат жариялаудан бұрын оның келісімін алу журналистерге міндеттеліп отыр. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар болуы мүмкін шенеунік туралы журналистикалық зерттеу жасау барысында оның табатын табысы мен жеке шығындарын салыстыратын болсаңыз, анализді жарияламас бұрын, шенеуніктің өзінен сұрауыңыз керек.
Мысалы, Қырғызстанда тіпті президент пен оның туысқандарының атында қандай мүлік бар екені ашық жарияланып отыр. Ал Грузияда шенеуніктер мен олардың туыстарына тиесілі мүліктердің онлайн базасы құрылған. Қазақстанда, ең болмағанда мекемелер мен тұлғалардың тапқан табысын ашықтығы тұрғысынан белгілі платформаларда барлығына қолжетімді түрде жариаланып отырса, еліміздің басты дертіне айналған жемқорлықтың жойылуына алғы шарт жасаған болар едік.
Жала жабуды толық қылмыстық сипаттан арылту немесе ең болмағанда оны қылмыстық теріс қылықтар құрамына ауыстыру, сондай-ақ бас бостандығынан айыру түрінде санкцияны жою туралы ұсыныс жасалуы керек.
Қылмыстық кодекстен араздықты қоздырғаны және жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін баптарды алып тастау туралы ұсыныс кеңінен талқылануы дұрыс.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі 1. Каrsybekov Е. Freedomhouse: svoboda v Kazakhstane stanovitcia menshe.
www.azattyq.org
2. Қазақстан Республикасының Конституциясы — «Әділет» АҚЖ, adilet.zan.kz/
3. Ерджанов Т. Бұқаралық ақпарат құралдарын және телерадио хабарларын таратуды мемлекеттік реттеу саласындағы отандық және шетелдік заңнама мен тәжірибеге зерттеу жүргізу туралы есеп, 10 қазан 2018 жыл
4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi, adilet.zan.kz
5. Әженова Ғ. Журналистерге арналған оқу құралы, Алматы 2012 жыл,
http://www.unesco.kz/publications/ci/2012/defamation_kaz.pdf
6. Tazhibayev Galymzhan, Kazakistan Cumhuriyeti’nde Radyo Ve Televizyon Yayinciliğinda Yeniden Yapilanma Ve Ortaya Çikan Sorunlar (Avrupa Birliği Ve Türkiye Karşilaştirmali), Yayınlanmiş yüksek lisans tezi, 2013, Аnkara, Türkiye.