АЗАМАТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ ОНДАҒЫ КЕЙБІР ҚҰҚЫҚТЫҚ
МӘСЕЛЕЛЕР
Тоқтарбай Бейбіт
beibit.togtarbai@mail.ru
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультеті, 2-курс докторанты,
Нұр-Сұлтан, Қазақстан
Ғылыми жетекшісі, ф.ғ.д., профессор – Н.Омашев
Отандық БАҚ-тағы интернет журналистика, онлайн журналистика, дәстүрлі журналистика, блогерлік, азаматтық журналистика деген атаулардың барлығы бірігіп, қазіргі медианың келбетін көрсетеді. Бүгінгі қазақстандық БАҚ әлемдік ақпараттық қоғамның бір бөлшегі ретінде өмір сүріп жатқандығы рас. Интернеттің пайда болуымен ере келген техникалық жаңалық, технологиялық серпіліс еліміздің ақпараттық кеңістігін айналып өткен жоқ. Сондықтан да әлемдік деңгейдегі ақпарат саласына қатысты игілік пен кейбір шешімін табуы қиын күрделі мәселелер біздің елде де бар.
Еліміздегі интернет журналистика төңірегіндегі жаңа медиа, азаматтық журналистика, блогерлік деген қырларының өзіне тән артықшылығы мен қатар құқықтық кейбір мәселелерінің туындап отырғандығы да жасырын емес. Қазір интернет ресурстарында сайттар мен порталдар көп. Оның кейбірі арнайы мемлекеттік мекемеге тіркеліп, БАҚ туралы заңның аясында әрекет етіп жатса, кейбірі ешқандай жерде тіркелместен интернеттің шектеусіз ағымында ақпарат таратуда. Ал әлеуметтік желі белсенділері мен блогерлер, азаматтық журналистика өкілдері өз бетінше ақпараттық қоғамның бір бөлшегі ретінде жаңа медиа игілігін көріп отыр. Олардың өзіндік аудиториясы, әрбірінің пікірлес, мүдделес топтары, ортақ тақырыптары бар. Ол топтар діни көзқарасына, ұлтына, нәсіліне, мақсат мүддесіне байланысты жіктелуі мүмкін.
Біз бұл жолғы тақырыпта интернеттегі блогерлер мен азаматтық журналистердің, жаңа медиа өкілдерінің заңдық, құқықтық мәселесіне байланысты кейбір проблемаларға тоқталамыз. Әлемдік тәжірибе негізіне сүйенсек, жаңа медиа дәстүрлі медиаға қойылатын этикалық және құқықтық нормалар негізінде даму үстінде. Дегенмен, кейбір мәселелерде анықтай түсетін тұстары да бар. Бұл жөнінде шетелдік зерттеушілер былай: «Дәстүрлі медиадағы ұстанымдардың дені азаматтық журналистерге, блогшыларға және жаңа медианың өзге де қатысушыларына қатысты. Бірақ ғаламторда ақпарат тарататындар үшін қосымша ережелер бар. Әдепкі медиаға қарағанда блогшылар лақап атымен немесе бүркеншік атпен ақпарат таратады. Кей елдерде жеке бас қауіпсіздігі мақсатында кейбір интернет қолданушылар осындай тәсілді қолдануға мәжбүр. Алайда бүркеншік атпен хабар таратып отырғанның өзінде де журналистік әдептілікті сақтап, дерек пен дәйекті ұқыпты, ешбір топтың мүддесінің жетегінде кетпей жеткізу керек» [1]. Расымен де біздегі әлеуметтік желідегі белсенділердің ақпараттарында дәлдік пен нақтылық жетіспейді. Сонымен қатар көптеген сайттар мен порталдар блогерлер және әлеуметтік желі белсенділерінің материалдарын ақпарат көзі ретінде пайдаланып отырғандығын ескерсек, бұл күрделі мәселеге айналады. Кей жағдайда әлеуметтік желі мен интернет беттерінде қасақана жалған ақпарат таратушылар да кездеседі. Ал адамдардың жеке басына тиісу, балағаттау, қорлау белгілері де жоқ емес. Мұндай жағдайлардың көбісі сайттардағы мақалалардың астына жазылатын пікірлерде, ашық форумдарда көптеп кездеседі. Осы арада интернет қолданушыларына біздің еліміздің «Байланыс туралы» заңында көрсетілген кейбір шектеулерге тоқтала кетейік. Олар:
– Жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіретін қылмыстық мақсаттарға шақыратын ақпараттар;
– ҚР сайлау туралы заңнамасын бұзатын ақпараттар;
– Экстремистік және террористік әрекетті жүзеге асыруға, жаппай тәртіпсіздіктерге шақыратын ақпараттар;
– Кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанауды және балалар порнографиясын насихаттайтын бұқаралық, (жария) іс-шараларға қатысуға шақыруды қамтитын ақпараттар [2]. Егер осы көрсетілген шектеулер бұзылған жағдайда шығарылым иесі заң алдында жауап береді. Біздің елде қандай да бір сайттың немесе интернет қолданушысының ақпарат ресурсын шектеуді прокуратураның шешімімен жүзеге асырады. Бірақ бақылаушы органдар бұл саланы түгелдей дерлік сүзгіден өткізіп отырады деп айтуға келмейді. Әрі мұндай қатаң сүзгі цензуралық режимнің салтанат құруына жол ашуы да мүмкін. Сондықтан да құқықтық мекемелер белгілі деңгейде «жұмсартылған» тәртіппен жұмыс жасап жатыр деуге болады. Біз бұл жөнінде шетелдік мамандардың пікіріне тоқталып көрейік. «Оқырман тарапынан немесе үшінші қолданушы тарапынан не нәрсе жарияланса да блогшы өзі жазған кез-келген мәтіні үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сот процесі бола қалған жағдайда блогшының деректі жинаудағы әдісі мұқият сарапталады. Оның оқиғаны өз қалпында дұрыс жеткізгені немесе негізі жоқ өсекті қайта өрбіткені тексеріледі. Анонимді дереккөзге сілтеме жасады ма? Болмаса ақиқатты аттап өтті ме? Егер сот оның әрекетінен шындықты жазудағы немқұрайлығын байқаса, сотта жеңіліске ұшырауы мүмкін» [3]. Блогер болсын, әлеуметтік желі қолданушы болсын ең әуелі этикалық нормаларды қатаң сақтай отырып әрекетке барғаны дұрыс. Әлемдік тәжірибеде жалған ақпарат таратқан белсенділерге қарсы қолданылған заңдық шаралар көптеп кездеседі. Мұндай мысалдарды біздің елден де табуға болады. Қазақстанда кейбір әлеуметтік желі белсенділері кей жағдайларда ешқандай нақты дерексіз ақпараттар таратып жүр. Танымал адамдар жайлы жалған ақпарат ұйымдастырып, аудитория назарын аударамыз деп қателесуі де мүмкін. Ал кейбір әсіре діншілдер мен әсіреұлтшыл азаматтар адамзат мәдениетіне қабыспайтын мәлімдемелер жасап, елді дүрліктіреді. Бірақ мұндай оқиғалардың барлығы сұраусыз қалмайтынын естен шығарып алатыны өкінішті. Бұл жайлы отандық журналдағы мына бір мысалға тоқталсақ, «Әлеуметтік желіде ойланбай жазған бір сөзі үшін темір тордың арғы жағынан шыққан азаматтар саны көбейіп кетті. 2016 жылдың соңғы екі айын алып қарайық: Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде ұлтаралық шиеленіс тудырды деген күдікпен 3 жылға сотталса, осы облыстың тағы бір тұрғыны Қазақстанды Ресейге қайта қосу керек деген жазбасы үшін 5,5 жылға сотталды. Щучинск қаласының тұрғыны интернетте терроризмді насихатағаны үшін алты жылға түрмеге қамалды» [4]. Мұндай мысалдарды тере берсе тағы да кездесуі мүмкін. Демек әлеуметтік желіде не болса соны жаза беруге әсте болмайды. Кез-келген блогер немесе әлеуметтік желі белсендісі жоғарыда көрсетілген «Байланыс туралы» Заңдағы ескертулер мен шектеулерді назарда ұстанғаны абзал. Қазір жаңа технология игілігін көріп отырған әрбір азамат әлеуметтік желі ақпараттарын айналып өте алмайды. Оқыс оқиғалар, қайғылы жағдайлар, қылмыс, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар ең әуелі әлеуметтік желі арқылы тарайды. Бұл ақпараттар аудио, видео, фото немесе мәтін ретінде аудиторияға жол тартады. Ең негізгісі бұл ақпараттардағы деректердің рас немесе жалғандығына ешкім де көз жеткізбейді. Көптеген жағдайда әлеуметтік желі белсенділерінің ақпараты ресми БАҚ-тан бұрын тарайды. Қандай да бір ресми мекеме немесе мекеме өкілінен бұрын анықталмаған ақпарат аудиторияға жол тартады. Мәселен 2019 жылғы жаңа жыл кезінде Қарағанды қаласында азаматтар арасында жанжал болып, бір адам қайтыс болады. Жанжал жергілікті тұрғындар мен әзербайжан ұлтының азаматтары арасындағы ұлтаралық дауға айналуға сәл қалады. Мереке кезінде қарағандылықтар жиналып қарсылық митингіге шығады. Митингіге барлығы мыңнан астам адам шығып, Қарағанды қаласының негізгі көшелерін адамға толтырады. Бір өкініштісі бұл жанжал жайлы ресми мекеме өкілдерінен нақты деректер айтылмайды. Ақпараттың барлығы әлеуметтік желі арқылы тарайды. Ол ақпараттардың барлығы дерлік белсенділердің таратқан деректері болатын. Кейбір мәселе жайлы блогерлер пост жазды. Ресми өкілдер мен ресми БАҚ мәселе шешіліп, жанжал жайлы барлық ақпарат аудиторияға тарап болғаннан кейін ғана бой көрсете бастады. Бұл мысалдан шығатын қорытынды біздің ресми мекемелер әлеуметтік желі арқылы жұмыс істеуді игеруі керек екен.
Қазақстандық интернет әлеміндегі құқықтық мәселелер жайлы мақала жазып жүрген отандық ғалымның пікірінше, біздің елде көп жағдайда интернет ресурс иелерінен гөрі жеке тұлғалар көбірек заңдық тәртіпке тартылатын көрінеді. Зерттеуші ғалым жеке адамдардан бұрын интернеттегі сайт немесе портал сияқты ірі шығарылымдардың иесі көбірек тәртіпке тартылса деген пікірде. Зерттеушінің мақаласынан үзінді келтірейік. «Бұл сөзімізге 2017 жылдың 28 желтоқсанында «Ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша ҚР заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңындағы 36 бап қосымша дәлел бола алады. Осы баптың 5-1 тармағы негізінде енді тіркелмеген қолданушылар қазақстандық интернет-ресурстарда бүркеншік атпен коментарийлер қалдыра алмайды. Көпшілікке қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстардың иелері қолданушының ақпараттарын «электрондық үкімет» порталында идентификация немесе SMS-идентификация жасағаны туралы екеуара жасаған келісім шарт болған жағдайда ғана жариялай алады» [5]. Министрлік мұндай жағдайға сайт-порталдардағы жарияланған мақала немесе басқада материалдарға азаматтардың кей жағдайларда заңдық нормаларға сай келмейтін пікірлер қалдыратындықтан барып отырған көрінеді. Ол пікірлер адамдардың жеке басына, намысына тиетін пікірлер немесе ұлт аралық араздықты тудыратын мағынадағы жазбалар болуы мүмкін. Бірақ бір ескеретін мәселе – бұл тіркелу жайлы шектеулер әлеуметтік желідегі белсенділерге қызмет етіп жатқан жоқ. Қазір сайт немесе порталдардағы ірі форумдар жоқ. Есесіне белсенділердің барлығы әлеуметтік желі беттерінде қызу пірталас жүргізіп жатыр.
Қазақстандағы медиа нарық әлемдік ақпарат қоғамының бір бөлшегі ретінде өмір сүріп жатқандығын сөз басында айттық. Бұл ақпараттың еркін ағымы шектеусіз ағылып жатқан кезең болғандықтан, біз бұл саланың игілігі мен күрделі мәселесінен бас тарта алмаймыз. Сондықтан да сол ортаның талабына сай заңдарымызды бейімдеп, арандатушы топтардың алдын алудың жолын қарастыру абзал. Мемлекет ресми БАҚ-ты қадағалап отырғанымен әлеуметтік желі беттеріндегі есепсіз пікірталастар мен дау-дамайдың барлығын сүзгіден өткізіп үлгермейді. Әрі бұл әлеуметтік желінің жұмыс істеу ауқымы мен мүмкіндіктерін шектеп тастаса, азаматтар сандық технология игілігін көре алмайды. Сондықтан да ең әуелі азаматтардың құқықтық және мемлекетшілдік санасын көтерудің жолдарын қарастыру дұрысырақ. Әлеуметтік желідегі ойланбай жазған немесе бөліскен қандайда бір күмәнды ақпараттың ертең заң алдында жауапкершілікке ұшыратуы мүмкін екендігін әрбір азамат сезіне білуі керек. Бұл жайында тиісті мекемелер жұмыс атқарып, әлеуметтік желіде белсенді болса, ұтпаса ұтылмас еді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Киртли, Д. Журналистің жауапкершіліктері Journalist,s responsibilities/ Киртли Д. // Медиа құқық. АҚШ Мемлекеттік департаменті, Халықаралық ақпараттық бағдарламалар бюросы. — 2011. –Б.47. 2. ҚР Байланыс туралы заңы, 2004 жылғы 5 шілдедегі №567 заң. 41-1-бап, 1-1 тармақ.
3. Киртли, Д. Журналистің жауапкершіліктері Journalist,s responsibilities/ Киртли Д. // Медиа құқық. АҚШ Мемлекеттік департаменті, Халықаралық ақпараттық бағдарламалар бюросы. — 2011. –Б.52.
4. Ошанова О. Қазақстандағы интернет кеңістікті заңдық тұрғыдан реттеу: Өзекті мәселелер мен нақты шаралар/Ошанова О.// ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. 2018. №2
(48). –Б.90-95.
5. Ошанова О. Қазақстандағы интернет кеңістікті заңдық тұрғыдан реттеу: Өзекті мәселелер мен нақты шаралар/Ошанова О.// ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы. 2018. №2
(48). –Б. 90-95.