Басқару шешімдері және сыртқы орта


1. Кез-келген ұйым сыртқы ортамен қарым-қатынаста болады. Оның сырттан ақпарат, энергия, шикізат сияқты ресурстарды алатыны, және оларды өңдегеннен кейін өнім және қызмет түрінде сыртқы ортаға шығаратыны анық. Ұйым мен оны қоршаған орта – біртұтас жүйе, егер оның бір элементінде ауытқу орын алса, барлық жүйе тәуекелге тап болады. Сондықтан басқару шешімдерін жүзеге асырмастан бұрын түрлі балама шешімдерді және олардың мүмкін салдарын жан-жақты талдау қажет. Қай меншік формасына, қай ведомствоға жататындығына, қандай ұйымдастырушылық-құқықтық формада, қандай көлемде болғандығына қарамастан, кез-келген ұйымның сыртқы қоршаған ортасы болады.
Сыртқы орта — ұйымның қызметіне, соның ішінде басқару шешімдерін дайындау мен жүзеге асыру кезінде ұйымға тікелей немесе жанама әсер ететін нақты құбылыстар мен процестердің жиынтығы.
Алдымен, біз коммерциялық ұйымдардың сыртқы ортасына тоқталайық. Ұйымның сыртқы ортасы сыртқы микроорта және сыртқы маккроорта деп бөлінеді. Кейбір әдебиеттерде оларды ұймының жақын және алыс қоршаулары деп те атайды.
Ұйымның сыртқы микроортасы (коммерциялық ұйымның тікелей ықпал ету ортасы) — ұйымның көздеген мақсатына қолжеткізу мүмкіндігіне тікелей ықпал ететін субъектілер мен факторлардың жиынтығы. Оларға жеткізушілер, делдалдар, тұтынушылар, бәсекелестер, инвесторлар, қаржылық-несиелік ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік және жергілікті билік органдары, нарық, шаруашылық субъектілері т.б. жатады.
Ұйым өзінің сыртқы микроортасының қалыптасу процесін басқара алады. Ұйым қызметінің тиімділігі серіктестерді таңдауға қатысты қандай басқару шешімдері қабылданатындығынан тәуелді. Сондықтан, іскерлік серіктестерді таңдау шешімін қабылдарда олардың сенімділігін, іскерлік репутациясын, қаржылық тұрақтылығын, материалдық-техникалық базасының даму деңгейін, түрлі нарықтардағы баға белгілеу әдістерін, сервистік қызмет көрсетуін, аймақтық, халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талдау керек. Ұйым мен сыртқы микроорта арасындағы қарым-қатынас заңды күшке ие екі жақты келісім-шартпен реттеледі.
Ұйымның сыртқы макроортасы (коммерциялық ұйымның жанама ықпал ету ортасы) – ұйымның сыртқы микроорта субъектілеріне жанама ықпал ететін факторлар жиынтығы. Олар: саяси, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-мәдени, табиғи, географиялық, демографиялық, халықаралық жағдайлар т.б. факторлар.
Саяси факторлар саяси ахуалдың тұрақтылығын немесе тұрақсыздығын, саяси партиялардың әрекеттерін, мемлекеттің кәсіпкерлер мүддесін қорғауын т.б. қамтиды.
Әлеуметтік-экономикалық факторлар халықтың өмір сүру деңгейін, тұтынушылардың сатып алу қабілеттілігін, демографиялық процестерді, халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін (білім алуға, шығармашылыққа, демалуға т.с.с. қажеттілктер) қаржы жүйесінің тұрақтылығын, инфляциялық процестерді қамтиды.
Құқықтық факторлар заң жүйесін, атап айтсақ, қоршаған ортаны қорғауға қатысты нормативтік-құқықтық базаны, өнім өндіру мен тұтынуды стандарттауды, тұтынушылар құқығының қорғалуын, жарнама қызметінің заңмен реттелуін, кәсіпкерліктің заңдық реттелуін, мемлекеттік және жергілікті биліктің өзара қарым-қатынасының реттелуін т.с.с. қамтиды.
Ғылыми-техникалық факторларға ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері, мемлекеттің инновациялық, ғылыми-техникалық саясаты, елдегі кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі т.с.с. жатады.
Әлеуметтік-мәдени факторларға сол елдің мәдени, тарихи, салт-дәстүрлік ерекшеліктері жатады.
Табиғи факторлар ретінде табиғи ресурстар мен қоршаған ортаның жай-күйі, географиялық орналасуы, табиғи катаклизмдер т.б. қарастырылады.
Маркетолог Ф.Котлер сыртқы ортаны контакталық (байланыс) аудиториясы деген ұғыммен сипаттайды. Ол оған ұйымға нақты немесе потенциалды қызығушылық танытатын немесе оның көздеген мақсаттарына ықпал ететін кез-келген топ деген анықтама береді. Контактылық аудиториялар фирманың нарықтағы әрекетіне оң ықпал етуі де, теріс ықпал етуі де мүмкін. Ф.Котлер фирманың сыртқы ортасындағы контакталық аудиторияға келесілерді жатқызады:
 қаржылық орта – банктер, инвестициялық компаниялар, қор биржасының брокерлік фирмалары, акционерлер;
 бұқаралық коммуникация құралдары – газеттер, журналдар, радиостанциялар, телеорталықтар;
 мемлекеттік мекемелер – жергілікті билік органдары, салық инспекциясы, арбитраж;
 азаматтық топтар – қоршаған орта қорғаушылары, тұтынушылар ассоциациясы;
 жергілікті контакталық аудиториялар – тұрғындар, жергілікті ұйымдар;
 ішкі контакталық аудитроиялар – жұмысшылар, қызметкерлер, басқарушылар, директорлар кеңесінің мүшелері.
Ұйымның сыртқы ортасының негізгі қасиеттері:
 сыртқы ортаның ауқымдылығы;
 сыртқы ортаның күрделігі;
 сыртқы ортаның айқынсыздығы; сыртқы ортаның өзгергіштігі;
 сыртқы ортаның коммуникабелділігі.
Сыртқы ортаның ауқымдылығы – басқару шешімдеріне ықпал ететін сыртқы орта элементтерінің саны. Егер олардың саны 1-3 аралығында болса, шағын ауқымдылықтағы, 4-6 аралығында болса, орташа ауқымдылықтағы, 7-10 аралығында болса, үлкен ауқымдылықтағы сыртқы орта деп аталады.
Сыртқы ортаның күрделілігі сыртқы орта элементтерін өңдеуге кететін материалдық және интеллектуалдық ресурстардың еңбек шығыны арқылы анықталады. Сыртқы ортаның күрделілік деңгейлері жоғары, орташа, төмен сипатта болуы мүмкін.
Сыртқы ортаның айқынсыздығы – жағымсыз жағдайлар мен салдардың орын алу мүмкіндігі. Сыртық ортаның өзгергіштігі оның параметрлерінің өзгеру немесе жаңару шапшаңдығымен сипатталады. Бұл параметрлерге сандық, сапалық көрсеткіштер, уақыт жатады.
Сыртқы ортаның коммуникабельділігі — ұйымның сыртқы ортамен қарым-қатынасының деңгейі. Ұйым сыртқы ортамен толық әрекеттестікте болуы немесе қарама-қарсы әрекеттестікте болуы мүмкін.
2. Ұйымдағы басқару шешімдерін әзірлеу мен қабылдау барысында сыртқы орта факторларын басқару маңызға ие. Ол үшін аталмыш факторлардың басқарылу деңгейін анықтау қажет. Фирманың шаруашылық қызметі факторларының басқарылу деңгейіне байланысты жіктелуі:
— басқарылатын (реттелетін) факторлар – ұжым жұмысының сапасын сипаттайтын факторлар. Мысалы, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыру деңгейі, басқару қызметінің сапасы, ресурстардың пайдаланылу дәрежесі т.б.;
— қиын басқарылатын факторлар — басқарылатын объектінің бұрынғы қызметінен тәуелді және басқару шешімдерін қабылдаушы тарапынан болатын ықпалға бейімделе қоймайтын факторлар. Мысалы, негізгі өндірістік құралдар көлемі мен құрылымы, өндірістің техникалық деңгейінің сипаттамасы, өнеркәсіптік-өндірістік персонал құрылымы; — басқарылмайтын (реттелмейтін) факторлар – басқару субъектісімен өзгеруге келмейтін факторлар мен жағдайлар (климаттық және геологиялық жағдайлар, өнімді сату жағдайлары, т.б.).
Бұл факторлардың басқарылуы немесе басқарылмауы басқару деңгейіне (цех, кәсіпорын, сала) және қабылданған шешімді жүзеге асыру кезеңінің ұзақтығына байланысты. Басқару деңгейі неғұрлым үлкен болған сайын, факторларды басқарылатын ретінде қарастыруға болады және оларды өзгерту аумағы да соғұрлым кеңи түседі. Кәсіпорын деңгейінде басқаруға келмейтін жағдайлар министрліктер деңгейінде басқарылатын факторлар болуы мүмкін.
Қабылданған басқару шешімдерін жүзеге асыру мерзімі ұзақ болған сайын қиын реттелетін факторларды өзгерту мүмкіндігі жоғары болады. Мысалы, егер бір жыл ішінде негізгі өндірістік қорлардың көлемі мен құрылымын өзгерту қиын болса, бес жылда өндірістің материалдық-техникалық базасын түбегейлі өзгертуге болады.
Сонымен фактордың басқарылуы қабылданатын басқару шешімдерінің жүзеге асу орны мен уақытына байланысты. Шешімді қабылдаушы тұлғаның факторларды басқару проблемасын қалай шешетіндігінен, көп жағдайда, басқару шешімдерін дайындауды әрі қарайғы жетістігі тәуелді болып табылады.
3. Мемлекеттік немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сыртқы ортасын талдауда да олардың контакталық аудиторияларын білу қажет.
Мемлекеттік немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сыртқы ортасының контакталық аудиториялары:
 бұқара халық;
 саяси партиялар;
 түрлі деңгейдегі мемлекеттік билік органдары;
 жергілікті өзін-өзі басқару органдары;
 қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер: саяси, діни, шығармашылық, экологиялық, құқық қорғау, аумақтық, ұлттық т.б. бірлестіктер;
 кәсіподақтар мен халықтың түрлі топтарының мүдделерін қорғайтын басқа да ұйымдар;
 бұқаралық коммуникация құралдары;
 аймақаралық бірлестіктер;
 түрлі меншік формасындағы және ұйымдастырушылық-құқықтық формасындағы шаруашылық субъектілері (мысалы, мердігерлер, ұлттық компаниялар);
 қаржылық ұйымдар;
 мемлекеттік органның ведомстволық ұйымдары.
Мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының сыртқы ортамен қарым- қатынастарын жүйелеп көрсетейік.
Билік органдарының сыртқы ортадағы қарым-қатынасының жіктемесі
№ Жіктеу белгідері Қарым-қатынас типтері
1 Қарым-қатынастың бағытталуы бойынша жүйеішілік; публикалық (қоғамдық)
2 Билік өкілеттігінің қалыптасу көздері бойынша дәстүрлі; харизматикалық; ұтымды-легалдық
3 Өзара әрекеттесу сипаты бойынша субординациялық; үйлестірушілік (координациялық)
4 Өзара әрекеттесу пәні бойынша экономикалық; ақпараттық; қаржылық; ұйымдастырушылық, т.б.
5 Функционалдық бағытталуы бойынша жоспарлау; болжау; мотивациялау; ұйымдастыру; бақылау т.б. барысындағы
қарым-қатынастар
6 Әлеуметтік салдардың ауқымы бойынша саяси; әкімшілік

Жүйеішілік қарым-қатынастар түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдар, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасындағы қарымқатынастар;
Публикалық (қоғамдық) қарым-қатынастар — қоғаммен, саяси партиялармен, бизнесқауымдастықпен болатын қатынастар;
Дәстүрлі билік қатынастары тұрақты корпортативтік дәстүрлері бар ұйымдарда қалыптасады.
Харизматикалық қарым-қатынастар жетекшінің беделіне, оның тұлғалық қасиеттеріне, қарамағындағылардың жетекшіге сөзсіз сенім білдіруіне негізделеді.
Ұтымды-легалдық типтегі басқарушылық қарым-қатынастар бекітілген құқықтық нормалардың негізінде жүзеге асады. Қарым-қатынастың бұл типі құқықтық сананың жоғары деңгейімен сипатталады. Бұл типтегі қарым-қатынастың негізгі белгілері:
 басқару нормалары мен стандарттарына сүйену;
 қызмет мансабының объективті факторлармен (құзыреттілік, кәсібилік, еңбек өтілі, білімі) байланысты болуы;
 әкімшілік құрылым мен лауазымдық иерархияның қызметті регламенттеу және мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу принциптеріне негізделуі;
 нормалар мен регламенттердің ғылыми, ұтымды негізделуі;
 еңбекақының штаттық кесте мен әкімшілік иерархия деңгейіне сәйкес белгіленуі.
Субординациялық қарым-қатынастар билік органы мен ведомстволық ұйымдар арасында бекітіледі.
Үйлестірушілік (координациялық) қарым-қатынастар мемлекеттік және жергілікті билік органдары мен шаруашылық субъектілерінің, саяси, діни, басқа да қоғамдық бірлестіктердің, халықтың арасында болады.
Мемлекеттің функцияларын орындау барысындағы қарым-қатынастар:
Мемлекет сараптамалық функциясы – аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін, оның инвестициялық потенциалын, мемлекеттік және муниципалдық меншіктің жай-күйін, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын, олардың қажеттіліктері мен қанағаттандырылу дәрежесін, мемлекеттік және муниципалдық басқару органдары қызметінің қаржылық, кадрлық, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін сипаттайтын деректер базасының номенклатурасы мен құрылымын қалыптастыру. Мемлекеттік және жергілікті билік органдары осы функцияны жүзеге асыру барысында бұл ақпараттарды ұсынатын субъектілермен қарым-қатынас орнатады.
Мемлекеттің жоспарлық-болжау функциялары – аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын, проблемалық ситуациялардың дамуының болжамдық сценариін әзірлеу; қабылданатын шешімдердің тікелей, жанама, экономикалық, экологиялық, саяси, әлеуметтік, мәдени салдарын болжау; әлеуметтік-экономикалық даму концепциясын, жоспарын, бағдарламасын әзірлеуге, түрлі деңгейдегі мақсаттық бағдарламаларды әзірлеуге қатысу, оларды бекітуге дайындау. Бұл жерде билік органы мен ведомстволық ұйымдар арасында, билік органының өз ішінде, билік органы мен түрлі шаруашылық субъектілері арасында өзара қарым-қатынас орнайды.
Мемлекеттің ұйымдастырушылық функциялары – жоғары тұрған органдардың шешімдерінің, азаматтардың өтініштерінің т.б. құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету; аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасының, мақсаттық бағдарламалардың жүзеге асуын ұйымдастыру; билік органдары мен шаруашылық субъектілері, қоғамдық ұйымдар, әлеуметтік сала ұйымдары арасындағы байланыс үшін жағдай құру. Бұл тұста өзара қарым-қатынас билік органдарының ішінде жетекші мен орындаушы, бөлімшелер арасында, мемлекеттік және жергілікті билік органдары мен түрлі шаруашылық субъектілері, азаматтар арасында орнайды.
Мемлекеттің үйлестірушілік функцияларды жүзее асыру барысында шешімдер жобасы келісіледі, ағымдағы кешенді міндеттерді шешу үшін бөлімдердің қызметі үйлестіріледі, мемлекеттік және муниципалдық басқару процесінің барлық сатысының біртұтастылығы қамтамасыз етіледі. Бұл функцияны жүзеге асыру үшін билік органдарының ішінде, билік органының жоғары тұрған билік органдарымен, атқарушылармен, сарапшылармен қарым-қатынасы қалыптасады.
Әкімшілік бақылау қарым-қатынастары – монополиялық салаларға мемлекеттің тікелей бақылау жүргізу, баға белгілеу, салық енгізу, стандарттар енгізу арқылы монополиялық тауарлар нарығын реттеу, минималды өмір сүру нормативтерін анықтау және ұстау, халықаралық қатынастағы ұлттық мүддені қорғау шаралары. Бұл функцияны жүзеге асыру барысында қарым-қатынас бақылау субъектілері мен объектілері арасында, нормативтік ақпаратты тасымалдаушылар арасында қалыптасады.
Мотивация барысында ведомостволық ұйымдардың тиімді қызметінің критерийлері мен көрсеткіштерін әзірлеуге қатысады; ведомстволық ұйымдарға, жетекшінің ұжымға қатысты мотивациялау жүйесін қолданады. Бұл жерде де қарым-қатынас мотивация субъектілері мен объектілері арасында, нормативтік ақпаратты тасымалдаушылар арасында қалыптасады.
Саяси қарым-қатынастар — саясат субъектілерінің билік пен басқаруға қатысты өзара әрекеті. Саяси қарым-қатынастардың белсенді субъектілеріне саяси мемлекеттік лауазымдағылар мен түрлі деңгейдегі сайланбалы жетекшілер, мемлекеттік қызметтегі жауапты шенеуніктер жатады.
Әкімшілік қарым-қатынастар мемлекеттік және жергілікті билік органдарының әкімшілік процесті жүзеге асыру тәсілі ретінде қарастырылады.

Студенттің өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Ұйымның сыртқы ортасының қоршауларына сипаттама беріңіз.
2. Қызығушы сыртқы жеке және заңды тұлғаларға кімдер жатады?
3. Елдегі және әлемдегі саяси жағдай элементінің негізгі параметрлеріне не жатады?
4. Алыс қоршаудың элементі – әлеуметтік және экологиялық жауапкершілікке сипаттама беріңіз.
5. Ұйым үшін сыртқы орта элементтерін талдау кезінде қандай факторлар қарастырылады? 6. Билік органдарының сыртқы ортадағы қарым-қатынасы қалай жіктеледі?

Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
1. Юкаева В.С. Принятие управленческих решений: Учебник/ В.С. Юкаева, Е.В. Зубарева, В.В. Чувикова. — М.: Дашков и К, 2011. — 324 с.
2.Карданская Н.Л. Принятие управленческого решения: Учебник/ Н.Л. Карданская. — М.: ЮНИТИ, 1999. — 407 с.
3.Ларичев О.И. Теория и методы принятия решений/ О.И. Ларичев. — М.: Логос, 2000. — 294 с.
4.Литвак Б.Г. Разработка управленческого решения: Учебник/ Б.Г. Литвак. — М.: «Дело», 2000. — 392 с.
5.Смирнов Э.А. Разработка управленческих решений: Учебник/ Э.А. Смирнов. — М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2002. — 271 с.
6.Саак А. Э. Разработка управленческого решения: учебник по спец. «Государственное и муниципальное управление» / А. Э. Саак, В. Н. Тюшняков. — СПб.: Питер, 2007. — 272 с. 7.Разработка управленческих решений : учеб.-метод. комплекс для студентов специальности 080504 «Государственное и муниципальное управление»/ Сост.: Ф. Г. Давлятова – Уфа : РИО БАГСУ, 2008. — 77 c.
8.Учебно-методический комплекс по дисциплине «Управленческие решения» для студентов специальности 080507.65 «Менеджмент организации». – Самара: Изд-во: СИБиУ, 2010 9. Пирогова Е.В. Управленческие решения:Учебное пособие.- Ульяновск: УлГТУ, 2010. – 176 с.
10. Виханский О.С. Стратегическое управление: Учебник/ О.С. Виханский. — М.: Гардарики, 2000. — 296 с.
11. Виханский О.С. Стратегическое управление: Учебник/ О.С. Виханский. — 2-е изд., перераб. и доп. — М.: Гардарика, 1998. — 296 с.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *