1.Таным процесі талдау, синетездеу, эксперимент, модельдеу секілді маңызды құралдарды кеңінен қолданады. Бұл жерде белсенді рольді адамның ойлау қабілеттілігі атқарады. Адам, өз табиғатында жанды аналитикалық-синтездеуші аппарат ретінде программаланған деуге болады. Ойлау шығармашылық процесс ретінде ұғымдарды, тұжырымдарды, ой түйіндерін қамтиды. Ойлау және талдау заттың, құбылыстың, көрсеткіштердің қасиеттерін біріктіріп, жалпылайды. Тұжырым жасау, түсінік беру арқылы қандай да идея мойындалады немесе жоққа шығарылады.
Индукция (жекеден жалпыға өту арқылы тұжырым жасау), сонымен қатар дедукция (жалпыдан жекеге өту арқылы тұжырым жасау) тәсілдері арқылы белгілі бір қоыртынды жасалады.
Талдау – зерттелетін объектіні бөліктерге, элементтерге, сол объектінің ішкі құраушыларына бөлу. Талдау синтез ұғымымыен байланысты. Синтез – осыған дейін бөлшектелген элементтерді біріктіру. Адамның әрекет ететін барлық сферада, барлық ғылыми салада талдау мен синтезді қолданбау мүмкін емес. Әсіресе талдау мен синтездің экономикадағы маңызы өте зор, өйткені экономика барлығының негізі болып табылады. Егер эконмикалық проблемалар туындап, және олар шешілмеген жағдайда бұл қоғамның өзге сферасына жағымсыз әсерін тигізеді.
Талдаудың өзіне тән принциптері бар:
1) талдау мен синтездеудің біртұтастылық принципі. Бұл зерттелетін құбылыстар мен заттардың, яғни объектінің қасиеттерін терең зерттеу мақсатында оларды құрамдас бөліктерге бөлу кейіннен біртұтас етіп, өзара байланыстылықта, өзара тәуелділікте қарастырумен байланысты.;
2) негізгі звеноны бөліп алу, ажыратып алу принципі. Ьұл мақсат қойып, оған жету тәсілдерін анықтауға мүмкіндік береді. Негізгі звено факторлық талдау мен проблеманы қайта құрылымдау арқылы анықталады.;
3) салыстырмалықты қамтамасыз ету принципі. Көлемі, сапасы, мерзімі, ақпарат алу әдістері бойынша, талдау объектісін қолдану шарттары бойынша талдау нұсқаларын салыстыру;
4) жеделділік және уақытылық принципі. Бұл жекелеген процестерді ұтымды ұйымдастыру, ақпараттық қамтамасыз етуді кодтау, автоматтандыру, ақпарат сапасы мен талдау әдістерінінің сапасын арттыру арқылы орындалатын жұмыстың уақытын қысқартуға бағытталған принцип;
5) сандық тұрғыдан айықындылық принципі. Бұл принцип келесілердің сандық көрінісін талап етеді.
а) басқару шешімдерінің балама нұсқаларының салыстырмалығы мен оңтайлылығын
қамтамасыз ету шарттары мен параметрлері;
ә) менеджмент жүйесі компоненттерінің аасындағы байланыс;
б) шешім қабылдаудағы айқынсыздық және тәуекел дәрежесі. Талдау әдістері:
салыстыру әдісі. Ұйымның жұмысын бағалауға, жоспарлық көрсеткіштерден ауытқуды анықтауға, олардың себептерін табуға және резервтерді анықтауға мүмкіндік береді.
Талдау барысында жиі қолданылатын салыстырулар:
есептік көрсеткішті жоспарлық көрсеткішпен салыстыру;
жоспарлық көрсеткішті өткен кезең көрсеткіштерімен салыстыру,
есептік көрсеткіштерді алдыңғы кезең көрсеткіштерімен салыстыру;
күн сайынғы көрсеткіштерді салыстыру;
саладағы орташа көрсеткіштермен салыстыру;
басқа аналогиялық ұйымдардың көрсеткіштерімен салыстыру.
индекстік әдіс. Бұл әдіс жекелеген элементтерді өлшеу мүмкін болмайтын, күрделі құбылыстарды зертеу барысында қолданылады.
баланстық әдіс түрлі салыстырулар арқылы қорытындыларды теңестіруге бағытталады.
элиминациялау әдісі бір фактор әрекетінің басқа көрсеткіштерге ықыпалын анықтау үшін қолданылады.
графикалық әдісте ұйым қызметі, көрсетекіштер қатары диаграмма, хронологиялық
және жоспарлық-бақылаушы графиктер т.б. арқылы иллюстрацияланады. функционалдық-құндық талдау – объектіге жұмсалған жиынтық шығынның бір бірлігіне келетін қайтарымдылықты анықтап, оны арттыруға бағытталған. экономикалық-математикалық әдістер қалыптасқан немесе жоспарланған экономикалық жағдайда үздік, ұтымды нұсқаны таңдау үшін қолданылады. Талдау тәсілдері:
• көрсеткіштерді топтастыру. Көрсеткіштер қандай да бір белгілері бойынша топтастырылады. Мысалы кесте құрып, топтастырып, көрсетуге болады; • абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштерді қолдану. Абсолютті көрсеткіштерге нақты берілген шамалар жатады, ал салыстырмалы көрсеткіштерге жоспардың орындалу деңгеңгейін, норманың сақталуын, өсу қарқыны, өсімді, құрылымды, үлес салмақты, интенсивтілік дәрежесін т.б. жатқызуға болады;
• орташа шамалар тәсілі. Бұл сапалық тұрғыдан біртекті экономикалық құбылыстарды жалпылап сипаттау үшін қолданылады. Мысалы, арифметикалық орта арқылы талдау жасау;
• динамикалық қатарлар тәсілі. Көрсеткіштердің уақыт бойынша өзгерісінің сипаттамасын береді, даму заңдылықтары мен тенденциясын ашып көрсетеді; • жаппай және іріктеп қадағалау тәсілі. Жаппай қадағалауда құбылыстардың жиынтығы қарастырылады. Іріктеуге ықтималдылық теориясының әдістерін жатқызуға болады.
• бөлшектеу және жалпылау тәсілі. Күрделі көрсеткіштерді жекелеген бөлшектер мен факторлаға бөлу арқылы олардың әрқайсысының сол көрсеткіштерге ықпалы анықталады. Жалпылау нәтижесінде тұтас объектінің, құбылыстың, процестің бөліктері арасындағы байланыс ашылады, жекелеген ұйым бөлімшелері арасындағы байланыс, олардың жалпы нәтижеге ықпалының дәрежесі анықталады.
2. Белсендіруші әдістерге идеялар конференциясы, ми шабуылы, сұрақ және жауап әдісі, «6-5-3» әдісі, теориялық ойын әдістері, консультантпен жұмыс жасау әдісі жатады. Идеяны конференциялау әдісін қолдану ережесі:
— бір-бірімен байланысты 2-3 міндет қойылады;
— қатысушылардың саны шамамен 10 адам;
— ешқандай сын айтуға, ескерту жасауға болмайды;
— талқылау уақыты 35-50 мин.;
— ұсыныстардың барлығы қағазға жазылады.
Егер мәселенің шешімі табылмаса, 2-3 күннен кейін қойылған міндеттер қайта талқыға салынады.
Регламент аясында ұжымдық ойлау тиімді шешімдердің қабылдануына әкеледі.
Ми шабуылы немесе идеяларды ұжымдық генерациялау әдісі келесі сатыларды қамтиды:
1-саты: «ми шабуылына» қатысатын топтарды құру. Олардың саны эмпирикалық жолмен анықталады, әдетте, 10-15 адам неғұрлым оңтайлы болып есептеледі. 2-сатыда жұмыс тобы қарастырылатын мәселені сипаттайтын қағаз таратады.
3-сатыда идеялар генерацияланады. Әр қатысушы бірнеше рет қатыса алады. Алдыңғы сөйлегендердің пікіріне қатысты сын айтуларына, ескерту жасауларына болмайды.
Жүргізуші процесті реттеп тұрады. Ми шабуылы 20 мин-1 сағ. аралығында жүреді.
4-сатыда айтылған идеялар жүйеге келтріледі. Ұқсас идеялар топтастырылады.
5-сатыда жүйеге келтірілген идеялар 20-25 адамнан тұратын жоғары білікті мамандар тарапынан жан-жақты сынға ұшырайды.
6-сатыда сыни ескертулер бағаланып, іс жүзінде жүзеге асырылатын идеялардың тізімі жасалады. Бұл әдіс болжау объектісінің дамуының нұсқаларын сапалы және тез бағалауға жағдай жасайды.
Сұрақтар мен жауаптар әдісі бойынша мәжіліс жетекшісі алдын-ала сұрақ дайындайды. Мәжіліске 10-ға жуық адам қатысады. Оларға дайындалған сұрақтар қойылады.
Жауапты ауызша және жазбаша түрде қайтаруға болады. Жауаптар хаттамада тіркеледі. Мәжіліс барысында ұжымдық талқылау жасауға жол берілмейді. Мәжілістің ұзақтығы 30-50 мин. Жетекші жауаптарды өңдеп, шешім қабылдайды. Шешім табылмаған жағдайда, 2-3 күннен кейін қайта мәжіліс өтеді.
«635» әдісі – «ми шабуылының» бір түрі. Мұндағы 6 саны – қатысушылар саны, 3 саны – әр қатысушы жазуы тиіс пікір саны, 5- үш пікірді жазуға кететін уақыт.
Қағаз қатысушылар арасында шеңбер бойынша айналып жүреді. 5 минутта әр қатысушы 3 пікір, 6 қатысушы 18 пікір жазады. 30 минутта әр қатысушы 18 пікір, барлығы 18*6=108 пікір жазады. Бұл әдіс шетелдерде, әсіресе, Жапонияда, қолданылады. Бұл көптеген идеялар арасынан ерекше, прогрессивті идеялардың таңдалып алынуына мүмкіндік береді.
3. Эксперттік бағалау әдістерін қолданғанда талдау негізінде кәсіби, ғылыми және тәжірибеге негізделген маманның немесе мамандар тобының пікірлері жатыр. Эксперттік бағалау әдістерінің түрлері:
• «интервью» әдісі;
• сараптамалық әдіс;
• ұжымдық эксперттік бағалау әдістері;
• «дельфи» әдісі; • «комиссия» әдісі; • сценарий жазу әдісі.
«Интервью» әдісі бойынша болжам жасаушы (жоспарлаушы) алдын-ала дайындаған бағдарламасына сәйкес, экспертке болжау объектісінің дамуына қатысты сұрақ қояды. Мұндай бағалаудың табыстылығы, көп жағдайда, берілген сұрақтар бойынша эксперттің шапшаң, толық қорытынды жасауына байланысты.
Сараптамалық әдіс бойынша эксперт болжау объектісінің жай-күйінің бағасын, даму жолы мен тенденцияларының талдауын жан-жақты зерттеу жүргізеді. Ол болжау объектісі туралы барлық қажетті ақпаратты пайдалана алады. Эксперт жасаған қорытындысын баяндама түрінде рәсімдейді. Бұл әдістің басты артықшылығы – эксперттің өз қабілетін толық пайдалана алуында. Ал, күрделі жүйелерді болжау барысында бұл әдісті қолдану тиімсіз, себебі, жалғыз маман-эксперттің білімі жеткіліксіз.
Интервью және сараптамалық әдіс – жеке-дара эксперттік бағалау әдістері болып табылады.
Ұжымдық эксперттік әдістер неғұрлым шынайылау болады. Ұжымдық эксперттік бағалауды жүргізу үшін жұмыс тобы құрылады, олар сауалнама жүргізу, материалдарды өңдеу, эксперттік баға нәтижелерін талдау жұмыстарымен айналысады. Эксперт ретінде 10нан 150-ге дейін адам шақырылады, олардың саны болжау объектісінің күрделілігіне байланысты. Сауалнама сұрақтары нақты қойылуы керек.
«Дельфи» әдісі бойынша бірқатар ғылым салаларындағы даму перспективасына қатысты мамандар пікірінің өңделген нәтижиесін 1964 жылы АҚШ корпорациясының қызметкерелері Т.Гордон мен О.Хелмер баспада жариялаған болаты. Бұл әдіске «Дельфи» әдісі деген ат қойылады. Бұл әдіс бойынша эксперттерден сауалнама нышанында дербес жауап алынады. Эксперттік топ қатысушылары бір-біріне белгісіз және олардың анкета толтыру барысында өзара байланыс жасауына жол берілмейді.
Жауаптар ЭЕМ-да өңделіп, топтың ұжымдық пікірлері қалыптасады, түрлі пікірге қатысты аргументтер анықталып, біріктіріледі. ЭЕМ-да өңделген ақпарат эксперттерге хабарланады. Олар берілген бағаларға түзету жүргізеді, өздерінің ұжым пікірлеріне келіспеу себептерін түсіндіреді. Бұл процедура 3-4 рет қайталанады. Нәтижесінде, бағалау диапазоны азаяды, объект дамуының перспективасына қатысты келісілген пікір пайда болады. Бұл әдіс, көбіне, ғылым мен техника саласын болжауда қолданылады.
«Комиссия» әдісі – ұжымдық эксперттік бағалау әдістерінің бірі. Эксперттер тобы «дөңгелек үстел» басында ортақ пікірге келу мақсатында мәселені талқылайды. Бұл әдістің кемшілігі – эксперттер тобы, негізінен, компромисс логикасын алға тардады.
Сценарий жазу әдісі бойынша объектінің қазіргі жағдайының болашақтағы жағдайға өту барысында дамитын процестердің реттілігін ұстанады. Ол іс-әрекеттің 3 жолын қарастырады: оптимистік – жүйенің қолайлы жағдайда дамуы, пессимистік – жүйенің қолайсыз жағдайда дамуы, жұмыс сценариі – орын алуы мүмкін жағымсыз факторларға қарсы тұрған жағдайдағы жүйенің дамуы. Дайын болған сценарийге талдау жасалады. Соның нәтижесінде мақсат қалыптасып, критерийлер анықталады, балама шешімдер қарастырылады. Талдау барысында «мақсаттар ағашы» әдісі пайдаланылады.
4. Эвристикалық әдістер шешім қабылдаушы тұлғаның логикасына, интуициясына және тәжірибесіне негізделеді. Қолданылатын тәсілге байланысты эвристикалық әдістер формалдық-эвристикалық және формальды емес эвристикалық әдістер болып бөлінеді.
Формальды-эвристикалық әдістердің негізі – күрделі мәселелерді шешу тәсілдерін адамның ойлау процестерін модельдеу жолымен беру. Бұл әдіс эволюциялық модельдеуді, лабиринттік әдістерді, концептуалды модельдеу әдістерін т.б. қамтиды. Эволюциялық модельдеу басқару шешімдерін қабылдау процесі бойынша тәжірибенің болуын көздейді. Бар тәжірибенің негізінде мәселені жоюға және мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін шешімдердің бірнеше нұсқалары әзірленеді. Әрбір нұсқа алдын-ала белгіленген критерий бойынша зерттеледі.
Лабиринттік әдістер мәселені жою жолдарының іздестіруге негізделген. Егер бағыт тығырыққа тірелсе, бастапқы нүктеге оралу керек. Әрі қарай — жол табылмайынша, процесс қайталанады.
Концептуалды модельдеу ситуацияны талдап және маңызды элементтерді жіктеуге мүмкіндік беретін құрылымдық модельді құра отырып, бастапқы ақпаратты жинақтауға негізделеді. Мақсатқа қол жеткізудің негізгі құралы — бөлуге негізделген құрылымдау әдісі.
Формальды емес эвристикалық әдістер адамның интеллектуалдық қызметін басқаруға негізделген. Күрделі мәселелерді шешу процесінде идеяларды генерациялау екі негізгі қатысушының, яғни жүргізуші мен мәселені шешушінің пікірталастыруы түрінде жүзеге асады. Жүргізуші мәселені шешушіге сұрақтар қояды, пікірталас жүреді. Процеске оппоненттер мен эксперттер де қатыса алады. Оппоненттің міндеті — шешім ұсынушының ойын, ұсынысын сынау, пікірталасты өрбіту. Эксперттің міндеті — ұсыныстарды бағалауға көмектесу. Идеяларды генерациялау сеансын ұйымдастырудың бірнеше схемалары болады:
— жүргізушілердің саны бойынша: полеобасқару (бірнеше жүргізуші), монобасқару
(жалғыз жүргізуші), автогенерация (жүргізушінің болмауы);
— шешім ұсынушының саны бойынша: бір жақты схема (шешім ұсынушының жалғыз болуы ), көп жақты схема (шешім ұсынушының көп болуы);
— байланыс түрі бойынша: тікелей байланыс (бір бөлменің ішінде байланыс болуы), жанама байланыс (техникалық құралдар арқылы байланыс жасау).
Идеяларды генерациялаудың мақсатқа бағытталуын қамтамасыз ету шарттары: — психологиялық комфортты орнату (шешім ұсынушы үшін ыңғайлы жұмыс орны, көтеріңкі көңіл күй);
— ақпараттық және техникалық қамтамасыз ету;
— талқыланатын сұрақтарды, пікірталас мақсаты мен нұсқауларды қамтитын психоэвристикалық бағдарлама әзірлеу.
Генерация нәтижесінде негізгі ақпараттық массивті немесе мүмкін шешімдер аясын құрайтын мәліметтер жиынтығы алынуы керек.
Генерациялау тәсілін таңдау мәселенің сипатына байланысты жүргізіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын мәселені шешуде үздік әдіс тікелей ми шабуылы немесе іскерлік ойындар болып табылады. Шығармашылық мәселелерді шешуде ми шабуылының түрлері мен синектикалық әдістер қолданылады. Прогностикалық мәселелерде сауалнамалық әдістер, морфологиялық талдау, т.б. қолданылады.
Номиналдық топтық техника әдісі тұлғааралық коммуникацияны шектеу принципіне негізделеді. Сондықтан шешім әзірлеуге қатысатын топтың барлық мүшелері бастапқыда өз ұсыныстарын басқалардан тәуелсіз, өзбетінше жазбаша түрде ұсынады. Сонан соң әр қатысушы өз жобасының мәнін баяндайды, ұсынылған нұсқалар топ мүшелерімен қарастырылады, бірақ талқыланбайды, сынға алынбайды. Содан кейін ғана топтың әр мүшесі жазбаша түрде басқалардан тәуелсіз қарастырылған идеяларды ранжирлейді (сұрыптайды). Жоғары бағаға ие олған ұсыныстар шешім қабылдауда басты негізге алынады. Бұл әдістің ерекшелігі және артықшылығы — топ мүшелерінің бірлескен жұмысына қарамастан, жекедара ойлау процесінің шектелмеуі.
Сынға алу әдісі (методика атаки разносом) зерттеудің ааяқтау сатысындағы қате қорытындылар мен ескерілмей қалған тұстарды анықтауу үшін қолданылады. Отырысқа талқыланатын мәселемен алдын-ала таныс 50 шақты адам қатысады. Барлық қатысушы кезек бойынша сөз алады. Әр қатысушының міндеті жұмыстың кемшіліктерін барынша көрсету болып табылады. Жұмыстың артықшылықтары мен кемшіліктерді жою жолдары айтылмайды. Әр қатысушының сөйлеуіне 1-3 мин. уақыт беріледі, бұрынғы айтылғандарды қайталауға болмайды. Алайда, өз ескертулерін нақтылауы үшін қатысушыға қайта шығып сөйлеуге рұқсат беріледі.
Синектикалық әдістер ой икемділігімен, ой-өрісінің кеңдігімен ерекшеленетін мамандардың тобы жүргізетін ми шабуылына негізделеді. Синектика – аналогия бойынша болжау әдісі. Бұл әдіске сәйкес білімнің басқа салаларындағы белгілі фактілерді талданып отырған объектіге көшіреді.
5. Трендтік талдау базистік жыл деңгейінен бірқатар жылдар көрсеткіштерінің салыстырмалы ауытқуын есептеуге негізделеді. Басқаша айтқанда, трендтік талдау әрбір есеп позициясын бірнеше өткен кезеңдермен салыстыруды және трендті анықтауды көрсетеді. Трендтің көмегімен болашақтағы көрсеткіштердің мүмкін болатын мәні қалыптасады, ал одан кейін перспективалы, болжамдық талдау жүргізіледі. Тренд – экономикалық көрсеткіштердің өзгерісінің ұзақ мерзім бойғы тенденциясы.
Факторлық талдау – бұл жекелеген факторлардың (себептердің) қорытынды көрсеткішке тигізетін әсерін зерттеу.
Экстраполяцияның мәні: болжау объектісінің дамуының өткен және қазіргі тұрақты тенденциясы зерттеліп, оның болашаққа көшірілуінде. Экстраполяцияның формалды және болжамдық деген түрлері бар. Формалдық экстраполяцияда болжау объектісінің болашақта өткен және қазіргі тенденциялары сақталады. Болжамдық экстраполяцияда қолда бар көрсеткіштер гипотезамен байланыстырылып, түрлі факторлардың әсері ескеріліп көшіріледі.
Экстраполяция әдістері кең таралған және неғұрлым толыққанды әдіс болып табылады. Экстраполяциялық әдіс бойынша динамикалық қатарлар зерттеледі. Динамикалық қатар – уақытпен алынған көптеген бақылаулар.
Экстраполяция сатылары:
1) мәліметтерді алдын-ала талдау;
2) модельдер, яғни функцияларын жиынтығын құру;
3) модель параметрлерін сандық тұрғыдан бағалау;
4) модельдердің дұрыстығын анықтау;
5) үздік модельді таңдау;
6) нүктелік және аралық болжам алу;
7) болжамды верификациялау (жан-жақты талдау нәтижиесінде алынған болжамның сапасын бағалау).
Студенттің өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Басқару шешімдерін әзірлеуде талдау жұмыстарының қажеттілігі қандай?
2. Талдауда қолданылатын математикалық әдістер.
3. Талдауда қолданылатын негізгі әдістердің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы не айтасыз?
4. Сіз мемлекеттік басқаруда талдаудың қандай әдістерін тиімді деп санайсыз?
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
1. Юкаева В.С. Принятие управленческих решений: Учебник/ В.С. Юкаева, Е.В. Зубарева, В.В. Чувикова. — М.: Дашков и К, 2011. — 324 с.
2. Карданская Н.Л. Принятие управленческого решения: Учебник/ Н.Л. Карданская. — М.: ЮНИТИ, 1999. — 407 с.
3. Ларичев О.И. Теория и методы принятия решений/ О.И.Ларичев. — М.: Логос, 2000. — 294 с.
4. Литвак Б.Г. Разработка управленческого решения: Учебник/ Б.Г. Литвак. — М.: «Дело», 2000. — 392 с.
5. Смирнов Э.А. Разработка управленческих решений: Учебник/ Э.А. Смирнов. — М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2002. — 271 с.
6. Саак А. Э. Разработка управленческого решения: учебник по спец. «Государственное и муниципальное управление» / А. Э. Саак, В. Н. Тюшняков. — СПб.: Питер, 2007. — 272 с. 7. Разработка управленческих решений : учеб.-метод. комплекс для студентов специальности 080504 «Государственное и муниципальное управление»/ Сост.: Ф. Г. Давлятова – Уфа : РИО БАГСУ, 2008. — 77 c.
8. Учебно-методический комплекс по дисциплине «Управленческие решения» для студентов специальности 080507.65 «Менеджмент организации». – Самара: Изд-во: СИБиУ, 2010 9. Пирогова Е.В. Управленческие решения:Учебное пособие.- Ульяновск: УлГТУ, 2010. – 176 с.
10. Анализ экономики. Страна, рынок, фирма: Учебник/ Под ред. В.Е.Рыбалкина. — М.:
Международные отношения, 1999. — 304 с
11. Андрейчиков А.В. Анализ, синтез, планирование решений в экономике: Учебник/ А.В. Андрейчиков, О.Н. Андрейчикова. — 2-е изд., перераб. и доп. — М.: Финансы и статистика, 2004.- 464 с.
12. Анфилатов В.С. Системный анализ в управлении: Учебное пособие/ В.С. Анфилатов, А.А. Емельянов, А.А. Кукушкин. — М.: Финансы и статистика, 2009.-368 с.