Басқару шешімдерінің мәні және басқару процесіндегі ролі


1. Менеджменттің анықтамалары көп. Солардың бірі ретінде ақпараттарды жинау арқылы шешімдер әзірлеу және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастыру қарастырылады. Бұл басқару қызметіндегі шешімдердің ерекше мәнге ие екендігін білдіреді. Басқару шешімдерін әзірлеу — басқарудың негізгі функцияларын – жоспарлауды, ұйымдастыруды, мотивацияны, бақылауды өзара байланыстыратын маңызды процесс.
Шешім қабылдау процесінің маңызды екендігін адамзат баласы бірлесіп жұмыс жасау әрекеттері басталған кезден-ақ түсінді. Сондықтан басқару теориясының қалыптасып, дамуынан кейін-ақ шешім қабылдау теориясы пайда болып дамыды. Басқару туралы ғылым дербес ғылыми пән ретінде ХХ ғасырдың басында пайда болғаны белгілі. Ал басқару шешімдерін қабылдау теориясының қарқынды дамуы ХХ ғ. 40-жылдарына сәйкес келеді. Басқару шешімдерін қабылдау теориясы әскери стратегиялық міндеттерді шешу барысында пайда болып, кейіннен экономика саласына да таралған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияда ғалымдар тобына азаматтық қорғаныс объектілерін, оқ жаудыратын позицияларды оңтайлы орналастыру, көліктер тізбегін оңтайландыру секілді күрделі басқару мәселелерін шешу тапсырылған.
Бүгінде сапалы басқару шешімдерін қабылдау үшін ғылыми база қалыптасқан. Басқару туралы қазіргі ғылым мен басқару шешімдерін қабылдау теориясы ұйымдар пайда бола бастағаннан бері туындады. Қазіргі ұйымдар ескі типтегі ұйымдардан көлемі жағынан ірілігімен, орта және жоғары буындағы жетекшілерінің көптігімен, мамандар санының көптігімен ерекшеленеді. Сондықтан қазіргі уақытта басқару шешімдерінің ролі арта түседі.
Тиімді шешім әзірлеу ұйымның қызметін ұтымды ұйымдастырудың, кадр саясатын дұрыс жүргізудің және әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынасты реттеудің, жағымды имидж құрудың алғышарты болып табылады.
Кәсіпорын деңгейінде құжат түрінде рәсімделген шешімдер саны жылына орташа есеппен 300-ге жуық екен, ал одан жоғары буындарда мұнан да көп. Алайда, олардың 25%-ға жуығын орындалуы мүмкін болмағандықтан қабылдамай қоюға болады екен. Мұның себебі: қойылған мақсаттың қисынсыздығы, бақылау жасаудың қиындығы, қабылданған шараның шашыраңқы сипатта болуы, орындалу мерзімінің көрсетілмеуі, нақты тұлғаларға жауапкершіліктің жүктелмеуі. Бұлардың бәрі басқару процесіндегі осал тұстарды көрсетеді. Олар жағымсыз экономикалық, әлеуметтік салдарға әкеледі, атап айтсақ, қолда бар мүмкіндіктен айырылып қалу, уақыт пен қаржыны тиімсіз бөлу, жауапсыздық, еңбек белсенділігінің төмендеуі, ұжымдағы психологиялық климаттың бұзылуы, т.б. Осыған орай, басқару шешімдерін дайындауды жан-жақты ұйымдастыру, сауатты рәсімдеу және осы жұмыстардың әдіснамалық принциптерін сақтау үлкен мәнге ие.
«Басқару шешімдерін әзірлеу» пәнінің мақсаты – студенттерге әртүрлі жағдайда басқару шешімдерін дайындау, қабылдау, жүзеге асыру саласында теориялық білім беру және практикалық дағды қалыптастыру.
Курсты оқып-үйрену барысында келесідей сұрақтар қарастырылады: басқару шешімдерінің мәні мен мазмұны, түрлері, әзірлеу технологиясы; басқару шешімдерінің сапасына қойылатын талаптар, әсер етуші факторлар; шешімдерді дайындау мен қабылдауға қатысушы субъектілер, оладың жауапкершілігі; шешімдерді талдау, болжау; тәуекел жағдайында шешім қабылдау; шешімдерді рәсімдеу, орындалуын бақылау; басқару шешімдерінің тиімділігі; басқару шешімдерінің ақпараттық қамтамасыз етілуі.
1. Экономикалық әдебиетте «шешім» процесс, таңдау жасау актісі, таңдау жасаудың нәтижесі ретінде қарастырылады. Жалпы, «шешім» деген ұғым қазіргі уақытта көп қырлы сипатқа ие. Ол, бір жағынан, басқару процесі болса, екінші жағынан, таңдаудың нәтижесі болып табылады.
Басқару шешімінің басқа шешімдерден айырмашылығы, ол:
 стратегиялық жоспарлауға;
 адам ресурстарын басқаруға;
 ұйымды басқару жүйесін қалыптастыруға;
 өндірістік қызметті басқаруға;
 басқару саласында кеңес беруге;
 ішкі және сыртқы коммуникацияларды басқаруға бағытталады.
Басқару шешімінің бірнеше анықтамалары бар, ол:
 басқару қызметінің өнімі;
 орын алған проблемаға ұйымның реакциясы;
 мүмкін нұсқалардың арасынан белгілі бір әрекеттің курсын таңдау;
 мақсатты таңдау, оған қолжеткізу құралдары мен әдістерін таңдау;
 өз құзыреті мен өкілеттігінің шеңберінде басқару субъектісінің басқару объектісіне ықпал етуге бағытталған актілері, қорытындылары.
Басқару шешімдерін болашақтағы іс-әрекеттің үлгісі ретінде қарауға болады. Басқару шешімдерінің негізгі критерийлері:
 мақсаттар (басқару субъектісі шешімді өз қажеттілігіне қарап емес, нақты ұйымның мәселесін шешу үшін қабылдайды);
 салдар (басшының шешімі көптеген адамның өміріне ықпал етуі мүмкін, егер ұйым ірі болса, оның басшыларының шешімдері сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына да әсер етуі мүмкін);
 еңбек бөлінісі (ұйымда біреулері шешім қабылдаумен айналысса, екіншілері қабылданған шешімдерді жүзеге асырумен айналысады);
 кәсібилік (басшыға интеллектпен, тәжірибемен қоса, кәсіби дайындық қажет).
Шешімдер бірнеше функцияларды атқарады:
 бағыттаушы функция;  үйлестіруші функция;  ынталандырушы функция.
Бағыттаушы функцияға сәйкес, шешімдер басқарудың жалпы функциялары – жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау, ынталандыру үшін негіз болып табылады. Олар шешімдердің көмегімен жүзеге асырылады.
Үйлестіруші функция шешімді жүзеге асырушылардың әрекеттерін белгілі бір мерзімде, белгілі сапада үйлестіру қажеттілігімен байланысты.
Шешімдердің ынталандырушы функциясы ұйымдастыру шараларының жүйесі (бұйрық, қаулы, өкім), экономикалық стимул (сыйақы, қосымша ақы), әлеуметтік бағалау (тұлғаның өзін-өзі бекітуі, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі дамытуы) жүйесі арқылы жүзеге асады.
Әрбір басқару шешімінің тиімділігі жоғарыдағы функциялардың орындалуы мен арақатынастарынан тәуелді. Осы тұрғыдан алып қарағанда басқару шешімдері алға қойған мақсатқа қол жеткізудің нақты құралы болып табылады.
Іс-әрекеттің таңдалған тәсілінің әлеуметтік мазмұны маңызды, өйткені бұл жетекшінің, ұжымның, ұйымның «өміріне» ықпал етеді. Барлық экономикалық шешім әлеуметтік тұрғыдан алғанда тиімді бола бермейді. Мысалы, ұйымдағы еңбек өнімділігін арттыру туралы шешім қауіпсіздік техникасының бұзылуымен, еңбек жағдайының нашарлауымен қатар жүруі мүмкін.
Шешімді таңдау барысында жетекші жауапкершілікті сезінуі тиіс. Басшының шешім қабылдауда жіберген қатесі ақау болып табылады және жұмыс нәтижесіне теріс ықпал етеді, кері әлеуметтік салдарға әкеледі.
2. Әрбір басқару шешімдерінің әзірленуі және жүзеге асырылуы барысында төмендегідей талаптар орындалуы тиіс:
 басшы қолданыстағы заңды, компанияның жарғылық құжаттарының ережелерін сақтауы тиіс, яғни басқару шешімдері мен олардың нәтижелері құқықтық шектен асып кетпеуі тиіс;
 басқару функциялары, яғни өкілеттіліктер нақты лауазымдар мен бөлімшелер арасында лауазымдық нұсқаулар жасау арқылы бөлініп берілуі тиіс;
 басқару шешімдері нақты әрі айқын қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін әзірленіп, жүзеге асырылуы керек, сонымен қоса олардың нақты орындаушылары, лауазымдары, бөлімінің атауы көрсетілуі керек. Басқару шешімінің мәтінінде немесе қосымшасында оны орындауға қажетті қаражаттар, құралдар көрсетіледі;
 басқару шешімдері талапқа сай рәсімделуі тиіс;
 сол уақыттағы басым деп танылған бағыттағы шешімдер әзірленіп, қабылдануы тиіс;
 бұрынғы қабылданған шешімдермен қайшылықта болмауы тиіс;
 басқару шешімдері орындалуы мүмкін, қол жетімді болуы керек;
 бақылау жасалуы тиіс;
 кез-келген басқару шешімінің теріс салдары болады, бұл жүйенің күрделілігімен байланысты. Теріс ықпалдарды азайту жолдары ескерілуі тиіс;
 басқару шешімін дайындап, жүзеге асыратын персонал қызметін белсендіретін жағдайдың бірі ретінде басқару шешімінің күтілетін оң нәтижесі көрсетілгені дұрыс. Бұл талаптарға қол жеткізу шарттары:
• өзін- өзі бақылау немесе заңгердің бақылау жүргізуі;
• жеке бөлімдер туралы лауазымдық нұсқаулықтар мен ережелер әзірлеу;
• басқару шешімін әзірлеуші немесе жүзеге асырушы әр қызметкер мақсат, орындалу мерзімі, қолданылатын ресурс көлемі жөнінде хабардар болуы керек;
• заңгер, т.б мамандар тарапынан бақылау жасау;
• жетекшінің білімі, интуициясы, ситуацияны шынайы бағалауы;
• заңгер мен референт тарапынан бақылау;
• мамандардың, сарапшылардың қортындысы;
• аудит жүргізу, тексеру;
• сарапшылардың баға беруі, тәуекелді бағалау; • есептеулер жүргізу, болжамдар жасау.
Басқару шешімдерін әзірлеу, қабылдау және жүзеге асыру барысында шешімдерді іске асыру технологиясының толыққанды сақталуына және шешімдердің жүзеге асыруда тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.



Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
1. Абчук В.А. Лекции по менеджменту: Решение. Предвидение. Риск/ В.А. Абчук. – СПб.: «Союз», 1999. — 336 с.
2. Бердалиев К. Менеджмент: Лекциялар курсы/ К. Бердалиев. — Алматы: Экономика, 2005. — 240 б.
3. Бердалиев К. Менеджмент: Курс лекций/ К.Бердалиев. — Алматы: Экономика, 2005. — 238 с.
4. Вдовин А.И. Мудрые мысли о менеджменте (управлении): Учебно-практическое пособие/ А.И.Вдовин, Ю.А.Савельев, В.А.Заренков. — СПб.: «Бизнес-пресса», 2000. — 352 с.
5. Юкаева В.С. Принятие управленческих решений: Учебник/ В.С. Юкаева, Е.В. Зубарева, В.В. Чувикова. — М.: Дашков и К, 2011. — 324 с.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *