Әділбек Майкөтов (1869 – 1919)
Қоғам қайраткері, Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату жолында күрескендердің бірі Әділбек Майкөтов. 1869 жылы 18 желтоқсанда Ақмола облысы Атбасар үйездінің, Сарытой ауылында туған. 1887 жылы орыс-қазақ училищесін бітірген. Арнайы білімді. Омбы фельдшерлік мектебінде білім алған. Атбасарда дәрігерлік қызмет атқара жүріп, қоғамдық саяси өмірге де белсене араласты. 1905 жылдан бастап
Петропавлдағы социал-демократтар ұйымымен
байланыста болды. 1905-1907 жылдары Атбасар жұмысшыларының ереуілдерін ұйымдастыруда белсенділік танытты. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде қазақ жастарын тыл жұмыстарына мобилизациялауға қарсы шығып, Ұлытау өңірінде қарулы жасақ ұйымдастырды. 1916 жылы қазан айында жергілікті өкімет орындары Ә. Майкөтовты тұтқындап, түрмеге жапты. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі нәтижесінде бостандыққа шықты.Ол Қазан төңкерісінен кейін большевиктер партиясына мүше болып, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 1918 жылы ақпанда Атбасар уезді кеңестерінің съезінде үйездік атқару комитетінің құрамына сайланды. Атбасар үйездік кеңесі төрағасының орынбасары, денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі және қазақ бөлімі жұмысына жауапты қызметкер болды. 1918 жылы жазда Атбасарда кеңес билігі құлатылғаннан кейін астыртын жағдайда уақытша Сібір үкіметіне, Алашорда бөлімдеріне, кейін Колчак диктатурасына қарсы күрес жүргізді. Атбасар өңірінде партизан жасақтарын ұйымдастыруға атсалысты. 1919 жылы қаңтарда тұтқындалып, Колчак үкіметінің Атбасар үйездік төтенше комиссиясының шешімімен ату жазасына кесілді. Атбасар қаласында , туған жерінде ескерткіш орнатылып, мұражайлар ашылды. Оның атында республикамызда бірнеше мектеп, кеңшар, көшелер бар.