Қосжан Маңыбайұлы (1878 – 1917)
Мыңбасы Қосжан Маңыбайұлы 1878 жылы Торғай үйезінің Қараторғай болысында дүниеге келді. Шыққан тегі көне қыпшақ тайпасы. Ауыл молдасынан сауатын ашып, хат танысымен ел ісіне араласа бастады.Оның қара қылды қақ жаратын әділдігі, кандай қиын сауалға да парасатты жауап қайтара білетін ақылдылығы ел арасында ерте танылды.
1911 жылы халық оны Қараторғай болысының биі етіп сайлады. Осыдан 1914 жылға дейін ел арасында «Тура би» атанып, үлкен сый құрметке бөленді.
1916 – 1917 жылдардағы ұлт-азаттық көтерлісіне Торғай үйезінің он үш болысынан адамдар келіп қатысса, олардың әрқайсысын сол елдің белгілі бір адамдары бастап келді.Көтеріліс көсемі олардың осы беделі мен атақ абыройын ортақ мүддеге шебер пайдаланды. Қай болыстың сарбазын кім бастап алып келсе, соны солардан құрылған жасаққа мыңбасы етіп тағайындады.Әбдіғапар ханның әскерінде он үш мыңбасы болды. Осы он үш мыңбасының қай-қайсысы да оқ пен от қарша борап тұрған шабуылға, қауіп-қатерге толы қандай жорыққа шықса да өз жасағын соңынан ерте білді.Мыңбасылардың айтқан бұйрығы бұлжытпай орындалып, қарулы жасақ өз қолбасшысына сенді. Ал қолбасшы өз сарбаздарына сенді. Солардың ішінде мыңбасы Қосжан Маңыбайұлының қалың көтерлісшілер арасындағы атақ-абыройы тым жоғары болды.
Атақты Үрпек-Доғал соғысы басталарда Қосжан өз жасағына бұл жолғы шайқастың бүкіл көтеріліс тағдырын шешетін шайқас екенін айтып түсіндіріп, сарбаздарының намысын жанып, оларға рух берді. Сарбаздар Доғал соғысында зеңбірек, пулеметтерді қолдана отырып, жазалаушылармен жаралы жолбарысша жағаласты. Мыңбасы Қосжан Маңыбайұлы соңынан ерген қарулас достарымен шейіт болған ҮрпекДоғал соғысы 1916-1917 жж. Торғай өңіріндегі ұлт-азаттық көтерлісінің тарихында болған жантүршігерлік қанды қырғын болды.
Мыңбасы Қосжан Маңыбайұлы 1917 жылғы 24 ақпанда әйгілі Доғал соғысында небәрі 39 жасында ерлікпен қаза тапты. 1993 жылы 4 мамыр ҚР Жоғары Кеңесінің шешімі бойынша Қосжан батырдың ұрпақтары тұратын Иманов атындағы кеңшардың «Чапай» бөлімшесі «Қосжан ауылы» деп аталды. 1994 жылы 30 қазан осы ауылда батыр бабамыздың аруағына ас беріліп, мектеп алдында мүсінші Әбілбек Ұзақов және суретші Тұрғын Жалмағанбетов батырдың мәрмәр мүсінін орнатты.