Оспан Шолақұлы (1866 – 1919)
Оспан Шолақұлы 1866 жылы Тосын болысында Шолақ ауылында дүниеге келген. Атақты Тосын құмында « Оспан қыстауы» деген қоныс бар. Оспан жастайынан өжет, алғыр, бірбеткей мінезді болып өскен. Ауылда ескіше оқып, хат таныған. Ол батырлығымен ғана емес, мейрімділігі, жарлы-жақыбайға қамқорлығы, әділдігімен де есімі ерте шыққан. Ауыл аймағында беделді, билікке де ерте араласқан. Болыстықтан тысқары жерлерде де лайықты абырой-беделге ие болған.
Оспан хан Шолақұлы Жәнібек бабамыздың ортаншы баласы Жауғашардың Жайсаңбай тармағынан тарайды.
1916 жылғы Қазақ даласындағы, соның ішінде Торғайдағы көтеріліс кезеңінде соның ішінде Ақшығанақ айқасы, Тосын, Тармақ, Тоңқайма бойындағы ұрыстар мен қақтығыстарда Оспан хан мен оның сарбаздарының көрсеткен ерен ерліктері туралы «Торғай үйездінің батыс шебін қорғап,Орынбор, Орскден келетін жолға тосқауыл құрған Оспан хан сарбаздары подполковник Тургеневтің пулемет, зеңбірекпен қаруланған құрама қосынын тосып Ақшығанақта ұрыс салды. Оспан хан қолы өзінің мүмкіндігін тамаша атқарды» — деп жазылған.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы қызған тұста Құмкешуде өткен Арғын – Қыпшақтың игі жақсыларының жиынында Оспан Шолақұлын Арғын тайпасының ханы етіп сайлайды. Оспан Шолақұлы даңқты Дала комиссары Әліби Жангелдинмен өте жақсы достық қарым-қатынаста болып, оның Шалқар-Торғай, Торғай- Шалқар бағытындағы сапарларында баға жетпес көп көмек көрсеткен. Халқы үшін қабырғасы қайысқан Оспан Шолақұлы жазықсыз жала құрбанына айналды. Туған елінің тәуелсіздігі жолында, отаршылардың от шашып, ажал сепкен жасағына жасқанбай қарсы шығып, арыстанша алысқандар да, жазалаушылар мен алғашқы айқасқа түсушілер де дәл осы Оспан хан мен Қасымхан Алтынсары басқарған сарбаздар болатын. Ақыры жалған жаламен Қостанайдағы Ақ түрмеге, кейіннен Семейге жер аударылған.