Қасымхан Арыстанұлы Алтынсары (1887 – 1920)
Азаттық үшін алысып, ел тәуелсіздігі мен бақыты жолында өз өмірін қиған, 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінде қол бастаған қолбасшылардың бірі Қасымхан Алтынсары арғын тайпасының көсемі, мың басы болған адам. Ол Торғай үйезі, Тосын болысында 1887 жылы дүниеге келген. Жас кезінде ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таныған. Ұлағатты әулетте тағлымды тәрбие алған Қасымхан жастайынан зерек, өжет, алғыр болып өсті.
Кемелденген қоғам саясатының «жазылмаған заңы» бойынша Қасымхан Алтынсарыны халыққа жақындатып, оларды танып білуге шектеу қойылған еді. Ел арасында әділдігі,жомарттығымен аты шыққан Қасымханды ағайын туғандары ғана емес, жарлы-жақыбайлар да көп төңіректеп, жағалаған. Ол өзі өте сымбатты да денелі, ер тұлғалы кісі болған. Ержүректілігімен ерте танылған Қасымхан азаттық қозғалысының алдыңғы қатарынан табылады. Ол Амангелді батыр, Кейкі мергенмен жақсы дос, қарулас жолдас болған. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы қызған тұста Құмкешуде өткен Арғын – Қыпшақтың игі жақсыларының бірі жиында Қасымханды Арғын тайпасының ханы әрі қолбасшы-сардары етіп сайлайды. Кейіннен қайтадан Қасымханды көтерілістің сардары етіп қайта сайлап, хандықты жасы үлкен ағасы Шолақтың Оспанына беруді ұйғарады. Тарихи деректер мен құжаттарда жазылғандай Торғай қаласын үйездің 12 болысына жиналған сарбаздар 1916 жылы қазан-қарашада толық қоршауға алды.Осындай жағадайда көтерлісшілердің ерен ерлігінде Қасымхан бастаған сарбаздардың үлесі ерекше болды. Себебі Торғай — Ырғыз бағытындағы телеграф желісі мен барлық байланыс бекеттерін Қасымхан сарбаздары алғашқы күндерден-ақ өз бақылауына алған еді. Жалпы, Тосын болысы ұлт-азаттық қозғалысында тарихи шайқастар өткен өңір ретінде жақсы белгілі. Бостандық бұғауын үзуге ұмтылған жандардың атақты Ақшығанақ шайқасы, оның алдындағы Тоңқайма пошта бекетіндегі ұрыстар Оспан хан Шолақұлы мен Қасымхан Алтынсарының тікелей араласуымен жүзеге асты. Бір тарабы Ырғызбен шектесіп, бір қиырымен Торғай қаласына жалғасып жатқан аумақта, сол кезең үшін стратегиялық маңызы зор Тосын болысында Қасымхан жасақтары патша әскерлерінің бөлімдері мен байланыс қызметін өз бақылауларына алып іс-қимылсыз қалдырды. Сөйтіп, қол бастаған Қасымхан Алтынсары бабасы Шақшақ Жәнібек тарханның туын жоғары ұстап қаланың батыс жақ шетінен бораған оқтан қаймықпай кірді. Азаттық үшін алысқан батырдың бұдан кейінгі тағдыры қуғын-сүргінге толы болды. Оған атақты Шеген бидің тұқымы, Шақшақ Жәнібек тарханның ұрпағы, «шынжыр балақ шұбар төстің өзі» деген орынсыз айыптаулар айтылып жатты. Оның күштеп колхоздастыру саясатына қарсы шыққаны, соңында ел белсенділерінің «Кеңес үкіметіне қарсы күреске әзірленуде» деген жаласынан азап шекті.
Ақыры Қасымхан Алтынсары 1920 жылы Семейге, кейіннен НКВД үштігінің үкімімен інісі Жүніспен бірге Сібірге жер аударылып кете барды .Ең өкініштісі оның ұрпақтары үрім-бұтағымен солақай саясат салдарынан ұзақ жылдар бойы қудалауға түсіп, Қазіргі Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен көршілес Қырғыстанға қоныс аударуға мәжбүр болды. Сөйтіп, елі үшін еңбегі сіңген, азаттық жолында алысып азап шеккен өз өмірін пида еткен аяулы баба, қол бастаған баһадүрдің есімі Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында Торғай қаласының басты көшесіне берілді.