ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ОРЫС ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ ӨЛКЕДЕГІ АГРАРЛЫҚ МӘСЕЛЕ ТУРАЛЫ АЙТҚАН ОЙЛАРЫ


ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ ОРЫС ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ ӨЛКЕДЕГІ АГРАРЛЫҚ МӘСЕЛЕ ТУРАЛЫ АЙТҚАН ОЙЛАРЫ

А.Б.Сарбасова —
М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және коммуникациялар академиясы,
«ӘҒП» кафедрасының оқытушысы

Орыс және қазақ халықтарының бір-бірімен байланысының көп жылдық тарихы бар. Бірақ ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы екі жақты қарым-қатынастық мәселесі ерекше мән беруді талап етеді.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы Қазақ қоғамы үшін өте ауыр, күреске толы кезең болды. Нақ осы кезеңде Ресей империясы өлкені отарлаудағы басқыншылық әрекеттерін едәуір күшейте түсті. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясының қоғамдық-саяси өмірінде аграрлық мәселе аса маңызды орын алды. Патша өкіметі өз ішіндегі аграрлық мәселені шешуде қоныс аудару саясатын жандандыра түсті. Өкімет жергілікті халықтың жақсы жерлерін тартып алып және оларды отырықшылыққа көшуге мәжбүрлей отырып орыс шаруаларын қазақ даласына жіберді. Қазақ өлкесін қоныстандырушылар мекеніне айналдырды.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Патша өкіметі Қазақстанға арнайы статистикалық, экономикалық және жергілікті ғылыми, қоғамдық географиялық экспедициялар ұйымдастыра бастады. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда көптеген жер аударылған қоғамдық-саяси тұлғалар, партия көсемдері, аграрлық мәселе туралы бағдарламаны жасауға қатысқандар, қоныстандыру қозғалысына, отаршылдық, өлкенің статистикалық және әкімшілік ұйымына қызмет жасағандар болды.
Жоғарыда айтылған экспедициялар негізінде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында дала өлкесіне шыға бастады. Солардың ішінде, яғни қазақ интеллигенциясының қатысуымен болған 1896 жылғы Ф.А.Щербина бастаған экспедиция еді. Бұл экспедиция құрамында Ә.Бөкейханов үкімет орындарының шешімімен 1896 жылдан 1903 жыл аралығына дейін болды. Ә.Бөкейханов экспедицияға алғашында статистик ретінде шақырылып, кейін экспедицияның жеке зерттеу тобын басқарып жұмыс істеді.
Экспедицияны басқарған Ф.А.Щербина (1849-1936 жж) орыс ғалымы және статистик, дін қызметкері отбасында, Кубанск облысында дүниеге келген. Петрово-Разумовск академиясы, кейін Новороссиск университетінде оқыған. ХІХ ғ. 70 жылдары революциялық әрекетті және азат халықтық ойларды таратқаны үшін бірнеше рет тұтқынға ұшырады. Тұтқыннан босаған соң, қатаң қадағалаумен өз елінде статистика және экономика саласында ғылыми жұмыспен шұғылданды. 90 жылдары Воронеж генерал-губернаторлығының маңында шенеуніктің ерекше тапсырыстық қызметін атқарады. 1905 жылғы оқиғадан кейін, ол Кубанск облысынан ІІ Мемлекеттік Дума депутаттығына сайланады. Ресей Ғылым Академиясының корреспонденті – мүшесі болады. 100 жуық ғылыми еңбектердің авторы[1,43б].
Қазақстан территориясында Л.К.Чермактың да қызметі өтті. Ол 1862 жылы дворян отбасында дүниеге келген, католик дінін ұстанған. 1885 жылы Петровск ауылшаруашылық академиясын бітірген. Петербург губерниясының земство басқармасының статистика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ол 1894 жылы Санкт-Петербургте жұмысшылар үйірмесін ұйымдастырған және революциялық идеяларды тарататын халықтық топтың құрамында болды. Революциялық қозғалысқа қатысқаны үшін Л.К.Чермак Далалық губернаторлыққа 3 жылға полицияның қадағалауымен жер аударылады. Ол 1903 жылы Далалық облыстарды зерттеу экспедициясының меңгерушісі қызметін атқарып жүрген кезінде жұмысшылардың контингентін жинақтады. 1904 жылдың ақпанында Л.Чермакқа Дала өлкесіне келуіне 5 жыл мерзімге тиым салады. Бірақ білгір адам ретінде далалық облыстарды зерттеу экспедициясы жинаған мәліметтерді өңдеуге қатысуына рұқсат етілді. Л.К.Чермак 1907 жылы қаңтарда Санкт-Петербургте кадеттер партиясының аграрлы комиссиясы бюросының ұйымдастыруымен өткен кеңеске қатысады. 1909 жылы мамырда Сырдария облысының қоныс аудару бөлімшесінің меңгерушісі Л.Чермактың «Сырдария облысының қазақтарының шаруашылығын зерттеуді ұйымдастыруда және бағдарламаларды өңдеуде сарапшы ретінде қажет болатындығын» көрсетеді. Л.К.Чермак, Ф.Щербинаның 6 томдық «мәліметтеріне» кіріспе сөз жазған еді[1,45б].
Сонымен қатар, Ф.Щербина экспедициясының құрамында Дала өлкесінің білгірі А.Н.Седельников (1878-1919 жж) болды. А.Н.Седельников 1876 жылы Перм губерниясында казак отбасында дүниеге келген. 80 жылдары отбасымен бірге Омск қаласына көшіп келеді, яғни бастауыш білімін осында алады. Саяси сенімсіз деп бақылауға алынады. А.Седельников 1896-1900 жылдары Юрьевск университетінде физика-математика факультетінің жаратылыстану бөлімінде ботаника, зоология, геология курстарын тыңдайды. 1903 жылы тамызда полиция бақылауы тоқтатылады.
Орыс интеллигенциясының арасынан қазақ өлкесінде болған С.П.Щвецовты (1858 1930 жж) атап өтуге болады. Ол Курскте коллеждік кеңесшісі отбасында дүниеге келген. ХІХғ 70 жылдары революциялық ұйымдар құрамында болады. 1888 жылы Сібірде «Народная воля» партиясына қосылады. Омскіде статист қызметін атқарады, «Степной край» газетінің мүшесі болады. Өлкетанушы ретінде қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы басты мәселелері қызықтырды. Ол социалистікреволюционерлер партиясы құрамына кірді. С.Швецов Томскіде «Отголоски борьбы» газетін ұйымдастырды, «Сибирский вестник» эсерлер газетінің редакторы болды. С.Швецов 1903-1904 жылдары Сібір теміржолы аудандарын зерттеуде статистикалық-экономикалық экспедицияда басшылық жасайды. Бұл экспедицияның негізгі мақсаты қой шаруашылығын зерттеу болды[2,16б].
Осы кезеңде Қазақстанда зерттеушілік қызметін О.А.Шкапский өткізді. Ол 1865 жылы дүниеге келген, Ташкент классикалық гимназиясын бітіреді. 1884-1885 жылдары Москва университетінің физика – математика факультетінде оқыған. Петровск академиясының студенті 1897 жылы Москвада революциялық ұйымы, заңсыз әдебиеттерді тарату және саяси жер аударылғандарға материалдық көмекті ұйымдастырғаны үшін полицияға тартылады. О.А.Шкапский 1887 жылы тұтқынға алынады. 1888 жылы шілде де Ташкентке жариялы бақылау негізінде 5 жылға жер аударылады. 1892 жылы Сырдария облыстық басқарма қызметіне келеді. 1899 жылы сол басқармада ауылшаруашылық және салық жинау бөліміне шенеунік болып тағайындалады. 1905 жылы мамырда Шкапский Жетісу партиясының менгерушісі болып тағайындалады.
1906 жылы қаңтарда Қоныстандыру басқармасында ерекше тапсырыспен шенеунік қызметін атқарады, оның статистикалық жұмысын басқарады. 1904 жылы Жетісуға халық санын, экономикалық жағдайды және жергілікті халықтың жерді пайдалану, жағдайын білу мақсатында қызметке жіберіледі. О.А.Шкапский 1889 жылы түркістан халқының шаруашылығы және этнографиясы туралы зерттеушілік мақалаларын жаза бастады[1,50б].
1903 жылы түркістан өлкесіне ғылыми-практикалық мақсатпен А.А.Куфман келеді. Кауфман егін шаруашылығы министрлігінің ғылыми комитетінің мүшесі болып табылады. 1903 жылы тамызқыркүйек айларында Кауфман Сырдарияға келеді, онда О.А.Шкапскийдің көмегімен Шымкент, АулиеАта қалаларын және шеткері қыстақтарды аралады.
А.А.Кауфман кадеттер партиясының мүшесі болған. Аграрлық мәселелерді өңдеуге қатысқан, осы мәселе жөніндегі әдебиеттерді құрастырушысы, аграрлық комиссиясының жұмысына қатысқан.
Қазақстандағы социал-демократияның көрнекті өкілі П.П.Румянцев болды. Ол 1870 жылы сәуірде Подольск губерниясындағы Баре қаласында дүниеге келген, Нижегородск гимназиясында оқыған, кейін Санкт-Петербург университетіне түседі. 1893 жылы әулие Владимир университетінде білім алады. 1893 жылы ақпанда П.П.Румянцев 6 айға жалғыз түрмеге жабылады, кейін 2 жыл полиция қарауында болады. 1897 жылы қараша айында 1 жылға түрмеге жабылады. 1903 жылы П.П.Румянцев Санкт-Петербургте тұруына рұқсат етіледі. П.П.Румянцев 1906 жылы күзінде Санкт-Петербургте халық бостандығы партиясының кеңесіне қатысады. 1907-1909 жылдары Ақмола оьлысының қазақтарының шаруашылығын зерттеу менгерушісінің көмекшісі қызметін атқарады. 1909 жылы Жетісу облысында бұрыннан тұратын орыс және жергілікті халықтың шаруашылығын зерттеу экспедициясын басқарған[1,58б].
1909 жылы Жетісу облысы қазақтарының шаруашылығын зерттеу экспедициясын басқара отырып, П.П.Румянцев Лепсі уезіндегі статистикалық топтың жұмысын да меңгерді. 1910ж аяғына дейін Қапал уезі және Жаркент уезінің барлығы, 1911ж мамыр –қыркүйекте Верный уезі, Пішпек уезі1912-1913жж, Прежевальск уезі -1913ж зерттеді. Бұл зерттеулердің нәтижесінде «Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области, собранные и разработанные под руководством П.П.Румянцева» 8 томдық материалдар жинағы шықты[3].
Сонымен қатар аграрлық мәселесіндегі отарлау саясатының мәні жоғарыда айтылған орыс зерттеушілерінің және өлкетанушыларының еңбектерінен және саяси мінбелерде сөйлеген сөздерінен көруге болады. Олардың еңбектерінен қазақ халқының жағдайын, күштеп тартып алынған жерлер, отаршылдықты көруге болады. 1904 жылы күзінде ауылшаруашылық шенеунік және Сырдария облысының салық жөніндегі басқарушысы О.А.Шкапский мемлекеттік жер мүлкі депортаментінің шешімімен жетісу облысына шаруа – қоныстанушылардың жағдайымен танысуға командировкаға жіберіледі. Шаруа қоныстанушылардың шаруашылық жағдайын бақылай отырып, ол оларды Ресейдің ішкі губернияларындағы шаруалардың шаруашылығын салыстырып, біріншілердің экономикалық жағдайларының жоғары екендігін көрсетеді. «шаруалардың байлығы оларға қырғыздарды жалдауға мүмкіндік береді», — деп жазды О.А.Шкапский.
Қоныстандыру мәселесін зерттей отырып, автор қоныстанушыларды 2 топқа бөледі: 1) тиянақты орныққандар, 2) өзі атағандай, «уақытша» қоныстанушылар. О.А.Шкапский өзіне кедергі болған жергілікті халықтың отырықшылыққа көшу процесі мен жағдайларын қарастырады. О.А.Шкапский қазақ халқының отырықшылыққа көшуі олардың «артта қалған мәдениетін жеңуі» деп түсіндірді. Ол Қазақстан жеріндегі аграрлық саясатты және оның әдістері туралы объективті түрде жазды. Ол қазақтардың артық жерлерін зерттей отырып үкімет жергілікті халықтың қажетін емес қоныстанушылар аймақтарын құру мақсатын шешті деп атап көрсетті. Сондықтан жер бөліп беретін партиялар пайдаланатын жерлердің жер игеруге қолайлысын таңдады. Жергілікті халықтың құқығын бұзудағы айқын негізі О.Шкапскийдің айтуы бойынша, қазақтарды көшпелілер, яғни оларға егістік жерлер керексіз деген түсінік болды.
Аграрлық мәселе мемлекеттік думаның жұмысында ең басты орын алды. ІІІ Мемлекеттік Думаның депутаттарының арасында Қазақстандағы аграрлық мәселені қарастырған Н.Л.Скалозубов болды. 1861ж 29 қазанда (11 қараша) Костром қаласында дүниеге келген. Мамандығы бойынша агроном, Петровско-Разумовск академиясын бітірген. Н.Л.Скалозубов туралы жазған қазанамасында Ә.Бөкейханов былай дейді, ол саясатшылардың шаруашылық мәселелеріне араласуына қарсы шықты. Н.Л. Скалозубов қазақ жері және өкіметтің саясаты жөнінде думада сөйлеген сөзінде қазақтардың 15тен жер алуы негізінде отырықшылық саясатына сенімсіздігін көрсетіп, ол дала өлкесінің табиғиклиматтық жағдайының мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы екенін айтты. Оның пікірінше орыс қауымы қазақтардың шаруашылық ерекшеліктерімен таныс болмады, сондықтан шенеуніктер аграрлық мәселені шешуде хабары болмады. Ол өзі жүргізген ауылшаруашылық комиссиясының хаттамаларынан басқа, стенографиялық нақтылықты жазып отырды, думада жұмыс істеп жүрген кезінде 80 мақала, 175 депутаттар хатын және кітапша, кітап жариялады.
Үшінші думада қазақ жері үшін қазақтың өз депутатындай қызмет атқарып, бюджет мәжілісі болғанда қазақты қорғап, сөйлеген. Комиссияда қазақ шаруасы, қазақ халі туралы істеген ісін кітап қылып шығарған. «Материалы к изучению почв и растительности Тобольской губернии» Тобольск, 1906., «Опыт естественно-исторического описания Тобольской губернии» Тобольск, 1899[4,59,69бб].
Н.Л.Сколозубов баспасөзді жоғары бағалаған. Газеттерде жер өңдеу, бірлесу, мал шаруашылығы туралы көп және жиі жазды. Төртінші думаға өзі сайланбайды. Сонда да «Речь», «Сибирский листок», «Сибирские вопросы» газеттерінде саясат ісін жиі жазды.
Скалозубовтың айтатын бір пікір мынау еді: қазақ жайын орыс қоғамы білмейді; қазақ ісі, қазақ шаруасы біздің жұртқа басшы саясат жолындағы кісілерімізге қараңғы. Думада жетекшіл көп депутат бәрі қара-көңіл жәбіршіл, біле тұра қазаққа жәбір істі қуаттайды деп айтуға ауыз бармайды, білмеген соң басқаның адастыруымен қазаққа зарарлы іске қол қойып отыр. Сондықтан қазақ тұрмысы, қазақ салты, шаруасы тұрасынан орыс тілінде кітап шығарып, газет, журналдарға жазып орыс жұртының саясаттағы адалдарының көзін ашу зор іс дейтін, деп жазды Ә.Бөкейханов[5,281б ].
Қазақстандағы аграрлық мәселеде қазақ емес депутаттар белсенділік көрсетті. Аграрлық мәселені өзінің еңбегінде Т.Н. Седельников жазды. Т.Н. Седельников 1876 ж Верхнеуральск уезінде, Оренбург губерниясында казак отбасында дүниеге келген. Уфа жер өлшеу училещесін бітірген. ХХғ басында Оренбург шаруашылық басқармасында статистик болып қызмет атқарды. 1906ж І Мемлекеттік Думаның депутаттығына Оренбург губерниясынан сайланды, еңбекші фракциясының тобына кірді. Т.Седельников өлкедегі аграрлық мәселе жөнінде өз еңбегінде нақты пікірін білдіруге тырысты. Ол аграршылар А.Кауфман мен Ф.А.Щербинаның көзқарастары мен тұжырымдарын өткір сынға алды. Т.Седельников Ф.А.Щербина жұмысының басты қателігі, оның ол келгенге дейінгі кездегі өлкедегі басталған аграрлық жұмыстардың заңсыздығына тіпті көңіл бөлмегенін айтады. Сөйтіп
Т.Седельников Қазақстандағы жер иелену мен жер пайдаланудың заңды нормаларын тәртіпке келтіруді басты міндет етіп қойды[6,44б].
Патша өкіметінің отарлау саясатының фактілері, қазақтарға тілектес авторлардың мақалаларында жарық көрді. Осындай авторлардың бірі Қазақстанға жер аударылған Н.Коншин. 1862ж. Твер губерниясында шаруа отбасында дүниеге келген. Москва университетін және Яролслав Демидовск атындағы мемлекеттік лицейде білім алған. Ол көп жыл Семей облыстық статистикалық комитетінің секретары болып жұмыс істеді, кейін Омск қазыналық бөлімінде хатшы қызметін атқарды. Бұл жұмыс оның ауыл өмірін жақын бақылауына мүмкіндік тудырды. Ол жаппай қазақтардың жерін тартып алу нәтижесінде, қазақтардың өмірінің, әдет-ғұрпының бұзыла бастауын көрді. Сонымен қатар: «Қырғыздардың тұрмысын кеш баяндау, бұл көшпенділердің бірігуіне, осылардың ішінде малдары жоқтар, яғни жатақтардың пайда болуына алып келді»[7,7б].
Қазақтардың ауыл шаруашылық дағдарысы К.Коншиннің пікірі бойынша бұл – мал шаруашылығының құлдырауы, сонымен қатар «қырғыздардан жақсы жерлерді шаруақоныстанушыларды облыстарға орналастыру үшін алынғандығы».
Н.Коншин өзі тығырықтан шығатын жолды іздестіреді. Қоныстанушылардың ағымын тоқтату мүмкін болмады. Онда қазақтар үшін жалғыз жол – егін шаруашылығы мен отырықшылық өмірге көшу, «және ешқандай уақытша шаралар малшаруашылығын сақтай алмады, көшпенді өмірлері құрдымға кетеді». К.Коншиннің бұл ойларынан біз сол кездегі қазақ халқының қандай күйде болғандығын көреміз[7,8б].
Жоғарыда айтылған орыс интеллигенцияларының ойларын бір жақты қарауға да болмайды. Олардың еңбектеріндегі мынадай ойларын айта кетуіміз керек. Мысалы; Ресейдің белгілі экономисі, статистигі А.А.Кауфман өзінің «Переселение и колонизация» деген кітабында былай деп жазды: «… жаңа қоныстанғандардың көшпелі-қырғыздардың шаруашылығына, әсіресе олардың егіншілікпен айналысуына, отырықшылыққа көшуге тигізген пайдалы әсері туралы соңғы уақытта көп айтылады…. Орыс қоныстанушыларының солтүстік қырғыздардың ішінде егіншілікті таратуындағы ықпалын мойындай отырып, жалпы егіншіліктің қазақ даласында тек орыстардың ықпалымен пайда болды деген пікірлермен келісуге болмайды. Торғай облысында 1875-1882 жж. Аралығында, яғни орыс қоныстары пайда болғанға дейінгі уақытта, қырғыз егістіктерінің көлемі 17 мың десятиннен 44 мың десятинге, немесе 2,5 есеге өскен болатын. Орыс қоныстары пайда болғаннан кейін жергілікті тұрғындардың егістік жерлерінің көлемдері өспек түгіл қысқарып кетті»[8, 331б]. Бірақта А.А.Кауфман бұл оқиғаны қазақтардың құнарлы жерлерін орыс үкіметінің қоныстанушылар үшін тартып алумен түсіндірмейді. Оның ойынша, жергілікті тұрғындардың жер шаруашылығымен айналысу үлесінің қысқаруы, қазақтардың жалқаулығымен, өздері жерді өңдемей жалға бере салып тек өнімді алумен байланысты (өздері жыртқаннан гөрі, жалға беріп, өнім алуды пайдалырақ көрді дейді).
А.А.Кауфман: «Көшпелі малшаруашылығы көшпелілер тұрмысының негізі, Қырғыздар- керемет мал өсірушілер; олардың мал өнімдерінің өтімі де тамаша, сонымен бірге, бір жағынан, қырғыз даласы соңғы кезде біздің мал шаруашылығымызды малмен жабдықтаудың мол көзіне айналды, ал екінші жағынан, өлкеде жылқы өсіруді дамыту және күшейту – мемлекеттің, яғни біздің атты әскеріміздің аса қажеттілігінен туып отыр» [9,21б] деп, Ресейдің қажетіне қарай, мал өсімін арттыруды талап етті. Отарлық саясат мүддесін көздеді.
П.Румянцев «Жаулап алушыларға қазақ жерін иемдену қиынға түспеген. Себебі бос жер көп болған. Ал, онда тұратын жергілікті халық надан болатын. Әрі олар бейбіт, қонақ жай жандар еді. Сондықтан, қырғыздар орыс қоныстанушыларына бөгет болмады. Көп жағдайда орыс шаруалары өздері ұнатқан жерге уақытша орналасып, шатырлар тігетін. Ал, одан соң бар аймақты жыртып тастап, бір жолата орналасып алатын»- деп жазған[10,25б]. Қоныстанушылардың мүндай әрекеттерге баруын сол кездегі қазақ жеріндегі шептердің салынуы және сол жерлерде қоныстанған орыс казактарына сүйенгенін айтуымызға болады. Қазақтардың орыс қоныстанушыларына бөгет бола алмауы, патша өкіметінің қысым жасауынан еді, яғни отарлау саясатының бір қыры. Қарқаралы, Атбасар және Өскемен уездерінде қырғыздар қазірге дейін жерді арықтармен суарады. Бұл арықтық егін шаруашылығы өте ертеде пайда болған. Біз басқа уезде егін шаруашылығында жасанды жер суаруды қолданылғанын кездестірмейміз. Бірақта, Щербина экспедициясы мүшелерінің Көкшетау уезінде ескі арықтардың орнын табуынан, бұрынырақта арықпен суару егін шаруашылығының қазірге қарағанда кеңірек болғанын көруге болады. Онда қырғыздардың қазіргі егіншілік саласындағы тыңайған астық шаруашылығын жүргізуі шынында да жақында пайда болған және олар орыс қоныстанушыларынан үйренген[11,39б]. Қырғыздардың мал шаруашылығының өзгеруі сипаты орыс отарлауының дамуымен қалыптасып отырды. П.П.Румянцевтың бұл ойынан қазақтарда бұрынан егін шаруашылығындағы жер суландырудың бұрын болғандығын айта келіп, астық шаруашылығының жүргізілуін орыс қоныстанушыларынан үйренгенін айтады.
Ф.А.Щербина «Біздің шаруа-қоныстанушылардың көшпенді қырғыз мәдениетіне ықпалы өте зор. Қоныстанушы ең бірінші қырғыздардың ауылшаруашылық саласындағы оқытушысы, ол жер жыртуға, егуге, жинауға, ұнтақтауға және нанды қалай қолдануды үйретеді»- деп жазды[8, 325б].
Я.Я.Кауфман «По новым местам» деген кітабында қазақтардың өмірін былай сипаттайды: «Қырғыздар Шу өзенінен және Зайсан көлінен Тобыл губерниясына дейін, Орынбордан және Троицтен Сырдарияға және Хиуа иелігіне дейінгі кең өлкеде еркін көшіп-қонып жүреді. Қырғыздар отырықшылықта болмады, тіпті қысты киіз үйде өткізді, суық уақытта оларды қар және қимен айнала қымтады. Мал шаруашылығы (қой және түйе, жылқы аздап үстады, ал мүйізді ірі қара мүлде болмады) әбден тағы болды: қырғыздар пішен шаппады және мал қыс бойы жайылым шөбінде қалды».
Қырғыздардың үй және барлық шаруашылық тұрмысы өзгерді: нан пісірілмеген (қырғыздар әлі нан пісіруді үйренбеген) ал түрі көже немесе шелпек бірінші қажеттілік болды; қымыз сумен араластырылған сиырдың қышқыл сүті- айранмен алмастырылады; қырғыздардың тұрмысында көбірек фабрика материалдары қолданылады- деп орыс қоныстанушыларының келуі қазақтардың олардан үлгі алғанын айтады[12,217,219б].
Қорыта айтқанда, Патша өкіметінің Қазақстанда қоныс аудару саясаты авторлардың еңбектерінде қазақ халқының отырықшылыққа көшу үрдісі орыс қоныстанушыларының ықпалымен пайда болғаны, олардың «артта қалаған мәдениетін жеңуі» деп түсіндірілді. Үкіметтің қоныстандыру саясатындағы көздеген мақсаттарын жасыруға тырысты. Олардың барлығы Ресей империясының Қазақстандағы аграрлық саясатын қолдады. Қолдай отырып өздері де осы саясатты іске асырудағы ісшараларға белсене араласты.
______________________
1. Хабижанова Г.Г., Валиханов Э.Ж., Кривков А.Л. Русская демокрафическая интеллигенция в Казахстане (ХІХ ІІ пол — ХХ начало вв.)/Под.ред. Қойгелдиева М.К. – М.: Русская книга, 2003. — 288с.
2. Хабижанова Г.Г. Деятельность россиской демокрафической интеллигенция в Казахстане в начале ХХ века: Афтореф. — Алматы, 2003.
3. Материалы по обследованию туземного и русского старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреченской области, собранные и разработанные под руководством П.П.Румянцева. – СПб., 1911-1916.
4. Шелухин И.С. Николай Лукич Скалозубов. – Новосибирск, 1961. — 77с.
5. Бөкейханов Ә. Шығармалары: қазақ газетіне жариялаған мақалалары. Құр. М.К.Қойгелдиев.
— Алматы, 1994. — 384 бет.
6. Седельников Т. Борьба за землю в Киргизской степи. – СПб., 1907. — 44с.
7. Галузо П.Г. Очерк Советской историографий и отношение в Казахстане в переселенческой колонизаций. — Алматы, 1971. — 113 с.
8. Кауфман А.А. Переселение и колонизация. – СПб., 1905. — 349 с.
9. Кауфман А.А. К вопросу колонизации Уральской области. С-21.
10. Арынов Ж. Патша өкіметінің Қазақстанға қоныстандыру саясатының тарих кезеңдері// ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сариясы. – 2005. — №3(38). — 25-27 бб.
11. Румянцев П.П. Киргизский народ в прошлом и настоящем. – СПб., 1910. — 66с.
12. Кауфман Я.Я. По новым местам. (очерки и путевые заметки) 1901-1903. СП, «Общественной Пользы» 1905г. 353с.

Резюме
В статье рассмотрены мнения русской интеллигенции об аграрной проблеме казахской земли во времена царской России.
Summary
In the article opinions of Russian intelligentsia about agrarian problems of Kazakh earth in the period of tsarist Russia were considered.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *